Тікелей эфир

Алматы маңындағы әлемге әйгілі биік таулы станция жайлы не білеміз?

Фото: КЖА
Фото: КЖА
Алматы тауларында жарты ғасырдан астам үздіксіз жұмыс істеп тұрған, әлемдегі мұзтанушылар (гляциологтар) арасында кең танымал Т1 станциясы бар.

ҚР География және су қауіпсіздігі институты жанындағы Т1 гляциологиялық станциясы 1956 жылы құрылған. Теңіз деңгейінен 3 450 метр биіктікте, Тұйықсу мұздығының етегінде орналасқан. Т1 – КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік елдер аумағында жұмысын жалғастырып келе жатқан жалғыз станция. 67 жыл бойы мұздықты үздіксіз бақылаумен айналысатын бұл нысанның бүкіл әлемге танымал екенін айта кету керек.

Бұл – Ұлы Отан соғысынан кейін кеңес гляциологтары салған әлемдегі ең көне станциялардың бірі. Қазіргі уақытта мұздық Т1-ден бірнеше жүз метрге шегінген. Таулы "стационар" (мамандар оны осылай атайды) Кіші Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан, ал айналасы мәңгілік мұздармен қоршалған. Мұнда мұзтанушылар – жер бетіндегі мұз қабатының массивтерін зерттейтін мамандар жұмыс істейді.

Станцияға бұралаң тау жолы арқылы жол талғамайтын көлікпен немесе жаяу жетуге болады. Ол жерге негізінен туристер, альпинистер немесе әскерилер жаяу барады. Саяхатшылар қолдан жасалған жергілікті цистерна-қонақ үйлерде тұрады. Мұнда көмір, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды қызметкерлердің өздері әкеледі.

Станцияға шамамен 3,5 сағатта жаяу жетуге болады. Егер жылы мезгілде көліктер қатынаса, қыста жаяу жүруден басқа амал жоқ. Жаяу жүргіншілер бағыты "Шымбұлақ" тау шаңғы курортынан басталады, адамдар жолда әдетте Мыңжылқы бөгетінде (биіктігі 3 100 м) аялдайды, станцияның өзі Жастар шыңының етегінде орналасқан (4 147 м).

Ғалымдар бұл жерде жыл бойы жұмыс істейді, барлық деректерді тіркеп, мұздықтың құрылымы мен өзгеруін егжей-тегжейлі зерттеу үшін ара-тұра мұзға шығады. Жергілікті мамандар жұмысының арқасында Тұйықсу мұздығы ТМД-да ең көп зерттелген болып саналады. Оның "қимыл-қозғалысына" қарап, Швейцарияда орналасқан Дүниежүзілік мұздықтарды бақылау қызметінің мұзтанушылары бүкіл Орталық Азиядағы тау мұздықтарының жай-күйін бағалайды.

Кез келген таулы лагердегідей мұнда да көптеген аңыздар мен нанымдар бар. Кей адамдар үшін станцияда түнеу оңай емес екені белгілі. Дегенмен, мұнда мұзтанушылардың тыныштығын қорғайтын осындай ерекше тотем бар.

Жалпы, таулар адамдар үшін ежелден бері ерекше маңызға ие, ал олардың кейбіреулерінің қасиетті мәртебесі бар. Мысалы, мұсылмандар үшін қажылықтың рәсімі өтетін Арафат тауы аса құрметті. Сол секілді, православтардың басты қасиетті орындарының бірі Афон тауы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына енген. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары