Тікелей эфир

Ауылда медициналық зертхана ашуға 3 млн теңге грантты қалай алуға болады?

Грант қаржысына кәсіпкерлер құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алады.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры биоматериал алу пункттерін ашатын кәсіпкерлерді қолдаудың гранттық бағдарламасын әзірледі. Осы орайда Информбюро Қордың Өңірлік даму бағдарламасы мен денсаулық сақтау бағдарламасының үйлестірушісі Фатима Герфановадан жоба туралы сұрады.

– Жоба туралы толығырақ айтып өтесіз бе?

– Қала және ауыл тұрғындарына жоғары сапалы медициналық диагностикалық қызметтер қолжетімді болуы үшін "Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры" 2021 жылдың мамыр айында "Ауылдағы зертханалар" жобасын іске асыруға бастама жасады.

Жоба аясында Қазақстанның барлық аудан орталығында зертханалық сынама алу кабинеттерін жабдықтау үшін кәсіпкерлерге жиһаздар мен жабдықтар сатып алуға 3 миллион теңгеге дейін тегін гранттар беріледі.

Бірнеше компания жоба ауқымын одан ары кеңейту үшін серіктес болуға келісті. Жоба аясында компаниялар аудан орталықтарында биоматериалдарды қабылдау пункттерін ашқысы келетін кәсіпкерлер үшін тұтас төлемді алып тастады.

– Ауылдық жерлерге не үшін мұндай зертханалар ашу қажет?

– Дер кезінде әрі сапалы жасалған медициналық диагностика адам денсаулығын жақсартуға деген алғашқы қадам екені белгілі. Жекеменшік медициналық зертхана кабинеттерінде мемлекеттік ауруханаларға қарағанда Қазақстанда ғана емес, шетелде де жасауға болатын 800-ге жуық анализ түрін тапсыруға болады. Алайда осыншама талдау халықтың бәріне бірдей қолжетімді емес. Қазақстандағы ауыл тұрғындарының бестен бірі, шамамен 1,5 миллион адам тұратын жерінде мұндай қызметтерді ала алмайды. Бірқатар ауылдық жерлердің тұрғындарына ондаған, тіпті жүздеген шақырым жердегі облыс орталығына немесе көршілес аудандарға баруға тура келеді. Оған қаншама уақыт пен ақша кететіні айтпаса да түсінікті.


Оқи отырыңыз: Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 пайыздық шағын несие беріледі


– Жоба қазірдің өзінде қандай ауылдық жерлерде жүзеге асып жатыр?

– Жоба зертхана кабинеттері жоқ Қазақстанның аудан орталықтарында жүзеге асырылады. Қордың кабинет ашуға 15 грант бөлгенін ескерсек, бүгінде 30-дан астам аудан орталығында ашылды. Олардың тізімін lab-grant.kz сайтынан білуге ​​болады. Жеке зертхана кабинеттері жоқ аудан орталықтарының көбі Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында орналасқан.

– Грантты қалай алуға болады? Кәсіпкерлерге кандай талаптар қойылады?

– Грант алу үшін жоба үйлестірушісіне хабарласып, зертхана кабинетін ашуға мүдделі аудан орталығының әкімшілігімен келісу керек. Қайтарымсыз гранттың негізгі екі шарты бар: біріншіден, грант берілген күннен бастап 30 күн ішінде берілген қаржының мақсатты жұмсалғанын растау және зертхана кабинеті бір жыл жұмыс істеп тұруы керек. Егер тиімділік, қызметкерлер алу мәселелері туындаса және қандай да бір себептермен зертхана бір жыл ішінде жабылса, грант алушы Қорға қаражатты қайтаруға міндетті.

Аудан орталығы әкімшілігімен келіскеннен кейін зертхана кабинетін ашатын орынға қойылатын талаптарды біледі. Зертхана кабинеті ең алдымен санитарлық нормаларға сай келуі керек. Қажет болса кәсіпкер ішін жөндейді. Орын тапқаннан кейін компаниямен шартқа қол қояды. Содан соң Қор шарт негізінде қажет сомаға грант береді. Кәсіпкер грант қаржысына құрал-жабдықтар мен жиһаздар алады. Франчайзер қызметкерлерді іздеп, оларды оқытады.


Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық


Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды көздейді. Болашақта барлық ауыл-аймақта осындай зертханалар ашылады деп сенеміз.

Серіктестер жаңалықтары