Тікелей эфир

"Қазақстан халқына" қоры мен Шымкент әкімдігінің арасында екіжақты меморандумға қол қойылды

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының өкілдері шымкенттік қайырымдылық ұйымдарының басшыларымен және қоғам белсенділерімен кездесті.

Жиында қатысушылар қор өкілдеріне өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, бірнеше ұсыныс айтты. Сондай-ақ  қор мен Шымкент қаласы әкімдігінің арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл қордың көмекке мұқтаж қала тұрғындарына оперативті түрде қызмет көрсетуіне тікелей әсер етеді дейді жауаптылар.


"Аутизмі бар балаларды оңалтуға көңіл бөлінсе екен". Шымкент қалалық  "Аутизмі бар балалардың ата-аналары альянсы" қорының басшысы Данияр Сейтжанов "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры өкілдеріне осындай ұсыныс жолдады. 

"Аутизмі бар балалардың жыл сайын өсуі және мұндай балаларды оңалту, түзету үшін инфрақұрылымның болмауы бізді алаңдатады. Бүгінгі таңда аутизм туралы ақпаратты біздің қаламыздағы ата-аналардан артық ешкім білмейді. Біз "Қазақстан халқына" қорынан қаржылай көмек сұрадық. Себебі, қаражат дәл осындай балалармен жұмыс істей алатын жандарға берілсек екен дейміз", – дейді Данияр Сейтжанов.

Жалпы, қазіргі таңда қор аясында 10 қайырымдылық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.  Оның сегізі – медициналық көмек көрсетуге бағытталса, біреуі ауыл балаларының спортпен еркін шұғылдануын қамтамасыз етеді. Ал, енді бірі ауыл мектептерінің түлектері мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттер үшін білім гранттарын бөлуді қарастырады. Сондай-ақ қазір қоғамдық қор өкілдері тағы жаңа бағдарламалар әзірлеу үстінде. 

Ләззат Шыңғысбаева,  "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры төрағасының орынбасары: "Бүгінгі кездесуде шымкенттік азаматтардың ұсынысын, ой-пікірін тыңдадық. Енді осыған сай біздің тұжырымдамаға қандай өзгеріс енгізу керек екенін талқылаймыз. Қыркүйек айында үлкен жалпыұлттық қайырымдылық конференция өтеді. Сол жиында біз ұсыныс береміз".

Айта кетейік, қоғамдық қорға оңтүстік өңірлерден 2000-ға жуық өтінім келіп түскен. Оның жартысы үй алуға, несие жабуға, жөндеу жұмысын жүргізуге тіпті той жасауға қаржы сұрағандар екен. Ал Қазақстан бойынша 11 850 өтінім азық түлікпен көмектесуді өтінген. Мұның 500-ге жуығы Шымкент тұрғындары екен. 

Автор Мөлдір Ибадуллаева

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары