Тікелей эфир

"Адам саудасының жылдық айналымы 150 млрд долларға тең". Құқық қорғаушы Шахноза Хасановамен сұхбат

Шахноза Хасанова. Фото: kazpravda.kz
Шахноза Хасанова. Фото: kazpravda.kz
Қазақстанда орта есеппен жыл сайын адам саудасына байланысты 150-200 жағдай анықталады. 

2021 жылы әлемнің 188 елінің өкілдері арасында таңдалып, АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам саудасына қарсы күрес батыры атағын алған "Сана Сезім" әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова адам саудасымен күрес мәселелері және бұл қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін не істеу керектігі туралы әңгімеледі. Құқық қорғаушының айтуынша, әлем бойынша шамамен 30-40 миллион ересек пен бала мәжбүрлі, ауыр, әділетсіз еңбекке және жезөкшелікке "жегілген". Ал адам саудасы қылмысының жыл сайынғы айналымы 150 млрд долларға жетіп отыр. 

Шахноза Хасанова әлеуметтік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған тренингтер өткізіп, адам құқықтары саласындағы әртүрлі жобаны жүзеге асырады. Соның ішінде негізгілерінің бірі – адам саудасына қарсы күрес. Хасанова Қазақстанның адам саудасы мәселелері жөніндегі заңнамасын жақсарту мақсатында жұмыс топтарында үкімет және ҮЕҰ өкілдерінің өзара іс-қимылын толық қолдайды.

Шахноза Хасанова. Фото Шахноза Хасанованың жеке архивінен алынды

– Адам саудасы тақырыбына қызығуыңызға не себеп болды? 

– 2006 жылы "Сана сезім" атты үкіметтік емес ұйымға психологиялық практикадан өтуге келдім және сол жерде әлі күнге дейін жұмыс істеймін. Студент кезімде ерікті болып жүріп адам саудасы мәселесімен бетпе-бет кездестім. Шынымды айтсам, адам саудасының бізге еш қатысы жоқ, тек шетелде болатын оқиға деп ойлайтынмын. Өкінішке орай, ол барлық елде бар екен. Мен ұстанатын өмірлік қағидаларымның бірі – әділетті болу және әрдайым әділеттілікке қол жеткізу. "Сана сезім" – өмірде қиын жағдайға тап болған, құқығы бұзылған қыз-келіншектер, ұлдар мен ер азаматтарға қол ұшын созатын ұйым. Осылайша менің қағидама толық сай келгендіктен, осы ұйымнан табылдым.

– Әлем бойынша адам саудасы құрбандарының саны қанша және қылмыскер мұны қалай жүзеге асырады? Қандай да бір жаңа статистикалық мәліметтер бар ма?

– Халықаралық ұйымдардың есептеуінше, әлем бойынша шамамен 30-40 миллион ересек пен бала мәжбүрлі, әділетсіз еңбекке және жезөкшелікке "жегілген". Адам саудасының жыл сайынғы айналымы 150 миллиард долларға жетіп отыр. Бірінші орында жыныстық қанау, екінші орында мәжбүрлі еңбек тұр. Ал мәжбүрлеп қайыр сұрату және қылмыс жасату мақсатында аз ұрлайды. Себебі пайда өте жоғары, көп қудаламайды, тағылатын айып та аса ауыр емес. Біздің ұйымның статистикалық мәліметтеріне сәйкес, орта есеппен жыл сайын адам саудасымен байланысты 150-200 жағдай анықталады. 

– Адам саудасына қандай факторлар әсер етеді?

– Осал күйге түсіп, адам саудасының құрбаны болуға әсер ететін бірнеше фактор бар:

  • кедейлік, табыстың аздығы, қарыздың бастан асатыны соншалық, шетелде жұмыс істеуге оңай шешім қабылдау;
  • қарулы қақтығыстар мен табиғи апаттар – бұл адамдарды белгісіз жаққа бас сауғалап, шұғыл қоныс аударуға мәжбүрлейді;
  • ерлер мен әйелдерге арналған қызметтердің әртүрлі қолжетімділігі. Өз құқығын білмейтін және қорғай алмайтын адамдар оңай алданады, бұл қылмыскерлердің діттегенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
  • жеке басты куәландыратын құжаттардың болмауы, осының себебінен азаматтар құжат сұрамайтын жерде заңсыз жұмыс істеуге ұмтылады;
  • ақыл-ой кемістігі, мүгедектігі бар адамдар. Оларды тез алдап, жалдамалы жұмысқа оңай жегіп қоюға болады. 

Оқи отырыңыз: Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?


– Адам саудасы құрбандарының ортақ психологиялық ерекшеліктері бар ма?

– Тәжірибе адам саудасымен байланысты жағдайлардың әртүрлі болатынын көрсетіп отыр. Сол себепті зиян шеккендерге көмек көрсету кезінде әр адамның жарақатын емдеуге бағытталған тәсілді ескеру маңызды. Адам саудасымен байланысты жарақат физикалық аспектіні қамтуы мүмкін және оның психологиялық, әлеуметтік салдары болады.

Алған жарақатқа қарай мазасыздық, қорқыныш, ұят, қорлану, абыржу, еш нәрсеге қызықпау және паникалық шабуылдар секілді мінез-құлық және эмоциялық ерекшеліктер көрініс табуы мүмкін. Осы орайда әр жәбірленушінің, мейлі ер, мейлі әйел болсын, әртүрлі қорлықты басынан кешкенін және оны өткеру үшін қолданатын стратегиясы әртүрлі екенін ұмытпауымыз керек. 

– Елімізде және шетелде адам саудасы мәселесіне келгенде құқықтық органдар қалай әрекет етеді? Бұл үшін қандай жаза қарастырылған?

– Адам саудасы – бұл халықаралық, күрделі қылмыстық құбылыс. Адам саудасынан зиян шеккен құрбандар елден тыс жерге шығарылса, ол жедел қылмыстық топқа немесе трансұлттық қылмыстық топқа жатады. Сонымен қатар, адам саудасы – бұл жасырын сипаттағы және тиімді күресу үшін кешенді тәсілді қолдануды қажет ететін қылмыс түрі. Құқық қорғау органдары ғана емес, барлық мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның осы қылмысқа қарсы жұмыла түсуі маңызды.

2022 жылдың шілдесінде ІІМ-де ұйымдасқан қылмыс бойынша жаңа департамент құрылды, ол осы қылмысты анықтаумен және жолын кесумен айналысады.

– АҚШ фильмдерінен медицина мамандарының адам саудасы мәселесіне көп көмектесетінін көреміз. Өмірде де дәл солай ма? 

– Ұйымға өтініш түскен кезде, ең алдымен, адам саудасынан зиян шекті ме жоқ па соны анықтайды. Кейін барып адам саудасы құрбандарының шұғыл қажеттіліктері анықталады. Осы анықталған қажеттіліктерге қарай мамандар көмек көрсетеді. Кейде тек құқықтық және психологиялық көмек қажет, ал кейде медициналық көмек қажет. Уақытша тұратын, тамақтанатын жермен қамтамасыз етуде көмек қажет болатын жағдайлар бар. Егер медициналық көмек қажет болса, медициналық мекемелер өзара іс-қимыл кезінде көмек көрсетеді.


Оқи отырыңыз: "Жоғары жалақы мен түсініксіз жұмыс". Адам саудасының құрбаны кімдер?


 – Құлдықтағы адамның денесіне таңба салынатыны рас па? Ол нені білдіреді, түрлері бола ма?

– Мұның бәрі адамның басынан өткерген жағдайға және қанау нәтижесінде пайда болған салдарға байланысты.

– Адам саудасымен байланысты сіз үшін ерекше есте қалатын оқиға бар ма?

– Әр жағдай әртүрлі және мен үшін ең бастысы –  қажетті көмек көрсету және кез келген адамға адам саудасына байланысты жағдайдан шығуға көмектесу. Өйткені, бұл әр адамның тағдыры!

– Бірнеше жыл бұрын бизнесмен Рональд Бернард қаржы элиталарының балаларды құрбандыққа шалатыны туралы жантүршігерлік оқиғаны жария етті. Бұл қаншалықты шындыққа жанасуы мүмкін?

– Әр елде адам саудасына байланысты жағдай әртүрлі. Мұны осы оқиғадан хабардар органдар жақсырақ біледі деп ойлаймын. Ал бізде кәмелетке толмаған балаларды жыныстық қанау, еңбекке мәжбүрлеу және қайыр сұрату үшін ұрлайды екен. 

– Қазір Қазақстаннан шетелге барып жұмыс істеу туралы жарнама өте көп. Шетелге жұмысқа бармас бұрын нені ескеру қажет?

Адам саудасының құрбаны болмас үшін шетелге шығарда қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды:

  • жеке басты куәландыратын құжаттарды ешкімге бермеңіз. Төлқұжаттың, еңбек шартының, жұмыс берушінің байланыс телефондарының көшірмелерін жасап, өзіңізде сақтаңыз және бір данасын отбасыңызға беріңіз. Паспорттың түпнұсқасын жоғалтқан немесе айырылған жағдайда оның көшірмесі болуы тиіс;
  • шетелдегі өкілдіктеріміздің, консулдықтарымыздың, елшіліктеріміздің байланыс мекенжайларын білу міндетті. Өйткені осы мекемелердің негізгі функцияларының бірі – шетелдегі азаматтарға көмек көрсету және олардың мүдделерін қорғау;
  • жұмысқа кететініңіз туралы отбасыңызға және жақын достарыңызға хабарлаңыз;
  • жақындарыңызбен "код" сөзі немесе адамның қиындыққа тап болғанын білдіретін сөйлем туралы келісіңіз;
  • тек іс жүзінде байланысқан адамдарға толық ақпарат бермеңіз;
  • қандай да бір себептермен полицияда болсаңыз, аудармашы мен консул келгенге дейін ешқандай куәлік бермеңіз.
Фото: Шахноза Хасанованың жеке архивінен

– 2022 жылы Халықаралық көшбасшылық бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бардыңыз. Онда не болды? Сапарыңыз туралы айтып бере аласыз ба?

– 2022 жылы менде IVLP бағдарламасы және АҚШ елшілігінің қолдауы бойынша адам саудасына қарсы тәжірибе алмасу үшін сапар жасауға тамаша мүмкіндік болды. Біз Вашингтон, Буффало, Эль Пасо және Сакраментоның 5 штаты мен қалаларын араладық, онда адам саудасының күресімен айналысатын мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің, прокуратураның өкілдерімен кездестік.

Сондай-ақ, әскери қызметшілер арасында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы оқыту бағдарламасымен танысу мүмкіндігі болды. Адам саудасынан зиян шеккендерге кәсіби қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың әріптестерімен кездесу және олардың жұмыс тәжірибесін зерттеу қызықты болды. Бізде Академия өкілдерімен кездесуге және олардың адам саудасына қарсы күреске қосқан үлесін зерттеуге мүмкіндік болды. Мексикамен шекаралас аумаққа барудың және шекарадан өту процесін көрудің, танысудың бірегей мүмкіндігі болды. Адам саудасынан зардап шеккендерді мемлекеттік шекара арқылы тасымалдауда тәуекелдерді азайту бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстық.

Мен үшін бұл сапар өте танымдық, қызықты және ең бастысы, еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, біздің елімізде алған тәжірибемізді қабылдау болды. Сапардың арқасында біз үкіметпен "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын әзірлеу саласында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың барлық субъектілеріне бару және олармен танысу бұл қылмыспен күресудің ең тиімді әдісі азаматтық қоғаммен бірлесіп барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру екенін тағы бір рет көрсетті.


Оқи отырыңыз: 300 мың теңге: Әлеуметтік желіде сәби саудасы қызып тұр


– Сізге бұл іспен айналысуға не шабыт сыйлайды?

– Мені шабыттандыратын нәрсе – бүкіл командамыздың жұмысы арқылы адамдардың өмірге қайта оралуына және құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесе алатынымыз. Әрбір құтқару оқиғасы қылмыскерлерді жеңу ғана емес, сонымен бірге – зиян шеккендердің жаңа өмір бастауға деген үміті мен мүмкіндігі.

Серіктестер жаңалықтары