Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында "Әлем бейнесі" картинасы көрермен назарына ұсынылды. Ол – World Painting халықаралық әлеуметтік арт-жобасы қатысушыларының туындысы. Жобаның бастамашысы – қоғам қайраткерлері Дәуіт Шайхисламов пен Дана Орманбаева. Экспозиция екі бөлімнен тұрады: біріншісі – Әлем бейнесі, екіншісі – германист, кәсіпкер, ГФР "Bundesverdienstkreuz" орденінің иегері, коллекционер Ғалия Жүнісалиеваның жеке топтамасындағы картиналар.
World Painting идеясы – көркем сурет өнеріне қатысы жоқ адамдардың күшімен үлкен кенеп жасау. Ол екі жыл бұрын пайда болған. Жалпы World Painting бірегей әлемдік акциясы Дүниежүзілік EXPO 2020 Dubai көрмесінде бастау алған. Ал 2022 жылдың 2 ақпанында жоба Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Айта кетейік, Гиннестің рекордтар кітабы жүзден астам елде оқылады және жиырмадан астам тілде шығарылады. Бұл Қазақстан мен World Painting ерекше арт-жобасы туралы әлемде миллиондаған адам біледі деген сөз.
Дәуіт Шайхисламов Әлем бейнесі жобасы сәтті болатынын алдын ала сезгенін айтады:
"Бірнеше ай бойы World Painting туындысы ҚР EXPO 2020 Dubai ұлттық павильонында қойылды. Ол ондаған мың адамның назарын аударды. Бұл суретке балалар мен студенттер, әлемнің 200-ге жуық елінен келген қарапайым адамдар мен әлемдік деңгейдегі жұлдыздар үлес қосты. Жалпы, World Painting картинасын салуға 2020 адам қатысты. Біз, creative industry өкілдері, жобаға көп елдің тұрғынын тартуға тырыстық. Олар бар шынайылығын, энергиясын және шығармашылығын шын көңілмен бөлісті. Әлем бейнесі планетаның көптеген адамы қатысқан супер жоба ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді".
Картинаның қалай салынғаны туралы баяндайтын деректі бейнеролик түсірілген. Жобаға арт-куратор, арт-менеджерлер, кеңесшілер, режиссер, операторлар, үйлестірушілерден тұратын барлық команда кірді. Отандық компаниялардың бірі серіктес болды.
Алғашқы кескінді Олимпиада чемпионы, велоспортшы, Iron Man әлем чемпионатының жеңімпазы, көптеген беделді халықаралық турнирдің бірнеше дүркін жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуров салған. Дана Орманбаева оны "әлем адамы", әлемдік спорттың нағыз жұлдызы деп атайды.
Сондай-ақ картинаны салуға басқа да әлем жұлдыздары үлес қосты. Атап айтқанда: Қытайдан шыққан әйгілі америкалық актриса Бай Лин, АҚШ-тың кәсіпқой боксшысы, жеңіл салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы кіші Рой Джонс, бірінші афроамерикалық гроссмейстер, белгілі жазушы, шахмат әлемінің резонанстық оқиғаларының комментаторы Морис Эшли, режиссер Тимур Бекмамбетов, Top Photo нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік жиырма фотографтың қатарына кіретін Александр Гусов, аяқпен және ернімен сурет салатын суретші Кәріпбек Күйіков, бокстан әлем чемпионы Кристина Хаммер, ресейлік шоу-бизнес өкілдері Иосиф Пригожин мен Валерия, композитор Байғали Серкебаев қатысты. Сондай-ақ World Painting-тің авторлары қатарында онша танымал емес және мүлдем белгісіз авторлар болды. Суреттің өлшемі – 1,27×4 м.
Қазақстандық creative industry өкілдері әлемнің ірі арт-биенналесіне қатысады. Жапондық әріптестер Осака қаласында өтетін Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесінде коллаборация жасауды ұсынды. Көрме "Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру" ұранымен Осака шығанағындағы Юмэсима аралында өтеді.
Бірлексен экспозицияның екінші бөлімі – Ғалия Жүнісалиеваның жеке топтамасы.
Картиналар үлкен залда, ғаламшар халқының ұжымдық еңбегімен үндесіп, World Painting жобасымен көршілес тұр. Дана Орманбаева картиналарды отандық коллекционер сатып алынғанын, сол себепті Қазақстаннан ешқайда кетпегенін атап өтті.
Өнертанушы Екатерина Резникова жиналғандарға Әлем бейнесі мен Ғалия Жүнісалиеваның жеке топтамасы туралы айтып берді. Бұл 64 кескіндеме және мүсін жұмыстары, олардың авторлары – У.Ажиев, С.Калмыков, О.Нұржұмаев, А.Уткин, А.Нода, А.Меңлібаева, В.Люй-Ко, С.Айтбаев, Х.Құрбанов, А.Ақанаев, А.Зульфикар, М.Бекетов, Э.Гарнишева, К.Каметов, П.Белов және басқалары.
Екатерина Резникова суретшілер шығармашылығының ерекшелігі туралы айтты. Мысалы, суретші Юрий Яковлевич Плотников тамаша мұғалім болған. "
Ол ҚазПИ көркемсурет-графика факультетінде, театр суретшісі ретінде де жұмыс істеді. Оның картиналары басқатырғыштар мен витраждарға ұқсайды: ұсақ элементтерден, фрагменттерден кенептің жалпы тұжырымдамасы құралады", – дейді Екатерина Резникова.
Павел Шороховтың мүсіні автордың өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның туындылары алматылықтарға бұрыннан таныс. Атап айтқанда: "Заңғар" сауда орталығының кіреберісіндегі "Фламинго" субұрқағы (қазір ол аэровокзал ғимаратына көшірілген), Горький саябағындағы қар барысы. Шебер камералық жанрда да, монументалды қалалық мүсін жанрында да жұмыс істейді.
Ғалия Жүнісалиева жеке коллекциясының інжу-маржаны – данышпан суретші Сергей Калмыковтың "скрипкашы" картинасы. 1940-60 жылдардағы Алматыны бұл ерекше суретшісіз елестету мүмкін емес. Ол өзін ирониялық түрде "бірінші шақырудың соңғы авангардшысы" деп атайтын. Оның "скрипкашы" туындысы экспрессияға толы, көрерменді музыка, шығармашылық атмосферасына баурайды.
Экспозицияда Петр Беловтың туындысы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Оның "қабырға" картинасында шешімі қиын жұмбақ бар.
"Өнертанушылар Петр Беловты "гипер-реалист" терминімен сипаттайды. Оған суретшінің әртүрлі заттарды өте дәл, егжей-тегжейлі бейнелей алуы, сонымен бірге оларды керемет символдық мағынамен толтыруы себеп болған. Композиция "Қабырға" деп аталады. Ол өте ерекше салынған: кенептің басым бөлігінде қабырғаның бейнесі, ал кішкене ашылған терезенің арғы жағында, үйдің сыртындағы шынайы өмірдің бейнесі көрінеді. Бұл шындықта романтизм жоқ, адамдардың әлсіз тұстары, тіпті кінәраты да көрсетілген. Ал бұған қарама-қайшылық ретінде – түсі оңған, тіпті, ағартылған қабырға бөлігінде Қазан Құдай Анасы мен нәресте Исаның бейнесі салынған. Міне, жердегі және көктегі осындай таңғажайып қарама-қайшылық осы шығарманың философиялық мазмұнын және жалпы, Петр Беловтың терең шығармашылығын паш етеді", – деп түсіндіреді Екатерина Резникова.
"Картинаны салу қиын болды. Мен бір кенепті бірнеше жыл бойы саламын. Осылайша, "Қабырға" туындысы да ұзақ уақыт бойы өмірдің әртүрлі кезеңдерінде салынды. Мен оны 1995 жылы бастадым. Біраз тоқтатып, кейін қайтадан мольбертке қойдым. Бірде, тіпті, көрермендердің назарына ұсындым, кейін қайта жалғастырдым. Сурет осылай дамыды. Оны салу кезіндегі егжей-тегжейлер есімде жоқ, өйткені мен оны отыз жыл бұрын бастағанмын. Суреттер кейде мағынаны, мазмұнды, тіпті жылдарды сіңіретінін түсінемін", – дейді Петр Белов.
Экспозиция қазақ бейнелеу өнерінің классигі Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеевтің жұмысымен аяқталды. Оның туындысының World Painting картинасымен бір залда қойылуының символикалық мәні бар. Әлем бейнесіне соңғы штрихті дәл осы Дәурен Қастеев түсірген. Ол тұмсығында зәйтүн бұтағы бар ақ көгершінді бейнелеген. Бейбітшіліктің нышаны болған көгершін ұжымдық жобаның негізгі миссиясын – адамзатты бейбітшілікке шақыру идеясын айшықтап тұрғандай.