Тікелей эфир

Кімдердің қанша қарызы қандай мөлшерде кешіріледі?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Бір реткі мемлекеттік акция ретінде өтетін қарыз жеңілдігі кімдерге беріледі?

2019 жылы 26 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық мәтіні Ақорда сайтында жарияланған.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Осыған орай, бүгін Үкіметте баспасөз мәслихаты өтті. Түсіндіру жиналысына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков, ҚР индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев қатысты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік бір реткі акцияның қарызын төлей алмаған отбасылардан келген шағымның өте көп болуына байланысты өткізілетінін жеткізді.

Қарыздары бойынша кешірім алатын борышкерлер:

  • Көпбалалы отбасылар;
  • Асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
  • Мүгедек балалары барлар мен 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер;
  • Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
  • Жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар.
  • Қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;
  • Бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылданады

    Әлихан Смайылов
    Әлихан Смайылов / Сурет informburo.kz

Әлихан Смайылов:

– Онда тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс, – деді.

Қанша адам кешірім алады?

Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, жоғарыдағы санатқа жататын 933 мың азамат ҚР Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігінің базасында тіркелген. Олардың ішінде 240 отбасы атаулы әлеуметтік жәрдем алып отыр. 600 мың отбасының асыраушысы жоқ. Олар кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша кешірім алады.


Гүлшара Әбдіхалықова

Гүлшара Әбдіхалықова / Сурет informburo.kz


Алдын ала мәліметке қарағанда, қазірге дейін 443 мыңға жуық адамның қарызы кешірілетін белгілі болған. Бұл азаматтардың қарызын мемлекет пен банк өтейді.

5 млн азамат қарыздық жеңілдік алады. Кімдер?

Оларға кепілсіз тұтынушылық қарызы бар барлық Қазақстан азаматтары жатады, яғни, қарыздарының мерзімінен бұрын өтей алмаған 5 миллионнан астам азаматтың айыппұлдары кешіріледі.

Әлихан Сымайыловтың айтуынша:

– Берешегін төлеу мерзімінен 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссиялары мен өзге де төлемдері кешіріледі, – деді.

Бір отбасының үш мүшесінде немесе бір басында бірнеше қарыз болса?

Әлихан Смайылов:

– Егер бір отбасындағылар бөлек-бөлек қарыз алған болса және олардың жалпы қарызы 3 миллионнан аспаса, онда әрқайсының тек 300 мың теңгеге дейінгі қарызы мемлекет жағынан өтеледі.

Ал бір азаматтың басында бірнеше қарыз болса және олардың жалпы сомасы 3 миллион теңгден аспаса, бір рет қана 300 мың теңгеге дейінгі қарызын мемлекет өтеп береді, – деді.

Атап айтқанда, тек бір адам 300 мыңға дейінгі қарызын ғана кешірте алады. Егер әке-шешесі, баласы жеке-жеке қарыз алған болса, олардың жалпы қарызы 3 миллионнан аспаса, жеке-жеке 300 мың теңгеден қарыздары өтеледі.

Қашан іске асады?

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков:

– Ұлттық Банк Мемлекеттік несие бюросымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп сандарды салыстырып, тексеруді бастайды. 1 маусымға дейінгі жағдайға сәйкес 300 мың теңгеге дейін әлеуметтік қолдауды алатын қарыз алушылардың санаттары бойынша және айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы соңғы ақпарат аламыз.

Банктерге барудың қажеті жоқ. Бұл жұмыс уақытты талап етеді. Менің ойымша, біздің жұмысымыз алдағы екі айда аяқталады, – деді.


Олег Смоляков

Олег Смоляков / Сурет informburo.kz


"Қарызды үкімет төлейді, пеняны банк кешіреді"

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кепілсіз несиелерді өтеу үшін жалпы 105 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 88,5 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылыпты. Проблемалық несиелер қорынан арнайы облигациялар шығару арқылы шамамен 17 млрд теңге тартылмақ.

Ал өсімақы мен айыппұлдардың 70% қаржы мекемелерінің өз есебінен өтеледі.

– Қарызға – несие, сыйақы мен айыппұл, өсім кіреді. Үкімет қарызды төлейді, Ал банктер бір бөлім өсімді кешіреді. Бұған бола банктер мен микрокредиттік ұйымдарға қаржылық ауырлық түспейді. Қазір жұмыс басталып кеттік. Есепті келесі аптада Парламентке жібереміз. Жалпы 2 ай ішінде атқаратын боламыз, – деді Әлихан Смайылов.

ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банк халықтың қарызын есептеп жатыр

  • Қаулыға сәйкес Үкімет пен Ұлттық банк банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығаруды бастаған.
  • Осыған орай Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдау туралы тапсырма берілген.

Кімдерге қарыз алуға шектеме қойылады?

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салуды.

Кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдау тапсырылған.

Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арнайы білім гранты бөлінді

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

– Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға арнап 5 мың грант бөлінді, – деді министр.


Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов / Сурет informburo.kz


Министрдің айтуынша, жоғарыда айтылған санаттағы отбасы балалары аталған кредитке жеңілдікпен ие бола алады.

Айфонның қарызын төлеттіру мүмкін бе?

Бұл сауалға Әлихан Смайылов түсінік берді. Ә.Смайыловтың айтуынша, мәселе проблемалық несиеге қатысты. Кепілсіз тұтынушылық несие болса, төленуі мүмкін. Ал Гүлшара Әбдіхалықова жағдайы төмен отбасылардың тұтынушылық несиесінің жағдайы ескерілетінін еске салды. Енді бір жағынан жағдайы төмен азаматтар айфон алу үшін қарызға кірмейтінін де ескерсе керек.

Ал Ұлттық банк төрағасы ипотеканың да тұтынушы несиесіне жататынын айтты.

Спикерлердің сөзінен ұққанымыз, көпбалалы ана болсаңыз ,айфонға алған қарызыңызды мемлекет төлеп беруі мүмкін. Бұл сауалға нақты жауап берген ешкім болмады.

Серіктестер жаңалықтары