Ұлттық орталық 6-12 қараша аралығында #medsafetyweek фармакотерапия қауіпсіздігі апталығына қатысып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйымдастырған биылғы науқанның ұраны "Кім хабарлай алады?" деп аталады. Бұл бастама дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы хабарлайтын, оны қауіпсіз қолдануға ықпал ететін әрбір емделуші, дәрігер, медбике, фармацевтің рөліне назар аудартып отыр. Апталық аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге астаналық және аймақтардағы медицина саласының мамандары қатысты.
Ұлттық орталықтың фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын бақылау департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов дәрілік затты қолдану мен жағымсыз әсердің дамуы арасындағы себеп-салдар байланысын бағалау үшін қажетті негізгі мәліметті атады.
"Бұл – емделушінің жасы мен жынысы, жағымсыз әсер және препарат туралы ақпарат, сондай-ақ хабарлама жолдаушының байланыс деректері. Жағдайды толыққанды бағалап, шара қабылдау үшін дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы толық ақпарат беру өте маңызды", – деді Мәлік Әбдірахманов.
Сондай-ақ, ол дәрігерлер кейде фармакологиялық қадағалау органдарына дәрінің жағымсыз әсері туралы хабарлаудан қорқатынын да сөз етті:
"Біздің еліміздегі көп дәрігерлер жауапкершіліктен қорқады. Қазақстанда дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы хабарлаған адамға заңнама шеңберінде ешқандай жаза қарастырылмаған. Биомедициналық этика мәселелері бойынша негізгі құжат боп саналатын Дүниежүзілік медицина қауымдастығының Хельсинки декларациясында айтылғандай, "жеке тұлға мүддесінің маңызы әрқашан ғылым мен қоғамның мүдделерінен басым болуы керек". Бұл әр адамның қажетті, бірақ қауіпсіз дәрілік терапияны алуға құқығы бар дегенді білдіреді".
Мәлік Жаңалықұлының айтуынша, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына карта-хабарламаларды негізінен медицина қызметкерлері жібереді. Науқастарға дәрі тағайындап, олардың денсаулығы жөнінде біраз нәрсе білетіндіктен, дәрігерлер ақпараттың негізгі көзі болып отыр.
"Дегенмен, дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы тек дәрігерлер хабарласын деген ереже жоқ. Бізге емделушілер мен олардың туыстары, қамқоршылары, сондай-ақ, дәрі-дәрмек шығаратын компания өкілдері де хабарласа алады. Сондай-ақ, жағымсыз әсерді хабарлау процесінде дәрігер мен емделуші арасындағы байланыс та аса маңызды. Емделуші дәрігерге бойында бұрын болған жағымсыз әсер, аллергия және өзінің аурулары туралы хабарлауы тиіс. Бұл препараттарды таңдауға және оның қауіпсіздігіне ықпал етеді. Дәрі-дәрмек қауіпсіздігін жақсарту үшін дәрігер мен емделуші арасындағы байланыс әріптестікке ұласқаны маңызды",– дейді Мәлік Әбдірахманов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің иммундау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Қанат Суханбердиев халық дәрілердің жағымсыз әсеріне салғырт қараған кезде ел арасында дәрі-дәрмекке қатысты түрлі аңыз тарайтынын айтады:
"Қазақстанда дәрілік заттардың жағымсыз әсерін хабарлау мәдениеті әзірге қалыптаспаған деп айтуға болады. Осы мәселені қадағалайтын органдардың жыл соңында беретін есебі толыққанды әрі ашық болғанын қалаймыз. Үкімет дәрілердің жағымсыз әсерін хабарлайтын қаншама жолын ұсынды. Алайда, тұрғындар дәрі ішкеннен кейінгі оның жағымсыз әсері туралы ақпаратты көбіне хабарлай бермейді. Бұл халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендігінен болып отыр. Қазір ел арасында әсіресе, екпеге қатысты қауесет көп. "Инфодемия" деген сөз бар, адамдар естіген нәрсесін тексермей, соған сене беретінін білдіреді. Осының нәтижесін дәл қазір көріп отырмыз, Қазақстанда 12 мыңнан астам бала қызылшамен ауырып жатыр. Оның бір себебі – адамдардың түрлі аңызға сеніп, екпеден бас тартуы болып отыр".
Қанат Суханбердиев ел арасында дәрі-дәрмектің жағымсыз әсерін хабарлау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетін бір идея ұсынды:
"Денсаулық сақтау саласы мен халық арасындағы әріптестікті нығайту үшін дәріханаларға арналған оқыту тренингтерін ұйымдастыруға болады. Мысалы, дәріханаларда "дәрі ішкеннен кейін жағымсыз әсер байқалса, сигнал беріңіз" деген мазмұндағы QR коды бар ескертулер ілуге болады. Мұндай тәжірибе әлемнің біраз елінде бар. Біздің елде әзірше кең қолданысқа енбей отыр".
Ал, № 5 қалалық емхананың клиникалық фармакологы, доцент, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Бүркітбаева кейде дәрі-дәрмектің жағымсыз әсеріне науқас түгілі, дәрігерлердің өзі мұқият назар аудармайтынына тоқталды.
"Дәрілік заттар дәрігерлердің екінші құралы болып саналады. Біз дәрілердің көмегімен науқастың жағдайын жеңілдете аламыз. Бірақ, дәрі химиялық зат болғандықтан, оның әрқашан негізгі әсері (фармакологиялық, ауруды емдеуге бағытталған) және жағымсыз әсері болады. Біз дәріні тағайындаған кезде оның ағзаға тиетін кері әсері де болатынын ұмытпауымыз қажет. Дәрінің жағымсыз әсері туралы оның сипаттамасында берілгенімен, дәрігерлер кейде емделушіге ол туралы ескертуді ұмытып кетіп жатады. Олар көбіне оның қолдану көрсеткіші мен кері көрсеткішін қарайды. Емделушілерге дәрі тағайындаған кезде оның жағымсыз әсері туралы міндетті түрде ескертуі керек. Дәрілердің жағымсыз әсері туралы ақпаратты тіркегендегі мақсатымыз – Қазақстанда тіркелген дәрілердің қауіпсіздігін, тиімділігін арттыру, сонымен қатар көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту екенін екенін есте сақтауымыз керек", – деді фармаколог.
Айта кетейік, дәрі-дәрмекті қолданған соң пайда болатын жағымсыз әсер туралы мәліметтерді жинау үшін Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес фармакологиялық қадағалау жүйесі жолға қойылған. Қазақстан – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрі-дәрмектің жағымсыз әсерін бақылау бағдарламасының қатысушысы. Сондай-ақ, елде анықталған жағымсыз әсерлер туралы жедел деректер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мониторинг орталығына жіберіледі.
Дәрі-дәрмекті (оның ішіне екпе де кіреді) қолданғаннан кейін пайда болған жағымсыз әсер туралы хабарлаудың бірнеше әдісі бар.
- ДЗСҰО сайтында жағымсыз әсер туралы хабарлама-картаны толтыру.
- Дәрі-дәрмек өндірушісіне хабарласу, оның байланыс нөмірлерін әдетте медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтан табуға болады.
- DariKZ мобильді қосымшасының "сары карталар" қызметін пайдаланып хабарлама жіберу. Мобильді қосымша iOS және Android платформаларында қолжетімді. Бұл дәрігерлер мен фармацевтер үшін де, ем қабылдаушылар үшін де қолжетімді әрі ең жылдам әдіс болып саналады.
Қазір ДЗСҰО сайтында 4 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Жыл басынан бері мобильді қосымша арқылы дәрілердің жағымсыз әсері туралы 30 карта қабылданған. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы цифрландыру департаментінің басшысы Тимур Жұмақаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш әзірге аздық етіп отыр.
"Мобильді қосымшамыз тегін. Қазақстандықтар дәрілердің жағымсыз әсерін белсенді түрде хабарлап отырса дейміз. Медициналық ұйымдардың қызметінде қиындық тумас үшін біз сайтқа автоматты түрде тіркелуді іске қостық. Әр дәрігер сайтқа тіркеліп, ақпаратты автоматты түрде беру мүмкіндігі бар. Ал мобильді қосымшада ең қажетті, маңызды ақпаратты жинау үшін арнайы блогтар жасадық. Олар ақпарат беруші жөнінде, қандай дәрілік затқа шағымы бар, қандай жағымсыз әсері байқалып тұр, соның бәрін қысқа-нұсқа жаза алатындай етіп жасалған. Бұл құрал онлайн болғандықтан, ақпаратты бірден базаға қосып, қолданысқа енгізе аламыз", – деді Тимур Жұмақаев.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына жыл сайын 3 мыңнан астам карта-хабарламалар келіп түседі. Олардың көбісі медициналық ұйымдардан келеді. Жыл басынан бері карта-хабарламаларды жіберу жөнінен Қарағанды, Астана, Алматы, Шымкент қалалары белсенді болып отыр. Алдағы уақытта басқа да аймақтар белсенділігін арттырғаны маңызды. Жыл басынан бері орталыққа келіп түскен карта-хабарламаларды талдау нәтижесінде 20-ға жуық дәрі-дәрмектің тіркеу куәлігі кері қайтарылды. Сондай-ақ, 800-ден астам дәрілік препараттың медициналық қолдану бойынша нұсқаулығына өзгеріс енгізілді.