Тікелей эфир

"Бұл жер мәмбеттерге арналмаған". Bla Bla Bar Astana клубын сотта жеңіп шыққан заңгермен сұхбат

Bla Bla Bar Astana клубы барлық ақпаратты мемлекеттік тілде жазуға, тұтынушылардан алдын ала "депозит" және клубқа кіру үшін ақы алмауға міндеттелді.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты заңгер Аржан Сәдуақастың талабын қанағаттандырды. Мән-жайды толығырақ білу үшін заңгердің өзіне хабарластық.

 – Аржан, сіздің Bla Bla Bar Astana клубын сотқа бергеніңіз туралы жазбаңыз әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Оқиға қалай басталды, қалай өрбіді, баяндап берсеңіз.

 –  Өзіңіз де білетін шығарсыз, Астанада кей кафе, мейрамханаларға кіру үшін ақы сұрайды. Мәселен, әйел адамдар тегін кіреді, ер адамдардан 10 мың теңге алады. Сосын "депозит" деген дүние бар. Ресторанға келетін адамдарды алдын-ала ақы төлеп қоюға, келген соң белгілі бір сома көлемінде тамақ, сусын сатып алуға міндеттейді. Мұның бәрі заңсыз. Мысалы, клуб, кафе, ресторанға не үшін ақы төлеп кіруіміз қажет? Ол жерде концерт қойылып жатқан жоқ қой. Концерт қойылып жатса, ол басқа мәселе.  Алдын ала "депозит" төлеу және кіргені үшін ақша төлету кезінде тұтынушылардың құқығы бұзылады. Өзім заңгер болғандықтан осы мәселені Bla Bla Bar Astana клубына келіп жүргенде бірнеше рет ескерттім. Бірақ, олар құлақ асқан жоқ.

Тағы бір келгенімде менің намысыма тиген жағдай болды. Мен клуб әкімшілігіне "неге сіздерде қазақ тілінде мәзір жоқ? Неге қабырғадағы ақпараттың барлығы тек орыс тілінде жазылған? Мына жерге орысша түсінбейтін қазақтар келсе, сіздердің ережелеріңізді түсінбейді ғой" дедім. Сонда әкімші "наше заведение не для "мамбетов" деп жауап қайтарды. "Сіздің ойыңызша, орысша білмейтін адамдардың бәрі "мәмбет" пе?" дегенімде, ол "барыңыз, барыңыз" деп ары қарай сөйлеспей қойды. Сол кезде қатты ашуландым. Заңды қайта бір қарап шықтым. Олардың әрекетінің заңсыз екендігіне толық көз жеткізген соң, Тіл туралы Заңға, тұтынушылар құқығын қорғау туралы Заңға арқа сүйей отырып, сотқа жүгіндім.

 – Cотқа жүгінгенде, жауапкер тарабына қандай талаптар қойдыңыз?

 – Клубтың барлық ақпаратты мемлекеттік тілде жазуға міндеттелуін, клубқа ақы төлеп кіру мен алдын-ала "депозит" алу заңсыз деп танылуын және мен төлеген соманың қайтарылып, моральдық шығын өндіруді талап еттім.

 – Талабыңыз қанағаттандырылды ма?

 – Иә, сот арқылы оларды клуб ережесін, ас мәзірін және басқа да ақпараттарды қазақ тілінде жазуға міндеттедім. Сондай-ақ, "депозит" төлеу заңсыз деп танылды. Клуб менің кіру құны ретінде төлеген 10 мың теңгемді қайтаруға және моральдық шығын ретінде 50 мың теңге төлеуге міндеттелді. 

 – Әдетте олар клубқа кіргенің үшін төленетін соманы қайтармаушы ма еді?

 – Иә, қайтармайтын. Ер адамдардан 10 мың теңге алатын. Осы жерде бір қызық нәрсені айтайын, олар төлемді көбіне қолма-қол не "Каспиге" аударым жасау арқылы алатын. Тек кей кезде ғана кассадан төлететін. Бірақ кассадан төлеткен кезде сізге берген чекте "кіргеніңіз үшін төленді" деген ақпарат болмайды. Оның орнына сізге сусын не тамақ сатқандай болып, чекте соны көрсетеді. Себебі, адамнан клубқа, кафе, ресторанға кіргені үшін ақы алу заңсыз.

 – Осы сот процесіне сіздің қанша уақытыңыз, қаражатыңыз кетті? Оны сұрап отырған себебім, көп жағдайда осындай жерлерде құқығы бұзылған тұтынушылар "әуресі көп" деп сотқа жүгінуден бас тартып жатады.

 – Өзім заңгер болғандықтан, көп ақшам кеткен жоқ. Себебі бізде қазір бәрін онлайн жасауға болады. Сотқа дейінгі талапты ұсынған кезде қағазға 5 теңге ғана жұмсадым, болды.

 – Осындай жағдайға тап болған адамдар қандай қадамдар жасауы тиіс? Рет-ретімен айтып беріңізші.

 – Сотқа жүгінгісі келген тұтынушы алдымен сол кафе, ресторан не клубтың жеке поштасы, сайты не әлеуметтік желідегі парақшасына сотқа дейінгі талапты жіберіп, жауабын күтуі тиіс. Заңда нақты бір белгіленген уақыт жоқ, мен жауапты 5 жұмыс күні ішінде күттім. Сол аралықта әлгі кафе, ресторан не клуб өкілдері жауап беруі де, бермеуі мүмкін. Егер жауап берсе, сол жауапқа өзіңіздің шағым, талабыңызды қосып, eOtinish арқылы ҚР сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жолдайсыз. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ, компьютермен жасауға болады. 

Әкімшілік процестік кодекске сәйкес, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті сізге 15 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. EOtinish cайтында хат жолдаған кезде сізге орындаушылардың аты-жөні, телефон нөмірі көрініп тұрады. Сол кісілерге хабарласып, жауап қашан шығатынын сұрауға болады. Егер оларға хабарласа алмасаңыз, басқармаға телефон соғып, процесті тездетуге болады. Қолыңызда осы екі құжат болмаса, сіз сотқа жүгіне алмайсыз. Себебі, сотқа дейінгі іс-әрекетті жасаған жоқсыз.

Арада 15 жұмыс күні өтті делік. Заңгер ретінде айтайын, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті көбіне "ары қарай сотқа жүгініңіз" деп жауап береді. Содан соң, құқығы бұзылған тұтынушы ҚР Жоғарғы сотының сот кабинетіне жүгінеді. Интернетке тура осылай жазса, алдынан шығады. Сол сот кабинетіне алдымен электронды қолтаңбасын қойып тіркеледі, сосын тұрғылықты жеріндегі сотты таңдайды. Мысалы, Қорғалжын ауданының тұрғыны өзінің тіркелген мекенжайы бойынша азаматтық істер жөніндегі сотқа жүгінеді. Егер ол жерде сот болмаса, онда облыстық сотқа жүгінеді. Мұндай істерді тек азаматтық істер бойынша сот қарайды. Сот процесі шамамен 2 айдай жүргізіледі. Бірақ, бір айдың ішінде шешім шығарылады.

Мен сотқа жүгінген кезде талабымды оңайтылған іс жүргізу тарапынан бердім. Оңайтылған іс жүргізу кезінде тараптар шақырылмайды, сот құжат негізінде шешім шығарады.

 – Түсінікті. Бұл осы тақырыпта сотқа дейін жетіп, жеңіп шыққан алғашқы кейс дегенді оқып қалдым. Рас па?

 – Иә, солай. Қазақстанда бұған дейін ешкім көңіл көтеру орындарындағы "депозитті" не ақылы түрде кіру мәселесін заңсыз деп танымаған. Сондай-ақ, ресторан, клуб, кафелердегі ақпаратты мемлекеттік тілде жазуға міндеттеу бойынша да кейс болмаған. Мен осы іспен басқармаға жүгінгенде ондағылар "біздің тәжірибемізде бұрын-соңды мұндай іс болмаған" деді. Көп адамдар теория жүзінде мұндай әрекеттердің заңсыз екенін біледі, бірақ, сотқа беріп, істі соңына дейін апармайды.

 – Әлеуметтік желіде сізге пікір жазып жатқан кәсіпкерлердің сөзіне құлақ түрсек, олар "Қазақстанда бизнес жасау оңай емес. Сондықтан, біз сондай қадамға барамыз" дейді. Осы ретте біз "әрқашан тұтынушының айтқаны дұрыс" деп, шағын және орта бизнес саласында кәсіпкерлердің құқығының бұзылуына жол беріп отырмыз деп айта аламыз ба?

 – Айта алмайсыз. Себебі, қазіргі таңда біздегі кәсіпкерлердің құқығы жақсы қорғалған. Президенттің өзі шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау туралы жиі айтады. Кәсіпкерлер өз құқығы бұзылған жағдайда "міне, менің құқығым аяққа тапталып жатыр, маған бизнес жасауға мүмкіндік бермей жатыр" деп шағымданатынын жиі көреміз. Ендеше, қарапайым тұтынушы көңіл көтеру орындарында құқығы бұзылған кезде неге үнсіз қалуы керек?

 – Кәсіпкерлер бір орынға алдын-ала төлем алып, тұтынушылардың белгілі бір сома көлемінде тамақ, сусын ішуге келісімін алмаса, онда "депозит" жасамаған басқа біреулер кеш бойы бір ғана шырын ішіп отырып алуы мүмкін дейді. Яғни, "тұтынушыдан алдын-ала "депозит" алуға, клубқа кіруі үшін ақы алуға мәжбүрміз, олай болмаса, шығындарды жаба алмаймыз" дегенді алға тартады.

 – Әрбір бизнестің өз шығыны, артықшылық, кемшіліктері болады. Бір кәсіпті бастаған адам тәуекелге дайын болуы қажет. Келген кісілер кеш бойы бір шыны шырын ішіп отырып алмасын десеңіз, тағамдарды дәмді етіп жасаңыз, ғимараттың ішін жөндеңіз. Тұтынушыларды алдын-ала төлемге мәжбүрлеп емес, ол сізге келгенде қалайда тамақ, сусын ішіп кететіндей жақсы жағдай жасауыңыз керек.

Қалай дегенде де, заңның аты – заң. Шетелдің тәжірибесіне көз жүгіртсеңіз, ол жақта бұлай "депозит" алу деген жоқ. Келген адамдар кеш бойы бір саптыаяқ сыраны сораптап отырса да, ешкім ештеңе демейді. Бұл бүкіл әлемде қалыпты практика болып саналады.

 – Сіздің осы оқиғаңызды оқыған адамдардың көңіл көтеру орындарында құқығы бұзылса, қандай қадамдар жасауға кеңес бересіз?

 – Олар да тура мен секілді сотқа жүгінуі қажет. Егерде, ол кісілер мен барған Bla Bla Bar Astana клубына баратын болса және ол жерде жоғарыда айтылған талаптар орындалмағанын көрсе, онда клуб Қылмыстық Кодекстің "сот шешімін орындамау" бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Мен қазір Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің өңірдегі басқармаларына жолдайтын арнайы хат дайындап жатырмын. Ол жерде кәсіпкерлерге тұтынушыдан алдын-ала төлем алу заңсыз екенін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрамақпын.


Ескерту: Bla Bla Bar Astana клубының өкілі болған заңгер сотта және Информбюро порталының тілшісіне бұл мәселеге қатысты пікір беруден бас тартты. 


Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, депозиттік төлем әдісі заңсыз.

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 28-бабына сәйкес, сатушы мекеменің жұмыс режимін ескере отырып, тұтынушыға қолайлы уақытта тауарды еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны өзіне қажетсіз тауарды сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Егер тұтынушы депозитті төлеуден бас тартқан кезде, қызмет көрсетуден бас тарту заңсыз".

Егер келуші депозит төлеуден бас тартқандықтан, мекеме әкімшілігі оған қызмет көрсетпесе, бұл да заңсыз іс-әрекет болып саналады. ҚР Азаматтық кодексінің 387-бабында сатушы мен сатып алушы шартты жария жасайтыны, сатушы өз кезегінде оған жүгінгендердің барлығына қатысты қызметтерді жүзеге асыруға міндетті екендігі айтылған. Яғни, сатушы тауарды әрбір сатып алушыға сатуға міндетті, мекеме әкімшілігі әрбір келушіге қызмет көрсетуге міндетті.

Серіктестер жаңалықтары