Қазақстанның кітап нарығы халық санымен қатар өсіп жатқан жоқ: 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы таралымы 10 миллион кітап жарыққа шыққан. Бұл 10 жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда аз. Қазақстандық баспаханалар жаңа заманға қалай бейімделіп жатыр?
"Алматыда толық циклді баспаханалар жоқ"
Қазақстандық баспагер Серік Есентаев кітабын жарыққа шығару үшін кейде 3-4 баспаханаға бас сұғады. Өйткені, бір баспаханадан макеттен бастап дайын басылымға дейінгі кезеңді өтіп шығу мүмкін емес.
Жұмыс барысы мынадай: бір баспа тереді, бүктейді, тігеді және желімдейді. Кейін бетті басқа жерге кесу үшін апарады. Содан кейін дайын күйінде алғашқы баспаханаға мұқаба жасау үшін қайта әкеледі. Үшінші баспахана дайын кітаптарды қолдан жасалған қораптарға салады.
"Шынымды айтсам, мұның бәрі оңай емес. Кітап санын артығымен басуға тура келеді, өйткені басқа жерге апара жатқанда бүлінуі мүмкін. Кейде кір болып қалады дегендей. Сондықтан баспаханадан тиражды пленкаға орап, аса мұқият түрде жеткізуді сұраймыз. Мұның бәрі – қосымша шығын", – дейді Серік Есентаев.
Салмағы ауыр сұрақ
Серік бес-алты жобамен қатар жұмыс істейді, соның бірі – Алматыдағы Казан соборы туралы жоба. Көрнекі суреттері өте көп, сондықтан материалды таңдаудың өзі аса маңызды. Серік кітапты басып жатқан баспаханада жобаға жауапты Айгүл Шоқаевамен бірге не үшін арзанға емес, сапаға жүгіну керектігін талқыға салды.
"Көптеген баспахана бояу мен қағазды үнемдейді, – дейді Серік. – Мысалы, қытайлық қағаз басып шыққан соң өте әдемі көрінеді. Алайда бояу кепкендегі нәтиже сенімді ақтамайды".
"Өйткені қытай қағазының сапасы түсті нашар ұстайды, – дейді Айгүл. – Оның үстіне, жасанды қоспалардың салдарынан тез сынғыш болып келеді, сондықтан да тез жыртылады".
"Марканы ұстап тұратын баспаханалар корейлік, неміс, голландтық, финдік қағаздарды сатып алады. Бояуды да голландтардан, неміс, корейлерден алады. "Казан соборы" корейлік қағазда корейлік бояумен басылып жатыр. Менің ойымша, өте әдемі, бояулары да өңіп кетпейді. Суреттің өз түсін сақтай алдық", – дейді Серік.
"Кітап басудың шығыны шаш етектен, – дейді Айгүл. – 50-60 пайыз құны – тек материалдар. Оның үстіне жұмысы бар. Мысалы, Қазанмен бір ай бойы жұмыс істедік. Қаражатқа техникалық қауіптерді де қосу керек: қағаз дұрыс емес, партия онша емес, бояу дұрыс жағылмады, теруші кетіп, орнына басқа адам келді дегендей қауіптер бар".
"Кейде макетті басуға бермей тұрып, қағаздың әр түріне ондаған тәжірибе жасауға тура келеді: бояу қалай жағылады, қалай көрінеді соның бәрін көресің", – дейді Айгүл.
"Осындай кітаптың бір макеті 80-100 мың теңге тұрады. Осындай экземпляр шығару үшін машинаны бір блоктан басқасына ауыстырып, басқа кітаптардың басылуын тоқтату керек болады. Бұл тұрғыда баға дегеннің өзі екінші орынға ысырылып қалады".
Саусақ ұшындағы жанар
"Сезімді жеткізе білу үшін арзан материалды алуға болмайды, – дейді Серік. – тапсырыс берушілерге үнемі айтатыным мынау: көздер алдамайды, біздің жанарымыз саусағымыздың ұшында. Кітапты қолға алған кезде оны саусақпен сезінесің".
Қымбат мерекелік кітаптарға көптеген қосымша материал кетеді. Мұқабаны дайындау үшін мамандар қағазды жиһаз қаптайтын материалмен үйлестіріп жатады. Бұл жерде қол жұмысы керек болады.
"Стандартты нұсқа: картон басылған қағазбен немесе байланыстырғыш материалмен жабылады, – дейді Айгүл. – Стандартты емес жағдайда қарапайым емес қағаз мұқабаға айналады. Болмаса, екі материал бір мұқабаға біріктіріледі. Біз материалдың жаңа түрімен көбірек жұмыс істейміз. Мысалы, қазір басшымыздың назары теріге ұқсайтын материалға көбірек ауып жүр. Ол мыжылмайды, майыспайды әрі жұмсақ. Оны жуса, қайтадан табиғи қалпына түседі. Қазір көбіне эко ұнайды. Синтетикадан шаршадық".
"Көне технология сақталған баспахананы іздеп жүрмін"
Кітапты теріп, жинақтау үшін жақсы мамандар керек, алайда қазір ондай мамандар тапшы, дейді Серік. Айлық аз, құрал-жабдық ескі, ешкім ештеңені жаңартып жатқан жоқ. Бұрын кітаптар көне технология бойынша желімделетін еді, олар қазіргі таңда ұмыт болды. Қарапайым ғана мысал айтайын: қазір көбі параққа скотч жабыстырып жүр. Бір жыл өткен соң скотч ажырап, блок шашылып қалуы мүмкін.
"Тәжірибесі аз қызметкерлер дайындық барысында емес, тиражды басып шығару кезінде тәжірибе жасап жатады. Бұның қажеті шамалы. Тиражда алғашқы да, жүзінші де кітап бірдей. Мен ескі технологиялар сақталған баспахананы іздеп жүрмін. Егер теру шеберлері қалған болса, сол жаққа жүгінесің. Кейін оны жинайтын шебері бар баспаханаға апарасың. Кейбірі жақсы тереді, алайда түптеуге келгенде әлсіз, кейбірі керісінше түптеу маманы, кейбірі қаптау маманы. Коллаборация осылай басталады", – дейді ол.
Ескі шеберлер келмеске кетті, жаңа шеберлер әлі жоқ
"Казан соборы" басылып жатқан баспахананың басшысы – Вахид Зиганшин. Серіктің сөзінше, ол – қазақстандық баспахана саласының хас шебері. Вахид шеберханасында жүздеген құрал бар, түс пен фактураның түр-түрін де осы жақтан табуға болады. Ол шеберханасында күн-түн демей жұмыс істейді, тапсырыс беруші "жаңа нәрсе керек" дегенде қаптың жаңа нұсқасын тестілейді.
"Мен қап әлеміне терең сүңгіп кеттім, – дейді ол. – Ол жақта кітап өндірісінен басқа қызықты өнім шығаратындай сала көп. Дәл қазір осындай түсінікке келдім. Библияны мүлдем басқаша түптеп жатыр. Басты талап – басылым оқуға ыңғайлы болу үшін, арнайы қарындашпен қол қою үшін ол жұмсақ болу керек. Қазір біз дәл Библия сияқты түптелетін күнделіктер сериясын шығарғымыз келеді".
Сөз соңы
Серіктің сөзінше, қазақстандық кітап басу саласының болашағы – бірыңғай кітапта емес, күрделі, өзгеше жобаларда. Біраз дәстүр жойылып кетті, оны қайта тірілту – маңызды шаруа. Баспаханалар бірге жұмыс істеп, бір-біріне көмектесуінің де маңызы зор. Тамаша басылымдар көп нарықта ешкім ұтылмайды.