Әуе компанияларының ұшу қауіпсіздігі 74 пайыз
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл алғашқы сегіз айда ұшақпен ұшқан жолаушылар саны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,8 пайызға өсіп, 5,6 млн-ға жеткен. Ал соңғы жеті жылда транзитттік жолаушылар саны 45 есеге көбейген. Министрліктің жоспарынша, биыл олардың саны 1 млн-ға жетпек.
"Елімізде қазір 59 әуе компаниясы жұмыс істейді. Қазақстандық 9 әуе компаниясының Еуропа Одағы елдеріне ұшуға рұсқаты бар. Ішкі нарықта 8 әуе компаниясы 54 бағытта ұшады. Әуе рейстерінің жалпы саны 893-ке жетеді", – деді министр.
Министрдің айтуынша, әуежай қауіпсіздігі 83 пайыз болса, әуе компанияларының ұшу қауіпсіздігі 74 пайыз екен.
"Мемлекет бағаны тікелей реттемейді"
"Ұшақ билетінің бағасы бірінші кезекте әуе тасымалы нарығындағы жағдайға, керосин мен жолаушылар ағынына байланысты. Мемлекет бағаны тікелей реттемейді, тек әуе компаниялары үшін әділ бәсекелестік қалыптастырады. Бәсекенің арқасында ғана біз билет құнын төмендете аламыз. Мемлекет нарықты бақылап қана отыруы тиіс", – деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, 2012 жылы ішкі бағыттарға ұшатын қазақстандық әуе компанияларына барлық шектеу алынған. Нәтижесінде ұшақ билеті арзандады. Мәселен, 2012 жылы Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша орташа билет құны 85 долларды құраса, биыл 50 доллар шамасында.
"Сонымен қатар Fly Arystan лоукостерінің билет құны "Эйр Астанамен" салыстырғанда 2 есе төмен. Бүгінгі күні осы компанияның 470 мыңнан астам билеті сатылды, билеттердің 60%-ы 10 мың теңгеден төмен", – деді министр.
Үкімет басшысы Асқар Мамин келесі жылы отандық лоукостердің ұшу бағыттары айтарлықтай кеңейтілетінін айтты.
"Бюджеттік FlyArystan әуе компаниясының тарифтері Еуропаның бюджетті компанияларымен салыстырғанда орташа есеппен 4 есеге дейін төмен. Келесі жылы FlyArystan компаниясының рейстер саны 28-ден 80-ге дейін артады", – деді Асқар Мамин.
Керосин бағасын ұстап тұру үшін....
Министрдің айтуынша, жанармай нарығында өндірушіден тікелей тұтынушыға дейін жеткізу мәселесі реттелмек.
"Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп керосин бағасын ашық белгілеу және оны үздіксіз жеткізудің ортақ тетіктерін әзірлейді. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту арқылы биыл өндірілетін керосин көлемі 694 мың тоннаға жетеді. Бұл ішкі сұранысты толығымен қанағаттандырады", – деді министр.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мемлекет тарапынан керосин бағасын реттеу негізсіз дейді.
"Қазақстандағы керосин ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады және Ресейдегі керосин бағасымен бірдей. Бұл нарықтық баға. Ресейден келетін өнім Қазақстанда жасалатын керосинінің бағасын ұстап тұратын негізгі фактор. Мұнай өнімдеріне деген жоғары тәуелділік пен шикізат нарығындағы тұрақсыздықты ескерсек, керосин бағасын мемлекет тарапынан реттеу негізсіз", – деді ол.
Министрдің айтуынша, ЕАЭО туралы келісім бойынша мемлекет мұнай өнімдерінің бағасын реттемеуі керек.
"Мемлекет тарапынан ішкі нарықтағы бағаны түсіру саладағы тиімділікті жоғалтып, тіпті кейбір мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде нарықта керосин тапшылығын тудыратыны анық", – деді министр.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазір үш мұнай өңдеу зауыты штаттық жағдайда жұмыс істеп тұр.
Жаңа әуеайлақтар салынады
Бейтін Атамқұлов ішкі туристер ағынын арттыру үшін шағын авиацияны дамыту шаралары қолға алынатынын айтты.
"Бүгінде жергілікті 3 әуеайлақ қызмет істейді. Атап айтсақ, олар: Үшарал, Үржар және Зайсан. Баянауыл әуеайлағы көп ұзамай пайдалануға беріледі. Алдағы 5 жылда тағы 13 әуеайлағының құрылысы қолға алынады", – деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, биыл лизинг негізінде осы әуеайлақтарынан ұшырылатын 2 Л-410 ұшағы алынған. Ал 2025 жылға дейін осы секілді тағы 20 ұшақ алу жоспарланған.
Emirates, China Eastern мен Qatar Airways отандық нарыққа кірмек
"2017 жылдан бері Қазақстанның әуе компаниялары шетелмен 19 жаңа бағыт ашқан. Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки және тағы басқа қалалармен тікелей әуе байланысы ашылды. Ал Лондон, Мәскеу, Бейжің, Стамбұл бағыттары бойынша ұшу жиіліктері артты. Алдағы уақытта Шаңхай, Сингапур мен Нью-Йоркке тікелей рейс ашу жоспарда", – деді министр.
Оның айтуынша, қазір еліміздің 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар. Яғни, елімізде аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуе компания 430 рейс жасайды.
"Бірнеше жыл бұрын 3 шетелдік компания коммерциялық себептерге байланысты елімізге ұшуды тоқтатқан еді. Алайда қазіргі уақытта министрлік елімізге ұшу тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдады. Бірқатар шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан нарығына кіру жоспары бар. Жақын арада Emirates, Qatar Airways, China Eastern, Орал әуежелілері, Победа және тағы басқа әуе компаниялардың келуі күтіліп отыр", – деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында ашық аспан тәртібін енгізу жоспарланған.