Ішектің қабыну аурулары – Крон ауруы мен ойық жаралы колит соңғы жылдары жиі тіркеліп жатыр. Бұл ауруларды анықтау өте қиын. Оған қоса, ауру жасарып кеткен. Ішектің қабыну ауруларына балалар да шалдығады.
Информбюро тілшісі Алматыда өткен ішектің қабыну аурулары VII ұлттық форумында "UMC КҚ" Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі, медицина докторы, балалар дәрігері Айгүл Ибраевадан аурудың себептері, белгілері мен ерте анықтау жолдары жайлы сұрады.
– Ішектің қабыну аруларына көбіне қай жастағы адамдар шалдығады?
– Өкінішке қарай, қазіргі кезде ішектің қабыну аурулары көп тіркеліп жатыр. Екі есе өскен. Бұрын тек үлкендер ауырады деп келдік, бірақ ауру жасарып кетті. Ең кішкентай науқас – бір жаста. Жаңа хаттамалар шықты. Халықаралық стандарт бойынша да, инновациялық дәрі-дәрмекпен де емдей аламыз. Балаларға барлығы тегін, бірақ ересектер дәрі-дәрмектің тек үш пайызын ғана тегін алады. Ал қалғанына өз қалтасынан төлейді. Дамыған елдерде он пайыз. Бірақ балаларға нұсқаулықтағы жасына қарай кейбір жаңадан шыққан дәрілер қолжетімді емес. Сол себепті ауру асқынып кетуі мүмкін. Ал негізінде барлық емнің шығынын негізінен мемлекет өтейді. Сондықтан халықаралық стандартқа саймыз деп ойлаймын.
– Статистика бойынша қанша адам ауырады?
– Ішек қабыну арулары деп Крон ауруы мен ойық жаралы колитті айтамыз. Ойық жаралы колит Крон ауруынан көп тіркеледі. 2018 жылы елде Крон ауруы бар 555 адам және ойық жаралы колитпен 2218 адам тіркелсе, бүгінде Крон ауруы бар 1631 және ойық жаралы колитпен 7305 науқас тіркелген. Ішектің созылмалы патологиялары жасарып жатыр – онымен балалар мен жасөспірімдер де жиі ауырады. Бүгінде балалар арасында терапевтік қызмет есебін қоспағанда, біздің анализіміз бойынша 232 бала шалдыққан. Оның ішінде 90 пайызында – ойық жаралы колит.
Оқи отырыңыз: Крон ауруы және ойық жаралы колит секілді ішектің қабыну аурулары жасарып келеді
– Аурудың себебі не болуы мүмкін?
– Аутоиммунды аурулар деп атаймыз. Әлемде бұл аурулардың шығу себебі әлі толық зерттелген жоқ. Тек гипотеза ғана. Генетикалық, инфекциялық, психикалық эмоциялық болжамдары бар. Ал нақты себебі әлі анықталмады.
– Ауру белгілері қандай?
– Ойық жаралы колит кезінде ересек адамның ұзақ уақыт іші өтеді, арықтап кетеді. Ал балаларда ағзаның улануы кезінде қызуы 38-39 градусқа көтеріледі. Кұніне 10-15 реттей қан аралас сұйық нәжіс шығарады. Балаларда да арықтау кездеседі.
Крон ауруын анықтауға, өкінішке қарай, өте ұзақ уақыт керек. Кейде бұл аутоиммунды аурулармен қатар көрінеді. Сол себепті Крон ауруына қарағанда ойық жаралы колитті анықтау оңай. Крон ауруы артрит секілді басқа да аурулардың көлеңкесінде жүреді. Тіс дәрігеріне ұзақ қаралатын науқастар Крон ауруының ерте белгілеріне мән бермейді. Ең алдымен ұзақ афтозды стоматитке, яғни ауыздың уылуына назар аудару керек. Екіншіден, себебі белгісіз ұзақ анемия да бір белгісі болуы да мүмкін. Үшіншіден, баланың бойы өспей қалуы мүмкін. Әдетте ата-ана баласының салмағын қадағалап, өлшеп тұрады. Өкінішке қарай, осы ауруларды дер кезінде анықтау үшін бойдың өсуін де қадағалау керек екенін біле бермейді. Сондықтан баланың бойы өспей жатса дәрігерге барыңыз.
Оқи отырыңыз: "Отадан соң мүгедек болып қалады". Ішектің қабыну аурларын ерте анықтау не үшін маңызды?
Жасөспірімдерді алсақ, өкінішке қарай, әр отбасында жағдай жақсы деп айтуға келмейді. Ата-ана баласымен сөйлеспейді. Сондықтан белгілерін ертерек біле алмайды. Сондықтан ата-аналарға балаларымен сөйлесіп, сырласып, оларды не мазалайтынын сұрап, аурулардың ерте белгілерін анықтауға шақырамын. Баланың ұзақ уақыт іші қатуы мүмкін. Ата-ана баласының сағаттап дәретханада отырғанына мән бермейді. Ұзақ уақыт телефонға қарап, ойын ойнап, әлеуметтік желіде отырады дейміз. Бірақ іш қату мазалауы мүмкін. Осындай кішкентай белгілерге ерте назар аударса, Крон ауру секілді диагноз қою қиын ауруларды ерте анықтауға болады.
– Диагноз қалай қойылады?
– Ата-ана баласын педиатрға апарып тұруы қажет. Клиникалық анализ бен нәжісін зерттеуге тапсырады. Солардың қорытындысына қарай дәрігер ары қарай тексеруге жібереді. Ауру ерте анықталса ремиссия да жақсы өтеді. Диагноз кеш қойылса хирург көмекгіне жүгінуге тура келеді. Қазіргі таңда жаңа технологиялар мен инновациялық препараттардың арқасында хирургтің араласуы азайды.
Өлім-жітім де айтарлықтай төмендеді, 1-2 пайыз ғана. Бұл ауруға қатысы жоқ сепсистік және іріңді ісік пайда болса, онда ауру асқына түседі. Дәрігердің атйқанын орындап, ұзақ ремиссияда болса, бұл аурумен өмірдің соңына дейін қалыпты өмір сүруге болады. Әйел адам бала көтеріп, босана да алады.
Оқи отырыңыз: "Жасөспірім жалғыз емес екенін сезінуі керек". Ninety One психикалық денсаулық мәселесіне қоғам назарын қалай аудармақ?
– Ауруды анықтау қиын, әрі басқа аурулардың тасасында қалып қояды дедіңіз. Статистика бұдан да көп деп ойлайсыз ба?
– Мамандар мұқият болса, халық бұл аурулар туралы хабардар болса онда науқастар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Сонда басқа аурулардың көлеңкесінде қалып қоймайды.