Efes Art Space алаңында "Действие буквально" инклюзивті театр жобасы ұсынған "Машаның хаттары" көрмесінің тұсаукесері өтті.
"Действие буквально" – 2017 жылы құрылған Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби инклюзивті театр. Театрда 20 әртіс қызмет етеді. Арасында аутизм және Даун синдромына шалдыққан жандар да бар. Бұл нейротипті адамдардың ой-мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кәсіби тәуелсіз шығармашылық топ. Ұжым түрлі алаңдарда сәтті өнер көрсетіп, гастрольдік сапарларға шығып, шығармашылық жобаларға қатысып келеді.
"Театр – ұжымдық жұмыс. Кез келген ұжымда өзара сыйластық, жеке қарым-қатынастың және эмоционалды байланыстардың күрделі жүйесі болады. Зертхана ұжымының тылсым өмірімен біз Машаның әріптестеріне жазған хаттары арқылы танысамыз. Актрисаның шынайы, сезімтал өмірлік тәжірибесі тек ауызша ғана емес, сонымен қатар көркем артефактілердей көрінеді. Машаның мұндай адамгершілікке толы хаттары көрерменді бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз", – деді Efes Art Space жобасының кураторы Ольга Веселова.
Оқи отырыңыз: Театр, музей, кітапханаға экскурсия. Жазғы демалыста балаларға арналған қандай шаралар өтеді?
"Действие буквально" труппасы бірнеше жылда ондаған спектакль мен эскизді жарыққа шығарды. АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Франция, Ресей, Өзбекстан және Қазақстандағы әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеді. Сондай-ақ театр репертуарында "Вавилон мұнарасы" (режиссері Борис Павлович) және "Ойыншық" (режиссері Катя Дзвоник) атты екі спектакль бар. Театр актерлері Қазақстандағы және шетелдегі түрлі шығармашылық ұжымдардың жобаларына тұрақты түрде қатысады.
"Көрмеге "Действие буквально" театрының қатысуы біз үшін үлкен тосын сый болды. Біз "Машаның хаттары" жобасын қуана қолдадық. Efes Art Space қонақтары "Действие буквально" инклюзивті театрының шығармашылық жолымен одан әрі жақынырақ таныса алатынына сеніміміз мол", – деді маркетинг директоры Зейнеп Эркан Альп.
Көрме күнтізбесін Efes Art Space Instagram парақшасынан табуға болады.
Оқи отырыңыз: Асхат Оралов: Мәдениет және өнер қайраткерлеріне жыл сайын Umai ұлттық сыйлығы табысталады
"Машаның хаттары" концепциясымен "Действие буквально" инклюзивті театрының зертханасы көрерменге психикалық ауытқуы бар адамның ішкі әлеміне енуге мүмкіндік беретін мультимедиа жобасын мамырдан маусымға дейін ұсынады.
Жыл соңына дейін келесі көрмелерді тамашалауға болады:
- Назира Сәдуақасова мен Айсұлу Саннат өз бастауларына оралу идеясымен: дала халқының өмірі мен дәстүрін бейнелейтін картиналар, сонымен қатар Орталық Азия петроглифтері мен ежелгі Отырар қыш өрнектері қолданылған керамикалық бұйымдар көрмесін маусымнан шілдеге дейін ұсынады.
- Гүлбарам Асқарованың заманауи әлемде әртүрлі әлеуметтік рөлге ие бола алатын әйелдер тақырыбындағы көрмесі шілдеден тамызға дейін өтеді.
- Елдос Амангелдиевтің "Басқа портреттер. Екінші өмір" мамандығының адамға әсері туралы көрмесі тамыздан қыркүйекке дейін өтеді.
- Диана Акуалдың "Үйде" концепциясымен суретші үшін үйдің мәні туралы көрмесі қыркүйектен қазанға дейін өтеді.
- "Скрап-и-Я" шығармашылық студиясының "Көмір жүрек" концепциясымен Қарағандыдағы көмір және қаланың экологиялық мәселелері жайлы көрмесі қазаннан қарашаға дейін өтеді.
- Әлия Молдахметова мен Атабек Бекболатов ұлттық тақырыптағы картиналары мен зергерлік бұйымдары топталған көрме қарашадан желтоқсанға дейін өтеді.
- Полина Аубакирова, Галина Калеменскаяның тау және спорт туралы көрме желтоқсан айында басталып, 2024 жылғы қаңтар айына дейін жалғасады.