Тікелей эфир

"Бұрынғы "Әпкені" іздемеймін". Дулат Исабеков жаңаша қойылған спектакліне қандай сын айтты?

Дулат Исабеков. Фото: egemen.kz
Дулат Исабеков. Фото: egemen.kz
Драматург спектакльдің көп қысқартылғанын айтып, режиссер шешімдерін сынға алды.

Мүсірепов театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің "Әпке" драмасы жаңаша сахналанды. Жазушы өмір хикаясын 1977 жылы шығармаға арқау қылған. Содан бері театр сахнасынын түспей келеді. 

Информбюро тілшісі режиссер Мейрам Хабибуллин қойған "Әпке" драмасын тамашалады. Спектакльді автор Дулат Исабеков те көріп, көрермен алдында жаңа туынды туралы ойын айтты. Жазушының сөзін еш өзгертпей оқырманға ұсынуды жөн санадық.

"Әпке" пьесасы туралы драматург ойы

Дулат Исабеков, жазушы:

– 46 жыл бұрын дәл осы сахнада "Әпкенің" шымылдығы ашылып еді. Одан кейін де Әуезов театрының сахнасында екі рет қойылды. Қазақстанның барлық театрын аралап шықты. "Әпкені" өзім сағынып та қалған едім. 46 жыл өтсе де "Әпке" сол жасында қалыпты.

"Әпке" – мен үшін ерекше туынды. Қамажайдың "бауырларым қымбат" дегені үлкен әпкемнің айтқан сөзі болатын. Шешеміз қайтыс болғанда үш бала қалдық. Сол кезде екі әпкем үлкен ағам үйленгенше бірнеше жыл кезек-кезек үйде болды. Түркістандағы әпкемді күйеуі бір күні: "Бізде де бала-шаға бар. Биттеп-құрттап, аштықтан тоз-тоз болдық қой. Қайтпаймыз ба?" деп артынан іздеп келген еді. Сонда әпкем: "Әй, қақсамай қайта бер. Жолдан тауып алған баламыз емес, екеуміздің ортақ баламыз, бақ" деген еді. Үлкен ағам да: "Үйленбеймін, ешқайда бармаймын. Маған баладан гөрі бауыр қымбат" деген. Осы сөзді есіме алсам көзіме жас келеді. "Маған баладан гөрі бауыр қымбат" деп қалай айта алады? Өз балаларыма мен сөйтіп айта аламын ба? Қайсыларыңыз сөйтіп айта аласыздар? Бұл не деген жүрек? "Маған бауыр қымбат, өйткені бауыр тауып беретін әке-шеше жоқ" деген сөзді айту үшін бұл қандай материалдан жасалған жүрек? Есейе келе осының негізінде "Әпкені" жазып едім. Көзімнен жас сорғалап жаздым.

Мектепте, колледжде кездесу болған сайын "Әпкеден" үзінділер қояды. Былтыр бір мектеп түгел қойды. Басқа пьесалардай емес, "Әпкенің" бірінші сахнасынан бастап көзің суланып кете береді де. Көзімді сүртіп отыруға жұрттан ұяламын. "Әпкенің" маған қымбаттығы сол. Бүгін неге екенін білмеймін, өйтіп жылай қоймадым. 

Көп сөзін алып тастапты. "Әпкені" бүлдірмеңдер. "Әпке" – классикаға айналған шығарма. "Әпкенің" бірде-бір сөзін алып тастауға болмайды, қосуға тағы болмайды. Мен баяғыда бір театрдыкін жаптырып қайтқан болатынмын. "Әпке" өзгертпей-ақ сол күйінше халықты әрі жылатады, әрі күлдіреді. Мұнда айғай көп. Әпке өйтіп айғайламайды. Әпке іштей уайымдайды. Неге сөз қосқансыңдар? Авторлық құқықты бұзбаңдар. Менің жазғаныма қосып оның көркемдігін жоғарылатпайсыңдар, керісінше төмендетесіңдер. Әпкеге мен таң қалдым. Неге ол айғайлайды? Мүгедек бала қайдан шықты? Артық, көзге қораш. Шығармада Ермек кішкентай, көзге көрінбейтін бала. Пьеса басталғанда "әпке, әпке" деп ұйқыдан оянатын. Әпкесі жетіп келеді де, "неге мені әпке дейсің?" дейді. "Сен менің мамам емес екенсің ғой. Сен менің әпкем екенсің", – дегеннен трагедия басталады. Осының бәрін алып тастау не үшін керек болды? Эмоция жоқ ешқандай. Осылай да пьесаны бүлдіруге бола ма екен.


Оқи отырыңыз: "Халық жазушысы" атағы қазақ әдебиетін құтқара ма?


Көрермені болса, көрсете беріңдер. Мен бұл спектакльді қабылдай алмаймын, көңілдеріңізге тимесін. Мастанғаным емес, шығармаларымды дүниежүзі қояды. Қазірдің өзінде 11 шетелдік театрда сахналанып жатыр. "Бөрте" сонау Австралияда Мельбрунда қойылып жатыр. Сондықтан премьерада соншалық таңсық болатын адам емеспін. Бәрі қойылды. Жүздеген премьера өтті. Қалай болса да жастардың көңілін қалдырмаймын. Өткен жолы осы жерде кездесу болған. "Мен жастарға сенемін" деп Мағжан Жұмабаев айтқандай жастарға сенемін, сенуге тура келеді. Режиссерден сұрайтыным, айғайды азайтыңдар. Кейбір сәттерде жындыханадан шыққан адамдар сияқты. Неге айғайлайды? Әпкенің қайдағы бір сөздерді тауып алып, үстелге басын тоқпақтап ұрып жатқанын түсінбедім. Не үшін?

Баяғыда премьера болғанда сдача (спектакльді тапсыру – ред.) болатын. Спектакльді министрлер қабылдайтын. 1978 жылы дәл осы сахнада қойылғанда мәдениет министінің орынбасары Қанат Саудабаев "Әпкені" жаратпай кеткен. Үш-төрт күннен кейін қайтадан жөндеді. Сол кездегі мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков бастаған бір топ қайраткерлер келіп, пікірін айтты. Бұрын сдача кезінде көп нәрсе жөнделетін еді. Адамдармен пікірлесуді тоқтаттық. Қабен мен Қамажайдың сүйіскен сияқты әрекетін көріп Жексембек Еркінбеков орнынан атып тұрды да, министр басыменен "Қамажай сүйіспеуі керек! Қамажай қазақтың ана орнына ана болған қызының орнын төмендетеді" – деп айтып еді.

Баяғы "Әпкені" іздемеймін. Жастар образға әлі енбей жатқан сияқты. Алда уақыт бар. Басқа актерлер де ойнайтын шығар. Көрейік. Бұны жақсартуға болады. Тым қысқартып жіберіпсіздер. Антрактімен болатын. Театрда антракт деген үлкен мәдениет бар еді. Оны жойып тастадық қазір, неге екенін білмеймін. Парижге барғанда алты сағат спектакль көрдім. Ал біз екі сағатқа созылып кетсе қуығымыз жарылып кететіндей шыдай алмаймыз. Кейде сөздің қысқалығы дұрыс шығар. Мен енді ұзағырақ айтып тұрғаным – ішімде сайрап жатыр бәрі. "Әпкенің" тарихын білемін. Сондықтан спектакльді қысқарта бермеу керек.

Премьерамен құттықтаймын. Көш жүре түзеледі дейді ғой. Астанадағы Мәмбетов атындағы мемлекеттік театрды сотқа беріп жатырмын. "Ескерткішті" қойыпты. Оны мен білмеймін. "Абай" телеарнасын қосып қалсам "Дулат Исабеков "Ескерткіш" деп тұр. Құдай-ау, не деген масқара. Төрт жыл бойы осыны көрсетіпті. Адвокат жалдап, сотқа берейін деп жатырмын. Автор тірі, неге хабарласып, мәтінді сұрамайды.  Авторлық құқықты бұзбау керек. Осыдан сақ болыңдар. Қысқартып жіберіпсіңдер. Көкірегіңнен шыққан, жаныңды жеп тапқан сөздерді алып тастай салу оп-оңай бізге.


Оқи отырыңыз: Халықаралық фестивальдерде топ жарған Мүсірепов театрының бүгінгі тынысы қандай?


Түркістан театрында "Бөртені" Италиядан келген екі режиссер қойды. Үйге келіп таңнан кешке дейін менімен сөйлесті. Мәтінді оқып алған. Пікірлерді сызып отырды. Міне, мәдениет, міне, театрдың авторға деген көзқарасы. Әлі күнге шейін анлшаг, қаны жерге тамбай тұр.

Спектакльді ("Әпке" – ред.) жаптырып тастасақ деген бір ой келген еді. Соңғы жағында сәл тірілгендей болды. Сондықтан көрермендер болса, көрсете беріңіздер. Жастарды премьерамен құттықтаймын. Актерлер жанын салып ойнап жүр. Режиссердің тапсырмасы сол болса, басқа қалай болады. Жас бала Ермектің орнына мүгедек баланы шығарғандары тіпті артық. Сұмдық. Көрші әйел деген бар еді, қысқартқан шығарсыңдар. "Әпкенің" көркемдік деңгейі, "Әпкенің" ұлттық бейнесі төмендеп қалды. Қойылымға қалай болар екен деп жүрегімнің лүпілімен келіп едім. Қырық алты жыл бұрын дәл осы сахнада шымылдығын ашқан "Әпке" еді ғой. Қалай болғанда да жаңа нәрсе дүниеге келді. Құтты болсын. Құтты болуы үшін әрі қарай режиссер көбірек жұмыс істеуі керек.

Серіктестер жаңалықтары