Тікелей эфир

500 түрлі жаттығу жасайтын оқушы Әли Досман қалай 110 мың жанкүйердің кумиріне айналды

Әли Досман
Әли Досман
Әли Досман қазір бар болғаны 12 жаста.

Алматы қаласының тумасы Әли Досман бүгінде 500 түрлі жаттығу жасай алады. Ол бұған дейін Шамалғандағы көпірге екі қолымен көтеріліп, әлеуметтік желіде асқан танымалдылыққа ие болды. Бүгінде небәрі 12 жастағы оқушының жаңа трюктерін желіде асыға күтетін жанкүйерлерінің саны 110 мыңнан асады. Әли Досман өз кезегінде жаңа жаттығу түрлерін үйреніп, бокс пен дзюдомен кәсіби түрде айналысқысы келетінін айтады. Сондай-ақ ол сұхбатта спортты қалай ұнатып бастағаны, ең қиын "трюктер" және сүйіп оқитын ақын-жазушылары туралы әңгімеледі. 

– Спортқа деген ерекше қызығушылықтың пайда болуына кім әсер етті? Жаттығуларды неден бастадыңыз?

– Бойымда спортқа деген махаббаттың пайда болуына анам әсер етті. Бес жасымнан бастап екеуіміздің әртүрлі жаттығу жасап үйренгеніміз есімде. Бастапқы кезде денсаулығым жақсы болсын деген ниетпен бастап, өсе келе өзімнің де спортқа әуестене бастағанымды байқадым. Сондай-ақ жаттығулар жасауға 2007 жылы дүниеге келген ағам көмектеседі. Қазір екеуіміз бірге жаттығып жүрміз. 

Әли Досманның 9 жасында түскен суреті / Фото: жеке архивінен

– Қазір қанша түрлі трюк жасай аласыз және ішінде ең қиыны қайсы? Бір трюкті үйренуге қанша уақыт кетеді?

– Бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық жаттығу жасадым. Бәрі бірдей оңай деп айта алмаймын, арасында көп жаттығып барып үйренгендерім жетерлік. Мысалы, аяғымды көтеріп қолмен жүріп келіп 6 кірпішке секіру және дәл осылай 70 баспалдаққа көтерілу қиын болды. Бұдан өзге роликтің көмегімен "отжимание" жасау, шеге үстінде жаттығу да оңай болмады. Негізінен аяқты жоғары көтере отырып жасайтын және қолға көп салмақ түсіретін жаттығулар қиын. Бір трюкті үйренуіме әдетте 3-15 күн қажет. Уақыт трюктің күрделілігімен тікелей байланысты. 


Оқи отырыңыз: "Головкиннің ізбасарлары". Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылар кімдер?


– Әйгілі спорт шеберлерінің трюктерін қайталаған кезіңіз болды ма?

– Бекзат Саттарханов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ, Жақсылық Үшкемпіров, Мұстафа Өзтүрік секілді тарихтан ойып тұрып өз орнын алған тұлғалардың шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Өйткені спорт табандылықты қажет етеді. Ал жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін табандылық таныта отырып жаттығып, трюк жасауды қарапайым әдетке айналдыру керек. Сонда ғана адам үлкен белестерді бағындырады. Оның үстіне спорт дегеніміз – тәнді ғана емес, ой, сана, жанды, жүректі қатар шынықтыру. Интернеттен танымал тұлғалардың трюктерін қайталап жасап көремін және өзім ойлап тауып жасайтындар да бар. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 🇰🇿 Али Досман (@ali.dosman)

– "Спорт тәнмен қатар сананы да шынықтыру" дедіңіз. Күнделікті жаттығу көлемі сабағыңызға кедергі келтірмей ме?

– Спортты бар жаныммен жақсы көретіндіктен және алдыма қойған мақсатым да айқын болғандықтан, күнделікті жаттығуларға көп көңіл бөлетінім рас. Дегенмен жақсы тәрбие мен сапалы білімнің болашақтың кепілі екені де рас. Дәл қазір спорттық жаттығуларым сабағыма еш кедергі келтірмейді. Әдебиет, Қазақстан тарихы, алгебра және дене шынықтыру пәндерін сүйіп оқимын. Бос уақытым бола қалса әдеби шығармаларға да көңіл бөлуге тырысамын. 

– Сүйіп оқитын ақын-жазушыларыңыз кім?

– Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын жақсы көремін. Қазақ қоғамы үшін адал қызмет еткен әрбір азаматты құрметтеймін және бізге қалдырған мұрасын бағалаймын. Алдағы уақытта шетел әдебиетіне де көңіл бөлетін боламын. 

Фото: Әли Досманның жеке архивінен

– Бірде UFC балуандарына қызығатыныңыз туралы айттыңыз. Сол жаққа қарай қадам басу ойыңызда бар ма?  

– Иә, қызығатыным рас. Жеке жаттықтырушыларым болмаса да, қазір бокс және дзюдомен айналысып келемін. Болашақты болжау қиын болса да, кез келген спорт түрінен топты жарып шығып, халықаралық ареналарда қазақ елінің көк туын асқақтатқым келеді. Қазақ еліне адал қызмет еткім келеді. Бар арманым осы. Мұнымен қатар еркін күреспен айналысатын ойым бар. 

– Бұған дейін 20 секундта 30 рет серпіліс жасаған едіңіз. Қазір бұл рекордыңыз жаңарды ма?

– Иә, қазір осы уақыт аралығында 35 рет "отжимание" жасай аламын. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 🇰🇿 Али Досман (@ali.dosman)

– Қандай да бір трюкпен Гиннесс рекордтар кітабына кіру ойыңызда бар ма? 

– Өзіме жасап жүрген жаттығуларымның біраз түрімен рекордтар кітабына кіруіме болатын сияқты. Ол рекорд бұрын қайталанған-қайталанбағанын зерттеп қарау қажет. Сондай-ақ, рекордтар кітабына кіру тәртібін де түсіну қажет. Бұл уақытты талап етеді деп ойлаймын. Мұндай кішігірім жетістіктер де еліміздің әлем алдында беделін көтеруге себеп болатыны сөзсіз. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық спортшылар Азия ойындарының алтын медалін қай спорт түрлерінен жиі жеңіп алады?


 

Серіктестер жаңалықтары