Тікелей эфир

Әртүрлілік және тең мүмкіндіктер. Құқық қорғаушы Арсен Әубәкіровпен сұхбат

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
ЛГБТ Қазақстанда саяси құралға айналып отырғаны рас па?

Қазақстанда маусым басында "ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз" петициясы қажет қол жинап, оны қарайтын жұмыс тобы құрылды. Петицияны қолдаушылар бұл насихат түріне заң тұрғысында тыйым салуды сұрап отыр. Ал "Human Rights Consulting Group" қоғамдық қорының директоры, құқық қорғаушы Арсен Әубәкіров Қазақстанда ЛГБТ насихаты жоқ екенін айтады.

Информбюро порталы Арсен Әубәкіровпен ЛГБТ+ тақырыбында сұхбаттасып, Қазақстанда олардың құқығы қалай қорғалатыны туралы әңгімелесті.

– Кейінгі кезде Қазақстанда полиция тарабынан ЛГБТ+ белсенділеріне шабуыл жасалғаны туралы естідік. Бұған билік пен қоғам қалай қарады?

 – Олар ЛГБТ+ адамдар жиналатын болған соң келдік деп айтып, белсенділерге зорлық, қысым, қоқан-лоқы көрсеткен. Жеке мәліметтерін жинаған. Бұл оқиға бұқараға жария болғаннан кейін Ішкі істер министрлігі мұны "есірткіге қарсы операция" деп атады. Белсенділер полиция келетіндей ешқандай заң бұзған жоқ. Кейіннен құзыретті органның баспасөз қызметі жыныстық бағдар және гендерлік кімдігіне байланысты адамдардың тізімін жасағанын растады. Не үшін екені белгісіз. 

Қазақстанда бұл қылмыс деп танылмайды, заңда оған негіз жоқ. Сол үшін де полиция ешқандай нәрсе істей алмайды. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері белсенділердің ізіне түседі. 2019 жылы Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі кеңестің белсенділердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымын қабылдаған болатын. Алайда оған қатысты ештеңе жасалмағанын көріп отырмыз. Кейде қауіпсіздікті қамтамасыз ету дегенді өздеріне қолайлы аргумент ретінде алға тартады. Мысалы, ЛГБТ+ тақырыбында бейбіт жиын өткізуге, 8 наурыздағы маршқа шығуға рұқсат бере алмаймыз, өйткені бұл ЛГБТ+  қауымдастықтың қауіпсіздігіне қатер тигізуі мүмкін дейді. Ұсынымды адамдардың қауіпсіздігінен бұрын бейбіт жиын өткізуге, сөз бостандығын шектеуге қолданады. 

– Қазақстанда неліктен ЛГБТ+ тақырыбына төзіммен қарамайды?

– Меніңше, ЛГБТ+ саяси мақсатта қолданылады. Неліктен өшпенділік, төзбеушілік, ұйымдасқан әрекеттер көп? Қазақстанда ғана емес, кей елдерде бұл тақырып қоғамның назарын басқа нәрседен аударып әкетуге, белгілі бір өзекті топтан қолдау табуға пайдаланылады. Ол адамдарды қоғамға қауіпті, жау сияқты көрсетеді.

Ресейде де ЛГБТ+ қарсы насихат қатты жүріп жатыр. Қазақстанда көп адам ресейлік ақпарат алаңында өмір сүреді. Бұл да мәселе туындатып отыр. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін ЛГБТ-ға осыншама өшпенділік болған жоқ. Қылмыс деп танылмады. Мәдениет саласында, шоу-бизнесте сырт бейнес, киген киімі әйелге ұқсайтын танымал еркек тұлғалар болды. Қазақстан қоғамы дәстүр мен дінге байланысты қабылдай алмайды. Ал саясаткерлер бұл тақырыпты халыққа бақылау жасау мақсатында қолданады. 

– ЛГБТ+ жасөспірімдеріне арналған Selftanu сайты бұғатталды. Бұл Қазақстандағы ЛГБТ+ өкілдерінің ақпарат алуына, қолдау табуына қалай әсер етеді? Бұғаттау заңды ма?

– Қаңтарда ЛГБТ+ жасөспірімдерді қолдауға арналған сайт бұғатталды. Бір топ адам петиция жасап, Оқу-ағарту министрлігіне сайтту бұғаттауды сұрап хат жазған. Олардың пікірі мен ұстанымына құлақ асып, шағымды мәдениет және ақпарат министрілігіне жіберген. Ең алдымен қандай заңды сақтамағаны туралы ескерту жіберу қажет еді. Алайда олар сайт авторларымен байланыспаған. Министрлік болса провайдерге сайтты бұғаттау туралы хабарлама жіберген. Осылайша сайт заңсыз бұғатталып отыр. "Баланың дамуына, құндылыққа қарсы" дейді де, нақты не себеп болғанын түсіндірмейді. 

Сайттың мақсаты жасөспірімдерді ағарту, танымдық материалдар жариялау болған еді. Олар болса мұны порнография деп ойлайды. Сайтта ондай ештеңе болған жоқ. Біз қазір сайтты қайтару бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

– ЛГБТ+ құқықтарына қатысты соңғы халықаралық мәлімдемелер мен қарарларды ескере отырып, Қазақстандағы ЛГБТ+ тақырыбына халықаралық қауымдастық қалай әсер етіп жатыр?

– Халықаралық қоғамдастық үшін бұл тақырып өте маңызды. Олар ақпараттық науқандар жүргізеді және халықаралық құқық деңгейінде белгіленген стандарттары бар. ЛГБТ+ құқығы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы деңгейінде қорғалады. Экономикалық, саяси құқық бар. БҰҰ конвенциялары бар. Әр ел үнемі баяндама жасап отырады және оларға ұсынымдар беріледі. Қолдау жобалары, бағдарламалар бар. ЛГБТ+ өкілдерін оқыту, қоғамдастықпен жұмыс істеу және осы тақырып төңірегінде қызмет ететін халықалық ұйымдар. Адам құқығы жөніндегі комиссар да қолдайды. Ел ішінде бізді естімеуі мүмкін, сол себепті шетелдегі іс-шараларда сөйлеп, халықаралық ұйымдар арқылы сөйлейміз. Халықаралық алаңдарда, іс-шараларда Қазақстандағы ЛГБТ+ тақырыбы көтеріледі. Келіссөздер, кездесулер, алаңдар өз аргументімізді жеткізуге тамаша мүмкіндік. ЛГБТ+ құқықтарының қорғалуына халықаралық қоғамдастықтың әсері бар.

2022 жылы ЛГБТ+ құқығын қорғауға қатысты тақырыпта АҚШ мемлекеттік департаментінің IVLP бағдарламасына қатысып, тамаша тәжірибе алып келдім. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары