Тікелей эфир

Әнші Әсем Көпбаева: Рок бағытына қайта ораламын

Әнші Әсем Көпбаева
Әнші Әсем Көпбаева
Әсем Көпбаева – қазақ тілінде алғаш рок жанрында ән айтып, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына кірген әнші.

Ол Сергей Герасимов атындағы жалпыресейлік мемлекеттік кинематография институтының актерлік бөлімін тәмамдаған. Бүгінде "Tengri" тобында өнер көрсетеді. Әнші Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында рок жанрына қатысты пікірі, кино мен театрдағы рөлдері және шығармашылық жоспары туралы айтып берді.

Әсем, қазір қайда жүрсіз? Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Қазір Алматыдамын. Декрет демалысына кеткен кезде бәрі мені жоғалтып алған сияқты. Қызымды босанған соң, үйде біраз отырып қалдым. Теледидардан да көрінбей кеттім. Дәл қазір айналысып жүрген жобам – "Tengri" тобы. Биыл топтың құрылғанына 10 жыл толды. Топ мүшелерімен 2011 жылы "Шыңғыс ханның ізімен" деген экспедицияға барғанда таныстым. Мен осы топтың солисімін. Көркемдік жетекшіміз – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, қылқобызшы, этнограф Ерлан Сәбитов. Әбілқайыр Жарасқан домбырада, ал қатарымызға екі жыл бұрын қосылған Зәуре Табанова домбыра мен шаңқобызда ойнайды.

Tengri тобы

– Осы сұхбатқа дайындалғанда, интернетте тыңдармандар сіз сахнаға әкелген эпатажды, бұрынғы стиліңізді сағынып іздейтінін байқадым. Сол кезең туралы әңгімелесейікші.

– Жақсы.

– 2000 жылдардың басында Мәскеуде 7 жыл тұрдыңыз, әйгілі ВГИК-те оқыпсыз. Экраннан жарқ етіп шыққан сәтіңіз сол кез бе еді?

– Бәрін басынан бастап баяндайын. Мен Мәскеуде актерлікті оқыдым. Бірақ, бала күнімнен тек актерлікпен шектелмей, ән салуды да армандап өстім. Людмила Гурченко мен Алла Пугачеваның өнеріне қатты қызығатынмын. Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжін бітірдім. Ол жердегі ұстазым марқұм Зейнеп Қойшыбаева болды. Колледжде бізге Қайрат Байбосынов, Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Роза Рымбаевалар сабақ берді. Сол колледжді бітірген соң, Сергей Герасимов атындағы жалпыресейлік мемлекеттік кинематография институтына оқуға түстім. Оқуға Шәмші Қалдаяқовтың "Сыған серенадасын" шырқап қабылданған едім.

2 курста оқып жүргенде ән айтып, бағымды сынап көргім келді. Қыдырәлі Болманов ағамыз "маған кел, даусыңды тыңдап көрейік" деп Алматыға шақырды. Сол кісіге кірейін деп кезек күтіп отырғанда Болат Боранов деген әнші, композитормен таныстым. Әңгіме барысында ол маған өзінің "Жалт етіп өткен" деген әнін тыңдатты. Ән маған ұнап қалды, оны Болаттан сатып алдым. Сосын студияда жаздырып, кейінірек бейнебаянын түсірдім. Бейнебаян 2004 жылы, мен 2 курста оқып жүргенде жарық көрді.

Оқуды бітірген соң, 2007 жылы Алматыға оралдым. Негізі, маған Мәскеуде 2 театр жұмыс ұсынған еді. Бірақ, анам ол жақта қалуыма үзілді-кесілді қарсы болды. Себебі, үлкен әпкем де Мәскеуде тұрады. "Екеуің бірдей басқа елде жүре бересіңдер ме, ең болмаса, біреуің қайтыңдар" деді. Бір жағынан өзім де Алматыға келіп, шығармашылығымды ары қарай дамытқым келді. Қазір ойлап отырсам, дұрыс шешім қабылдаған екенмін.


Оқи отырыңыз: Актриса Әлия Әнуарбек: Жолдасым туралы фильм басқа отбасыларға ой салады деп үміттенемін


– Ал, "Арман" мен "Жаңа күннің" бейнебаянын елге келген соң түсірдіңіз бе?

– Жоқ, "Жаңа күн" 3 курста, ал "Арман" 4 курста оқып жүргенімде жарық көрді. "Арманның" бейнебаянын өзбектің мықты режиссері Баһадүр Юлдашев Ташкентте түсірді. Ал "Жаңа күнді" Мәскеуде бірге оқитын достарыммен бірге жарыққа шығардық. Ол жерде өзім режиссер, өзім актриса, өзім продюсер болдым.

– "Жаңа күн" өз идеяммен түсірілді деп отырсыз. Ал "Жалт етіп өткен" бейнебаянының идеясы кімге тиесілі?

– Баһадүр Юлдашев бұл әннің бейнебаянын ресейлік "Тату" тобының стиліне ұқсатып жасайық деген ұсыныс айтты. Үстіме ақ жейде, қысқа юбка кигенімді қалады. Қазіргі тілмен айтқанда, хайп жасайық деді. Маған оның жалпы идеясы ұнағанымен, қысқа киінуден бас тарттым. Сосын Мәскеудің бір театрынан киім суретшісін тауып, соған тапсырыспен киім тіктірдім.

Мен өз заманымның "Найнти уаны" болған сияқтымын

– Осы ән шыққаннан кейінгі танымалдығыңыз сізге қалай әсер етті?

– Сіз маған жақсы сұрақ қойып отырсыз, Роза! Бұған дейін ешкім мұны сұрамағандықтан, бұл туралы ойланып көрмеген екенмін. Бірден айтып қояйын, жұлдыз ауруымен ешқашан ауырған жоқпын. Ал сіз айтып отырған танымалдық маған бір күнде келген жоқ. Оған дейін қаншама тер төгілді, осы жолда қаншама жұмыс жасадым. Мен алғаш шыққан кезде халыққа образым біртүрлі көрінді. Өзім де адам баласымын ғой, олардың реакциясын жақсы түсінемін.

Бәлкім, мен сол кездің "Найнти уаны" болған шығармын (күлді). Неше түрлі сөз естідім. "Мына қыздың есі дұрыс па? Өзі шегіп алған ба, әлде ішіп алған ба? Қазақтың қызына сахнаға қос бұрыммен секеңдеп шыққан жараспайды. Қандай масқара!" дегендер болды.

Осындай сөзді алғаш естігенде жылап, анама "мен ондай емеспін ғой, халық неге олай айтып жатыр?" деп мұң шаққаным есімде. Cонда анам "осындай қиын жолды таңдадың ба, енді соған шыдауың керек" деді. Шынын айтқанда, мен өнер жолын таңдағанда әжем мен әкемнен басқасының бәрі қарсы болған еді. Олар "ойбай, әртістің өмірі деген не? Бұзылып кетесің, жеке өмірің дұрыс болмайды" деп біраз нәрсе айтқан-ды. Әжем мен әкемнің қолдауының арқасында өнерге келдім. Марқұм әжемнің арғы аталары өз заманында сал, сері болған екен. Жас күнінде әжем де әнші болғысы келген, бірақ, оған атам рұқсат бермепті. Былайша айтқанда, өнерге сол кісінің орындалмаған арманын арқалап келдім.

– Біреулер сіздің бағытыңызды рок деді, басқалары панк-рок деді, енді біреулер "жоқ, бұл попса" деп қарсы шықты. Әу бастан осындай бағытта ән саламын деп шештіңіз бе? Әлде бұл жанрға кездейсоқ тап болдыңыз ба?

– Мені сол кезде көп адамдар рок әнші деп атап жатты. Шынымды айтсам, өзім рок әнші болуды мақсат тұтқан жоқпын. Сол кезеңде орындаған әндерді ритмі жаныма жақын болғандықтан, сахнаға алып шықтым. Осы уақытқа дейін қанша сұхбат бердім, бірде-біреуінде өзімді рок жанрының әншісі деп таныстырған емеспін. Мен сахнаға секіріп шыққаннан кейін халық өзі "мынау рок айтып тұр ғой" деп іліп әкетті.


Оқи отырыңыз: Алуа Қонарова: Жасым жер ортасына келгенде жаңа өмір бастауға мәжбүр болдым


– Cонда олардың сізді "рок жанрының әншісі" деп атағаны ұнамай ма?

– Ұнамайды деп айта алмаймын. Рок та софт-рок, поп-рок, хард-рок деп бөлініп кете береді ғой. Менікін поп-рок деуге келетін болар. Бала кезімде Виктор Цойды, бойжеткен шағымда Земфираны көп тыңдайтынмын. Осы жанрға деген махаббатым сол кезде оянған шығар. Сахнада бір орында тұра алмайтынмын. Ал, қазір халық әндерін шырқап жүрмін, керісінше аз қозғалатын болдым. Қызық жағдай, негізі. Халық әндерін орындағанда мен ата-бабаларымыздың рухымен тілдескендей боламын. Бұрын "осындай этникалық стильдегі топта 10 жыл өнер көрсетемін" деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді.

Әсем Көпбаева

– Иә, 2011 жылы экспедицияға барған сапарыңызда қобыздың үніне елітіп, жылап, қатты әсерленгеніңіз туралы оқыған едім. Халық әндерін шырқай бастауыңызға сол экспедиция себепші болыпты.

– Иә, сол сапарда қобыздың үнін естігенде қатты әсерлендім. Оның үні мені есте жоқ ескі замандарға жетелеп әкетеді, сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сахнада қобыздың сүйемелдеуімен ән салған кезде де мен қобызбен сырласқандай күйде боламын. Менен бірталай адам "Сенің есің дұрыс па? Роктан кейін бірден халық әндеріне көшіп кеткенің не?" деп сұрады. Оларға бұл таңдауымды дұрыстап түсіндіре алдым ба, жоқ па, білмеймін. Бастысы, жаным осы нәрсені қалап тұр. Роктан кейін поп-музыкаға көшсем де болар еді. Бірақ, ол маған ұнамайды.

– Байқауымша, интернетте сізді іздейтін жұрт бұрынғы бағыттағы әндеріңізді сағынады. Бәлкім, сізге сол аудиторияңыздың қалауын ескеріп, рок бағытында да әндер шырқаған дұрыс болар? Әлде рокпен біржола қоштастыңыз ба?

– Жоқ, рок жанрынан түбегейлі кетемін деп шешім қабылдаған жоқпын. Мен ол бағытты тастамаймын. Осы күнге дейін қаншама адамның жылы пікірін естіп жүрмін, кездескен жандар да сол баяғы әндерімді сұрайды. "Біз сіздің әндеріңізді тыңдап өстік", "қайда жоғалып кеттіңіз?" дейді. Тыңдарманның осындай сөздері маған қуаныш сыйлайды. Егер жұрт мені іздеп жатса, олар ұнатқан бағытта жаңа әндер шығару менің парызым деп ойлаймын. 4 ай бұрын Ербол Жасанов деген жігіттің ұсынысымен "Жалт етіп өткен" әнінің басқаша нұсқасын орындап шықтық. Оған бейнебаян да түсірдік. Қаражат тапшы болғандықтан, бейнебаяны арзандау көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл да бір біткен іс болды.

Рок жанрындағы жұмысты жалғастыра берсем, қазіргіден табыстырақ болуым мүмкін еді

– Сонымен, сахнадан өзіміз таба алмай жүрген баяғы жұлқынған Әсемді көре аламыз ғой?

– Бұйырса, көре аласыздар деп ойлаймын. Халыққа алғаш танылған кезде жасым 25-те болса, қазір 42-ге келдім. Оның үстіне бұрынғыдай емес, ана болғалы мен біраз басылдым. Кейбір таныстарым "ана болғаннан кейін өзіңді жоғалтып алған сияқтысың" дейді. Бұл пікірмен келіспеймін. Қызым кішкене өсіп алсын, қайтадан жұлқынып сахнаға шығамын (күлді). Қазір сапалы әндер қарастырып жүрмін. Тыңдармандарыма "сіздерге қайта ораламsy" деп уәде беремін.

Бірақ, дәл қазір көп уақытымды "Tengri" тобына арнап жүргенімді жасырмаймын. Әзірше осы ұжымымды бірінші орынға қоямын. Тобымда өте талантты адамдар жұмыс істейді. Он жылдың ішінде бәріміз бір отбасындай боп кеттік, жақсы сыйласамыз. Мен арасында баламен үйде отырып қалдым да, топтың жұмысына біраз уақыт араласа алмадым. Сіз сұрауға қысылып отырған шығарсыз, соңғы жылдары мен ажырасу процесін де басымнан өткердім. Оны да Алланың маған берген жолы деп қабылдаймын.

– Қазір өзіңіз танымал болған бағытта, яғни рок саласында жүрсеңіз, қазіргіден гөрі әлдеқайда танымал әрі табыстырақ болар едім деп ойламайсыз ба? Мен сіздің еңбегіңізді жоққа шығарып отырған жоқпын. Дегенмен, бүгінде сахнаға халық әнімен шығып жүрген әнші көп. Көптің бірі емес, Қазақстанда кең таралмаған жанрдың өкілі болған ұтымдырақ көрінбей ме сізге?

– Мен сіздің не туралы айтып отырғаныңызды түсініп отырмын. Дұрыс айтасыз, бұрын өзімнің жанрымда жалғыз қыз болдым. Егер сол бағытта жұмысымды жалғастыра бергенімде, қазіргіден де табыстырақ болуым мүмкін еді. Бірақ, олай болмай қалғанына еш өкінбеймін. Себебі, Ресейде тұрған 7 жыл тұрған ішінде түп-тамырымды, тегімді, туған халқымның тарихы мен мәдениетін білу қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Біз халық әнін жай орындап қана қоймай, оған түрлі аспаптың үнімен этникалық элементтер қосуға тырысамыз. Халық әндерінің өзіне ғана тән бояуы, күш-қуаты, сиқыры бар. Бір сөзбен айтқанда, этникалық әндерді жаным сүйеді. Бірақ, рокты тастадым деп те кесіп-пішіп айта алмаймын.


Оқи отырыңыз: Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды


– 2017 жылы жарыққа шыққан "Ризамын" деген әніңіздің бейнебаянын көрдім. Сол бейнебаян өз көңіліңізден шықты ма?

– Иә, көңілім толған еді. Себебі, бейнебаянға қызым мен бұрынғы жолдасым түсті. Үшеуіміздің бақытты шағымыз болатын. Бейнебаянның идеясын бұрынғы жолдасым Нұрғиса ойлап тапты. Ол кезде екеуіміздің жолымыз екіге айырылады деп ойламағанмын. Кім ажырасамын деп тұрмысқа шығады дейсіз?

Әннің авторы – "Ұлытау" тобының гитарисі Максим Кичигин. Бұл әнді негізі Батырхан Шүкенов басқа бағытта орындағысы келген екен, бірақ оған үлгермей, өмірден озды. Кейін Максим әнді маған сыйлады.

Әсем Көпбаева – Tengri тобының солисі 

– Бұрынғы рок бағытындағы салмақты жұмыстарыңыздың қасында бұл ән кішкене жеңілдеу боп қалғандай көрінбей ме?

– Иә, жеңілдеу ән. Мұны алдыңғы әндермен салыстыруға келмейді. Олардың бейнебаянында мен үнемі бірдеңеден азап шегіп, біреуді іздеп қиналып жүретінмін (күлді). Нұрғиса маған сол образдан шығып, позитив ән орындауды ұсынған еді.

– Ғалымжан Молданазар ең алғаш үлкен сахнаға сізбен дуэт айтып шыққан екен. Бұл дуэт қалай пайда болды?

– Ол жылдары Ғалымжан әлі танымал емес болатын. "Орда" тобымен бірге жұмыс істеп жүрді. Екеуімізді Айса деген әнші таныстырды. Ғалымжан "Әсем, бұрын сізді жиі тыңдайтынмын. Сіздің бағытыңыз маған ұнайды" деп жылы лебізін білдірді. Сосын "Жылайды жүрек" деген әнін маған сыйға тартқысы келетінін айтты. Әнді сол жерде гитарамен орындап берді. Тыңдап болған соң, оған "әнді дуэт болып шырқайық, бейнебаян түсірейік" деп ұсыныс тастадым. Себебі, әңгіме барысында Ғалымжан өзінің де әнші болғысы келетінін, үлкен сахнаға шыққысы келетінін айтқан еді. "Сені жұлдыз қылатын ақшам жоқ, бірақ, бірге бейнебаян түсіруге шамам жетеді" деп шынымды айттым. Ғалымжан ол кезде өте ұялшақ болатын. "Қолымыздан келе ме?" деп басында біраз күмәнданды. Кеңес заманында танымал болған "Арқас" тобының мүшесі болған Оралхан Сәдуақасов деген ағамыз бар. Әннің аранжировкасын сол кісіге жасатып, кейін бейнебаянын да түсірдік. Одан кейін біз дуэт ретінде бірнеше телеарнада өнер көрсеттік.

– Осы дуэтті қайталайтын ойларыңыз бар ма?

– Негізі, қайталауға болады. Менің қарсылығым жоқ. Анама да дуэтіміз қатты ұнапты. "Қызым, Ғалымжанмен тағы да ән айтсаңшы" дегені бар еді. Соңғы рет Ғалымжанды осыдан екі жыл бұрын көрдім. Кезінде оған бұл әннің аранжировкасы онша ұнамаған болатын. Әнді қайта өңдеп орындасақ, ол дуэтке қарсы болмас деп ойлаймын. Уақыт көрсетеді.

Кинода басты рөлдерім көп болғанын қалаймын

– Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына қалай тап болдыңыз?

– 2013 жылы мені марқұм Бейсен Құранбек ағамыз өзі жүргізетін бағдарламаға қонақ ретінде шақырды. Оған менімен бірге спорт, ғылым саласының өкілдері де қатысты. Есімім КИнЭС рекордтар кітабына енгенін сол жерде естідім. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Себебі, ол кітапқа кіру үшін ештеңе істемедім, ешкімге өтініш жасаған жоқпын.

– Кітапты көрдіңіз бе?

– Иә, менің сол кездегі директорым Әлихан кітапты тауып әкеліп, маған көрсетті. Қуанышыммен қатар таңғалысымды да жасыра алмадым. Мені оған "қазақ тілінде алғашқы рок орындаушы әйел адам" деп енгізген екен.


Оқи отырыңыз: Жәмилә Серкебаева: Халқымыз бойына Еуропа мәдениетін сіңіргенін қалаймын


– Мамандығыңыз бойынша актрисасыз. Сіздің Жанна Исабаеваның "Ойпырмай или мои дорогие дети" фильмінде ойнағаныңызды білемін. Кинода жалпы саны қанша рөліңіз бар?

– Сериалдар мен фильмдерді қосқанда, рөлдерімнің саны 15-ке жетіп жығылатын болар. "Балалық шағымның аспанында" елбасының алғашқы ұстазын ойнадым. Қанағат Мұстафиннің "Қарашаңырақ", Жанна Исабаеваның "Цена свободы" деген сериалдарына түстім. Ол сериалда мен жезөкшенің рөлін ойнағанмын. Бірақ, жұмысқа кіріспес бұрын Жаннаға "ашық-шашық сахнаға түспеймін" деп бірден айттым. Сонымен қатар, ВГИК-те оқып жүргенде ресейлік бірнеше сериалға түскенім бар.

– Қоржыныңызда басты рөлдер бар ма?

– "Дерибас" деген фильмде басты рөлім болды. Бірақ, ол қатты танымал фильм емес. 

– Қазір театрда да ойнап жүрсіз бе? Интернеттен 1-2 суретіңізді көзім шалған еді.

– Жоқ, ол бір рет қойылған спектакль еді. Карина Сәрсенова деген продюсер маған арнап екі сценарий жазды. Сол кісінің "Вертикаль" және "7 дней карантина" деген спектакльдерінде басты рөлде ойнап шықтым.

Әсем Көпбаева театр сахнасында

– Кастингтерге жиі барасыз ба?

– Кастинг болып жатқанын естісем, қалмауға тырысамын. Көбірек барғаным өзіме жақсы ғой. Бірақ, өздігімнен іздеуге жалқаулығым жібермей жүр.

– Алдағы уақытта қандай рөлдерде ойнағыңыз келеді?

– Маған драмалық рөлдер ұнайды. Мені актриса ретінде өсіретін тағдырлы, терең рөлдер болса екен деймін. Киноға жиірек түскім келеді. Әлі де үмітімді үзбеймін. Ең мықты рөлдерім алда деп ойлаймын.

– Қазір немен күн көріп жүрсіз?

– Концерттерге, тойға барамыз. Тойға баратынымызды жасырмаймын және одан еш сөлекет көрмеймін. Ол біздің ата дәстүріміз ғой. Тойға біз қонақ боп бармаймыз, жұмыс істеуге барамыз. Кейбір әртістер "шоу-бизнес", "той-бизнес" деп бөліп жатады, ондайға кішкене біртүрлі қараймын.

– Шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

– "Tengri" тобының репертуарындағы әндерді реттеп, Республика сарайында концерт берсек дейміз. Сосын ел ішін гастрольдік сапармен аралап, шетелдік сахналарда да өнер көрсетсек деген арман-мақсатымыз бар.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары