Кібісе күн мен кібісе жыл
29 ақпан қазақта "кібісе күн" деген атаумен белгілі. Ақпанда 29 күн болса, ол "кібісе жыл" деп саналады. Кібісе жылы төрт жылда бір рет келеді. Басқа жылдарда 365 күн болса, кібісе жылында 366 күн болады.
Уикипедияға сенсек, Кібісе жылының пайда болуы ежелгі Мысырдан бастау алған. Осы елдің ғалымы Сотис сол жылдардың өзінде ең жарық жұлдыз – "Сүмбілені" біраз уақыт зерттеген. Оның таңертеңгілік оңтүстіктен көкжиектің көрінуіне қарап, әр жылдың 365 күннен тұратынын анықтаған. Осылайша, жұлдыздардың жай-күйін терең зерттеген Мысыр ғалымдары күндерді жаңылмай санай отырып, халыққа Сүмбіленің туатын мезгілін дер кезінде ескертіп жүрді. Бүгінде біз қолданып жүрген күнтізбе осындай санақ нәтижесінде пайда болған.
Ғалымдар зерттеуінде әр үш жылдың 365 күнмен аяқталып, ал әрбір төртінші жылдың күн саны алдағы үш жылда бір күн артық қалғандықтан, 366 күнге толатынын есептеп шығарды.
Оқи отырыңыз: Қазақ халқы мүшелді неге қатерлі жас санайды?
1991 жылдан бері кібісе жылы қанша қазақстандық өмірге келді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында (1992 жылдан бастап) бұл күні 5110 отандасымыз дүниеге келген. Олардың 2707-cі – ер адам, 2403-і – әйел адам. Кібісе жылдарының арасында әзірге 2016 жыл көш бастап тұр. Бұл жылы 29 ақпанда 438 ер бала, 432 қыз бала өмірге келіпті.
Көк түс: ер адамдар, қызыл түс: әйелдер.
Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік жылдары кібісе күн – 29 ақпанда қанша азамат дүниеге келді
Бір айта кетерлігі, қазір ата-аналар Кеңес заманындағыдай баланың туған күнін өз қалауынша өзгертіп ала алмайды. Яғни, 29 ақпанда өмірге келген сәбидің туған күнін 28 ақпан не 1 наурыз деп жаздыруға рұқсат жоқ. 4 жылда бір-ақ рет келсе де, 29 ақпанда туған баланың куәлігінде тура сол күн жазылады.
Кібісе күні қандай белгілі адамдар дүниеге келген?
29 ақпанда өмірге келген белгілі азаматтар қатарында жыршы, термеші Қатимолла Бердіғалиев (1952), Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов (1956), продюсер, тележурналист Серік Абас-шах (1964), ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Айбек Паяев (1980), Ақтөбе облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымовтар (1980) бар.
Экс-депутат Айбек Паяев өзінің туған күнін әр кезде әрқалай тойлайтынын айтады:
"Жақындарым мені 28 ақпанда келе жатқан туған күніммен құттықтайды. Сосын 1 наурыз күні өткен туған күніммен құттықтайды. Өзім 1 наурызда дастархан жаямын, сол күн жаныма жақынырақ. Ақпан 29 күнмен аяқталған кезде, әрине, сол күні атап өтемін".
"Туған күніңіз 4 жылда бір келетініне ренжімейсіз бе?" деген сұрағымызға экс-депутат: "Ешқандай ренішім жоқ. Құдайға шүкір деймін. Сол күнді маған бұйыртып тұр ғой", – деп күліп жауап берді.
Оқи отырыңыз: Астролог, тектанушы, үй жануарларына күтім жасау: ерекше маман иелерінің табысы қандай?
Продюсер Серік Абас-шах биыл асқаралы алпыс жасқа толып жатыр. Ол кісі 29 ақпанда дүниеге келгенімен, өзінің айтуынша "қазақи ауылдағы сельсоветтің пысықтары "ондай күн болмайды" деп 28 ақпан қылып жазып жіберген".
Продюсер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "қазір сол тарихи әділдікті қайтадан қалпына келтіруге қатты тырысып жатырмын" деп жазған екен.
29 ақпан – сирек кездесетін аурулар күні
29 ақпан әлемде халықаралық сирек кездесетін аурулар күні ретінде белгіленген. Бұл күн жыл сайын ақпанның ең соңғы күні аталып өтіледі. Мақсаты – халықтың сирек кездесетін кеселдер туралы білімін арттырып, емделу құралдарын қолжетімді ету.
Бұл күн күнтізбеге 2008 жылы EURORDIS (сирек аурулар жөніндегі еуропалық ұйым) бастамасымен енгізілген. Оған қазіргі уақытта көптеген сирек аурулардың емдеу процесі қолжетімсіз болып отырғаны, әлеуметтік желіде сирек ауруға шалдыққан жандарға қолдаудың аздығы себеп болыпты.
Кібісе жылы қауіпті ме?
Қазақ халқы кібісе жылында мал жүдеп, жем-шөп азаяды, жұт болады деп болжаған. Ғаламтор бетінде де бұл жылға қатысты түрлі қауесет бар. Төрт жылда бір рет келетін жылда "егін бітік шықпай, мал басы азайып, біраз адамның басынан бақ таяды" деген болжам біраз жерде айтылып жүр. Ал бұл туралы астрологтар не дейді?
Астролог, астропсихолог Өтеген Омаровтың айтуынша, кібісе жылының айтарлықтай бір астрологиялық мағынасы бар жоқ.
"Бірақ, соған қарамастан, осындай жылдарда жаһандық деңгейдегі дағдарыс болуы мүмкін. Тек мұндай оқиғалар ғаламшарлардың орналасуы мен қозғалысының астрология заңдылықтарымен сәйкес келуінен тууы ықтимал", – дейді Өтеген Омаров.
Сондай-ақ, астролог Кібісе жылының жұлдыз жорамалға еш әсері жоқ екеніне назар аударды. Оның сөзінше, астрологтар адамның туған күніне қарап, оның жеке картасын жасаған кезде күнтізбе күндеріне емес, адамның натал картасына және ғаламшарлардың белгілі бір уақыт аралығындағы қозғалысына мән береді.
"Сондықтан да, Кібісе жылында күнтізбеге қосылатын бір күн, яғни, 29 ақпан астрологиялық көзқарасты еш өзгертпейді. Бір жылда 365 емес, 366 күннің болуы да адамға әсер етпейді", – дейді.
Оқи отырыңыз: Жұт, аштық және Ақтабан шұбырынды. Қазақ неге қоян жылынан қорқады?
"Астрологтар Кібісе жылын адамның тұлға ретінде өсіп, өмірінде үлкен өзгерістер болатын жыл деп санай ма?" деген сұрағымызға Өтеген Омаров былайша жауап берді:
"Бұл жылы Күн мен Ай тұтылуының көбеюі, ғаламшарлардың өзара орналасуындағы нақты бір өзгерістер, мысалы, биыл Плутон ғаламшарының Суқұйғыш эрасына кіргені сияқты астрологиялық құбылыстар болмаса, үлкен оқиғалар болады деп айта алмаймыз".
"Егер адамның жеке даму мәселесі тұрғысынан қарасақ, онда Күннің не Айдың тұтылуы немесе ғаламшарлардың қозғалысы оның өміріндегі түбегейлі өзгерістерге (ішкі және сыртқы әлемінде) жол ашады", – дейді Өтеген Аспандиярұлы.
Тағы бір астролог, психотерапевт Ерлан Мұқашевтің айтуынша, Кібісе жылының адамзатқа негатив әсері бар.
"Осы жылдары әлемде түрлі геосаяси жағдайлар ушығуы мүмкін. Сонымен қатар, табиғи апаттар да басқа қалыпты жылдарға қарағанда, Кібісе жылы жиілейді. Бірақ, бұл жылдың жұлдыздарға ықпалы әрқилы дер едім. Бикештерге жайлы, Суқұйғыштарға жағымсыз жыл болады деп жалпылама айту орынсыз. Әр адамның туған күні, сағаты және туған жеріне қарап отырып, өзіне ғана тән жеке болжам жасай аламыз. Сондықтан, жалпылама жорамалдарға сенбеген абзал", – дейді Ерлан Мұқашев.
Ол Кібісе жылын "әскерге жаңадан келген жас балаларды тәрбиелейтін қатал сержантқа" теңейтінін айтады:
"Бұл жылды жағымсыз катализатор деуге болады. Өзі әскердегі қатал сержант сияқты. Көп адамдар осы жылдан өзіне сабақ алады, қиналуы да мүмкін. Бірақ, сол дағдарыстан шыға алған адамның алдағы уақытта тасы өрге домалайды".
Осы ретте, астролог Кібісе жылы әр адамға әртүрлі әсер ететінін айрықша атап өтті:
"Бұл жыл барлық адамға бірдей ықпал етеді деуден аулақпын. Кібісе жылында бір адамның ісі алға жүріп, дами түссе, енді бірі терең дағдарысқа түседі. Әлгінде айтқанымдай, бәрі адамның туған күні, сағаты мен туған жеріне байланысты. Жалпы алғанда, Кібісе жылы адамзаттың жаңаруына, өзгеруіне, тұлғалық дамуына ықпал етеді деген тренд бар".