Душанбе қаласында өтіп жатқан Климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған Орталық Азия конференциясының аясында ресейлік ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Алексей Кокорин климаттың өзгеруіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Алексей Кокорин – Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының бағдарлама жетекшісі, Климат өзгерісі бойынша сапашылардың үкіметаралық тобының құрамында 2007 жылы Нобель сыйлығын иеленген.
Ауа райы мен климатты шатастыруға болмайды
Ғалымның түсіндіруінше, ауа райы 1-2 күндік, әрі кетсе, бір айлық мерзімге жасалатын болжам. Ал климаттың мерзімі әлдеқайда үлкен, ең кемі он жыл, ал дәлірек болуы үшін 50 жылды бір-ақ қамтитын кезеңді алу керек. Сәйкесінше, былтырғы қыстан биылғы қыстың суық не жылы болуын климаттың өзгеруіне жатқызуға болмайды. Ал егер 15-20 жыл бойы қатарынан қыс әдеттегіден тыс қытымыр мінезінен күшейтсе, онда дабыл қаға беруге болады.
"Климат ауа райына да үлкен әсер етеді. Қазір біз оның тұрақсыздығын бақылап отырмыз. Біресе аса ыстық, біресе тым суық. Жауын-шашын да солай, біресе мол жауады, ал біресе тамшы тамызбай әуре етеді. Мұны біз "климаттың жүйкесі сыр беріп жатыр" деп сипаттаймыз", – деді Алексей Кокорин.
Оқи отырыңыз: Тянь-Шань мұздықтарының еру жылдамдығы артқан. Оның Қазақстанға әсері қандай?
Табиғи апаттар күшейеді және жиілейді
Сондай-ақ, климаттың өзгеруі табиғи апаттар мен құбылыстардың жиілеуіне де әкеледі. Мысалы, ерекше құрғақшылық, су тасқыны, болмаса, ұзаққа созылатын тым ыстық ауа райы бұрын 50 жыл сайын қайталанатын болса, олар бүгінде бес есе жиілей түскен. Келешекте мұндай құбылыстарды жыл сайын бақылауымыз да мүмкін.
"Су жетіспеушілігі мен жыл мезгілдерінің келу уақытының өзгеруі де – климат өзгерісінен туатын үлкен мәселе. Дәл осы мәселелер, Орталық Азия елдеріне тән. Айталық, оңтүстік өңірлерде көктемді тым ерте қарсы алу дәстүрі қалыптасып келеді. Тіпті, биыл Астананың өзінде көктем айрықша жылы болғанына куә болдық. Ал көктем соңында күн суып, тағы әбігерге салды. Мұның бәрі ұзақмерзімді климаттың өзгеру процесінің аралық көріністері", – деді Алексей Кокорин.
Адамның қолынан не келеді?
Әлбетте, әлем тарихына зер салсақ, климат өзгерісі бір бүгін болып отырған құбылыс емес. Мың сан құбылған. Ендеше, неге бүгін оған уайым шегуіміз қажет?
Алексей Кокориннің түсіндіруінше, қазіргі таңда климаттың өзгерісінде антропогендік фактордың үлесі жоғары. Сәйкесінше, адамдар жанартау, мұхиттардың ықпалын емес, тек осы факторды ғана реттей алады.
"Атмосфера құрамындағы парник газдарының үлесі ең бірінші кезекте көмір, мұнай, газ өнімдерін жағудан артып отыр. Есепке салсақ, атмосфераның төменгі қабатының температурасы 1,5 градусқа артты. Анығында, жылыну 2 градус шамасында, бірақ адамдар азот, күкірт қышқылын бөлу арқылы температураны шамамен 0,5 градусқа суытатынын ескерсек, 1,5 градус мәні шығады. Біз үшін басты мәселе – осы көрсеткішті ары кетсе, 2-3 пайыздан арттырмай, ұстап қалу. Ал бұл ғасырда оны нөлге қарай төмендетеміз деп үміттенбей-ақ қойсақ та болады", – деді ғалым.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Климаттық дағдарыс алапат миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін
Бейімделе білудің өзі – жетістік
Алексей Кокорин бұл ретте климаттың өзгеруіне қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес екенін алға тартады. Бұл ретте ғалым өзгерісті мейлінше тоқтату және оның салдарларына бейімделудің өзі үлкен жетістік екенін айтады.
"Париж келісімі аясында әлем елдерінің алдына екі басты міндет қойылды. Біріншісі – атмосфераға бөлінетін парник газдарының көлемін қысқарту болса, екіншісі – жаңа өзгерістерге бейімделу. Көптеген елдер қазірдің өзінде әдеттен тыс құрғақшылық, ыстық және өзге де табиғи апаттардан зардап шегіп жатыр. Әлем елдері Париж келісіміне сәйкес, өз мойнына алған міндеттерді толық және уақытылы орындағанның өзінде мұндай құбылыстар 2-3 есе жиілей түседі. Яғни, құрғақшылық қазіргіден де ұзаққа созылады, су тасқыны болса, қазіргіден қуаттырақ болады. Мұздықтардың да еруі жылдамдайды. Солардың бәріне адамзат дайын болуы, яғни бейімделуі қажет", – деп атап өтті Алексей Кокорин.
Дегенмен, ғалым климаттың өзгерісін ақырзаманға балауға болмайтынын айтады. Егер уақытылы бейімделе білсек, "климатпен де келісімге келуге" болады.