Тікелей эфир

Алматының кофеханалары тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді

Фото: КЖА
Фото: КЖА
Кофехана көптеп ашылған қала орталығындағы аудандарда жылжымайтын мүлік бағасы 30 пайызға дейін өскен.

Бүгінде кофе мәдениеті алматылықтардың өміріне берік енді. Бірақ қала орталығынан неғұрлым алыстаған сайын, кофеханалар саны да соғұрлым азая береді. Жалпы, бір жағынан бұл аудандардың өркендеу деңгейін көрсетсе керек. АҚШ-тың зерттеушілері кофеханалардың қалаларды дамытуда маңызды рөл атқаратынын және олардың "джентрификацияның негізгі құралдары" екенін мәлімдейді.

Қала эволюциясы

Джентрификация – көрнексіз немесе тиімсіз пайдаланылған қала аумақтарын жақсарту. Ол әдетте өнеркәсіптік аймақтарды, жұмыс аудандарын, қала маңдарын немесе тозған тарихи орталықтарды қамтиды.

Мұндай аудандарды абаттандыру барысында заманауи үйлер, кеңселер, арт-кеңістіктерден бөлек, міндетті түрде кофеханалар да пайда болады. Инфрақұрылымның жақсаруымен тұрғындардың құрамы да өзгере бастайды: бұл аудан бұрын өмір сүргендер үшін тым қымбатқа түсіп, әдетте жергілікті тұрғындардың орнына мұнда орта топ қоныстанады.

Фото: КЖА

Кофеханалардың тапшылығы

Алматының орталығында, әсіресе Достық, Назарбаев, Абылай хан даңғылдары, Панфилов бульвары бойында кофеханалар көптеп кездеседі: біреуі кенеттен жабылса, бірнеше ай ішінде оның орнында екіншісі пайда болады.

Ал орталықтан алыстаған сайын, мұндай орындардың саны айтарлықтай азаяды. Мәселен, Мәскеу метро стансасы жанында пәтер жалдап тұратын Алина жақын маңда кофе ішуге мүмкіндік жоқ екенін айтады.

"Айналада кілең сыраханалар мен лағманханалар, онда ноутбукпен жұмыс істеуді айтпағанда, тамақтану үшін жалғыз барудың өзі ерсі көрінеді", – дейді ол.

Тағы бір қала тұрғыны – Азамат үш жыл бойы "Сайран" метро стансасы жанындағы ірі тұрғын үй кешенінде орналасқан компанияда жұмыс істейді.

"Алғашында бұл жерде кофеханалар мүлдем болған жоқ. Содан кейін жазғы алаңы бар тұрмыстық павильон пайда болды. Мұндағы кофе бағасы қымбат болғанына қарамастан, өте әлсіз. Әйтсе де, басқа амал жоқ болған соң сонда баруға тура келеді", – дейді қала тұрғыны.

Алматылық Наталья Розыбакиев пен Мыңбаев көшелерінің қиылысында тұрады. Ол бұл ауданды шағын кофеханаға бола жақсы көретінін айтады.

"Панельді үйлермен қоршалған біздің ауданда адам көп. Бұрын тұрғындар мектептің стадионына жиі жиналатын, серуендеп, спортпен шұғылданып, бірге уақыт өткізетін. Бірақ, қазір ол жер жабық, жаңа оқу ғимараты салынып жатыр. Сондықтан біздің шағын кофехана әлеуметтенудің жалғыз орны болып табылады. Мұнда кездесулер ұйымдастырып, достарыммен кездесемін", – дейді ол.

Осыған қарап, кофеханалар тұрғындардың әлеуметтік қарым-қатынасының маңызды нүктесі болуы мүмкін екенін байқауға болады. Бірақ, сұраныс болғанымен, ол көп жағдайда қанағаттандырылмай жатады.

Фото: КЖА

Оқи отырыңыз: "Қазақтың Никулині" атанған алғашқы қазақ клоун қазір шіркеу күзетіп жүр


Өмір сапасының көрсеткіші

Мақатаевтан Райымбек даңғылына дейін және Пушкин көшесінен шығысқа қарай өтетін қаланың бір бөлігіне тоқталып өтейік. Мұнда кофе сатып алатын орындар жоқтың қасы. Дегенмен, жапондық мультипликатор Хаяо Миядзаки стиліндегі шағын кофехана бар. Мекеменің баристасы жақын маңда тұрады және бұл ауданның ешқашан жайлы саналмағанын атап өтті. Мұнда үнемі қоқыстар шашылып жататын, тозығы жеткен үйлер көп, ал жол жиектері мен аулаларда үйсіздер мен маскүнемдер отырады.

Алайда, соңғы жылдары аудан дами бастады. 2020 жылы жаңа тұрғын үй кешені салынды, кеңселер ашылды, қаланың басқа бөліктерінен көптеген қызметкерлер, соның ішінде шығармашылық кәсіптердің өкілдері келеді. Екі жыл бұрын кофехана ашылған кезде келушілер аз болса, қазір клиенттер ағыны тұрақты және бұл жер жергілікті тұрғындардың да, жұмысқа келетіндердің де жиналатын орнына айналды.

Фото: КЖА

Көпфункционалды кеңістік

2017 жылы жарияланған Urban Forum Almaty баяндамасында бүгінгі таңда көптеген кофеханалар жұмыс істейтін Панфилов, Жібек Жолы, Қабанбай батыр және Гоголь көшелеріндегі қайта құру және құрылыс жұмыстары кезінде іскерлік белсенділігінің төмендегені айтылған. Бірақ, қайта құру жұмыстары аяқталған соң бір айдан кейін жүргізілген жаңа зерттеулер белсенділіктің 60%-ға дейін өскенін тіркеді. Сондай-ақ бұл аудандардағы жылжымайтын мүліктің бағасы 30%-ға дейін өсті.

Дегенмен, абаттандырылмаған ауданда кофехана ашу арқылы ондағы пәтердің бағасын бірден арттыруға болады деу қате. Ол үшін аудан көпфункционалды қоғамдық кеңістікке айналуы керек, яғни бірқатар басқа факторларды ескеру қажет.

Анель Молдахметова. Фото сарапшының Facebook парақшасынан алынды

Ешкім "шөл далада" кофехана ашпайды

Зерттеуші және қоғамдастықтармен жұмыс жөніндегі маман Анель Молдахметова Алматыда бос ауданда кофехана ашатын батырлар жоқ екеніне сенімді.

"Егер қаланың шалғай және абаттандырылмаған аудандары туралы айтатын болсақ, ондай жерлерде кофеханалар ұзақ жұмыс істей алмайды. Оның орнына лағманханалар ашылады. Ал кофеханалар орталыққа жақын орналасады. Сондай-ақ шеткі аудандарда кофеаппараттар бизнесі дамып жатқанын айту керек. Ол жерде отырып, уақыт өткізетіндер емес, кофені өзімен бірге алып кететіндер көп. Ешкім "шөл далада" кофехана ашпайды. Ондай жағдай кездессе де, белгілі бір кәсіпкердің жеке көзқарасына байланысты болуы мүмкін", – деп түсіндіреді сарапшы.

Авторы: Полина Чичихина

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары