Тікелей эфир

Әкесіз қоғам: Қазіргі бала тәрбиесіне не жетіспейді?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Мамандар әкенің ұл баланың өміріндегі рөлі туралы әңгімеледі.

Бостон қаласындағы Massachusetts бас ауруханасының психиатрия бөлімінің мамандары 2023 жылы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ауқымды зерттеуінің нәтижесін жариялады. Осы бөлімнің "Әке болу" атты коммерциялық емес бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның аясында ер азаматтар бала тәрбиесінде өзінің қандай рөлі барын ұғынып қана қоймай, алған білімін практика жүзінде іске асырады. Тек балалары емес, әйелдеріне моральдық тұрғыдан қолғабыс болудың қыр-сырын үйренеді. 

Зерттеуде әке махаббаты мен қамқорлығын сезініп өскен баланың бестік баға алу мүмкіндігі әкесіз өскен балаға қарағанда 43% жоғары болатыны, сондай-ақ өскенде қылмыскер болу/болмауының да тікелей осы фактормен байланысты екені жазылған. Мамандар тапқан статистика бойынша, қазір түрмеде отырған азаматтардың 80 пайызы тура және жанама мағынасында әкесіз өскен. Бұдан өзге Psychology Today мәліметінше, әке баланың қоғамда өзге адамдармен жақсы қарым-қатынас құра білуіне және өзіне сенімді, лидер азамат болып өсуіне тікелей әсер етеді. Осы орайда отандық мамандардан отбасындағы әкенің рөлі қандай болғанын, бұл рөлдің уақыт өте келе қалай трансформацияланғанын, әкенің ұл бала өміріндегі рөлі және олардың аса сезімтал болуы себебі туралы сұрап көрдік. 

Әке қамқорлығын сезініп өскен баланың артықшылығы қандай?

Massachusetts мамандары жүргізген зерттеудің есебінде әкенің бала тәрбиесіне араласуының нәтижесінде шығатын 10 оң факторын атады:

  1. Ана мен бала арасындағыдай әке мен нәресте арасында да алғашқы күндері бауыр басу процесі жүреді. Бұл үшін ер азамат та әйелі секілді баласымен эмоциялық байланыс орнатады.
  2. Әкенің балаға деген сезімін көрсете білуі емшек еметін нәрестеге өте жақсы әсер етеді. Әсіресе, шала туған балалардың салмағы артып, ана сүтінен алатын пайдалы заттар жақсы сіңіріледі. 
  3. Әкенің тәрбиеге ата-ана беделін пайдалана отырып араласуы (жақсы көре отырып қатаң шекара сақтау, жетістікке жетуін күту) эмоциялық, академиялық, әлеуметтік және мінез-құлық көрсеткіштерінің жақсаруына әкеледі. 
  4. Әкесімен жақындықты сезініп өскен баланың колледжге түсу, мектептен кейін жұмысқа орналасып кету мүмкіндігі екі есе жоғары. Жасөспірім кезде балалы болу көрсеткіші – 75%, түрмеге түсу жиілігі 80% төмен болады. Мұнымен қатар, депрессияның әртүрлі түріне екі есе аз шалдығады. 
  5. Әке баланың дамуында шешуші рөл атқарады. Әкесіз өсу нәресте күйден ересек өмірге балалық шақ атты жол арқылы баруға кедергі келтіреді. Әке бала күнде салған психологиялық жарақат өмір бойы сақталады. 
  6. Бірге өткізген уақыттың көптігі емес, сапалы болуы маңызды.
  7. Баланың өзіне сенімді және қарым-қатынас орната білуі, әр әрекеті үшін жауап бере алуы тікелей әкемен байланысты. Әке тәрбиеге араласқан балалар тәртіпсіздік аз жасайды. 
  8. Әке қамқорлығын сезініп өскен балалардың мектепте бестік баға алу мүмкіндігі 43% жоғары. 
  9. Кедей отбасынан шығатын балалардың қылмыскер болуына тосқауыл қояды. 
  10. Әйелдердің депрессияға шалдығу көрсеткішін төмендетеді және әртүрлі психологиялық проблеманы азайтады. 

Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?


Әкесіз қалған балалар физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа 5 есе жиі ұшырайды – статистика

Psychology Today зерттеушілері де жоғарыдағы факторлармен толықтай келіседі. Сондай-ақ олар әкесіз өсудің теріс жақтары бұл факторлардан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Олар негізінен – баланың өзіне берер бағасының төмен болуы, физикалық және эмоциялық қауіпсіздікті сезінбеу, өзін үнемі тастанды баладай сезіну, айналып келіп өзін қайта-қайта жек көру және:

  • тез достасып кете алмайды, бар энергиясын іштегі қорқыныш, реніш, мазасыздық, бақытсыздық сезімін басуға жұмсайды;
  • сабақтан жиі қалып, үлгерімі нашарлайды, үлкен өмірде академиялық, мамандандырылған квалификация алуы қиындайды. Мектептен шығып қалған оқушылардың 71 пайызы – жетім өскен балалар;
  • түрмедегі адамдардың 85 пайызының әкесі жоқ, яғни әкесіз өскендер заң бұзуға бейім келеді;
  • ерте жыныстық қатынасқа түсіп, жасөспірім кезінде жүкті\балалы болады;
  • өзіне өмірлік жар етіп әкесіне ұқсайтын немесе еске түсіретін жасы үлкен адамды таңдайды;
  • ішімдік ішіп, есірткі шегеді;
  • үйден қашқан жасөспірімдердің 90 пайызының әкесі жоқ;
  • әкесіз қалған балалар физикалық, эмоциялық және жыныстық зорлық-зомбылыққа 5 есе жиі ұшырайды;
  • екі биологиялық ата-анасымен бірге тұрмайтын мектепке дейінгі жастағы балалар жыныстық зорлық-зомбылыққа 40% жиі ұшырайды;
  • психосоматикалық, ауыр, созылмалы ауруларға жиі шалдығады;
  • психологиялық денсаулығы нашар, депрессияға, өзіне қол салуға бейім келеді;
  • ерте отбасын құрғанмен, оны сақтап қала алмайды. Некеден тыс баласының болу ықтималдылығы жоғары;
  • әкесіз өскен балалардың өмір жасы 4 жасқа қысқа, көбінесе бала күнінде көз жұмады. 

"Біздің әкелеріміз" неге бала тәрбиесіне араласпады?

Психолог Назира Бурханова мұны КСРО саясатымен және елдің экономикалық жағдайымен байланыстырады. 

"Кеңес одағы адамдарға жұмыс күші деп қарағандықтан, отбасындағы әйел мен ердің рөлін бөлу тиімді болды. Яғни, еркек түздің адамы, жұмыс істеуі керек, отбасын асырайды, ал әйел шаңырақты берекелі етіп, бала-шағаға қарайды. Кейін жұмыс күші жетпегендіктен, әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, тағы да ақша табушының рөлін өз мойнына алуы керек болды. Тіпті КСРО заманында бала туылған соң бірден балабақшаға беру тәжірибесі кездеседі. Мұның балаға қаншалықты ауыр екенін психоаналитик Джон Боулбидің зерттеулерінен жақсы білеміз. Арасында заман талабына сай рөлдер ауысып отырды, бірақ 90-жылдары әке-шешеге де, сол уақытта бала болған адамдарға да ауыр тиді. Елдегі экономикалық жағдай тұрақсызданып, ер азаматтар ақша табушы рөлінен айырылды, ішімдікке салынды. Осыны көріп өскен балалардың отбасы моделіне деген көзқарасы өзгерді, дәлірек өзіне үлгі болатын модель таппады. Қазір қыз балалар көбінесе шешесі секілді қиналып өмір сүргісі келмейді, отбасын өзі-ақ асырай алатынын жақсы түсінеді. Ал 90-жылдары әйелдер күйеуінің соққысына да төзді, баласын да бақты, жұмысқа да үлгерді, күйеуінің жұмыссыздығына да көнді. Осы бір кезеңде көптеген бала әке махаббатын сезінбей өсті. Өз кезегінде отбасындағы беделін бұрынғыдай ақша арқылы бекемдей алмаған әкелер қатал болуға көшті. Ал қатыгездік пен жаза бар жерде ешқандай тәрбие болмайды", – деді Назира Бурханова. 

Дегенмен психолог қазір керісінше баласымен эмоциялық байланыс орнатуға тырысатын әкелердің көбейгенін айтады. Оған Мәскеудегі психоанализ институтының соңғы 5-6 жыл көлемінде жүргізген зерттеуі дәлел. Сондай-ақ, Назира Бурханова ұл балалардың аса сезімтал болуына, көз жасына еркін ерік беруіне қатысты пікір білдірді. 

"Зерттеудің жақсы хабары көп. Заманауи әкелер бұрынғыдай "Шаршап тұрмын, қоя тұршы, шешеңе баршы" деген сөздерді айтпайды. Тіпті бір жерде басшы болса да, хабарласқан баласына уақыт табады. Бұрын бала тәрбиесіне мектепке дейінгі жасқа келгенде араласса, қазір нәресте дүниеге келген сәттен бастап қызығушылық білдіреді. Анасы жоқта баласымен қалып, түн ұйқысын бөліп, жөргегін де ауыстырады. Осы тұста әйел адам жақсырақ жасайды деп ер адамды кеудесінен итерудің қажеті жоқ. Әйтпесе ер адам өзін қажет ететін жер табады. Осылайша ХХІ ғасырдың әкелері "қамқорлық, махаббат және түсіністік" арқылы тиімді инвестиция жасайды. Қазіргі әкелердің тағы бір ерекшелігі – бала тәрбиесіне қатысты зерттеулер мен жаңалықтарға мониторинг жасап, қажет болса курстарға қатысуы. Олар баланың қайда жүргенін біліп қана қоймай, қиындықтары, достары және қызығушылықтары туралы да тереңірек білуге тырысады. Ажырасқан соң да өзін жоқтатпай, бала өміріне араласады. Барлық жағдайда болмаса да, "жаңа заман әкелерінің" көбісі баланы шешесіндей-ақ жақсы тәрбиелей алады. Тағы бір мәселе – ұл балалардың сезімтал болып келуі. Әлеуметтік желіде қыз балаға ренжіп жылап қалып жатқан немесе бір жерін соғып алса, өкіріп жылайтын балаларды жиі көріп қалып жатамыз. Мұны әйел адам беретін тәрбиемен байланыстыру қате. Бар болғаны қазір білімді жас ата-аналар ұл балалардың қарапайым эмоциясы бар адам екенін түсінеді, мойындайды. "Ауруын жасырған өледі" деген мақалды "Сезімін жасырған сынады" деп өзгертуге болатын шығар", – деді Назира Бурханова. 

"Баланың басында әкенің үш түрлі рөлі болады"

Отбасылық психолог, коуч Лаура Сүйіндік әкесіз өскен балалардың керісінше ересек, қатты мінезді болып көрінуге тырысатынын айтады. 

"Махаббатқа бөленіп өскен баланың басында ана мен әкенің толыққанды образы болады. Осы іштегі көрінбейтін тірегінің арқасында өзін тығырыққа тіреген жағдайдан мүдірместен алып шығады, қажет кезде қорғайды. Ең бастысы – кез келген жаста балаша мәз болып, эмоциясын көрсетуден қорықпайды, жаны ауырған кезде көз жасына ерік береді. Сондай-ақ кішкене қиындыққа тап болса, сағы сынып, артқа тартып, үнемі жылайтын жасөспірімдер, ересектер болады. Бұл инфантилизмнің белгісі – гиперқамқорлықта өскендер немесе шынайы өмірін қабылдай алмай, регрессияға ұшырағандар. Ал тым қорқақ немесе өзін керісінше батыл, ересек етіп көрсеткісі келетін балалар мен жасөспірімдерде әке образы дұрыс қалыптаспаған. Ол өзін қорғансыз сезінгендіктен, сырттай мықты болып көрінуге тырысады, көп күлмейді, көңіл көтерудің не екенін білмейді. Ал өзін бұлай көрсете алмағандар зорлық-зомбылыққа ұшырайды", – деп түсіндірді Лаура Сүйіндік.


Оқи отырыңыз: Несиеге iPhone не қымбат көлік алуға адамды не итермелейді? Психоаналитиктер түсіндірді


Мұнымен қатар психолог баланың басында әкенің үш түрлі рөлі болатынын айтты:

  • бала ерекше жақсы көретін, құрмет тұтатын, ұқсағысы келетін образ;
  • қолында билігі бар, балаға қамқор бола алатын адам;
  • шектеу қоятын, ережелерді түсіндіретін, қауіп төндіретін әке образы. 

"Ұл балада әкеге қатысты өмір бойы екі сезім болады. Бірі агрессияға, екіншісі махаббатқа толы. Дәлірек ұл бала әкені қарсылас көріп, оны анасының өмірінен ысырғысы келеді, екінші жағынан бала бейсаналы әке қамқорлығына зәру екенін түсінеді, шын жақсы көреді. Көбіне әйел адамдар осы бірінші сезімнің жетегінде кетіп, өз баласын бейсаналы түрде қалай күйеуіне айналдырып алғанын білмей қалады. Бала туа салысымен тіл, заң, ережелерге қатысты жасырын қажеттіліктерін әкесі арқылы қанағаттандырғысы келеді. Әкесінің арқасында іштей жетіспей тұрған бір бөлшегін түгендейді. Мінсіз әке деп өз баласын өзінің теңі көретін, тәрбие мен өміріне белсенді араласатын азаматты айтамыз", – деді маман. 

Лаура Сүйіндік әке балаға ережелерді үйрету арқылы қоғамға жол ашып қана қоймай, өзінің жынысын тануға, іштегі "Мен" образын қалыптастыруға, өзіне берер бағасын көтеруге және әр әрекетінің астарында не жатқанын түсінуге көмектесетінін айтады. 

"Бала қоғамға сіңісуі үшін толық отбасында тәрбиеленуінің өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені әке мен ана махаббатының арасында айырмашылық жетерлік. Бала тура және жанама мағынасында әйелдің ішінен шығатындықтан, бұл риясыз махаббат. Ал әке махаббатына лайық болу қажет және бұл ережені бала алғашқы күндері-ақ түсіне бастайды. Осылайша бала әкесін өзіне қарату үшін қоғамда қалыптасқан талаптарға сай болуға тырысады және әкесі меңзеген биік белестерді бағындырады. Әке үшін бала өз ұрпағын жалғастырушы, атадан балаға мирас болып қалатын жадыдағы ақпаратты тасымалдаушы. Осылайша, әке – бақылаушы, талап қоюшы, тәртіп орнатушы және санкциялар салушы. Әйел балаға адамдар арасындағы махаббаттың қандай болатынын көрсетсе, әке қоғамға жол ашып береді. Әлем, еңбек, техника, қоғамға апарар жол туралы ақпарат береді. Осы тақырыпты тереңінен зерттеген Эрих Фром баланың дұрыс дамуы үшін әкенің де, ананың да махаббаты тең мөлшерде болуы керектігін айтқан. Зерттеуінше, бірі доминанта болса, бұл да балаға теріс әсер береді. Сондай-ақ, әке махаббатының болмауы іштегі "Меннің" түзілмеуіне, эмоциялық тұрғыдан тұрақсыз болуға, агрессияға себепші", – деді Лаура Сүйіндік.

"Қазақы тәрбиені білгіміз келсе, арадағы 100 жылды алып тастауымыз керек"

Отбасылық психолог, Otbasy.academy негізін қалаушы Ержан Мырзабаев қазақ халқының ұлын да, қызын да өзіне сенімді, лидер етіп тәрбиелеу үшін барын салғанын айтады. Осы орайда ол қазақы тәрбие мен КСРО саясатын шатастырмауға шақырды. 

"Біздің менталитет" деген ұғымда проблема бар. Қазақтың менталитеті мен салт-дәстүрін КСРО-нікімен шатастырамыз. Бүгін "Біздің салт-дәстүрімізде" деп сөйлейтін адамдар оны әкесі мен анасынан көргенін айтады. Ал ол кісілер кеңес одағы заманында өмір сүрді, әкелер күнара ішімдік ішетін. Ол да мұны әкесінен көріп істеді. Егер қазақы тәрбиені іздейтін болсақ, арадағы 100 жылды алып тастауымыз керек. Кеңес заманында адамның тұлға болуына, еркін ойлап, шығармашылықпен айналысуына шектеу қойылды, барынша сағын сындыруға тырысты. Ер азаматтар таңнан кешке дейін жұмыста көрген авторитарлы режимді үйінде қайталады. Өкінішке орай, кеңес одағының салт-дәстүрі мен менталитеті себебінен қазір жастарымыз қазақ болудан ұялады. Ал нағыз қазақ салт-дәстүрінде барлығы заман талабына сай жүзеге асып отырды. Баланы еркелетіп, ойнатып, бірге уақыт өткізген. Шын мәнінде тәрбиенің қандай болғанын тарихтан біле берсек болады. Ата-бабаларымыз Ресей, Қытай секілді алпауыт империялардың ортасында тұрып ұлан-ғайыр жерді сақтап қалды. Ал мұндайды еркін ойлы, сүйіспеншілік пен махаббатты сезініп өскен, өзіне сенімді, ақылды ұрпақ қана жүзеге асыра алады. Егер әке-шеше балаға қатыгездік танытқан болса, оның өзіне сенімді, лидер болып өсуі мүмкін емес еді. Қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі әлі дұрыс зерттелмеген және зерттелгенінің өзін заман талабына сай түсіндіруіміз керек. Менталитет мәселесіне келетін болсақ, ол – ғылымның жүзеге асу жолы. Мысалы, ғылымда әке мен ұл бала бірге сапалы уақыт өткізуі керек деп жазылды делік. Осыны оқыған Американың әкесі ұлымен барып бейсбол ойнайды, ал қазақтың әкесі асық ойнайды, садақ атады, атқа мінеді. Менталитет деп осыны айтады", – деп түсіндірді Ержан Мырзабаев.  

Мұнымен қатар, психолог ер азаматтардың бала тәрбиесіне эмоциялық тұрғыдан араласуы маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, қарым-қатынас баладан әке-шешеге қарай емес, керісінше құрылады. Яғни бала ата-анасына еркін ашыла алмаса, себеп екінші тарапта. 


Оқи отырыңыз: Сіз үнемі кешігіп жүресіз бе? Прокрастинацияны жеңуге арналған 5 әдіс


"Тәрбиеде әке мен шешенің өзіндік рөлі бар. Ер адам өз қабілеттеріне қарай физикалық жұмыстарға, ал әйел адам шығармашылыққа көбірек баулуы мүмкін немесе керісінше. Осы күнге дейін балалардың анасына жақын өскені рас. Өйткені ер азаматтар қатал, суық болып келеді, бауырына баспайды. "Мен шаршап келдім, шайым мен тамағым қайда?" деп айқайлап жатқан адамға ешкім жолағысы келмейді. Көп ер адам "Бала-шағам үшін жүрмін" деп сылтау айтады. Бұл Iphone мүмкіндігінің тек 10 пайызын қолданумен тең. Әйел адамдарды алсақ, олар үйге екінші жұмысқа бара жатқандай болып барады. Ал ер адамдар керісінше. Егер ер азаматтар әйелдер секілді ойын өзгертсе, үйге барғанда олардың да энергиясы тасып тұратын еді. Өзімізді бұрынғы ата-бабаларымызбен салыстырудың қажеті жоқ. Олар күндіз-түні жауға шауып, өзін салмақтылығы мен игі ісі арқылы сыйлата білді. Отбасына ешқандай қатыгездік көрсетпеді", – деді психолог. 

Ержан Мырзабаев ажырасқан соң өмірге нүкте қоймай, екінші рет отбасын құрудың бала үшін де жақсы тұстары барын айтты. Сондай-ақ жар таңдауда жаңылмау маңызды екеніне тоқталды.  

"Әкесін жоғалтқан бала, ең болмағанда анасынан айырылмауы керек. Әркімнің өз рөлі бар. Егер баланы бір күні 150% көбірек жақсы көремін, ертең әкесі секілді айқайлап, ұрысамын десе, бұл балаға қиындық тудырады. Қиын жағдайға тап болса, бұл туралы айтар-айтпасын түсінбей қалады. Себебі, анасының реакциясын алдын ала болжай алмайды. Ажырассақ немесе серігіміз қайтыс болса, мүмкіндігінше екінші отбасын құруға ұмтылғанымыз жөн. Әйелдер жалғыз емеспін, балам бар деп ойлайды. Бірақ бала жұбыңыз немесе жарыңыз емес. Қартайғанда ұлы мен келініне тыныштық бермейтін енелер осындайдан шығады. Тәрбиеге келетін болсақ, өтпелі кезеңге дейін ұл мен қыздың тәрбиесінде ешқандай айырмашылық жоқ. Күніне екі рет "Балам мен сені еш себепсіз жақсы көремін" деп құшақтап отырса, әке-шеше мен баланың қарым-қатынасы 180 градусқа өзгереді. Тәрбиедегі екінші маңызды нәрсе – жауапкершілік. Жас ерекшелігіне сай 4-5 жастағы баланы ойыншықтарын жинауға, 6-7 жастағы баланы төсегін жинауға, 8-9 жасында үй жинауға үйретесіз. Үшіншісі – әртүрлі үйірмелерге апарып, жан-жақты дамуға көмектесу. Есейген соң осы үйірмелердің қайсысын қалдырғысы келетінін өзінен сұрап білесіз. Ең бастысы – гендерлік айырмашылықтардан қашу керек. Яғни ұл балаға "Сен жігітсің ғой, неге жылайсың?" деп айтуға болмайды. Ұл балаға эмоциясын көрсетуге мүмкіндік бермегендіктен, бүгінде ер азаматтар өзіне 5 есе көп қол салатын жағдайға жетіп отырмыз. Эмоциясын еркін көрсете алмаған баланың сезімталдығы да төмендей береді. Есейе келе жылаған адамды көрсе, ашулана бастайды. Дәл осылай қыздарға да "үйде отыр, ешқайда шықпа" деп тыйым сала беруге болмайды", – деді Ержан Мырзабаев. 


Оқи отырыңыз: "Кәсіби күю" синдромының себебі не және одан арылуға көмектесетін 3 тәсіл


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары