Тікелей эфир

Дәрігер қателігі: Жатырынан айырылған әйелдердің жазығы не?

Көп әйелдің мұндай құпиясын тіпті күйеуі де білмейді.

Қазақстанда жыл сайын медициналық қызметкерлердің қателігінен 300-ге жуық қылмыстық іс тіркеледі, айыпталушылардың жартысы – хирургтар, анестезиологтар, акушер-гинекологтар. Кінәлі тарапты жауапқа тартып жатқанда науқас психологиялық жарақатымен бетпе-бет қалады.

Дәрігерлердің салқынқандылығынан қиын жағдайға тап болған әйелдерге қалай көмектесеміз? Мақала кейіпкерінен кесір тілігі отасынан соң бірнеше күн өткенде сепсис анықталып, нәтижесінде әйел жатырынан айырылған.

Ол өзінің басынан өткен жағдай туралы баяндап берді.

Диананың оқиғасы

– Жасым 28-де. Екі жыл бойы дәрігерлердің қателігінен болған салдармен күресіп келемін. Жан сақтау бөліміне үш рет түскен соң өзіме жаңа өмір бастауға мүмкіндік бердім: әр күн сайын өзімді әйел ретінде қайта сезінуді үйренудемін. Гормондар ойнап, салмағым артып, көзімнің көруі нашарлады, шашым түсіп, тырнақтарым сынып, бұлшықетімнің тонусы бәсеңдеп, жүйкем жұқарды, басқа да қиындықтарым жетерлік, күн өткен сайын өз өмірімді қайта орнына қоюға тырысудамын.

Бір жыл тоғыз ай бұрын әйелдік мүшемді алып тастады. Басымнан өткен жағдайдан соң ұзақ уақыт бойы өзімді мүсіркеумен болдым. Таныстарым мен құрбыларымның қиындықтарын тыңдай отырып, әр сәт сайын: "Мен бұдан да жаман жағдайдан өттім ғой" деп ойлай бердім. Алайда олардан ешқандай да айырмашылығым жоқ екенін түсінген уақытым да болды. Әр адамның басына қиыншылық келеді, әркім бұл жолдан әртүрлі өтеді.

Бұрын әлеуметтік желіде өз қызығушылықтары бойынша топтасқан адамдар туралы, мысалы, сауда алаңы, секта секілді топтар туралы ойланатынмын. VK, WhatsApp, Instagram, Telegram желілерінен ауыр науқастар мен белгілі бір мүшесінен айырылған адамдардың тобын таптым. Бұл – анонимді жәбірленушілер клубы деуге болады, олар бір-біріне көмектеседі.

Менің жағдайымда бұл – жатырынан айырылған қыздар тобы болды. Біз жаттығуларды, дәрілер туралы пікірлерді, диета тақырыбын, ойларымыз бен қалауларымызды бөлістік, ең бастысы – барлық жағынан бір-бірімізге сүйеу болдық. Отбасым мен достарымнан қолдау көрсем де, чаттан шықпадым, өйткені аталған клуб мүшелерінен басқа мені ешкім түсінбейтіндей көрінді.

Менің күйімді кешкен әйелдердің көп екенін білгенде таңғалдым. Өз басыма түспей жағдайдың осынша ауқым алғаны туралы ешқашан ойланбаппын. Тіпті олай да емес. Бұл туралы бұрын-соңды мүлдем естімеген екенмін.

Менің шамыма тиген екінші нәрсе – біздің қатарымыз соншалықты көп болса да, неге бәрі үндемейді? Ешқандай ұят емес, өйткені бұл да басқа аурулар секілді сырқат түрі.

Ағзадан бір мүшенің жоғалғаны туралы ақпаратты да табу оңай емес, көбіне тек күрделі мақалалар ғана табасың, алайда ешкім өз басынан өткен жағдай туралы бөліспейді.

Бір күні қыздармен отырып бұл туралы пайдалы ресурстар не үшін аз деген сұрақты талқыға салдық. Осы жерде қорқынышты ақиқатқа кезіктім. Топтағы қыздардың 70 пайызы басынан өткен жайтты тіпті күйеуіне айтпаған болып шықты! Себеп әртүрлі болғанымен, көбі: "Бұл жеке нәрсе, ол  түсінбейді" деп ұйғарыпты.

Ақпарат басыма сыймады. "Қиындықта да, қуанышта да бірге боламын" деген уәде қайда кетті? Не үшін ол түсінбеуі керек? Ол адам емес пе? Пікірталасқа түскенді жақсы көремін, алайда бұл жолы үнсіз қалдым. Әркімнің бұл сұрақтарға өз жауабы болды.

"Аянышты көрініңдер, бәрінен қолдау іздеңдер" дегенді насихаттамаймын. Алайда бұл жағдайда қолдау әрқайсымызға керек екенін түсіну керек, өйткені қамқорлық – саулыққа апаратын кілт. Дәл осы бізге күресетін күш береді. Мен үшін бұл сәуле – қызым болды. Оның үстіне күйеуімнің қолдауы мен қамқорлығы болмағанда, қазір қайда қалатынымды елестете де алмаймын.

Күн өткен сайын топтағы қыздар екі тарапқа бөліне берді. Бірі – өмірдің бәрі алда десе, екіншісі – бұл үкім, енді қалыпты өмір жоқ деген пікірді ұстанды.

Мен бірінші топқа жаттым, алайда бір-бірімізге деген пікір қайшылығы ойымның көп бөлігін алатынын түсіндім. Осылайша чат банға кетті. Дәл осы уақытта негативті эмоциялар алғым келмейтінін түсіндім. Мен өмірге құштармын, айналама да тек жақсылық сәулесін шашқым келеді.


Оқи отырыңыз: Жүйелі қызыл жегі дертіне шалдыққан әйелдерге бала көтеруге бола ма?


Психолог Елена Волошинаның айтары бар

– Әртүрлі жағдай болады: жағдайдың ауыр-жеңіл өтуі адамның жасына, отаның ауқымдылығына, әйелдің өмірлік ситуациясына да байланысты. Ең бастысы – депрессияға түсіп кетуге жол бермеу керек. Кейіпкердің сөзінен онлайн қауымдастықтағы әйелдердің көбі негативті күйге түсіп кеткенін байқаймыз, өйткені олардың саналарында "жатырсыз әйел – әйел емес, бұл менің сексуалды өміріме ықпал етеді" деген түсінік қалыптасқан. Бұның бәрі –  өткеннің еншісіндегі ұғым.

Өкінішке орай, біздің қоғамдағы әйелдер  мен еркектердің құндылығы олардың репродуктілігіне байланысты болып жатады. Алайда олай емес. Тіпті жатырыңыздан айырылсаңыз да, толыққанды әйел, ана боп қалатыныңызды түсінуіңіз керек.

Бұндай әйел жақындық кезінде рахат ала алмайды деген де – жалған. Жатыр бұл процесске қатыспайды, ер адам оның жоқтығын сезбейді де. Әйел жатырын жоғалту арқылы тек бір нәрседен айырылады, ол – балалы болу мүмкіндігі.

Бұл жағдайдан жалғыз өту өте қиын. Сондықтан көмек сұраудан қорықпау аса маңызды. Бұндай әйелді құшақтап, бірлескен жоспар, арман, саяхат туралы айту керек, өмір жалғаса беретінін ұғындырған жөн.

Бұл жағдаймен дұрыс жұмыс істеу үшін психологтың көмегі ауадай қажет. Алайда адам эмоциямен тұрғанда бірде-бір жарақат жазылмайды. Сондықтан басында бұл фактіні мойындаған дұрыс. Сосын барып сезімдермен жұмыс істелінеді. 6-8 ай бойы қайғыға салыну қалыпты, алайда бұл күй 1 жылдан аса уақытқа созылмауы керек.

Бұрын дәрігерлер науқасқарына "ешкімге айтпа, құпия ұста" деген екен. Алайда әйелдің құпиясы болса, бұл оның көңіл-күйіне үнемі әсер ететін болады. Құпиям ашылып қала ма деп үздіксіз қорқынышты бастан кешеді. Сондықтан ол үшін ең маңыздысы – ол да басқалар сияқты әйел екенін түсіну.

Полина Чихичина

Аударған: Мейіргүл Оңғарова

Серіктестер жаңалықтары