2021 жылдың 4 маусымында экология, геология және табиғи ресурстар министрінің электр көліктеріне, электр автобустарына және электр жүк көліктеріне қатысты кәдеге жарату төлемін есептеу үшін нөлдік коэффициентті белгілеуді көздейтін бұйрығы күшіне енеді. Оған сәйкес, Қазақстан аумағына электр көліктерін, электр автобустарды немесе электр жүк машиналарын әкелу кезінде көлік құралы үшін кәдеге жарату төлемі талап етілмейді.
Осылайша, Экология министрлігі елімізде электромобиль өндірісін ынталандыруға, сондай-ақ, экологиялық таза көлік құралдарын сатып алуға сұранысты арттыруға мүмкіндік бермек.
Бұл бастаманы ӨКМ Операторы (Оператор РОП) 2020 жылы ұсынған болатын. Осы мәселе жан-жақты пысықталып, талқыдан өткеннен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресми құжатқа 2021 жылдың 13 мамырда қол қойды.
Бұған дейін М1 санатындағы электр қозғалтқышы бар автомобиль үшін кәдеге жарату төлемі 437 550 теңгені, М2, М3 санаты үшін 1 166 800 теңгені құраған. Жүк көлік құралдары үшін кәдеге жарату төлемінің мөлшері 1 020 950 теңгеден басталды.
Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының ақпараты бойынша бүгінгі күні елімізде 422 электр көлігі тіркелген. Қазіргі уақытта ӨКМ Операторы электр қуаттау станцияларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоба шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан – Бурабай бағытында 103 жылдам электр қуаттау станциясы орнатылды.