Тікелей эфир

ҚМДБ "Спутник V" вакцинасы халал екенін мәлімдеді

Covid-19-ға қарсы вакцинаны қабылдау оразаны бұзбайды.

Ресей мұсылмандары діни басқармасы "Спутник V" вакцинасын халал әрі зиянсыз деп таныды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлімдеді.

"Спутник V вакцинасының құрамы жайлы Ресейдің мұсылмандары діни басқармасына сауал жібердік. Жауап келді. Вакцина құрамында жануартекті компоненттер жоқ, яғни, харам дегенге нақты дәлел болмаған соң мұны халал вакцина деп айта аламыз", – деді Ершат Оңғаров.

Ауыз бекіткенде вакцина алу оразаны бұзбайды. Атырау қаласында өткен Ғұламалар кеңесінің ХХІХ мәжілісінде екпе егуге қатысты үкім қабылданған.


Оқи отырыңыз: Коронавирус вакцинасы оразаны бұзбайды. Бірақ ҚМДБ вакцинаның халал екеніне кепілдік бермейді


"Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Керісінше, ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Алла елшісі: "Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік", – деді. Дегенмен, вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы керек. Бірақ жұқпалы аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады", – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Хасан Аманқұл.


Оқи отырыңыз: Тарауық намазы "қызыл" аймақтағы өңірлерде оқылмайды. Ораза кезінде қандай діни рәсімдерге рұқсат?


Оның сөзінше, қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуы шарт. Халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.

Еске сала кетсек, Қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырға дейін жалғасады. Мамырдың 8-інен 9-ына қараған түн – Қадір түні.

Серіктестер жаңалықтары