Турнирге 6 қазақстандық және 10 шетелдік команда қатысуда. Маңызы жоғары осынау турнирге FIBA 3Х3 басқарушы директоры Алекс Санчез келді. Осы сәтті пайдаланып, FIBA 3Х3 басқарушы директорымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Алекс Санчез мырза, ең алдымен 3х3 баскетбол спортының ерекшелігіне тоқталып өтейікші...
– 3х3 баскетбол әлемдік аренада жаңадан бедел жинап келе жатқан спорт түрі. Баскетболдың бұл түрі кортта жылдам шешім қабылдауды қажет етеді. Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен 3х3 баскетбол - Олимпиада бағдарламасына енгеннен кейін осы спорт түрінің екінші тынысы ашылды десе де болады. 2020 жылғы Токио ойындарында алғаш рет 3х3 баскетболдан жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталған еді. Жастар ерекше қызығатын, кезінде көше ойыны саналған бұл спорт түрі бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген.
– Жалпы бұл турнирдің қандай ерекшелігі бар? Маңызы неде?
– Халықаралық деңгейдегі турнир қазақ жерінде, Қазақстанның оңтүстіктегі астанасы Алматы қаласында алғаш рет өтіп жатыр. Осыған дейін мұндай жарыс елордада өткен болатын. Almaty Quest – FIBA 3x3 World Tour бағдарламасына кіретін 3х3 баскетболдан халықаралық турнир. Бұл FIBA 3x3 Masters әлем чемпионатынына мүмкіндік сыйлайтын Орталық Азиядағы ең маңызды жарыс десе де болады. Азияның бірқатар елінен келген командалар FIBA 3x3 әлем турындағы жолдамаға таласып жатыр.
Турнир жеңімпазы қазан айында Чэнду қаласында өтетін World Tour кезеңіне қатысу құқығына ие болады. Тартысқа толы бәсеке көпшіліктің көңілінен шығып жатқанына куә болудамыз. Бұл жарыс Алматыда баскетбол жұлдыздарының басын қосқан турнир болды.
– Турнирге қатысып жатқан баскетболшылардың мүмкіндігіне қандай баға бересіз?
– Командалар тактикалық нұсқаулықты дұрыс орындап, турнирді қыздыра түсті. Спортшылардың ешқайсысын бөліп жармаймын. Барлығы белсенділік танытып, жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетті. Жанкүйерлер мен қонақтардың қолдауы да оларға ерекше күш берді деген ойдамын. Азияның түрлі елінен келген командалар бір-біріне лайықты бәсекелес болды. Бәсеке бар жерде өсу бар екені айтпаса да белгілі.
– Халықаралық турнирді ұйымдастырушыларға қандай баға бересіз? Бүгінгі жарыс көңіліңізден шығып жатыр ма?
– Турнирді ұйымдастырушыларға өте жоғары баға беремін. Оларға деген алғысым шексіз. Шараны ұйымдастыру жағында еш мін жоқ. Бірқатар халықаралық турнирге барып көрдік. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Алматыдағы турнирдің ұйымдастырылу деңгейі ең ерекшесі деп айтар едім. Өйткені әр деталь ескерілген, қатысушыларға барлық жағдай жасалған.
– Қазақстанның Quest деңгейінен де жоғары (World Tour) турнир өткізу әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның Almaty Quest сынды халықаралық турнирлерді өткізу құқығына ие болуы қазақ елі үшін зор мәртебе деп білемін. Маңызы жоғары жарыстың қазақ жерінде өтуі Қазақстандағы баскетболды жаңа бір деңгейге көтерді. Бұл спорт түрін насихаттап, оны дамыту Қазақстан үшін маңызды. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстанның Quest деңгейінен де жоғары турнирлерді өткізуге мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Өйткені, Қазақстанда спортқа баса мән берілген.
Түрлі спорт кешендері мен заманауи спорт залдар салынып, азаматтарға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қонақжай қазақ халқы шетелдік қонақтарды да құшағын жайып, ерекше қарсы алатынын ерекше атап өткен жөн. Қазақстан өз мүмкіндіктерін ескеріп, жоғары деңгейдегі турнирлерді өткізуге қызығушылық танытып отыр. Турнирді ұйымдастыруға ықылас таныту үлкен жауапкершілік жүктейтінін айта кетейін.