Тікелей эфир

"Кез келген ауру – жан қайғысының өтемі". Адамды психологиялық жолмен емдеуге бола ма?

Дәрігер ауруды алдымен адамның түпсанасында, ақыл-ойында жою керек екенін айтады

Қазақстанда аутоиммунды ауруға және қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды интегративті медицина көмегімен, яғни адамның иммунитеті мен жан саулығын көтеру арқылы  емдеу әдісі қолданыла бастады. Осы орайда "Интегративті медицина халық денсаулығы үшін қызмет етеді" тақырыбында өткен баспасөз мәжілісінде интегративті медицина клиникалары желісінің негізін қалаған дәрігер Дмитрий Раевский ауруды психологиялық жолмен емдеу әдістері туралы айтты.

"Қазір әртүрлі ауруларды гипнозбен емдеу, түпсанамен жұмыс істеу арқылы емдеп жазуға болатыны туралы диссертациялар жазылды. Адамның иммунитетін көтеру арқылы ауруды жеңуге күш-қуат беруге болады. Дәрі-дәрмек керісінше иммунитетті әлсіретуі мүмкін. Антибиотиктер, препараттар уақытша көмектеседі. Адам аурумен өзі күресе алуы үшін иммун жүйесі мықты болуы керек. Иммунитетте бір ақау болса ол аутоиммунды ауруға, онкологияға әкеледі. Сондықтан адамға ең алдымен ауру себебін түсінуге көмектесу керек. Адам ауру себебін түсінсе, сауыға бастайды", – деді ол.

Оның сөзінше, ауруды алдымен адамның түпсанасында, ақыл-ойында жою керек. Содан кейін ғана ағзасына қолдау көрсеткен жөн. Ал адам санасында өзін аурумын деп санаса, ауруды жеңуге ешқандай дәрі-дәрмек көмектеспейді. 

"Бізде емделген адамдар сауығып кетеді. Онкология ғана емес, қызыл жегі, бауыр циррозы секілді аутоиммунды әртүрлі аурудар, тіпті ВИЧ секілді вирусты аурулардан оңалғандар бар. Адам бойында ауырса жазылып шығатын күш бар. Адамдар мұны ұмытып кетеді де, жауапкершілікті үкіметке, дәрігерлерге, дәрі-дәрмекке артып қояды. Басқалар біздің денсаулығымызға қарау керек керек сияқты. Дәрігер дәрі-дәрмек беріп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстау, иммунитетті көтеру туралы айтып, адамға барынша қолдау көрсетуі қажет", – деді дәрігер.

Раевский эпилепсиясы бар 36 балада дәрі-дәрмексіз тек анасымен жұмыс істеу арқылы аурудың беті қайтқанын атап өтті. Ал 2 мың баладан дамудың тежелуі, аутизм диагноздары алынған. Церебралды сал ауруына шалдыққан 50 бала жүре бастаған.

"Мұның бәрі анасымен жұмыс істегеннен кейін болды. Анасының түпсанасымен жұмыс істесе, бала да жазылып шығады. Ана мен бала 15 жасқа дейін олар біртұтас организм секілді. Жыныстық жетілу кезінде бала анадан ажырай бастайды. Балада болып жатқанның бәрі анасында болып жатқан нәрселер", – деді дәрігер.

Ол медицина философиясы өзгерсе екен дейді. Адамдар антибиотик, химиоерапия, стимуляторларға тәуелді болмай, өз-өзін емдей алатындай сау болғанын қалайды.

"Ежелгі Қытайда дәрігерлерге адамдар ауырмағаны үшін, яғни сау болғаны үшін ақы төлеген. Ал адам ауырып қалса дәрігерге ақша бермей қойған. Дәрігер ауру адамды тегін жазып шығуға тиіс еді. Медицина академиясында оқыған кезде де аурудың алдын алу арзанға түседі деп оқытты. Адамдарға мектептен психология негіздерін үйретсе, онкология белгілері болуы мүмкін адамдарға бірден химиотерапия жасамай, онкопсихология негіздерін оқытса, онда науқастар саны азаяр еді. Қазір халықтың иммун жүйесі күрт нашарлап кетті. Сау адам жоқ, бәрінде диагноз. Бұрындары дәрігерлер адамның иммунитетін күшейтуді көздейтін. Антибиотиктер, стимуляторлар, химиялық препараттар болмады. Бала дүниеге келгенде иммунитетті ана сүтінен алады. Бірақ бірден сүт қоспасын беріп қояды. Ондай балалар өмір бойы қорғау іздеп, ауырады", – деді дәрігер.


Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікті емдеу қиын, алдын алу оңай. Скринингтен кімдер және қандай жиілікпен өтуі тиіс?


Оның сөзінше, интегративті медицина қызметкерлері пациенттердің қамын ойлап, күн сайын хал-жағдайларын сұрап, арман-мақсаттары жайлы әңгімелесіп, өмір сүруге күш-қуат беріп, қолдау көрсетеді. Ем алуға көбінесе қатерлі ісіктің төртінші сатысында келеді. Дегенмен химия алуға болмайтын адамдардың өзі сауыға бастайды.

"Адам аурудан қорықса, ауру оны жалмайды. Адамды үрей өлтіреді. Кез келген ауру – жан қайғысының өтемі, сыртқы көрінісі. Оны адаммен сөйлесу арқылы, уайым-қайғысын бөлісу арқылы алып тастау керек. Жалпы айтқанда адамды аурумен өзі күресе алатын жағдайға жеткіземіз. Адамдарға бір күні өлетінін, өлім қорқынышты емес екенін, қорықса ажал жақындайытынын, ал қуанса адамнан қашатынын түсіндіреміз. Медитация жасаса, тынышталса, өлімнен қорықпайтын болса сауыға бастайды. Бірнеше әдісті аралстырғаннан кейін жақсы нәтижеге жетеміз. Адамның миын "қатерлі ісік жасушылары керек емес" деп қайта бағдарламалаймыз. Ми қатерлі іск жасушасы керек болмаған соң оны организмнен алып тастау керек екенін түсінеді. Ауруға әкелген стрестті тауып, оны алып тастағаннан кейін аурудан айығады", – деді дәрігер. 

Серіктестер жаңалықтары