13 маусымнан бастап Disney жəне Pixar студияларының "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі көрерменге жол тартады.
"Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмінде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Кейіпкердің эмоциялық жағдайын бұрыннан басқарып келе жатқан Қуаныш, Қайғы, Қорқыныш пен Жиреніш күтпеген жерден жаңа сезім – Мазасыздық пайда болған кезде не істерін білмей абдырап қалады. Оның үстіне жаңа эмоция жалғыз келмеген секілді.
Фильмінің басты кейіпкері Райлиді – блогер Ақерке Естайқызы, Қуанышты – әнші әрі актриса Гүлнар Тілебалды, Мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, Қорқынышты – кино және театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. Ninety One тобының олистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Маликов, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та жобаға үлес қосты.
"Осы бөлімде Райлидің жаңа сезімдері пайда болады. Ол сезімдер біріншісіне қарағанда күрделірек. Оны дыбыстау бізге қиын болуы мүмкін, дей тұрнамен бізге ерекше қызық. Шындап келгенде тіл мәселесі біз үшін өте маңызды. Жаңадан қосылған енжарлық деген кейіпкердің есімін көп көреремен біле бермейді. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, фильм барысында көпшілік біле қоймайтын немесе оның орнына орысша сөзді пайдалана кететін көрерменге қазақша мәлімет ұсынамыз. Фильмнен шыққан бүлдіршін енжарлықтың не екенін біліп, оны қолайлы сәтте қолдана алса демек қазақша дубляждың кішігірім болса да бір миссиясы орындалды деген сөз", – деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Disney мен Pixar компаниялары "Ойжұмбақ 2", Disney студиясы "Моана 2", "Муфаса: Арыстан патша" анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды. Disney жыл сайын əр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – өте маңызды қадам. Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аталған фильмдерді қазақ тіліне аудару бастамасын қолдады.
"Бойжеткен, бозбала жасына жеткен балалардың ата-анасы бұл фильмді көре отырып, 13-14 жастағы баланың санасында, олардың ойжұмбағында қандай нәрсе болып жатқанын түсінеді. Қандай да бір қиындық туындаса осы фильм арқылы олардың тілдері, өзара қарым-қатынасы нығаюы мүмкін. Сондықтан бұл ата-ана үшін де, бала үшін де отбасылық контент ретінде өте керек дүние. Міндетті түрде көру керек деп ойлаймын", – деді Шах-Мұрат Ордабаев.
Фильмнің алғашқы көрсетіліміне Disney компаниясының өкілдері арнайы келген. Олар бұған дейін де Қазақстанға келіп, жағдайды өз көзімен көріп кеткен.
"Бұрын-соңды Disney фильмдерін өз қаржысына қазақшалаған жоқ. Шетелдік компанияны емес, өз тілімізді байытамыз деген ниетпен биыл шығатын үш фильмді де көруіміз керек. Қазір фильмдердің 10-20 пайызы ғана қазақша көрсетіледі. Осылай күресуіміздің арқасында шетелден келетін фильмдердің басым көпшілігі қазақша болады. Disney компаниясының өкілдері Қазақстанға аранйы келді. Елімізді көрді, көшелерді аралады. Оған қоса, биыл шыққан фильмдердің ішінде қазақша фильмдер ең көп касса жинады. Соның барлығы осындай жақсы жаңалыққа әкеліп отыр", – деді дыбыс режиссері.
Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам.
Ұят атты кейіпкерді дыбыстаған танымал әнші Батырхан Маликов бұл дубляж саласындағы алғашқы тәжірибесі екенін айтты. Ол кейіпкерінің өзіне ұқсайтынын айтып отыр.
"Райли өсе келе жаңа достар табады. Әлемге жаңа көзқараспен қарап, жаңа эмоцияларды бастан кешеді. Кейіпкерім Ұят Райлидің басында алғаш пайда болған кезде өз әлемінде өмір сүретін, сөйлеуге қорқатын, өз ойын айтудан ұялатын еді. Кейіпкеріме қатты ұқсаймын деп ойлаймын, себебі кішкене ұялшақпын. Маған жақын, оны бірден түсіндім және қатты бауыр басып қалдым. Өз ойымды толықтай жеткізуге ұялатынмын. Бұл фильмде маған ұнайтыны – Ұяттың кейіпкер ретінде дамуы. Қаншалық ол өзін сындырып, қаншалық ашыла алады деген сұраққа жауап іздейді. Дубляж оңай жұмыс емес екен. Дубляж актерлерінің жұмысы қиын екенін енді түсініп жатырмын. Бірақ та өте көңілді жұмыс, қатты ұнады. Көрермен фильмге келіп, қазақ тіліне сұраныс бар екенін көрсетуі керек", – деді Батырхан Маликов.
Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзенің айтуынша, компания әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге "жақын" әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады.
Демеушілердің бірі "Меломан" компаниясының бас директоры Вадим Голенко қазақша дубляж халықаралық жобаға айналғанын айтты.
«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз. Бұл фильмде басты рөлді көрермендер сомдайды, өйткені барлық эмоция сіз бен біздікі. Ата-аналарға айтарым, балаларыңыз өз эмоциясын тұншықтырмай, керісінше көрсете алсын. Осы фильмнің қазақша дыбысталуына атсалысқан барша серіктестерге, шығармашылық ұжымға алғыс айтамын", – деді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, "Меломан" компаниясының бас директоры Вадим Голенко.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдірді және оны басқа да контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бастама деп таниды.
"Бір жыл бұрын осы студияларға өтініш айттық. Қазақ тілін дамыту үшін қазақша контент керек. Соның ішінде балаларға арналған анимациялық фильмдер қажет. Алғашында өзіміз демеуші іздедік. Кейін Disney мен Pixar студиялары өтінішімізді қабыл алып, фильмдерді өз қаражатына аударды. Енді 30 тілдің ішінде қазақ тілі де бар. Фильмді аударуға, жақсы дауыс таңдауға Қазақстандағы ең тәжірибелі, осы саланы жақсы білетін мамандар тартылды. Көпшілікке танымал артистер қатысты. Сапалы шығуы үшін өте көп жұмыс атқарылды. Қаралым жақсы болса бұл жұмыс жалғаса береді. Кинотетарлар зал санын көбейтіп, дұрыс уақытқа қоюы үшін көрермен көптеп келуі керек. Көрермен көп келсе, билет жақсы сатылса онда сөзсіз залдар көбейеді, уақыт жасқы кезге қойылады", – деді Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Айта кетсек, режиссер Пит Доктер мен продюсер Джонас Ривераның 2015 жылы шыққан бірінші "Ойжұмбағы" үздік толықметражды анимациялық фильм ретінде "Оскар" мен "Алтын глобусқа" ие болды.