Тікелей эфир

Балаға "Р" дыбысын үйретуге 8 минут жеткілікті. Дауыс қою маманымен сұхбат

Фото: Балнұр Омар
Фото: Балнұр Омар
Оның айтуынша, кез-келген адам кез-келген дыбысты айта алады, тек оған дұрыс жаттығу керек.

Дауыс қою маманы Балнұр Омар – дауыс диагностикасы тестін жасайтын Sayright атты мобильді қосымша авторы. Айтуынша, әлемде баламасы жоқ. Он жылдан бері адамдарға дұрыс сөйлеуді үйретіп жүрген ол тұтығудан да құтылуға болады дейді. Ол үшін не істеу керек? "Р" дыбысын қалай шығаруға болады? Informburo осы және өзге де сұрақтарды қосымша авторының өзінен сұрады.

– Дауыс диагностикасы жобасы қалай дүниеге келді?

– Адам бойындағы қабілеттерді зерттеп жүріп, оларды анықтайтын тестілерді аударып бастадым. Менталитетімізге келетіні бар, келмейтіні бар. "Махаббатқа деген көзқарас", "анаңа қаншалықты жақсынсың?" деген секілді психологиялық сұрақтар адамды интроверт және экстраверт деп бөледі. Сонда бәрі айналып келіп сөйлеуге тіреледі. Адам бойындағы қабілетін көрсету үшін оны басқаларға айта алуы керек. "Мен мына нәрсені істей аламын" деген сөз аузынан шығуы керек. Өзіңіз айтпасаңыз, керемет әнші, мықты ұстаз екеніңізді, ағылшын тілін білетініңізді басқалар қайдан біледі? "Дауысыңызды қаншалықты деңгейде шығарып сөйлейсіз?", "Ойыңызды қаншалықты дұрыс жеткізе аласыз?", "Әлемді өзгертуге дайынсыз ба?" деп сұрағанда "дайынмын" деп айта аласыз ба? Осы сұрақтарды өзгелерге қоюды жөн көрдім.

Қабілет анықтайтын психолог болмасам да, дауыс қою маманымын. Дауыс қоймас бұрын адамдармен сөйлесемін. Не үшін дауысы бәсең не қатты шығатынын, неге тұтығып сөйлейтінін сұрақ қойып анықтап аламын. Бәсең сөйлесе, балалық шағы қиын өткен шығар. Үйді басына көтеріп сөйлесе, үйдің тұңғышы шығар. Әркімнің мәселесі мен себебі әртүрлі.

Дауыс диагностикасын жасауға бір сағат кетеді. Сұрақтардың басын қосып неге бір тест дайындамасқа деген ой келді. Асығып жылдам сөйлеу, дауысын жуандатып дөрекі сөйлеу, мұрыннан сөйлеу, ойын жинақтай алмау, жіңішке дауыс секілді басты бес мәселені анықтайтын сұрақтар әзірледім. Басында 500 сұрақ болды. Бір айдай саралап, 32 сұрақ шықты. Тест көп дегенде 10 минут уақыт алады. Нәтижесінде адам мәселесін анықтап, дауысына қатысты қызық ақпарат алып, жаттығу жасауға қызығушылығы пайда болады.

– Қосымшада тесттен басқа не бар?

– Тест тапсырған соң әр проблемаға қатысты видеосабақтар ашылады. Жаттығуларды дұрыс орындағанын қадағалау үшін әр адаммен куратор жұмыс істейді. Кураторға басындағы мәселесін айтып, мұңын шағуға ұялатындар көп. Одан да өз бетінше жұмыс істегенді жөн көреді. Сондай ұсақ нәрселердің бәрін ескеріп тестті жасап шықтым.

"Сұрақтардың дауысқа қандай қатысы бар, психология болып кетті ғой" деп ойлауы мүмкін. 32 сұрақтан кейін төрт түрлі санат ашылады: дауысыңыз қаншалықты деңгейде жуан, қаншалықты деңгейде бәсең, қаншалықты асығып жылдам сөйлейсіз және де ойды жинақтай алмау.

Әр санатта үш сабақтан бар. Бірінші, психологиялық себебін айтамыз. Содан соң тілдің құрылысын, дыбыстың бастан, кеудеден, тамақтан шығуын түсіндіреміз. Үшінші, техникасын көрсетеміз. Мысалы, дауысты жуандату не жіңішкелеу үшін жасайтын жаттығуларды ұсынамыз. Адам мәселесін түсініп, бір ай бойы дауысымен жұмыс істесе мықты нәтижеге жетеді.

Sayright қосымшасының интерфейсі. Скриншот

Дауыс тренері бірінші кезекте адамның дауысы қай жерден қалай шығып тұрғанын естіп, одан кейін психологиясын сезе алуы керек. Таза педагог-психолог болуың керек. Кураторлар аптасына екі рет видеоқоңырау шалып, демі дұрыс түсіп жатқанын, кідірісті дұрыс қойып отырғанын, діріл қалай шығып жатқанын тексереді. Міндетті түрде қара сөз, жаңылтпаш жаттатқызамыз.

Қосымшаны 250 астам адам жүктеп алды. Отызға жуық адам тест тапсырды. Бәрі нәтиже дәл шықты деп жатыр. Әлемде мұндай тест біреу-ақ. Болашақта қосымшада адамның дауысына бірден диагноз қоятын функция қоссақ дейміз. Дауысты қосымшада жазған соң робот дауыстың төмен және жоғары жиіліктері қанша пайыз екенін, дыбыстың қанша пайызы кеудеден, қаншасы диафрагмадан (көкет) шығып тұрғанын, жақ қаншалықты қысылып тұрғанын, тілді жұмсарту керек екенін айтып, анықтама бере алатындай деңгейге жетуді көздеп отырмыз. 


Оқи отырыңыз: Бала тілі неге кеш шығады? Психолог ата-аналардың төрт қателігін атады


– Дауысқа қатысты ең жиі кездесетін проблемалар қандай?

– Асығып сөйлеу. Ол ентігу, сөздің соңын жұтып қою, тілі күрмелу, шыңырау шегі тұтығуға келіп тіреледі. Қыздарда – дауысының жуандығы, ал жігіттерде жіңішке болуы деген мәселе бар. Кей қыз сөйлегенде жуан дауыспен дөрекі сөйлейді. Бірақ өзі олай сөйлеп тұрмын деп ойламайды. Психологиялық тұрғыдан себебін анықтаймыз. Мүмкін қыз өзін қорғағысы келетін шығар. Әке тарапынан қамқорлық жетпей қалған болар. Кейде толық отбасында махаббат көріп өссе де, дауысы дөрекі болады. Жеке сөйлескенде ғана себебін кесіп айтамыз.

Дауысы бәсең адамдар анық айтамын деп дөрекі сөйлейді. Дөрекі сөйлейтінін байқаған адам дауысын жұмсартамын деп бәсеңдетеді. Екеуінің қақ ортасы болуы керек. Табиғатыңа қарсы бәсең не дөрекі сөйлеп тұрсаң, сенімсіз сөйлеген болып көрінесің. 

– Тұтығудан толық арылуға бола ма?

– Тұтығуды кетіруге болады. Тұтығудың себебі психологиямен байланысты. Иттен, жыланнан қорыққан деп жатады. Бәрі ит асырайды. Кішкентай кезінде қонаққа барады да, ит қауып алып бала қорқып қалады. "Бірдеңе елестеген" деген нәрсе бар. Бұл да жиі кездеседі. Үлкен жаста болсын жоқ жерден елестейді де, тұтыға бастайды. Тұтығудың негізгі себебі қорқу ғой. Адам денесі қатты тырысып, мидағы ақпарат жіберетін нейрондар қысылып қалады. Біз бірінші кезекте деммен жұмыс істейміз. Бұрын тұтығуды кетіре алатынымды білген жоқпын. Бір адамды бір айда жаздық. Деммен, тілдің күрмелуімен жұмыс істедік. Психологиялық деңгейде блоктарын шештік. Тұтығу кетті екен деп қоя салуға болмайды. Жаттығуларды үзбей орындау керек. 

Бірінші дем қоямыз. Демді, кідірісті үйрету үшін қара сөз, өлең жаттатамыз. Екпін қойып, нақышына келтіріп оқығанда тұтығудан қалай айығып кеткенін байқамай қалады. Құр деммен ахілеп-ухілей бергеннен пайда жоқ.


Читайте также: Кеш сөйлеу кекештікке әкеледі. Бала тілі ерте шығу үшін не істеу керек?


– "Р" дыбысына тілі келмейтіндер көп. Себебі неде? Қалай дұрыстауға болады?

– Біріншіден, кішкентай кезде еркелету. Аты Ерқанат болса "Еконтай" деп еркелетеді. Баланың миы "р" дыбысын айтпау керек деп қабылдайды. Екіншіден, дыбыстар тіл алды, тіл арты, тіл ортасы деп бөлінеді. "Р" дыбысының айтылуы керек орнын дұрыс білмейді. Тілінің ұшын таңдайға тіреп қояды. Үшіншіден, деммен діріл бере алмайды. Кеудеден шығатын демнің "р" дыбысын айтуға күші жетпейді. Бір балаға сегіз минутта қойдым. Сонда жеңгесі: "Тұқымымен р-ға тілі келмейді, қалай қойдыңыз" – деп таң қалды. Бір атасы "р" дей алмаған, содан құлақтары үйреніп кеткен.

Кез келген адам кез келген дыбысты айта алады. Күнде жаттығу жасаса дыбыс шығады. Бір жаттығуды айтайын. "Ралли, рилли, рилли, ралли" деп тоқтамай айтыңыз. Бастапқыда баяу, кейін жылдамдық қосыңыз. Логопедтер тілдің астына бір зат қойып, вибрация беруді үйретеді. "Р" дыбысын айтқанда тілдің қай жерде орналасуы керек екенін үйретеміз. Сосын барып дем қоямыз. Деммен діріл бере отырып дыбысты айтамыз.

– Дауыстың тіл үйренумен байланысы бар ма?

– Өзгелерге қазақ тілін үйреткен кезде фонетикадан бастамай, бірден зат есім мен етістікке көшіп кетеміз. Менің жұмысым – қазақ тілділерді қазақша сенімді сөйлету. Шет тілдерді оқытқан кезде сөздерді жаттатамыз да, қалай дұрыс айтылуына мән бермейміз. Сөздің салмағы қандай болуы керек, қандай мәнге ие, бояу қандай, қай жерге кідіріс қою керек дегенді ойламаймыз. Кезінде мектеп қабырғасынан бастап сөздің қадірін түсінуді үйретпегендіктен қазір мамандығым үлкен сұранысқа ие болып отыр. Отбасында тіл табысу үшін, жұмыста қарым-қатынас жасау үшін дұрыс сөйлеу керек. Сөзден достық та, жанжал да туады.

Адамның жаны, рухы ана тілінде қалыптасады. Қанша тіл білсең, сонша адамсың деп жатады. Сегіз тіл білсең жаның да сегіз болып кетпейді ғой. Адамның болмысы біреу-ақ. Сол болмыста сенімді болмасаң, қай тілде де сенімсіз сөйлейсің. Ана тіліңізде сенімді сөйлесеңіз, басқа тілде де емін-еркін сөйлейсіз. 


Оқи отырыңыз: Нейропсихолог: Ертегі тыңдамаған баланың тілі кеш шығады, өзі жасқаншақ боп өседі


– Дұрыс сөйлейтін адам қандай болады?

– Өзін өте бос, емін-еркін ұстайды. Демін де, сөзін де асықпай шығарады. Дұрыс сөйлейтін адамды жүрісінен байқауға болады. Иығын тік ұстайды. Аяғын сілтіп баспай, тербеліп, асықпай, байсалды кетіп бара жатқан адамды дұрыс сөйлейтін сияқты деуге болады. Дауысы бастан шықпайды, шәңкілдемейді. Мұрын астынан міңгірлеп сөйлемейді. Сіз еститін деңгейде сөйлейді. Алыста тұрса да дауысы анық естіледі. Дауысы мен демін игере алады, соған байланысты денесін де игереді. Ойын жинақтай алатын адам бірінші кезекте фокусын жинақтай алады. Дауысы мен денесі бір ырғақта болмаса, нейролингвистика деңгейінде екеуін біріктіруге жұмыс істейміз.

– Өзінің дауысын қабылдай алмайтын адамдар сізге келе ме?

– Бұл – перфекционизм комплексі. Өзін мінсізбін деп елестетіп алған адам өз дауысын естігісі келмейді, өйткені өзі ойлағандай емес екенін біледі. Ең алдымен перфекционизмнен арылу керек. Қол жетпейтін идеализмге ұмтылғанша, қол жететін қарапайымдылықпен өзін өзгерту керек. Дауысын осындай болу керек деп елестетіп алады. Адам табиғатын қабылдауы керек. Мен психологиялық тұрғыда өзін қабылдауға көмектесемін. Жаттығулар жасағаннан кейін дауысы өзгереді. Әрекет етіп нәтиже көре бастаған сайын өзін қабылдайды. 

Маған ойымды жеткізе алмаймын, бәрін біліп тұрсам да, сабақ айта алмаймын, соның кесірінен үшке шықтым деп жазады. Қорқынышын жеңіп, өзімен жұмыс істеуге көмектесетін осындай тест ойлап таптым. Шын мәнінде, бұл – ұлтқа қызмет. Сенімді адамдар көбейген кезде ұлт дамиды. Өз саласы туралы көпшілікке көбірек айтқанда, өз саласында жаңалық ойлап тауып, оны көпшілікке таныстырған кезде гүлденеміз, дамимыз. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары