Тікелей эфир

Базар vs онлайн сауда: Қазақстанда қайсының болашағы бар

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Сарапшылар онлайн сауданың дамуы базарға баратындардың санын азайтқанын алға тартады.

Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы танымал базарларға келушілердің азайғаны туралы видеолар тарап жатыр. Саудагерлер сатып алушылар қарасының сирегенін, бұл өз кезегінде сауда орнын сақтап қалуға кері әсерін тигізіп жатқанын айтады. Осы орайда сауда мамандарынан базарлар мен онлайн дүкендердің алдағы болашағы туралы сұрап көрдік. 

"Қазақстан – даму сатыларының бәрін өтпей, "аттап" дамитын мемлекет"

Қазақстан бойынша 600-ден астам филиалы бар JanaPost логистика компаниясының басшысы Сержан Тоқай елде сауданың жаңа түрі дамығанын айтады. Бұл – КамАЗ-бен Қазақстан қалаларын аралап жүріп сату. Сондай-ақ, ол мәселе адамның жеке көзқарасында ғана екеніне тоқталды. 

"Жаңашылдық көнеге міндетті түрде әсер етеді. Бірақ көне де жаңашылдыққа ілесе алады. Қазір офлайн дүкендерде жұмыс істеп жатқан саудагерлер онлайн платформаны меңгеретін болса, әлдеқайда табысты болады. Қазақстанның жаңа саланы меңгеруге келгенде шетелден басты ерекшелігі бірден бірінші сатыдан үшінші сатыға өтіп кететіні. Екінші сатыда көп тұрақтамайды. Мысалы, офлайн базарда сатып тұрып, онлайн жарнамасын жүргізеді және үшінші саты бүкіл Қазақстанды КамАЗ-бен аралап жүріп сатады. Бұл онлайн-офлайн сауданың бірлескен формасы. Мұндай сауда түрі Қытайда әлдеқашан дамып кеткен, Қазақстан енді меңгеріп жатыр. Халық саны аз болғандықтан, осылай сатыларды жылдам аттап дамимыз. Сол себепті "Біреу өлмей, екінші біреуге күн жоқ" деген пікірмен келіспеймін. Керісінше қазір офлайн базарлардың онлайн платформа арқылы саудасын көтеріп алуға мүмкіндігі көп. Әрине, жаңашылдыққа ілеспеймін деп жалқаулық танытқандардың жағдайы қиын болады", – деп түсіндірді Сержан Тоқай. 

Ары қарай компания басшысы онлайн және офлайн дүкендердің тиімсіз тұстарына тоқталды. Айтуынша, бұл бастапқы капиталмен байланысты. 


Оқи отырыңыз: Бір оқушыны мектепке дайындауға 100 мың теңге жете ме? Алматы жәрмеңкелерінен фоторепортаж


"Бизнесті алғаш бастаған кезде офлайн саудаға қарағанда онлайн сауда тиімдірек. Мысалы, офлайн сауда үшін базардан орынды жалға алуыңыз керек болады, тауар да көбірек болуы керек және тауарды сақтайтын қойма қажет. Ал онлайн саудада алғашында ақшаны азырақ саласыз. Басты минустарының бірі тұтынушылардың талабы әлдеқайда жоғары болады. Ал басты артықшылықтарының бірі онлайн жарнама таралымының көп болуы", – деп түсіндірді Jana Post жетекшісі. 

Мұнымен қатар Сержан Тоқай "шетелдік платформалардан тікелей тапсырыс беру Қазақстанға салық әкелмейді" дегендерге жауап берді. Кәсіпкердің айтуынша, Pinduoduo, Temu, Wildberries, Ozon секілді платформалар екі жолмен салық төлейді. 

"Temu, Wildberries, Ozon секілді платформалар Қазақстан заңының шеңберінде салық төлейді. Ал Pinduoduo секілді платформалар Қазақстан кеденінен өтетін кезде төлейді. Соңғысындағы тауарлар әлдеқайда арзан болғандықтан, бір қарағанда ешқандай салық төлемейтіндей болып көрінуі мүмкін. Алайда Pinduoduo секілді платформаларда тауарлардың арзан болуы ол өндіріс көлемінің өте үлкен болуымен байланысты. Қытайда өндіріс қатты дамып кеткендіктен, бәсекелестік өте жоғары. Нәтижесінде клиент тарту үшін зауыттар бағаны барынша арзан қояды. Бұл тұтынушы үшін де тиімді. Себебі базарларда жалға алған орын мен өзге де шығынның ақшасын шығару үшін үстіне көбірек қаражат қосады", – деп түсіндірді Сержан Тоқай. 


Оқи отырыңыз: Бес жасар Аиша төрт тілде еркін сөйлейді. Баланы қалай полиглот етіп тәрбиелеуге болады


"Қазір клиенттерге өнімнің сапалы болуы бағадан да маңызды"

Airba Fresh компаниясының негізін қалаушы және директоры Даниэль Ким тұтынушы үшін тауар бағасының арзан болуы екінші орында екенін айтады. Азық-түлік саудасына келгенде клиенттер сапа мен бағаның өзара сай келуіне аса мән береді. Осы екеуінің арасында тепе-теңдік орната білгендер нарықта көшбасшыға айналады. 

"Азық-түлік өнімдерін онлайн жеткізу саласының болашағына негіз жоқ, бұл сала қарынды да тұрақты дамып, тамаша көрсеткіштер көрсетіп отыр. Сондай-ақ, клиенттеріміздің, әсіресе, азық-түлік мәселесіне келгенде көп арналықты (омниканальность), яғни онлайн мен офлайнның синергиясын күтетініне сенімдіміз. Осындай фокус қана клиенттің бар қажеттілігін өтеп, жағдайға байланысты әр арнада өзіне қажет шопинг форматын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл жерде әдеттегідей клиенттің қалауы маңызды. Шешім қабылдайтын кезде баға маңызды фактор болып қала береді, алайда бұл жалғыз әсер етуші фактор емес. Клиенттер баға мен сапаның бір-біріне сай келуін барынша жоғары қояды. Осы баға мен сапа арасында мүлтіксіз тепе-теңдік орната білгендер нарықта лидерге айналады", – деп түсіндірді Даниэль Ким.

Сондай-ақ, ол да онлайн тәсілдердің офлайн сауда мүмкіндіктерін арттыра түсетінін алға тартып, дүкендерде отандық өнімдер үлесін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, қазір Ресейден, Түркиядан, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келетін тауарлар үлесі артқан. Ал бұл жергілікті өндірушілер үшін тиімсіз және Қазақстанда сапалы өнім көп. 

Баға мәселесіне келгенде көбінесе шектеулер болады, ал сапаға келген кезде (клиентке бірегей құндылықтар ұсына білу маңызды) тек өндірушінің сараптамасымен шектеледі. Офлайн сауда онлайнға өткен кезде мүмкіндіктері кеңейе түседі, себебі клиент үшін өте ыңғайлы және осылайша онлайн үлесі арта береді. Өндіруші, маркетплейс/дүкен арасындағы қарым-қатынасты реттеу – бұл тұтынушыға не керегін түсініп, шешімдерді синхрондау. Мысалы, біздегі "Дала дәмі" бағдарламасы клиент қажеттілігі, өндірушілердің сапалы өнімі және біздің жоғары деңгейдегі қызмет көрсетудің бір арнаға тоғысқан жері. Тұтынушылар сапаны бірінші орынға қойған жерде және осы талаптарды орындаған жағдайда үш тарап та табысты болады. Компаниямыз "Дала дамі" атты қазақстандық фермерлер мен азық-түлік өндірушілерді қолдау бағдарламасының іске қосылғаны туралы хабарлайды. Бағдарламаның мақсаты – жергілікті өндірісті қолдай отырып және жергілікті өнімдерді миллиондаған қазақстандықтар үшін қолжетімді ете отырып, ассортименттегі қазақстандық өнімдердің үлесін 2027 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру", – деді Даниэль Ким.

Базарларда неге сауда жүрмей жатыр және қайтсе табысты болады?

Бизнес тәлімгер, "Retail: Сауда құпиясы" кітабының авторы Сәкен Ділімбет дәл қазір базарларда сауданың төмендеуінің басты себептерін атады. Бұған әсер ететін басты факторлардың бірі базардағы ұсынушы бағасының онлайн платформадағы бағалардан әлдеқайда жоғары болуы.  

"Офлайн базарлар қазақ менталитетіне қатты сіңгендіктен, олар қала береді. Алайда қазіргі онлайн сауда үрдісінің қарқынды дамуына байланысты ол жерде сауда төмендеп жатыр. Бұның басты себептері мынадай: біріншіден, офлайн базарлар көп ашылып жатыр; екіншіден, онлайн нарықта сатып алушылар саны артып келеді; үшіншіден, өнім ұсынушылардың саны тұтынушыларға қарағанда екі-үш есе көп; төртіншіден, ұсынушылардың бағасы өте қымбат – бұл тұтынушы үшін тиімсіз; бесіншіден, кей сатушы әлі күнге дейін онлайн сату тәсілдерін меңгермеген, ескі жарнама түріне жүгінеді – бұл қазіргі нарыққа мүлдем сай келмейді. Онлайн сауда жасау тұтынушылар үшін өте тиімді, олар уақытын үнемдейді, киімнің қажет өлшемін онлайн көре алады және, ең бастысы, әртүрлі жеңілдік түрі қарастырылған. Осының барлығын ескерсек, әрине, офлайн базарлар қалады, бірақ олардың санының азаюы ықтималдылығы жоғары болады", – деді Сәкен Ділімбет. 


Оқи отырыңыз: "Қазақша қуыршақтарға шетелден тапсырыс беретіндер көп". Қолөнер шеберімен сұхбат


Тәлімгер онлайн сауда тәсілдерін меңгермеген жағдайда бизнестің банкротқа ұшырау ықтималдылығы жоғары екен айтады. 

"Билл Гейтстың "Бизнесің онлайнда жоқ болса, онда өлдім дей бер" деген жақсы сөзі бар. Егер бизнесіңіз онлайнда болмаса, оның болашағы қараңғы және банкрот болу ықтималдылығы жоғары. Instagram, Tik-Tok, Youtube секілді платформалар арқылы клиент санын еселеп арттыру маңызды. Бұл жеке қызмет көрсету саласына да, киім-кешек пен азық-түлік саласына да қатысты. Дегенмен онлайн сауда қазақ кәсіпкерлеріне, менталитетіне әлі де жат сияқты. Біреуі көпшілікке жария болуға қорықса, енді екіншілері ұялады. Қалай десек те бизнесіңіз онлайн платформада болмаса, онда артқа кету ықтималдылығың жоғары", – деп қосты Сәкен Ділімбет. 

Серіктестер жаңалықтары