Тікелей эфир

Көктөбе бөктеріне Алматы әкімдігі "еккен" алма ағашының көшеттері шіріп жатыр

informburo.kz фотосы
informburo.kz фотосы
Көгалдандыру шарасына қатысқандар көшеттерді отырғызуға ерініп, жұмыс құралдарымен қоса шашып кеткен.

13 қазанда Көктөбенің өрт шарпыған аймағын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген еді. Бөктерді жасыл желекке бөлеу үшін 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Оның 200-ге жуығы студенттер болған.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарға сай, барлығы 40 мың түп жабайы Сиверс алма ағашының көшеттері мен 500 мың дана қызғалдақ (Қазақстан және Нұрсұлтан Назарбаев сұрыптары) отырғызылған болатын. Алайда көгалдандыру акциясына қатысқандар көшеттерді түгел екпей, маңайға шашып кеткен. Мұны "Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының мамандары анықтады.


Көк Төбе бөктерінің әр жерінде Сиверс алма ағашының көшеттері шашылып жатыр

Көктөбе бөктерінің әр жерінде Сиверс алма ағашының көшеттері шашылып жатыр / "Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының фотосы


Көшеттер тіпті целлофан қаптардан шығарылмай, ашық аспан астында шіріп жатыр. Бір қапта 100 түп көшет бар. Экологтардың айтуынша, бұл жерде жүздеген көшет егілмей қалған.

Сондай-ақ, көгалдандыру шарасына қатысқандар жұмыс құралдарын жинауды да ұмытыпты. Алма бақтың арасында қараусыз қалған күректер шашылып жатыр.


Қызғалдақтың тұқымы қорап-қорап күйінде қараусыз қалған

Қызғалдақтың тұқымы да қорап-қорап күйінде қараусыз қалған / Іnformburo.kz фотосы


Экологтардың ойынша, 500 адам бір күнде 40 мың түп көшетті отырғыза алмайды. Сондықтан олар шаруаны тындырмай, көшеттерді әдейі шашып кетуі мүмкін дейді.


Көшеттер целлофан қаптан шығарылмаған

Кей көшеттер целлофан қаптан да шығарылмаған / Іnformburo.kz фотосы


Ерінгендер қызғалдақ тұқымдарын да жинамай кеткен. Бөктерде қорап-қорап болып шашылып жатыр.


Қызғалдақ тұқымдарының көбі шіруге таяған

Бір целлофан қапта 50 тал қызғалдақ баданасы бар / Іnformburo.kz фотосы


Қызғалдақты егуге немқұрайлық танытқандар, тұқымдарды топыраққа көмбей егілген көшеттердің түбіне шашып кеткен.


Қызғалдақ пияздары көмілмей жатыр

Егілмеген қызғалдақ тұқымдарының көбі босап, шіріп жатыр / Іnformburo.kz фотосы


"Жасыл құтқару" Экологиялық қоғамының мамандары мұндай бассыздықты екі күн бұрын анықтапты. Олар көгалдандыру науқаны тек жарнама үшін жасалған дейді.

Айтуларынша көшеттер дұрыс егілмеген. Сондықтан жайқалып өсуі екіталай. Өніп, шыққанның өзінде бір-біріне тым жақын отырғызылғандықтан өсе келе өліп қалуы мүмкін.


Көшеттер бір-біріне тым жақын отырғызылған / Іnformburo.kz фотосы


"Жағамызды ұстадық. Бұл сұмдық қой?! Алма ағаштары бір-бірінен кем дегенде бес метр қашықтықта өсуі тиіс. Мұнда егілген көшеттердің арасы 30 сантиметрден аспайды. Алма ағашы негізінен тамырын жайып өседі, сондықтан болашақта бір-біріне кедергі келтіреді. Оның үстіне алма ағаштарын бұрыннан өсіп тұрған үлкен ағаштардың түбіне, итмұрындардың арасына еккен. Олар да көшеттердің жайқалып өсуіне жол бермейді", – дейді "Жасыл құтқару" Экологиялық қоғамының жобалар менеджері Светлана Спатарь.

Дәл сол сияқты топыраққа көмілмей, шашылып жатқан қызғалдақ тұқымдарының да өнуі екіталай. Экологтардың пайымдауынша, Көктөбе бөктеріне ағаш отырғызуға болмайды. Өйткені жерді қазғанда топырақ босаңсып, көшуі мүмкін. Әрі болашақта ол ағаштарды суғару да жердің үгілуіне әсер етеді.


Көк Төбе бөктері

Көктөбе бөктері қазір осындай / "Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының фотосы


Қалалық жасыл экономика басқармасындағылар әр көшет бір-бірінен төрт метр қашықтықта егілген деп хабарлаған еді. Олар Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мамандарының кеңесі бойынша көшеттерді таудың етегіне каскад әдісімен отырғызылды дейді.

"Негізі біз Көктөбеге 45 мың түп Сиверс алмасының көшетін және 500 мың дана қызғалдақ тұқымын апардық. Бірақ көшеттерді отырғызатын бос жер қалмағасын шамамен 12-13 мың түп алма көшетін қайтып алып кеттік. Қызғалдақтың артылған тұқымын да қалдырмадық. Жекеменшік жылыжайға уақытша еккізіп қойдық, келесі жылы оларды Шығыс айналма жолының бойына отырғызамыз. Бөктерде ешқандай көшет, жұмыс құралдарын қалдырмадық. Олай болуы мүмкін емес", – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов.

Жасыл экономика басқармасы басшының ақпаратынша Көктөбенің баурайына отырғызылған алма ағашының көшеттері мен қызғалдақ тұқымдарына бюджеттің қаржысы жұмсалмаған. Барлығы аты-жөнін құпия ұстауды жөн санаған демеушінің ақшасына алынған.

Кәсіпкердің көшеттерді сатып алуға қанша қаржы жұмсағаны белгісіз. Қазір бір түп Сиверс алмасының көшеті шамамен 1000 теңгеге бағаланса, Қазақстан және Нұрсұлтан Назарбаев сұрыпты қызғалдақ тұқымының бір данасының бағасы базарларда орта есеппен 200-500 теңге аралығында сатылады.


Қазақстан және Нұрсұлтан Назарбаев сұрыптарының қызғалдақ тұқымы

Қазақстан және Нұрсұлтан Назарбаев сұрыпты қызғалдақ тұқымы / Іnformburo.kz фотосы


Көктөбе тауының баурайы тамыз айында болған өрттен зардап шеккен еді. Көгалдандыру акциясы арқасында ол жабайы алма бағы қалпына келтірілмек.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары