Бурабай курортында қыс маусымы ашылды. Бұл өңір әуелден таңғажайып табиғатымен әйгілі. Өңірдің қалың орманы мен көгілдір көлдеріне қызығып, жыл сайын мыңдаған адам келеді. Арқаның жауһары қыс мезгілінде тіпті құлпырып, ертегідей әсем кейіпке енеді. Бурабайда туристерді қандай қызықтар күтіп тұр?
Informburo.kz тілшісі "Бурабай даму" компаниясымен бірге Бурабайдағы қыс қызықтарымен таныстырады.
Қыс маусымына орай "Бурабай даму" ЖШС отбасылық демалыс үшін елорданың және Ақмола облысының туристік операторларымен бірлесіп ертегі экспресс кестесіне ыңғайлап бір күндік қысқа турларды ұйымдастырып отыр.
Атап айтқанда, қызықты туристік турлар бағдарламасында Аяз атаның "BurabayLand" ойын-сауық саябағындағы резиденциясына бару, бұғы жеккен шанамен, ит шанамен, ат шанамен, квадроциклмен серуендеу, сноуборд тебу және карусельмен тербелу қарастырылған.
Сондай-ақ, мұз қалашық пен Бақсының ауылы, лазертаг, қарда жүретін көлік, "бананмен" сырғанау және басқа да қызықтар бар.
"BurabayLand" отбасылық паркі күн сайын сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз және апта бойы жұмыс істейді.
Сонымен қатар туристер Бурабай ұлттық саябағындағы марал шаруашылығының жұмысымен танысып, маралдарды тамашалай алады. Жалпы, саябақты 1 400-ге жуық бұғы мекендейді. Орманшылар оларды қыста қоректендіру үшін биыл 425 тонна шөп, 115 мың көкөніс сыпырғышын дайындаған. Екі күнде бір рет арнайы дайындалған қоректендіру орнына жем-шөп, тұз әкеліп тұрады.
Оқи отырыңыз: Маралдың мүйізі мен қаны қандай дертке ем? Бурабайдағы бұғы шаруашылығынан фоторепортаж
ҚР президентінің іс басқармасына қарасты "Бурабай Даму" ЖШС, "Kazakh Tourism" ҰК және "Жолаушылар тасымалы" АҚ үшеуі бірлесіп, Бурабайдағы қыс маусымын жандандыру үшін "Астана-Бурабай" бағытында мерекелік вагондар тіркелген электр пойызын ұйымдастырды.
Арнайы брендтелген екі вагон күн сайын Астана – Көкшетау электр пойызымен қатынайды.
Вагондардың интерьерін қазақстандық қолөнершілер безендірген. Әсем әуен ойнаған вагондарға пошта жәшіктері қойылған. Барлық Аяз атаның BurabayLand ойын-сауық саябағындағы жаңа жылдық резиденциясына жеткізіледі.
Жаңа жылдық экспресс күн сайын таңғы сағат 06:03-те "Нұрлы жол" вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курорты станциясына жетеді. Кері қайтатын рейске туристік пойыз сол күні сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 станциясына – сағат 22:18-де, "Нұрлы жол" вокзалына сағат 23:00-де келеді.
Жаңа жылдық электр пойызы қаңтар бойы жүреді.
"Бұл – "Қазақстан темір жолымен" жасап отырған бірінші жобамыз. Болашақта басқа тақырыптарда, мысалы, Наурыз мейрамы бойынша да жасауды ойластырып отырмыз. Маршрутты тек Астана-Бурабайға ғана емес, басқа аймақтарға да кеңейтуге дайынбыз", – деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.
Биылғы жылы Бурабай аумағына 550 мыңға жуық адам демалуға келіп, туристік ағын рекордтық деңгейге жеткен. Былтыр 300 мың турист келген еді.