Тікелей эфир

Димаш Құдайберген: Қазір – біздің қазақ мәдениетін әлемге танытатын уақытымыз

Cурет: dimashnews.com
Cурет: dimashnews.com
Әнші Димаш Құдайберген Euronews арнасына эксклюзив сұхбат берді.

Сұхбатта Димаш өзінің балалық шағы, жеке шығармашылығы, Пласидо Домингомен дуэті және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында берген концерті туралы әңгімелейді. 


Euronews: Димаш, сіз классикалық білім алған адамсыз, өзіңізге "Астана Опера" театрында жұмыс істеуге ұсыныс түскенінен хабардармыз. Алайда, қазақтың дәстүрлі әндері, поп-музыка және классикалық элементтерді үйлестіре отырып, заманауи музыканттың жолын таңдадыңыз. Осындай ерекше миксті қалай құрастыра алдыңыз?

Димаш Құдайберген: Астанадағы опера театрының директоры жұмысқа шақырған сәті есімде. Бірақ, мен өзімнің алуан түрлі музыкалық жанрды қатар алып жүргім келетінін бұрыннан білетінмін. Қазір опералық шығармаларды шырқаймын десем, оны өз концерттерімде де шырқай аламын. Қазір менде осындай таңдау еркіндігі бар. "Астана Опера" театрының ұжымын қатты құрметтеймін. Осыдан бірнеше ай бұрын менің көптен күткен бір арманым орындалды. Ұстазым Пласидо Доминго мені өзімен бірге Еуропа сахнасында өнер көрсетуге шақырды. Ол маған "мына арияға дайындалуға небәрі екі күн уақытың бар" деді. Әрине, мұндай мүмкіндіктен бас тарта алмадым.

Бес жасымда үйімізде Пласидо Доминго мен Лучано Павароттидің концерттері жазылған бейнекассеталар болатын. Сол концерттер мені шабыттандырып, "әнші болам" деген арманыма жетеледі. Домингомен кездескенде оған "сіздің арқаңызда әнші болдым" деп айттым. Себебі, мен соған ұқсағым кеп, еліктеп өстім. Доминго мен Паваротти – вокалдық жағынан өте мықты әншілер.

– Ата-анаңыз бес жасыңызда даусыңыздың ерекше екенін байқапты. Ал, өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетінін қашан түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем мені күн сайын музыка мектебіне таситын. Бұған оның аяғының ауыратыны да кедергі болмады. Қазір мен танымал боп, өз қолым өз аузыма жеткен кезде осының бәрі отбасымның арқасында келген нәрсе екенін түсініп отырмын. Атам мен әжемнің, әке-шешем мен достарымның шексіз қолдауы мен үшін өте маңызды. Тіпті осы күнгі жеткен жетістігімнің бәріне менен гөрі менің әжем лайықтырақ дер едім.

Димаш Құдайберген. Фото: Информбюро порталы

– Қазақстанда мәдениет саласы мен музыканың соншалық маңызды рөлге ие болуының мәнісі неде?

– Біздің дәстүрлі музыкамызды тыңдау арқылы сіз біздің халықтың тарихымен, жүріп өткен жолымен таныса аласыз. 4-5 жасымда атам маған қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра тартуды үйретті. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген. Қазір – біздің қазақ мәдениетін әлемге танытатын уақытымыз. Қазақстан – өте жас мемлекет, егемен ел болғалы бері небәрі 33 жыл өтті. Сол себепті, қазіргі кезең әлемдік аудиторияны қазақ халқының мол мұрасымен таныстыруға өте қолайлы деп санаймын.   

– Өз музыкаңызды қалайша сипаттар едіңіз?

– Мен бұрын оны неоклассикалық музыка деп атайтынмын. Ал, қазір түрлі жанрларды біріктіріп жүрмін. Өзім бұрынғыша неоклассикалық әнші болып қала беремін. Бірақ, маған поп, рок, кейде тіпті рэп сияқты басқа стильдерді де зерттеген ұнайды. Бәрін де байқап көргім келеді.

– Туған халқыңыздың мәдени мұрасын мақтан тұтатыныңыз байқалып тұрады. Музыкалық бейнебаяндарыңызда да өз еліңізді декорация ретінде жиі қолданасыз, көрсетесіз. Мұның өзіңіз үшін маңызын түсіндіріп бере аласыз ба?

– Мен өзімнің қазақ болып туғаныма мақтанамын. Өзімнің миссиям әлемді Қазақстанның дәстүрлі музыкасы, әндері және мәдениетімен таныстыру деп білемін. Еуропа мен Азияда, Нью-Йоркта, жалпы әлемнің түкпір-түкпірінде 20-30 мыңдық аудиторияның алдында өнер көрсетіп келе жатырмын. Осының бәрі – менің жанкүйерлерімнің қолдауының арқасы.

Димаш Құдайберген. Фото: Информбюро порталы

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында жеке концертіңізді бердіңіз. Бұл шараның маңызы қандай?

– Жарты жыл бұрын Үкімет мені Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетуге шақырды. Ойындардың еліміз үшін қаншалық маңызды екенін білгендіктен, ұсынысты ойланбастан қабыл алдым. Бұл  халқымыздың салт-дәстүрін ғана емес, сондай-ақ, спорт саласындағы, ат спортындағы жүйріктеріміздің өнерін әлемге паш ететін керемет мүмкіндік деп санаймын. Өзімнің жеке концертімді өткізгеніме де қуанып отырмын. Дегенмен, бойымда кішкене қобалжу болды. Маған Қазақстаннан гөрі басқа елдерде сахнаға шығу жеңілірек. Өз елімде қаттырақ қобалжимын. Мұны бір емтихан деуге болатын шығар. Себебі, Қазақстанда менің концертіме ұстаздарым мен вокал бойынша тренерлерім де келеді. 

– Өткенге оралатын мүмкіндігіңіз болса, бес жасар Димашқа не дер едіңіз?

– Оған "көбірек жаттығуың қажет" деп айтар едім. Мен 25 жыл бойы оқып келе жатқан адаммын. Қазір 30 жастамын, әлі де PhD оқып жатырмын. Сіз спорт саласында жетістікке жетіп, чемпион болғыңыз келсе, көбірек жаттығуыңыз керек. Музыка саласында да дәл солай – сіз ұлы әнші/музыкант болғыңыз келсе, көбірек еңбектенуіңіз қажет. Былай қарасаңыз,қарапайым ғана қағида: "көбірек еңбектен, жаттық, ізден".

Серіктестер жаңалықтары