Қазақстандық киноактриса Әлия Әнуарбек Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында биыл қатысқан жобалары, жолдасына арнаған фильмі және шығармашылық жоспары туралы айтып берді.
Алғаш рет егде жастағы әйел адамның рөлін ойнадым
– Әлия, сізді қалай таныстырғаным ыңғайлы? Әлия Әнуарбек, әлде, Телебарисова?
– Әлия Әнуарбек деп таныстырсаңыз.
– Жарайды. Кейбір көрермендердің пікірінен фамилияңызға қатысты бір сұрақты байқадым. Олар "неге Телебарисова, ол қазақтың аты ма?" деп жазған екен.
– Негізі, атамның аты – Тілеубарыс. Бірақ, кеңес кезеңінде есімі құжатта қате жазылып кеткен екен. Әкем 9 ағайынды, бауырларының тегі әртүрлі жазылған. Біреуі Тилибарисов болса, енді бірі – Телебарисов. Менің тегім сол телевизиялық фамилия болып тұр ғой (күлді. – ред.). Достарым "тегіңе кино деген сөзді қосып, Телекинобарисова деу керек еді" деп қалжыңдайды.
– Бірақ, сіз қазір әкеңіздің атымен шығып жүрсіз ғой?
– Иә, "Жаужүрек мың бала" фильмі жарыққа шыққанда, титрға солай жазылды. Содан бері әкемнің атын алып жүрмін.
– Осы жазда режиссер Ақан Сатаевтың "Ұлы дала таңы" деген фильмінде Қасым ханның бәйбішесі Ханық сұлтан ханымның рөлін ойнадыңыз. Осы рөлде сіз кейіпкердің 17, 25, 45, 65 жасын алып шыққаныңызды жаздыңыз. Осы процесс қаншалықты оңай не қиын болды? Не дегенмен, өзіңізді бұрын көбіне балауса бойжеткендердің рөлінен көрген едік.
– Бұл – "Қазақфильмнің" кезекті ауқымды жобасы. Осындай тарихи картинаға түскеніме қатты қуандым. Себебі, маған тарихи фильмдердегі атмосфера қатты ұнайды. Ханық сұлтан ханымның образы менің карьерамдағы алғашқы егде жастағы әйел адам рөлі десем болады. Осы жолы маған бірінші рет қартайтып көрсететін грим жасалды. Жүріс-тұрысымды өзгертіп, үлкен адамның қимылын салу мен үшін қызық тәжірибе болды. Қиын болған нәрсе тек грим сияқты. Себебі, гримнен бетімнің терісі зардап шекті. Өзімнің әпкем дәрігер-дерматокосметолог болып жұмыс істейді. Cоған барып, түрлі процедуралар жасатып, бет терісін қалыпқа келтірдім.
Мен бұрын "Жаужүрек мың бала" фильміне түскендіктен, тарихи фильм тақырыбы маған таңсық емес. Сондықтан, бұл жобада мен үшін аса қиын нәрсе болмады. Керісінше, осындай ашық аспан астында түсірілетін жобалар маған ауадай қажет болғанын түсіндім. Табиғатпен тілдесіп, айналамда жүріп жатқан процестен ләззат алдым. Біраз жыл декрет демалысында отырып, кино саласына қайта оралғаныма, бірден осындай үлкен жобаға бекітілгеніме іштей бір қуаныш болды. Оның үстіне бұл – өзімнің сүйікті режиссерім Ақан Сатаевтың фильмі.
– Осы режиссер ғой сізге 15 жасыңызда "Ағайындылар" сериалында Салтанат рөлін ұсынған?
– Иә, сол Салтанаттың рөлі менің бағымды ашты деп айтуға болады. Одан кейін "Жас ұлан", "Город мечты", "Жаным" сериалдарына түстім. Кинопродюсер Әлия Увальжанова менің потенциалымды байқап, сериалдарына түсіре бастады. Осылайша, жақсы тәжірибе жинадым. Ол кезде түсіріліп жатқан фильм, сериалдар саны аздау еді. Асанәлі Әшімов, Владимир Толоконников, Меруерт Өтекешова, Венера Нығматуллина сияқты майталман мамандармен бірге фильмге түсу мен сияқты 16 жасар қыз үшін үлкен бақыт болды.
– "Жаужүрек мың балаға" шақырылғанда, сізге бұрын Сатаевтың сериалында ойнаған актриса ретінде басымдық берілген жоқ па?
– Жоқ, әрине. Бұл деген мемлекет тапсырысымен түсірілген үлкен жоба ғой. Ол жерде бір адамның таңдауы ештеңе шешпейді, кастинг кезінде актерлерге қойылған талаптар да күшті болды. Менің кино әлемінде танысым, әке-көкем жоқ, қарапайым отбасынан шыққан қызбын.
Алдағы уақытта авторлық кинода бақ сынап көргім келеді
– Сіздің кинорепертуарыңызда жағымсыз рөлдер бар ма?
– Бар. "Шыңғыс ханның қызы" деген фильмде мен күшік құшақтаған еркетотай қыздың рөлін ойнадым. Сондай-ақ, "Параллельный мир" фильмінде ұрысқақ модельдің рөлін ойнадым. Ол кезде мен небәрі 18 жаста едім.
– Болашақта жағымсыз, жауыз кейіпкерлерді көбірек ойнағыңыз келе ме? Бұлай сұрауымның себебі, көрермен сізді көбіне нәзік образды актриса ретінде білетін сияқты.
– Cебебі, мені халыққа кеңінен танытқан рөлім "Жаужүрек мың баладағы" Зере ғой. Көбіне фильмдерде басты кейіпкерлер жағымды образдар болатынын білесіз. Ал, жағымсыз рөлдер екінші санатта болғанымен, олар бірден есте қалады. Алдағы уақытта мен де сондай бір жағымсыз рөлге түскім келеді. Басты рөл болсын-болмасын, ол жағы маңызды емес.
– Сіз режиссер Әділхан Ержанов, Эмир Байғазиндердің фильмдерімен таныссыз ба?
– Фестивальге апаратын фильмдерді айтасыз ба?
– Иә, солай десек те болады. Осы режиссерлер қазір арт-хаус жанрында түсіріп жүр. Сондай жанрдағы жобаларға қатысып, көрерменге жаңа қырыңыздан көрінгіңіз келе ме?
– Иә, авторлық кинода да бақ сынап көргім келеді. Жалпы, өзіме комедиядан гөрі драма жанры жақын екенін байқаймын. Адамға ой саларлық, терең рөлдерді ойнағым келеді. Егер жақсы ұсыныс түсіп, сценарий ұнап жатса, ойнауға дайынмын.
– АҚШ-та кино өнері бойынша дәріс алған актрисасыз, ағылшыншаңыз да жетік. Сізді болашақта сол жақтың кино саласынан көріп қалуымыз мүмкін бе? Жалпы, ондай арман-мақсатыңыз бар ма?
– Неге бармасқа? Мен кез келген жаңа нәрсеге, өзгеріске дайын адаммын. Біздің мәдениетімізді, өнерімізді шетелде дәріптеп жатсам, шынымен керемет болар еді. Әрине, әзірше бұл арман ғана, дәл қазір тап басып ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, бұл өмірде бәрі мүмкін.
– Ал режиссураға көзқарасыңыз қандай? Жақында ғана өзіңіздің жолдасыңыз туралы фильмге режиссер болдыңыз.
– Фильмді монтаждау процесін бұрыннан ұнатамын. Мұрағатымда өзім түсірген видео көп. Бірақ, оларды ешқашан жариялаған емеспін. Жалпы, өзімнің жеке өмірімді көпшілікке көрсетпедім. Осы жолы жолдасым туралы фильмге үлкен жауапкершілікпен кірістім. Мұны өзімнің қыздарыма арнап жасап жатқандықтан, мінсіз болғанын қаладым. Сондықтан, оны жасауға жарты жыл уақыт жұмсадым. Фильмде жолдасым Азаматтың достары, туыстары сөйледі, оған бұрынырақта өзім түсірген видеоларды қостым. Жолдасымның қандай адам болғанын, іс-әрекеті, күлкісі, жүріс-тұрысын осы видеолар арқылы көрсете алдым деп ойлаймын. Процесте бастан-аяқ режиссураға жауап бергендіктен, фильм соңында өзімді режиссер деп көрсеттім.
– Актердің жұмысы түсірілетін жобаларға тікелей тәуелді, қашан кастингке шақыратынын білмейсің. Оның үстіне, Қазақстанда жыл сайын айтарлықтай көп жоба түсірілмейді. Киноға түскеннен басқа немен айналысатын ойыңыз бар?
– Мен жалпы шығармашылық саласында істегім келеді. Кино саласына қатысты жобалармен айналыссам деймін. Сонымен қатар, мені психология саласы мен фотоөнер қызықтырады.
– Психология демекші, инстаграмда әйелдерге арналған "New Me" жобасында спикер болғаныңызды көрдім. Коуч болғыңыз келмей ме? Байқасаңыз, қазір өнер саласындағы әріптестеріңіздің арасында марафон өткізушілер көбейді.
– Ол үшін кәсіби білім керек қой. Арнайы білім алмайынша, "мен психологпын, коучпын" деп жар салғым келмейді. "New Me" жобасында мен тек өз тәжірибемді баяндадым, ал қалған жұмыс – кәсіби психологтардың еншісінде. Инстаграмдағы жеке парақшамда да ешкімге өз бетімше кеңес бермеймін, міндетті түрде кәсіби психологпен тікелей эфир жасаймын. Себебі, біреуге зиян жасап қоям ба деп қорқамын. Кәсіби маман болмаса да, марафон өткізіп жататындар бар. Мен олай істегім келмейді, себебі, арнайы білімім жоқ. Алдағы уақытта психологияны өзім үшін оқып алғым келеді.
– Өзіңіз психологпен қашаннан бастап жұмыс істей бастадыңыз?
– Былтырдан бері.
– Сіздің салаңызға қатысты шаралардың көбі Алматыда өтеді. Сол жаққа көшу жоспарыңызда бар ма?
– Иә, Алматыға көшуді жоспарлап жүрмін. Біразға дейін елордадан көшкім келмегені рас. Алайда, менің ата-анам мен туыстарым, Азаматтың ата-анасы Алматыда тұратындықтан, сол жаққа барғаным өзіме де жақсы болатынын түсініп жүрмін. Кастингтер де көбіне Алматыда өтеді. Ондай кезде маған балаларды 2-3 күнге бала күтушісіне тастап кетуге тура келеді. Осы жері ыңғайсыз, сондықтан көп кастингтен қалып қойып жүрмін.
"Егіз-лебіз" жобасы менің депрессиядан шығуыма көмектесті
– Биыл "Егіз-лебіз" шоуына қатыстыңыз. Бұл жоба сізге не берді?
– Жолдасым қайтыс болғаннан кейін мен ешкімді көргім келмеді. Тіпті ата-анамнан да маған көп хабарласпауын өтіндім. Бала күтушісіне де үйге келмеңіз дедім. Екі ай бойы үйде болдым, балалармен уақыт өткіздім. Бір күні өзімнің қайғыдан бас көтермей, тұңғиыққа батып бара жатқанымды сездім де, мұны дереу тоқтату керек деп шештім. Дәл сол сәтте мені продюсер Алтынбек Рахметов "Егіз-лебізге" шақырды. Маған да керегі осы еді, бірден келістім. Себебі, жобада жаңа адамдармен танысып, жаңа эмоциялар алатынымды білдім. Менімен бірге ән шырқаған Әлішер Кәрімовпен бұрын таныс емес едік. Шынымды айтсам, маған дәл сол сәтте сахнаға кіммен шығатыным маңызды емес еді, әйтеуір, шықсам болды дедім. Себебі, ән салу мен үшін өте мықты терапия болды. 4 ай бойы бәріміз бір қазанда қайнадық, түрлі сахналық образдар, әдемі әндер болды. Жобадан өзіме жақсы достар таптым. Әлішер екеуіміз жартылай финалға дейін жеттік, бұл да үлкен жетістік. Осы шоуға қатысқаныма сондай ризамын. Сіз мұндайға сенесіз бе, білмеймін, бірақ, осы жобаны маған марқұм жолдасым Азамат жіберді деп ойлаймын.
– Жартылай финалдағы Шарль Азнавурдың әнін жолдасыңызға арнап шырқадыңыз ба?
– Иә, дәл солай. Шарль Азнавурдың әйгілі "Une vie d'amour" ("Мәңгілік махаббат") әнін мен бұрыннан жақсы көремін. Бұл әннің менің өмірімде алатын орны ерекше. Сөздерін сіз де білетін шығарсыз, бұл – мәңгілік махаббатты жырлайтын сондай мағыналы шығарма. Осы әнді жолдасым екеуміздің Париж қаласында бал айында болғанымыз туралы фильмге қосқан едім.
Жартылай финалда әнді Әлішер екеуіміз шырқауымыз керек болатын. Бір таңғаларлығы, Әлішер осы концертке келе алмай қалды. Бұл бекерден-бекер емес деп ойлаймын. Осылай болуы тиіс еді. Бұл әнді жалғыз өзім орындап шыққанда мен жолдасымды ойымнан біржолата босатқандай болдым... Оған дейін қолымнан неке жүзігін тастамай тағып жүргенмін, осы әннен соң жеңілдеп, сақинамды шештім. Жолдасыма іштей "мен сені көкке жіберемін, бірақ, сен әрдайым менің жүрегімдесің! Бұл өмірде сенің өз жолың болды, ендігі жерде мен біздің жолымызды балаларымызбен бірге жалғастырамын" дегендей болдым.
– Осы жартылай финалда сіздер шоудан шықтыңыздар. Соңында сіз "мен бүгін сөйлейтін сөзімді дайындап келдім" дедіңіз. Осы жолы жарыстан шығатыныңызды іштей сездіңіз бе?
– Басқалар үшін бұл кезекті бір шоу шығар, ал маған "Егіз-лебіздің" бергені көп. Сондықтан, алдын-ала сөзімді дайындадым, сахнада толқып кетпей, әдемі сөйлегім келді. Бізге дауыс берген барлық жанашыр жандарға шын жүректен алғыс айтқым келді. Мен жобаға біреуді жеңу үшін емес, өзімді жеңу үшін қатыстым. Депрессияға батып, өз әлемімде қалып қоймауыма осы шоу көмектесті. Интернетте "Бұл қыз сахнада не істеп жүр? Қазадан соң қара жамылып бір жыл үйде отырмай ма?" деген бірді-екілі пікірді көзім шалды. Ол кісілерді де түсінемін, әр адамның таным-түсінігі әртүрлі дегендей. Алайда, мен шығармашылық адамы болғандықтан, бір жыл бойы үйде отыру мен үшін өліммен тең болар еді. Балаларым да анасының бақытты бейнесін көргенін қаладым. Сол себепті "Егіз-лебізге" қатысуға шешім қабылдадым және мұным дұрыс болды деп ойлаймын.
– Шоуға қатысуға ұсыныс түскен кезде ата-аналарыңыз не деді?
– Ең алдымен ата-енемнің пікірін сұрадым. Олар бірден келісті. "Әлия, бұл сенің жұмысың ғой, біз қарсы болмаймыз. Сен сахнаның адамысың" деді. Шынымды айтсам, олардың келісетініне менің күмәнім болған жоқ. Ата-енем мені барынша қолдады. Бала күтушісі келмей тұрғанда, қайын атам апта сайын Алматыдан ұшып келетін. Мен жобаға қатысуға кеткенде балаларға қарап қалатын. Жолдасым туралы фильмді дайындауға бір айға кеткен кезімде де ата-енем балалардың қасында болды.
– "Егіз-лебіздің" бір бағдарламасында сіз "Ағайындылар" сериалы жарыққа шыққан кезде сыныптас төрт қыз мені қызғанып, соққыға жықты" деген едіңіз. Одан кейінгі өміріңізде, карьерада сондай қызғаныш, бақталастық кездесті ме?
– Ондай жағдай тек мектепте болды. Қазір ол қыздар есейіп, өздерінің қателігін түсінді деп ойлаймын. Мен оларды кешірдім. Карьерада, жұмыс барысында бұл нәрсе қайталанбады. Карьерамды ерте бастағандықтан болар, қазір достарымның басым бөлігі – кино саласының адамдары.
Азамат өзі кетсе де, осы фильм арқылы адамдарға жақсылық жасауын жалғастыра береді
– Денис Тен екеуіңіз жақсы дос болғандарыңызды парақшаңыздағы суреттерден байқадым.
– Иә, Денис екеуіміз Орал қаласында өткен бір шарада танысқанбыз. Денис мен үшін нағыз періште еді. Жалпы, маған достарымның танымал, бай болғаны маңызды емес. Бастысы, оның жан дүниесі бай болса болғаны. Денистей тамаша адаммен достаспау мүмкін емес еді. Құндылықтарымыз да, өмірлік көзқарасымыз да ұқсас болды. Кім біледі, біз бәлкім өткен өмірімізде кездескен шығармыз? Осы Дениспен танысқан соң, қыз бен жігіттің арасында достық болатынына сендім. Өмірімде Денис сияқты досымның болғанына қатты қуанамын. Жолдасым Азамат та онымен жақсы араласты. Денис пен Азамат менің өмірімде болған екі періште дер едім. Екеуінің миссиясы қысқа болса да, мәнді өмір сүріп, адамдарға жол көрсетіп кету болған сияқты. Денистің анасымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын.
– Тимур Балымбетовтің сізден алған сұхбаты қазірге дейін миллион рет қаралыпты. Ол сұхбаттың осылай қаралым жинауына себебі не деп ойлайсыз?
– Шынайылық шығар. Адамдар шынайы баяндалған оқиғаны жоғары бағалайды. Бұл – айдаладағы америкалықтың емес, қарапайым қазақ жігітінің, қазақ отбасының оқиғасы. Бұған дейін өзімнің жеке өмірімді әлеуметтік желіде көрсетпей келгенмін. Көз тиеді дегенге сендім. Отбасылық өміріммен мақтанғанды артық көрдім. Азамат туралы фильмді де көпшілікке көрсетсем бе, көрсетпесем бе деп ұзақ ойландым. Достарымыз маған "Әлия, сен бұл фильмді балаларыңа арнап жасағанмен, ол басқа адамдарға да керек. Азамат өзі кетсе де, осы фильм арқылы адамдарға жақсылық жасауын жалғастыра береді" деді. Шынымен де солай екен. Фильмді жариялаған соң, мен көп адамның жылы лебізін естідім. Бір жігіт маған "осы фильмді көрген соң, мен отбасымның қаншалықты маңызды екенін түсіндім" деп жазды. Осы фильмнің арқасында ең құрығанда бір отбасын ажырасудан сақтап қалсақ, керемет емес пе? Фильм біраз адамға ой салып, өзінің отбасылық құндылықтарын қайта қарап, бір-біріне сүйіспеншілікпен қарауына көмектеседі деп үміттенемін.
– Балымбетовтің бағдарламасына іштей әбден дайын болған кезде бардыңыз ба?
– Әлеуметтік желіде Азамат туралы тек жақсы естеліктер жазып жүрдім. Оның қандай жақсы адам болғанын айтып, бүкіл әлемге жар салғым келді. Бірақ, оқырмандар "ол неден қайтыс болды?" деп қайта-қайта сұрай берді. Мен олардың қызығушылығын түсінемін. Кейбіреулер "коронавирустан қайтыс болған екен" деп өтірік әңгіме құрастыра бастады. Осындай хаттарды оқи бергеннен мен де шаршап кеттім. Бар күшімді жинап бір рет сұхбат беріп, бұдан былай ол тақырыпқа қайта оралмаймын деп шештім. Тимур Балымбетовтің репутациясына сенгендіктен, соның бағдарламасына бардым. Бірақ, сұхбат дәл осылай көп қаралады деп ойламаппын. Қаншама адамдар жақсы тілектерін жазып жатыр. Барлығына ризамын, олардың жылы лебізі маған қуат береді. Бір-екі адам ғана "сұхбат неге қазақ тілінде емес?" деп жазыпты, қалғанының бәрі оң пікір екен. Мектепте орысша оқыдым. Егер мен қазақ тілінде сұхбат берсем, ол өте құрғақ, қысқа болып шығар еді. Себебі, маған ойымды орыс тілінде жеткізген оңайырақ. Осындай бірді-екілі пікір болмаса, қалған адамдар мені қолдаған екен.
Күнде көріп жүрген адамыңнан айрылу деген өте қиын нәрсе. Азамат менің ең жақын досым еді. Ол жан-жақты, өте ақылды жігіт болатын. Екеуміз бірге уақыт өткізгенде бізге басқа ешкім керек емес еді, оның қасында ешқашан ішім пыспайтын. Күндіз-түні жанымда болған осындай ет жақынымнан айрылғанда, мен ішімдегі шерді инстаграм арқылы шығардым, көңілім бөліну үшін оқырмандарыммен тілдесе бастадым.
– Иә, қазір әлеуметтік желіні белсенді түрде қолдана бастағаныңызды байқадым. Соңғы кезде сториздеріңізде "реакция қалдырыңыз" дейтін болдыңыз. Бұл жарнама берушілерді тартудың жолы ма?
– Иә. Бұған дейін біздің отбасымыздың асыраушысы Азамат болды. Ол кезде мен қалай ақша табам, отбасын қалай асыраймын деп бас қатырмадым. Қазір енді үйдің асыраушысы – өзім, қыздарымды жеткізуім керек. Сол себепті инстаграмды табыс көзі ретінде де қолданып көрмекпін. Бұған дейін маған қаншама адамдар ұсыныс жасаса да, бас тартып келген едім. Блогшы достарыммен ақылдасқанымда, олар жарнама берушілер парақшаның белсенділігіне, күніне қанша адам қарап, лайк басатынына баса назар аударатынын айтты. Сол үшін мен қазір "реакция қалдырыңыз" деп жазып жүрмін. Маған жарнама берушілер келген күннің өзінде бәрін бірдей жарияламаймын. Себебі, ол – үлкен жауапкершілік. Ақша берді екен деп, көрінген нәрсені халыққа ұсына алмайсың ғой. Көңілімнен шыққан, сапалы дүниені ғана жарнамаламақ ойым бар.
– Жақында фан-клубыңыздың парақшасын жүргізетін қызды үйіңізге қонаққа шақырдыңыз. Сізге фан-клубыңыз болғаны қаншалықты маңызды?
– 11 жасымнан бастап сахнада жүргендіктен бе екен, менде ешқашан жұлдыз ауруы деген болған жоқ. Адамдар менің еңбегімді бағалап, құрметтеп жатса, әрине, қуанамын. Бірақ, мен осындаймын, фан-клубым мынадай деп ешқашан даңдайсып көрмеппін. Фан-клубтың парақшасын Инабат есімді қыз ашқан. Оның осы парақшаны 7 жылдан бері ерінбей, үлкен ықыласпен жүргізіп келе жатқанына таңғаламын. Осы еңбегін бағалап, рахмет айту үшін биыл үйіме шақырдым. Мен оның өнер адамдарымен танысқанын қаладым, оған шығармашылық адамдарының атмосферасы қызық болар деп ойладым. Сондықтан, өзіммен бірге "Егіз-лебізге" ертіп бардым. Инабат өзі көп сөйлемейтін, ұяң қыз. Елордаға сапардан соң, әсерленіп, ашылғаны сондай, "Қазақстан даусы" жобасына қатысуға өтініш білдіріпті, өзіне қалалық жерден жұмыс тауыпты. Оның қонаққа құр келіп-кетпей, мотивация алып, өз потенциалын ашып жатқанына өте қуаныштымын.
– Оқырмандарға айтарыңыз бар ма?
Біз әрқашан бақытты алыстан іздейді екенбіз. "Мен мына нәрсені сатып алсам, бақытты болам", "мен ана қалаға барсам, бақытты болам" деп шартты раймен сөйлейміз. Ал бақыт деген дәл қазіргі сәт екенін көбіне түсіне бермейді екенбіз. Адамдар бір-бірінің қадірін біліп, бірге өткізген әрбір сәтті бағалай білсе екен деймін.