Осыдан 65 жыл бұрын, 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа "ПС-1" ("Ең қарапайым серік-1") деп аталатын тұңғыш жасанды жер серігі ұшты. Спутник 1958 жылдың 4 қаңтарына дейін тура төрт айда 60 миллион шақырымға жуық қашықтыққа ұшып, планетаны 1440 рет айналып шықты. Содан кейін атмосфераның жоғарғы қабатына құлап, жанып кетті. Бұл ұшу адамзат тарихындағы ғарыш дәуірінің және "Байқоңыр" ғарыш кешенінің жаңа тарихының басталуына себеп болды.
Қазір бұл қала мен ғарышты бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Адам алғаш рет ғарышқа осы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшты. Сондықтан да Сырдарияның оң жағасында, шексіз даланың арасында орналасқан осынау қазақ қалашығына деген қызығушылық зор.
Қызылордадан 240 шақырым жерде шөл далада орналасқан қала ғарыш айлағымен қатар салынған. Алғашында бас жоспарда "№10 учаске" деп көрсетілген. Кейін Заря ауылы болды, одан соң атауы Ленинский, біраз уақыт өткенде Ленинск болып өзгерді.
Кеңес дәуірінде бұл жер ғарыш айлағында қызмет ететін мамандар мен олардың отбасылары тұратын жабық әскери қалашық болған. Ол кезде мұнда 150 мыңға жуық адам тұратын.
КСРО ыдырағаннан кейін Байқоңырда тұрмыс күрт төмендеді: ғарышқа ұшырулар саны азайып, әскери және техникалық қызметшілердің бір бөлігі отбасымен туған жеріне кетті. Қаланың қарттары 1993-1994 жылдардағы қысты әлі ұмытпаған. Ол қыста жылу болмай, пәтердегі ауа температурасы нөлден төмен түсіп, тұрғындар тамақты көпқабатты үйлердің ауласында әзірлеген екен.
1994 жылы Ресей мен Қазақстан арасында алғашқы келісімге қол қойылып, Ресей Федерациясы ғарыш айлағын 20 жылға жалға алды. Ғарыш айлағымен бірге қала қайта жандана бастады. 1995 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен қала атауы ғарыш айлағының атына сәйкестендіріліп, Байқоңыр болып өзгерді. Ал 2004 жылы қаланы жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Ол үшін Ресей Федерациясы жыл сайын Қазақстан бюджетіне 115 миллион доллар төлеп отырады.
Қазір Байқоңыр қаласында 76 мың адам тұрады. Олардың бәрі – Қазақстан мен Ресей азаматтары. Екі ел арасындағы үкіметаралық келісім бойынша қаланы қала әкімшілігі басқарады. Оның басшысын екі мемлекеттің президенті тағайындайды. Сондай-ақ, мұнда Қазақстан мүддесін қорғау үшін Қазақстан президентінің арнайы өкілі тұрады.
Қаладағы тәртіпті де екі елдің полициясы қадағалайды. Тұрғындар сауда жасау үшін рубль мен теңгені қатар қолданады. Десе де, сауданың басым бөлігі рубльмен жасалады. Себебі, дүкендер мен базарлардағы айырбастау бағамы республиканың басқа қалаларындағы айырбастау пунктеріне қарағанда тиімсіз. Байқоңырлықтар теңгені көбінесе жақын маңдағы Төретам және Ақай ауылдарынан сауда жасауға жұмсайды.
Қала тұрғындарының көбі ғарыш айлағында жұмыс істейді. Қалғаны қоғамдық тамақтандыру, такси, білім беру, медицина сияқты басқа да әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейді.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Байқоңыр қаласының және тұтастай кешеннің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Байқоңыр" кешенін газбен қамтамасыз ету бойынша келісім негізінде мұндағы көп қабатты тұрғын үйлер, шағын және орта бизнес нысандары көгілдір отынға қосылған.
Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2019 жылы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен 50 пәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға беріліп, "7А" шағын ауданы құрылды. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері осы шағын ауданнан "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында тағы да 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қалада 13 мектеп, 13 балабақша, спорт және өнер мектептері, Мәскеу авиация институтының филиалы бар. Байқоңырдағы ең танымал орта оқу орны ретінде Челомей халықаралық ғарыш мектеп-лицейін атауға болады. Онда конструктор болуды армандайтын 500-600 қазақ, орыс баласы оқиды. 1993 жылы лицейде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Кіші ғылым академиясының "Космонавтика" ғылыми бөлімі ашылды. Сондай-ақ, оның өзінің Космонавтика музейі бар.
Байқоңырда астронавтарға, конструкторларға, инженерлерге арналған ондаған (кейбір деректер бойынша олардың жүзден астамы бар) ескерткіштер бар, соның арқасында өнеркәсіп дамыды. Әрине, мұнда қаланы тұрғызған, ғылым мен ғарыш саласын дамытқандардың естелігі мұқият сақталған. Көшелер, даңғылдар мен алаңдарға ғарыш қайраткерлерінің есімі берілген.
Тұңғыш ғарышкерге арналған ескерткіш 1984 жылы 12 сәуірде ашылды. Ол қалалық әкімшілік ғимаратының жанындағы саябақта орналасқан. Мүсін эскизінің авторы – Новосибирск педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің түлегі, сол кезде полигонда қызмет еткен кіші сержант Олег Песоцкий. Ескерткіш ашылғаннан бері барлық ғарышкерлер ұшу алдында тұңғыш ғарышкерге құрмет көрсетіп, осы алаңға келеді.
Сонымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағын ұйымдастырушылардың бірі, аты аңызға айналған конструктор Сергей Королевке арналған экспозицияны, ғарыш айлағы тарихы музейін айтпай кету мүмкін емес. Бұл мұражай Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан кейін бірнеше жыл өткен соң, 1967 жылы құрылған.
Бүгінгі күні мұражай қорында 15 мыңнан астам экспонат бар. Мұнда космонавтиканың тарихы және осы саланы құрған, Байқоңырды және ғарыштық бағдарламаларды әзірлеуге қатысқан адамдар туралы көп мәлімет білуге болады.
Сонымен қатар, реактивті қозғалтқыштардың үлгілері, скафандрлар, түтіктердегі және вакуумдық пакеттердегі ғарышқа арналған азық-түліктер, ғарышқа аттанған жануарларға арналған капсулалар және ғарыш айлағының тарихынан сыр шертетін басқа да көрнекті заттарды көруге болады.
Музейдің жанында ашық аспан астындағы экспозиция орналасқан. Оның ортасында "Боран" ғарыш кемесі, зымыран қозғалтқышының макеттері, ұшыру алаңы, радиолокациялық антенналар, сондай-ақ мамандандырылған автокөлік құралдары орналасқан. Еске салайық, "Боран" ғарыш кемесі ғарышқа 1988 жылы қарашада экипажсыз, автоматты режимде ұшырылған еді. Қазір музей қонақтары "Боранның" ішіне кіріп, ғарыш кемесінің штурвалына отыра алады.
Қала қонақтарының назарын аударатын тағы бір ескерткіш – "Салмақсыздық" стелласы. Оның сюжеті 1965 жылы әлемде алғаш рет ашық ғарышқа саяхат жасаған ғарышкер Алексей Леоновтың есімімен байланысты.
Алғашқы ғарыш айлағы, Жердің тұңғыш жасанды серігі, тұңғыш ғарышкер... Адамзаттың жұлдыздарға барар жолы Байқоңырдан басталады. Сондықтан, қаланың жабық болуына қарамастан, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер көп. Ол үшін жағдай жасалған: Қазақстанда Байқоңырда тіркелген төрт компания осындай туризммен айналысады, тағы бірнеше ресейлік компания Роскосмоспен келісім бойынша туристерді осында әкеледі.
Рас, мұндай турлардың бағасы кейде тым қымбат сияқты көрінсе де, жыл сайын келетін туристер саны ғарыш айлағына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Халықаралық ғарыш айлағына экспедициялар жөнелтілетін күндері қалада қонақ саны артады. Кафелер мен мейрамханалар, қонақ үйлер лық толы болады.