Тікелей эфир

Бұрынғы заңгер, бүгінгі блогшы Астананың тарихын қалай түгендеп жүр

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Астаналық блогшы Нұрсұлтан Қамзебаев әлеуметтік желіде "Astana_central" парақшасын 4 жылдан бері жүргізіп келеді.

Бұл парақшадан Астананың өткені мен бүгініне қатысты бұрын-соңды білмеген қызық деректерді кездестіруге болады. Infomburo.kz блогшының сұхбатын назарларыңызға ұсынады. 

– Нұрсұлтан, осындай парақша жүргізу туралы идея қашан туды?

– Бұл идея маған пандемия кезінде келді. Алғашында жай ғана қызығушылықпен бастағанмын. Кейін келе-келе аудиториям қалыптасып, қалай блогшы айналып кеткенімді білмей қалдым (күлді). Негізі, карантинге дейін заңгер боп жұмыс істегенмін. Қазір толықтай блог саласына ауыстым. Контентті Тикток, Инстаграм және Ютуб желісінің "shorts" бөліміне жүктеймін.

– Негізгі аудиторияңыз кімдер?

– Менің оқырмандарымның 70 пайызы – астаналықтар.

– Сіздің парақшаңыз арқылы мен бұрын-соңды білмеген біраз ақпаратқа қанықтым. Әсіресе, Астана қаласының тарихына қатысты рилздарыңыз ұнады. Осы парақшаны жүргізу барысында өзіңіз тап болған, сізді таңғалдырған мәліметтер, тың деректер туралы айтып бере аласыз ба?

– Сізге өз парақшамда контент жасаған тақырыптар бойынша баяндап көрейін. Мысалы, Жеңіс даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысындағы ескі стадионның орнында Ақмола бекінісі болған. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде осы бекіністі аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің отряды мен әскери старшина Карбышев басқарған қамал гарнизоны қорғаған екен. 1838 жылдың күзінде Кенесары қолы айналасы ормен қоршалған Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, қамалдың біраз жерінен өрт шыққан. Астанадағы Қараөткел зиратында Кенесары ханның ерлікпен қаза тапқан 200 сарбазы мен 50 жасауылы жерленген. Ал, қазіргі 1 лицейдің орнында бұрын Ақмоладағы бірінші казарма ашылған. Бұл Ақмоланың бекініс болған кезеңі еді.

Ақмола бекінісінің көрінісі

Сондай-ақ, Ақмола бекінісі салынған маңайда қазір бір танымал ресторан орналасқан. Сол ресторанның орнында бұрын су айдау мұнарасы болған екен. Бұл мұнара біраз жыл қараусыз бос тұрған. Кейінірек, Ақмола Астанаға айналған тұста бір кәсіпкер оны қолға алып, жөндеп, ресторанға айналдырды. Көп адамдар Астананы жас қала деп жатады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Бұл қаланың тарихы тереңде жатыр.


Оқи отырыңыз: Астана Алматыдан Арқаға қалай көшті? Мерекелік тест


– Астанадағы Кенесары көшесінің бойы өткен ғасырларда сауда-саттықтың қайнап жатқан орталығы болған сияқты.

– Иә, дұрыс байқағансыз. Ол маңай бұрын "жасыл қатар" деп аталған. Баймұхамбет Қосшығұлов, Степан Кубрин, Иван Силин секілді көпестердің дүкендері осы маңда орналасқан. Қазіргі Кенесары, 37 деген мекен-жайда Кубриннің сауда үйі болған. Бүгінгі таңда ол жерде "Астана маркет" дүкені тұр.

Көпес Степан Кубриннің сауда үйінің бұрынғы және қазіргі көрінісі

Сол "Астана маркеттен" сәл ары жүрсеңіз, Петр Моисеев деген көпестің үйін көресіз. Ол үй 1914-1918 жылдар аралығында салынған. Бұл жерде қазір Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь жұмыс істеп тұр. Ал, Степан Кубриннің үйінде қазір балалар көркемсурет мектебі орналасқан.

Көпес Петр Моисеевтің үйі

– Елордада ұзақ жылдар бойы "Бин Ладен Групп" компаниясы жұмыс істеп келгенін сіздің репортажыңыздан білдім. Бұл компанияның лаңкес Усама бен Ладенге қандай қатысы бар?

– Бұл – елордада бертінге дейін жұмыс істеп келген халықаралық құрылыс компаниясы. Оның негізін Усама бен Ладеннің әкесі Мұхаммед бен Ладен қалаған. Лаңкестің өзінің бұл компанияға еш қатысы жоқ. "Бин Ладен Групп" компаниясы Қазақстанға Астана енді салынып жатқан кезде келді. Қаладағы түрлі жобаларды іске асырды, елордадағы біраз жерлерге иелік етті. 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та теракт болған кезде компания жұрт үркімесін деп маңдайшасындағы "Бин Ладен Групп" деген жазуды дереу алып тастады. Қателеспесем, олар Астанада 2009 жылдарға дейін жұмыс істеген сияқты. Компания әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен биік ғимараттар, бизнес орталықтар мен тұрғын үй кешендерін салады.

 – Өзіңіз осы өңірдің тумасы екенсіз. Туғалы бері осы қалада тұрып келе жатырсыз. Қазіргі уақытта Астананы қай жағынан жақсартқан дұрыс деп ойлайсыз?

– Дәл қазір Астана дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп ойлаймын. Қаланы Әсет Исекешов басқарған тұста әкімдікте қалалық жоспарлау және урбанистика деген бөлім пайда болды. Сол бөлім пайда болғалы бері қаланың өмір сүруге қолайлырақ бола түскенін аңғарамын. Мамандар әлемдегі басқа елдердің тәжірибесін зерттей отырып, соның ішіндегі Астанаға келеді-ау деген жерлерін қалаға енгізеді. Қазір қарап отырсаңыз, қаладағы маңдайшалар өзгерген, жанып тұратын жарықтардың түсі бұрынғыдай әр алуан емес, біркелкі дегендей. Ұсақ-түйек боп көрінгенімен, мұның бәрі тұрғындарға жақсы әсер ететін өзгерістер деп ойлаймын. Ал, проблемаларға келсек, қала көшелерін жиі су басуы – шешілуі тиіс басты мәселелердің бірі. Сәулет, құрылыс жағынан айтар болсам, Астана енді ғана қалаға ұқсап келе жатыр деп санаймын.


Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан, Париж, Вашингтон. Кісі есімі берілген 10 астана


– Сізге қаланың қай бөлігі көбірек ұнайды?

– Маған Астананың ескі бөлігі ұнайды. Қазір жастардың көпшілігі сол жағалауда қыдыратын болғандықтан, оң жағалаудағы көптеген ойын-сауық орындары, ресторандар жабылып жатыр. Оған оң жағалауда көбіне егде жастағы адамдар мен тұрмыстық жағдайы төмендеу (салыстырмалы түрде) жандар тұратыны себеп болып отыр. Барлық ақша айналымы қазір сол жағалауда деуге болады. Дегенмен, өзімді осы оң жағалауда жайлы сезінемін, үйім де баяғы көпестердің үйі тұрған маңайда орналасқан.

– Парақшаңызға салатын сурет, видеоларды қайдан аласыз? Мұрағатқа барасыз ба?

– Видеоларды көбіне YouTube желісінен аламын. Ал суреттерді өлкетанушы, фотограф Нұрмұхамат Имамовтың жеке сайтынан аламын. Астананың ескі суреттерінің 80 пайыздайын сол кісі түсірген, өзі 2012 жылы дүниеден озды. Сол кісінің арқасында Астананың бірталай тарихи сәті сақталып қалған. Фотографтың ұлы Ренат суреттерді цифрландырып, тұрақты түрде сурет көрмесін өткізіп тұрады.

Мен тарихшы емеспін, материалдарды қарапайым қала тұрғыны ретінде жинап, зерделеп, оқырмандарыма ұсынамын. Бір жолы мұрағатқа барам деп талпынғанмын. Әкімдікке хабарластым, бірақ сол істің арты сұйылып кетті. Алдағы уақытта мұрағатқа міндетті түрде барамын.

Қазір осы жерде Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония орналасқан

– Бір кездері парақшаңызды қазақ тілінде де жүргіздіңіздер. Қазір ол бастама неге жалғаспай қалды?

– Иә, қазақша да контент жасай бастағанбыз, кейін тоқтап қалды. Себебі, оған менің ресурсым, уақытым жетпеді. Менің арнайы командам жоқ, бәрін жалғыз өзім істеймін. Осы парақшамен қатар, "Алматы централ" парақшасын да жүргізуге тырысқанмын. Үлгере алмадым, контенттің сапасы да нашарлай бастады. Сондықтан, қазіргі парақшама ғана ден қойдым, оны жеке блогым ретінде жүргізіп келемін.

– Бір жолы Қарағандыдағы бос қалған Сарань қаласын барып түсіріпсіз. Алдағы уақытта Қазақстанның әр түкпіріндегі осындай ауыл, қалаларға барып түсіру ойыңызда бар ма?

– Әрине, осындай өзіндік тарихы бар ауыл, қалаларға барғым келеді. Сіздің Ренат Ташқынбаев деген әріптесіңіз жер-жерді аралап, халыққа қызық мәліметтер ұсынып жүр ғой. Осындай нәрсе менің де ойымда бар.

Жоғарыда өзіңіз айтқан Сарань қаласында кезінде резеңке-техникалық бұйымдар зауыты болған. Кейінірек сол зауыттар жабылған кезде қаланың көп тұрғындары үйлерін тастап, басқа жаққа көшіп кеткен екен. Қазір қаланы қайтадан қалпына келтіріп жатыр, бұл жерде автомобиль шинасын шығаратын зауыт ашылған.

– Парақшаңызға мониторинг жасайсыз ба? Қандай тақырыптар көбірек оқылып, қаралады?

– Оқырмандарым көбіне тамақтанатын орындардың жарнамасын қарайтынын байқаймын. Одан бөлек, оларды тарихи сәттер, тарихи оқиғалар қызықтырады екен. Бұл жерде контенттің қаралымының көбеюіне менің тақырыпты оқырманға қалай ұсынуым да тікелей әсер етеді. Кейінгі уақытта жасаған видеоларымның ішінде оқырмандарға қазақстандық ұшақтар туралы, оның ішінде ҚР президентінің алғашқы ұшағы жайлы репортажым көбірек ұнаған секілді.

– Қазір креатив нарығына жасанды интеллект келіп кіріп жатыр. Осы AI сіз сияқты контентмейкерлердің орнын басады деп қорықпайсыз ба?

– Алғашқы уақытта оны көмекші құрал ретінде пайдалануға болады деп ойлаймын. Ал, енді болашақта жасанды интеллект адамдардың орнын басып жатса, онда өзіме басқа жұмыс іздеймін.

– Блогыңыз сізге не берді?

– Блог маған шығармашылық еркіндік сыйлады. Қазір бұрынғы жұмысыма оралғым келмейді. Осы блогты ары қарай дамытқым келеді.

Серіктестер жаңалықтары