Архитекторлық мамандықта оқи жүріп, қосымша аэроклубқа жазылады.
Сабақтан бос уақытында май-май болып, ұшақтың астында қосалқы бөлшектерін жуып жүрген қара домалақ баланы сол кезде ешкім де елемеген болар. Бірақ оның алдына қойған мақсаты, оған жетемін деген ұмтылысы кім кімді де жігерлендірердей еді. Осылайша аспанға ұшуға алғашқы қадамын ұшақ жуудан бастапты.
Төрт рет емтиханнан құласа да, алған беттен таймайды, ақыры 1979 жылы Мясников атындағы Качинск жоғары әскери авиация ұшқыштары училищесіне қабылданады.
Қазастандық "ұшақ спорты" Кеңес Одағымен бірге күйреді
Кәсіби ұшқыш-сынақшы болып, елге оралған оны тағы бір күрделі сынақ күтіп тұрған еді. Енді ғана кірісіп, өз арманына ұмтыла бастаған кезде Кеңес Одағы құлады.
Бірақ ол да Нұрмаханбеттің жігерін құм қылмады. Алайда, ел енді тәуелсіздік алып жатқанда Алматы аэроклубі талан-таражға түсіп, тоналды. Сөйтіп 1989 жылғы Қазақстандағы соңғы ұшақ спорты чемпионатынан кейін аэроклуб ауежайында тек қана парашютпен секірушілер ғана қалады.
"250 мың долларлық ұшақты 10 мың доллардан сатып жатқанын көргенде, жанымыз күйді" – дейді Нұрмаханбет.
Ұшқыш-архитектор
Нұрмаханбет те ел қатарлы тірліктің қамына араласып, архитекторлық жұмысын қайта қолға алады. Қазір ол республикалық «ОТАУ» құрылыс-жобалау компаниясының директоры әрі құрылыс жобалаушы болып қызмет атқарып жүр.
Оның жобалары бойынша Алматыдағы "Апорт" сауда кешені, "ZIEBFART" машина-техника сауда үйі, "Эфес" сыра зауыты, Жастардың шығармашылық орталығы салынды. Оңтүстік астананың сәнін келтіріп, салтанатын арттырған Науаи көшесіндегі, Алатау бөктеріндегі және "Байсерке" елді мекеніндегі коттедж қалашықтарындағы таңғажайып тұрғын үйлер де Нұрмаханбеттің талғамының жемісі.
Нұрмаханбеттің еңбегі Астанадағы құрылыстарда да бар. Осы маусымның аяғында ғана келіп, бір қонақ үйдің жобасын қорғағанына куә болдық. Бұдан басқа, оның жобасымен салынған Жаркенттегі сұлу ғимарат – "Хан шатыры" қонақ үйі, "Родник" қонақжай кешені, Луговойдағы "Алрай", "Суконый комбинат" тойханалары елге қызмет көрсетіп жатыр.
Қазақ ұшақ спорты қалай жанданды?
Нұрмаханбет қаншама тынымсыз еңбектің соңында жүргенімен, ол өзінің ұшқыш екенін бір күн де есінен шығарған жоқ. Жоба жасады, талпынды. Алайда өзгеден көмек болмайтынына көзі жеткен соң өзіне ғана сенуге, өзінің қажыр-қайратына сүйенуге тура келді. Өз еңбегімен тапқан тиын-тебенін ұшақ спортын қайта көтеруге жұмсады.
Осылайша түптің түбінде сүйікті ісіне, ұшақ спортына қайта оралды.
"Мен осы 2017 жылы Ресейге барып ұшақ спортынан чемпионатқа қатысып қайттым. Бізде КСРО кезінде бұл спорт түрі мықты еді. Қазақстан сол кезде екі рет Кеңес Одағының чемпионы болды. Біз сол мектепті жоғалтпау үшін тырысып жүрміз" – дейді Нұрмаханбет.
"19 жыл жинаған ақшама 3 ұшақ сатып алдым"
"Аттың басы бітіп, жорғасы қалды ма?" деген мәтел бар. Нұрмаханбет сатып әкелген екі ұшағын өзінің алғашқы қадамын бастаған "Байсерке" аэроклубының әуежайына әкеліп, толық тексеруден өткізеді.
"19 жыл ақша жинап Кеңес Одағынан сатып алуға ұшақ таба алмай, ақыры Еуропаға шығып, іздедім.
Германиядан Цесна-172 маркалы 4 орындықты бір американдық, бір ЯК-52 румын спорт ұшағын сатып алдым. Үшінші ұшағым контейнерге симай қалып қойды. Енді соны барып не алып келу керек, не ақшамды қайтарып алуым керек. Жалпы сатып алуға 165 мың евро қаражатым кетті" – дейді ол.
20 жылдан кейін ұшқан ұшақ
Ұшақты ұшуға дайындау, тексеру үшін арнаулы қызмет көрсету тобының жұмыс істейтіні белгілі. Ол топта ең аз дегенде 4 адам болуы керек. Оның үстіне ЯК 52 ұшағы сағатына ең кемінде 50-60 мың теңгенің жанармайын жағады.
Сол шығындарға шыдаған адам ғана сатып алған жеке ұшағын ұшуға дайындай алады. Ал Нұрмаханбет 100 сағат жаттығу жасады. Оның үстіне қызмет көрсететін арнаулы топты қаржыландырды.
Бұған кеткен есепсіз қаржы жайлы Нұрмаханбет айтқысы да келмеді.
Кезінде Румын елінде тек 2000 ғана ЯК-52 ұшағы құрастырылп, шығарылыған екен. Қазір бұл спорттық, қуатты ұшақты табу қиын.
ЯК-52 – оқу-жаттығулары үшін арнайы жасалған спорттық монопланды ұшақ. Ұшақты басқарып, ұшуға үйретуге және ұшықшатрадың машықтарын одан әрі жетілдіруге арналғандықтан, екі кабиналы болып келеді. Алдыңғы кабинада үйренуші, ал артқы кабинада шеберлікке үйрететін кеңесші-ұшқыш отырады. Ұшақтың күші – 360 аттың қуатына тең, ал жылдамдығы сағатына 360-400 шақырым. Қанаттары төмен орналасқан, әуеге көтерілгенде үш доңғалағы бірдей жиналатын ұшақпен ұшып, аспанда өнер көрсету үлкен шеберлікті талап етеді.
100 сағатта төрт жылдық норма орындалды
Нұрмаханбет "Байсеңгір" ауежайына жеке ұшақпен оралғанда әуежай қызметкерлері таңдана қарапты. Әуежай директоры, Қазақ ССР-нің жоғары пилотаждан құрама командасының жаттықтырушысы Юрий Ельцов бастаған топ та жан сала көмектесті.
Әр күні таң сәріде жаттығуға шығатын Нұрмаханбетті бүкіл қызметкерлері күтіп тұрады екен.
Ельцов: "Нұрмаханбет 100 сағатта 4 жылдық норманы орындады" – деп ризашылығын білдіріпті.
"Біз Нұрмаханға ризамыз. Кішкентай кезінде май-май болып, ұшақтың астында бөлшектерін жуып жүретін бала бүгін 20 жылға жақын тұрып қалған жұмысымызды қайта жандандырды!" – деп әуежай қызметкерлері де мәз.
Осылайша, балалық арманына жетем деген тынымсыз еңбек ақыры Нұрмұханбетті әуеге алып келді.
"Әр сынақтың бір сағаты 200 мың теңге"
"Қазіргі есеппен медициналық тексеріс, техникалық тексеру, бас инженер, навигация, метролог, ұшуға дайындау құрамы, аэроклуб басшысы, асхана, қызметтік автобус секілді аэроклуб толық жұмыс істегенде әр сағат үшін мөлшермен 200 мың теңгеден астам ақша төленеді. Біз өз қалтамыздан төледік. Олар мен үшін әр күні тәңертең сағат бестен бастап жұмыс істеді. Оны үкімет те, жекелер де берген жоқ" – дейді Нұрмаханбет.
2009 жылы ЯК-52 кластық әлем чемпионатына қатысушылар Литва елінің Паневежис қаласынан 16 шақырым жерде орналасқан "Роюнай" жеке меншік аэродромында кездесті.
Әлемдік жоғары пилотаж федерациясы мен Литваның ұлттық аэроклубының "Адам-Құс" атты қоғамдық қозғалысының қолдауымен ұйымдастырылған бұл чемпионатқа әлемнің ең таңдаулы 23 ұшқышы қатысты. Олардың ішінде Бельгия, Литва, Ресей, Украина, Финляндия, Эстония елдерімен бірге Қазақстан ұшқыштары да болғанын мақтанышпен айтамыз.
|
"Сұңқар" командасы өзі құрылғаннан бергі жылдар аралығында әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысты. Ішінде 1 алтыны да бар, 9 түрлі медаль алды. Олардың кәсіби деңгейін ҒАІ – Авиациялық спорт түрлерінің халықаралық федерациясы мойындады. |
Литвада өткен 2009 жылғы әлем чемпионатында олар тұтас Азия құрлығынан қатысқан жалғыз команда ретінде тек қазақтың ғана емес, бүкіл азиялықтардың туын көтерді. Әлем үздіктері қатарында олар төртінші орынды иеленді, ал құрама командадағы жалғыз қазақ та, сол команданың басшысы да Нұрмаханбеттің өзі болды.
"32 гектар жер сатып алып әуежай салдым"
Бірақ іс жеке әуежайсыз бітпейтін еді. Тәуелсіздік алған 25 жылда талай лауазымды тұлғалар қолдауымен түрлі бағдарламалар, жобалар жасап өткізген болатын. Бірақ олар орта жолға келгенде тоқтап қала беретін. Біресе әкім алмасады, біресе құжаттарды қайта өткізу керек болады. Әйтеуір сылтау көп.
Ақырында амалы таусылған Нұрмаханбет Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданынан 32 гектар жер сатып алады. Әуежай салады.
Нұрмаханбет: "Мен ауылдардың қоқыс-қалдықтары төгілген жерлерді сатып алып, оларды тегістеп әуежай салдым. Себебі, тегіс жерлер қымбат болды. Ал кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан әкемде де, шешемде де, туыстарымда да ондай жер болмады".
Нұрмаханбет салған әуежай ұшақ спортынан әлем чемпионатын қабылдауға дайын
Ұшақ спортынан әлем чемпионатын өткізу оңай шаруа емес. Ол үшін әлемдік қауымдастықтардың рұқсатнамасы мен ұйымдастырушы тараптың халықаралық беделі болу керек. Бұның барлығы Нұрмаханбетте толық бар.
Бұрыннан келе жатқан Ельцев қатарлы әріптестері де көмекке дайын. Жұмыла көтерсе бұл жүкті де көтеруге дайын.
"Қазір әуежай салынды. 26 ұшақ тоқтайтын үш үлкен ұшақ қоймасын салып бітірдім. Құдай қаласа, келесі жылы әлем чемпионатын қабылдасам деп отырмын. Ол туралы Мәдениет және спорт министрлігі жақсы біледі. Қаржы бөлуге уәде берген. Алайда, тағы не болары белгісіз" – дейді Нұрмаханбет.
Ол туралы оқып, елге оралған Ресей генералы
"Еңбегімнің еш кетпегенін сезген сайын қуанамын" дейді Нұрмаханбет. Бірде шаңғы тебуге Шымбұлаққа барыпты. Жол бойында көріп қалған бір кісі артынан іздеп келіп, танысыпты.Өзін Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызыметінің генералымын деп таныстырған қазақ азаматы: "Мен зейнетке шыққаннан кейін ата жұртым Тәуелсіз Қазақстанға оралып, өз ұлесімді қосқым келді. Тәуелсіз елдің қауіпсіздік қызмекерлеріне өз білімімді үйреткім келді. Алайда Қазақстандағы әріптестеріме келгенімде көптеген келеңсіздіктерді көріп түңіліп кеттім. Шынын айтқанда мені сиғызбады. Сонымен Мәскеуге қайтып бара жатып, ұшақта отырып "AirPort" деген журналдан сіз туралы мақаланы оқыдым. "Қазақстанда Нұрмаханбеттей" жігіттердің өсіп келе жатқанына, бар екеніне көзім жетті. Сонымен сол ұшақпен қайта елге оралдым. Сіз менің елге оралуыма себепкер болдыңыз" – деп рахметін айтыпты.
"Ұстаз арманы" орындала бастады
Жалпы ұшқыш болу– батыс елдерінде бекзаттық өнер. Мысалы, Ұлыбританияның екі ханзадасының бірі Ауған соғысында ұшқыш болды, бірі Британ теңіз авиациясында ұшты. Онан тыс Фин, Франция елдерінің жоғары таптағы биік тұлғалары ұшқыштықпен шұғылдануды салтқа айналдырған. Әсіресе, әскери ұшқыш болу – өте үлкен мәртебе.
Нұрмаханбеттің жалғыз ғана арманы бар. Ол – тәуелсіз Қазақстанның ұшақ спортшыларын жасақтап, ұшқыш ұл-қыздарымызды тәрбиелеу.
"Ұшқыш болу екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Ең алдымен мықты денсаулық болу керек. Сосын жігері мен еңбекқорлық керек. Қазақ балаларынан кемінде екі құраманы әлем чемпионатына шығарсам, сол арқылы осы бекзат спортты ұрпақтарға жалғасам деп жұмыс жасап жүрмін" –дейді Нұрмаханбет.
2016 жылы ол "Ұлан" аэроклубын құрып, жас ұшқыштарды тәрбиелеуді бастапты. Өзі салған әуежайда.
|
Нұрмаханбет қалаған Қазақстан ұшақ спорты құрамасының кәсіби деңгейін ҒАІ – Авиациялық спорт түрлерінің халықаралық федерациясы мойындады. ҒАІ – Авиациялық спорт түрлерінің халықаралық федерациясының президенті Нике Хойер Нұрекеңді "Қанатты адам" деп, Литвалық Казис Антанавикус пен Елтонас Мелексис "Көк қыраны" десе, украиндық шебер Иван Биластың пікірінше, "Нұрмаханбеттің ұшағының винттері де өзіндей шебер" деп баға берді. |