Тікелей эфир

Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды

Фото Карина Абдуллинаның жеке архивінен алынды
Фото Карина Абдуллинаның жеке архивінен алынды
"Арканы судьбы" балетінің премьерасы 27, 28 қарашада "Астана балет" театрында өтеді

Карина Абдуллина – қазақстандық әнші-композитор, актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Танымал "Мюзикола" дуэтінің солисі (1992-2016).


– Карина, әңгімемізді шығармашылығыңыздағы жаңалықтардан бастайық. Инстаграмда "Астана балетке" арнап либретто жазғаныңызды көзім шалды. Бұл қандай туынды, премьерасы қашан болады?

– Шығарма "Арканы судьбы" деп аталады. Мен тек либретто жазумен шектелмей, балетке арналған бірегей шығарманы толығымен жазып шықтым. Неге оны бірегей деп отырғанымды айтайын. Өйткені, бұл шығарманың әлемде аналогы жоқ. Өзінің екі мың жылдық тарихында осы карталар бірде-бір өнер туындысында суреттелмеген екен. "Арканы судьбы"– бір актілі балет, мұнда 22 би нөмірі бар. Мұндағы 22 нөмір – ежелгі Таро карта жүйесінің 22 арқаны. 

Балеттің премьерасы 27, 28 қарашада "Астана балет" театрында өтеді. Бұл мен жазған алғашқы салмақты шығарма болғандықтан, аздап қобалжып та отырмын. Дегенмен, қарқынды жүріп жатқан дайындыққа қарап, премьера сәтті өтеді деп сенемін. Жалпы, Таро картасы әлемде өте танымал. Онымен бір кездері Коко Шанель әуестенсе, қазіргілерден Мадонна осы Таро жүйесімен карта ашады. 

– Соңғы жылдары өзіңіз де осы Таро картасымен әуестене бастадыңыз. Бұған сіз жай қызығушылықпен келдіңіз бе, әлде қаржылық қиындықтар әсер етті ме?

– Осыдан 5 жарым жыл бұрын аяулы досым Болат Сыздықов өмірден өтті. Бүкіл Қазақстанға біз "Мюзикола" дуэті болып танылдық. Екеуміз өте жақын дос болдық, қаншама тамаша әндерді бірге жаздық. Қазақстанда бір емес, бірнеше буын өкілі біздің әндерімізді тыңдап өсті. "Арман жолдар", "Девочка в платьице белом", "Певица и саксофон" және тағы басқа көптеген әндеріміз халықтың ықыласына бөленді. Болат досым мезгілсіз дүниеден озған кезде мен қатты күйзелдім. Бұл – мен үшін орны толмас қайғы. Өз-өзіме келіп, ары қарай өмір сүру үшін бірталай маманға жүгіндім. Болат кеткен соң, оның ойсырап қалған орнын бір нәрсемен толтыру үшін тарологқа бардым. Таролог дегеніміз – Таро арқылы карта ашатын адам. Таро картасының бір ерекшелігі бар, ол өздігінен ештеңе айтпайды, болжамайды. Тек қойған сұрағыңа жауап аласың. Таролог Татьяна Дудниченко картасын жайып, менің сұрақтарыма жауап іздей бастағанда, осы карталардың тілін түсінетінімді байқадым. Сосын маған осыны үйрете аласыз ба деп сұрағанымда, ол кісі бірден келісті. Кейбір адамдар тек карта аша алады, ал бұл кісі сонымен қатар карта ашуды басқаларға үйрететін маман екен. Осылайша, мен Таро картасын ашуды үйрендім, бірақ, балгер болуды көздеген жоқпын (күлді). Алдымен, туыстарыма, құрбыларыма карта ашып бастадым. Сол кезде бұл іс менің қолымнан келетінін байқадым. Маған келген адамдар бір-біріне мен туралы айтып, осылайша алдыма келетін адам саны көбейді.

Фото Карина Абдуллинаның жеке архивінен алынды

Бұл іске қаржылық жағынан қысылғандықтан келген жоқпын. Иә, өте қиын кезеңдер басымнан өткені рас. Бірақ, мен кедей емеспін, он екі мүшесі сау адаммын, кәсіби маманмын. Өз нанымды тауып жей аламын. Айтқым келетін нәрсе, егер адамның бойында сондай өнермен айналысатындай қабілет болса, онымен айналысқаны дұрыс. Неге бұлай айтып отырғанымды түсіндіріп берейін. Тарологқа адамдар еріккеннен бармайды, басына қайғы түсіп, іші мұң мен шерге толғанда барады. Бір кездері мен де досымның қазасынан соң қатты күйзеліп, өзімді қоярға жер таба алмадым. Өмірінде қиындыққа жолыққан адамның ішінде "неге бұлай болды екен?" деген сұрақ туады, соған жауап тапқысы келеді. Сондай-ақ, өз-өзіне келіп, әрі қарай қалай өмір сүрудің жолын білгісі келеді. Осындай себептермен олар картаның көмегіне жүгінеді. Алдыма келген жандардың біразының басында орны толмас трагедия бар екен. Олардың жүріп өткен жолын, қиындыққа толы тағдырын көргенде менің қайғым олардың басындағы жағдаймен салыстырғанда соншалықты қорқынышты емес екенін түсіндім. Бәлкім, Таро картасы менің өміріме осы нәрселерді ұғындыру үшін келген шығар? Бірақ, мен балгер емеспін, академиялық білімі бар кәсіби музыкантпын. Сондықтан, осы карталар менің шабыттанып, балет жазуыма әсер етті. Таро картасымен Болаттың қазасынан соң таныстым. Сондықтан, балетті досымның рухына арнаймын деп шештім. 

– Сонда сіз қайғыдан шабыт алып тұрсыз ғой…

– Иә, Роза, адам тек қуанышты сәттерден шабыт алмайды ғой. Қайғы-қасірет, тіпті жақын адамдарының өмірден кетуі де адамға шабыт сыйлауы мүмкін. Мысалы, осындай әсермен Бетховен "Ай сонатасын", ал Моцарт "Реквиемін" жазды. Мен өзімді осындай ұлы адамдармен салыстырып тұрған жоқпын. Жалпы, өз шығармашылығымда осындай тәжірибе болғанын айтып жатырмын. Шығарманы театрға ұсынбас бұрын кәсіби мамандарға апарып көрсеттім. Олар өзінің оң бағасын берді.

– Cізге карта аштыру үшін әлі де келетіндер бар ма?

– Жоқ, қазір бұрынғыдай жиі қабылдамаймын. Ол кезде маған әйтеуір бір іспен айналысып, ойымның бөлінгені маңызды еді. Одан бері 5 жарым жыл өтті, өз-өзіме келу үшін біраз жұмыс істедім. Психотерапевт, тіпті психиатрдың көмегіне жүгініп, депрессияға қарсы ем қабылдағанымды жасырмаймын. Ал, қазір біраз уақыт өтті, бұрынғыдай емес, еңсемді тіктедім. Сондықтан, жиі адам қабылдауға мұқтаж емеспін. Бірақ, кейде маған келгісі кеп, қиылып тұрып өтініш жасайтын адамдар кездеседі. Ондайларға ешқашан жоқ деген емеспін. Сондай-ақ, арасында туыстарым мен құрбыларым өтініш жасап тұрады.

Болат кеткелі күнде жылаймын

– Досыңыз дүниеден озғалы біраз уақыт өтті. Жан жараңыз кішкене де болса жазылды ма? Уақыт емдей ме екен? 

– Бұл ешқашан жазылмайтын жара ғой. Өзінің жақынын жоғалтқан жандар мені жақсы түсінеді. Өле-өлгенше осы қайғыны көтеріп өтетінімді білемін. Қанша жыл бірге жүріп, қаншама істі бірге тындырған, өзің үшін соншалықты аяулы, соншалықты қымбат жанды жоғалту дегеніңіз – орны толмас өкініш. Болат қайтқанда біреу денемнің жартысын кесіп тастағандай сезімде болдым. Қазір де солай. Бірақ, мен адамға өзі көтере алмайтын сынақ берілмейтінін түсіндім. Соңы өлімге апарып тынатын қатты бір асқынған ауру болмаса, қалғанының бәріне шыдауға болатын сияқты. Мен күнде Болатты еске алып жылаймын. Бұл нәрсе өмірімнің соңына дейін жалғасатын болар. Балам "мама, Болат туралы айтпай-ақ қояйықшы. Сен тағы да жылап қаласың" дейді. Қалай жыламайсың, жыламау мүмкін емес қой. Соған қарамастан, баламды тәрбиелеп, музыка жазып, концерт беріп, ел қатарлы тіршілік кешіп жатқан жайым бар. Тірі адам тіршілігін жасайды екен.

Карина Абдуллина Болат Сыздықовпен бірге. Фото Каринаның жеке архивінен алынды

– Анаңыздан ерте айырылғаныңызды білемін. 2016 жылдың басында әкеңіз, көктемде досыңыз бақилық болды. Жетім қалғандай күй кештіңіз. Досыңыздың қазасы, бәлкім, сол қазалардың соңын ала келгендіктен, сізді осылай күйретіп кеткен болар?

– Дұрыс айтасыз, бұл жетім қалғандай күй кешу емес, мен шынымен жетім қалдым. Өмірде өзіме жақын көп адамнан айырылып қалдым. Ересек адам болсам да, маған әлі күнге дейін ата-анамның жылуы жетіспей тұрады. Әсіресе, анамды қатты сағынамын. Ол қайтыс болғанда мен небәрі 21 жаста едім (көңілі босады). 

– Инстаграмдағы оқырмандарыңыздан "қиын жағдайда қалай сынып кетпеуге болады?" деп сұрап жатқаныңызды көзім шалған еді. Сұрағыңызға жауап таба алдыңыз ба?

– Инстаграмда менің миллион оқырманым жоқ, парақшама небәрі 18 мың адам жазылған. Бірақ, олар мені оқиды, әндерімді тыңдайды, бір сөзбен айтқанда, өзіме адал оқырмандар. Сондықтан, мен олардың пікіріне құлақ асамын, ұсынысын тыңдаймын. Өзіме адекват пікір білдіріп хат жазғандардың бәріне жауап беруге тырысамын. Сіз айтып отырған постты қиналып жүрген күндердің бірінде жазған едім. Сұрағыңызға оқырмандарымның жауабымен емес, өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйене отырып жауап берейін. Қандай жағдай болмасын, қол қусырып, құр отыруға болмайтынын түсіндім. Еңбектенсең, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жемісін көреді екенсің.

– Қазір немен күн көріп жүрсіз?

– Шынымды айтсам, қазір негізінен мені күйеуім асырап отыр. Концерттер әзірше ұйымдастырылып жатқан жоқ. Карантин кезінде тойға көп шақырылдым, бірақ, мен заң бұзғым келмейді. Мұндай ұсыныстардан саналы түрде бас тарттым. Тұрақты түрде келіп тұрған табысым жоқ. Дегенмен, өзім жазған әндердің авторлық құқығы үшін азын-аулақ қаламақы түсіп тұрады. Бірақ, күйеуім болмаса, мен ол ақшаға өмір сүре алмас едім. Арасында қазақстандық және ресейлік орындаушыларға тапсырыспен ән жазамын. Жалпы, бірдеңеден тарығып жүрмін деп айта алмаймын. 

Фото Карина Абдуллинаның жеке архивінен алынды

– "Мюзиколаның" репертуарында қазақша әндер көп. Сіз қазақ тіліндегі әндерді акцентсіз, таза орындайсыз. Репертуарыңызда Абайдың әндері де бар, халық әндері де бар. Қазақ тіліне деген құрмет сізге аталарыңыздан келген бе? 

– Абайдың әндерін кезінде менің атам, КСРО Халық әртісі Ришат Абдуллин көп шырқаған. Ал "Арман жолдар", "Құстар-ай, құстар", "Сен мұңыңды бер маған" және тағы басқа әндерді өзім жаздым. Олардың сөзін биыл дүниеден өткен ұлы ақын Шөмішбай Сариев жазған. Шөмішбай ағаның өлеңдері, шіркін, төгіліп тұратын, музыкамен бірден үйлесе кететін еді. 

Өзім қазақ жерінде туып, өсіп-өнгендіктен, қазақтың тілін, дәстүрін, мәдениетін ерекше құрметтеймін. Сондықтан, ілтипатымды өз шығармашылығымда көрсетіп келемін. Осы уақытқа дейін өнеріммен жарты әлемді шарлаған адаммын. Басқа елде тұрамын десем, оны да істей алар едім. Өзімді басқа елде елестете алмаймын. Өз Отанымды қатты жақсы көремін. Өмірімнің соңына дейін осында тұрғым келеді. 

"Арман жолдардың" бейнебаяны шыққан заманда ұятмендер жоқ болатын

 – "Әй-әй, бөпем" әнін қалай таңдадыңыздар? Осы әннің бейнебаянының шығу тарихы туралы айтып беріңізші.

– Бұл – осыдан біраз уақыт бұрын болған оқиға. Маған Аслан деген жігіт келді. Өзі Қарағандыдан екен. Асланның жанында Брайан деген америкалық досы болды. Аслан маған бір ән орындап, соны кассетаға жазып, "А-cтудио" тобына апарып беруімді өтінді. Сол кездері Батыр "А-студио" тобынан кетіп, олар жаңа солист іздеп жатқан еді. Аслан мен Брайан қолына гитара алып, "Әй-әй, бөпемді" екі дауыспен шырқап берді. Солист болғысы кеп жүрген Аслан, ал америкалық жігіт оны қолдауға келген екен. Мен әнді кассетаға жазып алып, "А-студиоға" апарып бердім. Бірақ, олар кейін солист ретінде қыз баланы алды. Бұған дейін қазақтың қаншама халық әнін білетінмін, ал "Әй-әй, бөпемді" сол жолы бірінші рет тыңдадым. Әннің ұнап қалғаны соншалық, Болатқа "осы әнді заманауи өңдеумен орындап, бейнебаян түсірейік" деп ұсыныс айттым. Ол бірден келісті, аранжировкасын жасады, әнге гитара мен сазсырнайдың үнін қосты. Ол кезде біз Мәскеуде тұратынбыз, сондықтан, бейнебаян сол жақта түсірілді. Ең қызығы, бейнебаянда Болат екеуміз құшақтап отырған бөпелер бастапқы сценарийде жоқ болатын. Түсірілім кезінде аяқ астынан режиссердің келіншегі келе қалды. Қолында Мила, Яна деген егіз бөпесі бар екен. Режиссер бөпенің бірін маған, екіншісін Болатқа ұстатып, оларды ойламаған жерден сценарийге қосып жіберді. Сонымен, осындай шедевр дүниеге келді. Қазір ол қыздардың жасы жиырмадан асты, өздері де ана атанған шығар.

– Осы ән қаншама аналардың "Бесік жырына" айналып кетті. Өз балаңызға да шырқайсыз ба?

– Иә, балам ұйықтар алдында ән айтып беруімді сұрайды. Осы ән шыққалы бері маған қаншама келіншек алғыс айтты. Мұндай жылы лебіздер мені марқайтады, әрине.

– Енді "Арман жолдар" әні туралы айтсақ. Бұл бейнебаянға кеудеңізді жалаңаштап, денеңізге сурет салдырып түстіңіз. Бұл кімнің идеясы еді? Бейнебаян алғаш шыққанда сол кездегі аудитория қалай қабылдады?

– Бейнебаянға осылай түсу – менің идеям. Бұл шешімге бізді қаржы тапшылығы итермелеген еді. Бейнебаян түсіруге достарымыз ақша берді. Бірақ, ол қаржы керемет декорация құрып, қымбат бейнебаян жасауға жетпеді. Ал біз бір көргеннен көрерменнің есінде қалатындай нәрсе жасағымыз келді. Сондықтан денеме ою-өрнек саламын деп шештім. Бұл өте тапқыр идея болды деп есептеймін. Ол кезде мен өрімдей жас, әдемі едім. Денемдегі сурет көзге ерсі, тұрпайы көрінді деп ойламаймын.

Бейнебаян сәтті шықты, ал "Арман жолдар" тыңдарманның сүйікті әніне айналды. Ол кезде интернет жоқ еді, соған сәйкес, хейтер, ұятмендер де болмады. Бейнебаянды "ойбай, мынау не масқара!" деп талқылайтындар қазір де кездеседі. Бұл бейнебаянның танымалдығының, әннің өміршеңдігінің белгісі деп білемін. Кезінде гастрольдік сапармен талай жерді араладық. Сонда көрген жұрт Болат екеумізді "жолдар, жолдар" деп атайтын. Шалғай жатқан ауылдардың өзінде қарапайым адамдардың бізді танып, әнімізді бағалап жатқаны біз үшін үлкен құрмет. Мен бұл туынды үшін ұялмаймын, керісінше, осындай ән жазғанымды мақтан етемін.

– Интернеттен сіздің орындауыңыздағы "Альбертім" әнін тыңдадым. Бұл әнді кезінде Мақпал Жүнісова қызы Мерейге арнап шырқады. Солай ма? 

– Бұл әнді Мерей дүниеге келген кезде Болат екеуміз жазып, Мақпалға сыйлаған едік. Балам дүниеге келгенде әнді "Альбертім" деп өзім қайта орындап шықтым. Әннің авторы өзім ғой, бұлай етуге құқығым бар. Мақпал бұған қарсы болмайды деп ойлаймын.

– Кезінде "Классика" радиосындағы "Диалог" бағдарламасын, "Мәдениет" телеарнасында "Неслучайные встречи" бағдарламасын жүргіздіңіз. Сұхбаттарыңыздың бірінде "қазақ тілінде бағдарлама жүргізуге ұсыныс болса, мен қуана қабылдаймын" деген екенсіз. 

– Әзірге ондай ұсыныс түсе қойған жоқ. Ұсынып жатса, жүргізе аламын деп ойлаймын. Радио мен телевизия саласында істеп жүргенде балам әлі дүниеге келмеген еді. Өмір бойы карьерамен айналысып, баламды 39 жасымда, ақыл тоқтатқан кезімде дүниеге әкелдім. Енді мен балама көбірек көңіл бөлуім қажет. 

Фото Карина Абдуллинаның жеке архивінен алынды

– Жұлдыз ауруына шалдыққан кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ешқашан шалдыққан емеспін. Мен КСРО халық әртісінің отбасында дүниеге келдім. Атам – өткен ғасырдың 60-жылдарының өзінде Канада, Швеция сияқты елдерге барып ән салған адам. Өзім дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Кішкентайымнан сахнада келе жатырмын. Өзімнің жұлдыз ауруымен ауырған кезім есімде жоқ. 

– Бұлай сұрап отырған себебім, өткен жылы қазақстандық бір сайтта сіз туралы материал жарияланды. Онда 90-жылдардың соңында "Мюзикола" дуэтінің ақтөбелік бір кәсіпкердің мерейтойына шақырылғаны туралы айтылады. Материалда "ұшақ Ақтөбеге ұшқалы жатқанда, Карина ұшақтың орындығын ұнатпай, салоннан шығып кетті" делінген. Бұл рас ақпарат па?

– Бұл өтірік нәрсе. Оқиғаның шын мәнінде қалай өрбігенін сізге баяндап берейін. Біз Ақтөбеге баратын болдық. Ұшаққа кіргеннен кейін маған ауа жетпей, демікпем ұстап қалды, есімнен тана бастадым. Сол кездерде демікпем қатты асқынып жүрген еді. Қолымда ингаляторым болған, соның көмегімен өз-өзіме келдім. Бірақ, ары қарай ұшуға қорқып қалдым. Одан кейін әуежайдың медициналық бөлімшесінде ем қабылдадым. Ақтөбедегі шараға бара алмай қалған себебім осы. Болат бізді шақырған кісіге хабарласып, жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрағаны да есімде. Неге бұлай өтірік ақпарат таратып жүргенін білмеймін. Қазір демікпемен ауырмаймын. Дегенмен, кейбір заттарға аллергиям болуы мүмкін. Сондықтан, әрқашан қасымда ингалятор алып жүруге мәжбүрмін. 

Әртістерді мемлекет қолдауы қажет деп есептеймін

– Сіздің "Мұстафа Шоқай" фильміне түскеніңізді, Air Astana әуе компаниясының ресми даусы атанғаныңызды, жақында либретто жазғаныңызды білеміз. Алдағы уақытта өзіңізді тағы қандай қырыңыздан танытуыңыз мүмкін?

– Маған "Мұстафа Шоқай" фильмінде Марияның рөлін ұсынғаны үшін марқұм Сатыбалды Нарымбетовке шексіз ризамын. Осы Сәкен аға теледидардан көріп қалып, фильміне шақырмаса, менен киноактриса шықпас еді. Ал әуе компаниясына келер болсақ, ол жерге мені даусымның тембрі жағымды деп шақырды. Бұл өте қиын да қызық жұмыс екен. Ұшақта даусымды тыңдаған жолаушылар "сіздің даусыңыз құлаққа жағымды, көңілімізді жайландырады" деп айтады. Мұндай пікірлер маған қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта өзімді қандай саладан көретінімді әзірге білмеймін. Мақтанғаным емес, бірақ, мен жан-жақты адаммын. Кино саласындағы дебютім сәтті болды, жазған әндерім мен жүргізген бағдарламаларым халықтың көңілінен шығып жатыр. Мен әдейілеп ешқандай жоспар құрмаймын, бәрі рет-ретімен болып жатқан дүниелер. Бұйырып жатса, халыққа тағы басқа қырымнан танылармын. Болмаса, бойымдағы бар талантым осы болуы мүмкін.

– Инстаграмда "әртістерге немқұрайлық пандемиясы" туралы пост жазыпсыз. Сол жерде оқырмандарыңыздың бірі "сонда сіз әртістердің концертін мемлекет ұйымдастыруға міндетті деп санайсыз ба?" деп сұрапты. Өзіңіз арасында "Музкафеде" шағын концерт беретініңізді білемін. Бірақ, Республика сарайында концертіңіз болған жоқ.

– Cебебі, Республика сарайында концерт өткізу үшін қыруар қаражат керек. Бәлкім, мен ескіліктің адамы болармын, кеңес заманының адамы сияқты ойланатын шығармын. Мен әртістерді мемлекет қолдауы қажет деп есептеймін. Мемлекет мүлде көмектеспей жатыр деп айтуға да болмас. Бірақ, қаржы мен қолдау бәріне бірдей жетпей жатқан сияқты. Мен шағымданып отырған жоқпын, тек талантты жандардың назардан тыс қалып қоятынына ішім ашиды. Мемлекет дер уақытында көмек берсе, небір таланттар өмірден ерте кетпес еді. Бұл – жеке пікірім, мен одан бас тартпаймын.

– "Мемлекеттің ақшасы болмайды, тек салық төлеушілердің ақшасы болады" дейді ғой. Сонда сіздіңше, концерттер салық төлеушілердің қаражатына ұйымдастырылып, сосын олар оған тағы билет сатып алып баруы керек пе? 

– Білесіз бе, Роза, мен сіз айтып отырған нәрседен бейхабармын. Концерттердің ұйымдастырылу процесі қандай кезеңдерден тұратыны маған беймәлім. Сондықтан, сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Кеңес заманында әртістер отбасында дүниеге келгендіктен, сол кездегі өнер адамдарына көрсетілген құрмет-қошеметті көріп өстім. Анам телетүсірілімге барып келгеннен кейін сол еңбегі үшін поштаға барып қаламақы алатыны есімде қалыпты. Қазір өкінішке қарай мұндай нәрсе жоқ. 

– "Певица и саксофон" атты әніңізді орындау құқығын сатқалы жатқаныңыз туралы оқып едім.

– Сатқым келгені рас. Бірақ, лайықты орындаушы табылмады.

– Мұндай қадамға баруыңызға не себеп болды?

– Біріншіден, оны басқа бір талантты жас орындап, әннің жаңа ғұмыры басталғанын қаладым. Екіншіден, маған баламды оқыту үшін қаражат керек. Барлық ата-ана баласын ақылы, сапалы мектепте оқытқысы келеді. Ал оның ақысы қымбат тұрады. Мен тек өзімнің интеллектуалдық еңбегіммен табыс таба аламын. Сондықтан, осы әнімді сатқым келді. Өкінішке қарай, лайықты адам табылмады. Әнді балалары караокеде шырқау үшін сатып алғысы келген кәсіпкерлер болды. Бірақ, мен келіспедім, ән әзірге өз қоржынымда қалды.

Карина Абдуллина ұлы Альбертпен бірге. Фото Каринаның жеке архивінен алынды

Мәскеуде басқаларға тек ақша тауып тұрған кезіңде қызықсың

– Сізден көбіне досыңыз Болат Сыздықов туралы сұрайды. Мен Батырхан Шөкенов туралы сұрағым келіп отыр. Онымен қарым-қатынасыңыз қандай болды? Өмірде қандай адам еді? 

– Батырхан өте зиялы, талантты, ақкөңіл жан еді. Халықтың шексіз ықыласына бөленген әртіс болды. Бір ғана айтарым, мемлекет осындай таланттарды алақанына салып аялауы қажет еді. Біз Батырханмен жақсы араластық. Әлі күнге дейін оның отбасымен араласып тұрамын. Анасы Клара Ибрагимқызын сондай жақсы көремін. Басына ауыр қайғы түссе де, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған мықты адам. 

– Мейрамбек Беспаев екеуіңіз бірге шырқаған "Өмірде солай" әнінде "ұнату оңай, ғашық болу қиын" дейсіз. Өмірде сіз ұнатқан жандар көп болды ма, әлде көбірек ғашық болдыңыз ба?

– Шығармашылық адамдары өлең жазып, ән шығарған кезде әртүрлі нәрседен шабыт алады. Әңгіме барысында айтқанымдай, қайғы-мұң да адамға шабыт береді. Оның қасында ұнату сезімі суреткерге тіпті қанат бітіруі мүмкін. Мен де өлең, музыка жазатын адам болғандықтан, жиі ұнатып қаламын. Бірақ, бұл сол адаммен қарым-қатынас құрады деген сөз емес қой. Мен сол адамға тамсанып, әсерленіп, шабыт алған соң, жақсы бір шығарма жазуым мүмкін. Өмірімде мұндай сәттер көп болды. Оған "Мюзиколаның" репертуарындағы жүзден астам ән дәлел бола алады. Мысалы, "Певица и саксофон" әні курортта бір жігітті ұнатып қалған кезімде жазылған. Ал қазір "сол кезде кімді ұнатып қалдыңыз?" деп сұрасаңыз, ол адамды еске түсіре алатыныма күмәнім бар (күлді). Сондықтан, менде ұнату сезімі көбірек болды дер едім.

– Ресейде жұмыс істеген уақыттан сізде қандай естелік қалды? Мәскеуде тағы жұмыс істеп көргіңіз келе ме?

– Біз Мәскеуде тұрған он жыл ішінде көптеген мықты музыканттармен, әртістермен таныстық. Өте бір қызық кезең еді. Өзіміз де талмай жұмыс істедік. Мәскеу сияқты үлкен мегаполисте жұмыс істеу мықты тәжірибе болды дер едім. Бірақ, ол жерде басқаларға жұмыс істеп, ақша тауып тұрған кезіңде ғана қызықсың. Осының бәрі бітіп, шоу-бизнес продюсерлердің қолына өткен соң, бізге тиімсіз келісімшарттар ұсынылды. Біз одан бас тартып, Қазақстанға қайтуға шешім қабылдадық. Бұл шешіміміз дұрыс болды деп есептеймін. Мәскеуге қайта баруға ынтам жоқ. Жасым ұлғайған сайын климаты жылы жақтарға аңсарым ауып жүр. 

– Бұрын сіз бітпейтін гастрольдік сапар, концерт, түсірілімдерде жүрдіңіз. Ал қазір әлдеқайда бірқалыпты, тыныш өмірге көштіңіз. Қайсы өмір салтыңыз өзіңізге көбірек ұнайды?

– Әрине, бұрынғы кездер ұнайды. Қазіргі өміріммен салыстырғанда ол күндер әлдеқайда қызық өтті. 

– Ал, қазір дәл сондай темппен жұмыс істей алар ма едіңіз?

– Жоқ, себебі, қазір менің ұлым бар. Уақытымның көп бөлігін соған арнауға тырысып жүрмін. Егер, менің алдымда "отбасы не жұмыс" деген таңдау тұрса, мен отбасын таңдаймын.

Серіктестер жаңалықтары