Тікелей эфир

Кеңес үкіметі Оспан батырды неге сатып кетті? Қытайдағы қазақ көтерілісінің бізге беймәлім тұстары

Суретті зерттеп дайындаған Б.Ахметұлы/informburo.kz
Суретті зерттеп дайындаған Б.Ахметұлы/informburo.kz
Оспан Сіләмұлы – Алтайдың арғы бетіндегі қазақтардың азаттығы жолында өмірін қиған батыр. Коммунистерге қарсы комитеттің Шығыс Түркістандағы төрағасы.

Шыңжаңдағы жағдай Зуқаға жасалған қастандықтан кейін ушығып кетті


Зуқа батыр Сәбитұлы (1866, семей - 1928, Алтай) Қытай Гоминдаң билігі тарапынан қастандыққа ұшыраған

Зуқа батыр / Сурет Түркияда сақталған нұсқадан алынды


Қытай Гоминдаң билігі (Қытай Республикасын билеген демократиялық партиясы) қастандық жасаған Зуқа батыр Сәбитұлы (1866-1928) – Зайсан өңірінде туылып, Алтайдың арғы бетінде өткен Алаш арысы, әскер бастап, ел қорғаған дін және қоғам қайраткері. Оспан ұстаз тұтқан тұлға.

Зуқа Оспанға: – "Керейде кержақ деген батыр болады" деп еді. Сол сен боларсың. Атағыңды естіп, алты алаш елеңдейді. Одан соңғысы ма, соңғысы… Әттең, кеш, арты бұлыңғыр, көзім жетпейді… Байқа, балам, байқа! Аса қайрат бас жарар, – сөзінің аяғын жұтып барып тоқтайды да, – "Ері жоқ – ел жетім", Алла алдыңнан оңғарсын, жортқанда жолың болсын! – деп бата береді.

Зуқа батыр Оспан батырдың ауылынан бес келін түсірген. Төртінші ұлы Шәдетке Оспанның немере апайы Сәлиханы алып берген. Оспан жездесі Шәдетпен және Сұлтаншәріп ауылымен өте жақсы байланыста болған.


1954 жылы Кәшімір. Ортада Сұлтаншәріп Зуқаұлы. Оң жағында отырған Қалибек Хакім

1954, Кәшемір. Ортада Сұлтаншәріп Зуқаұлы. Оң жағында отырған Қалибек Хакім / Сурет nationalgeographic.kz сайтынан алынды


Сұлтаншәріп Зуқаұлы – Алтайдан Тибет арқылы Үндістанға асып, Түркияға жеткен көш басшыларының бірі.

– Біздің үйге Оспан нағашы атам келіп тұратын. Нағашымның үлкен қара күпісінің ішінде талай пысылдап ұйықтағам, – деп еске алды Арыстан (Сұлтаншәріптің інісі Шәдеттің ұлы. 1937 жылы Баркөлде туған) ағамыз.

Оспан батырдың соңғы өмірі Сұлтаншәріп ауылымен бірге өтті.

Шыңжаңның (Шығыс Түркістан) КСРО-мен ымыраласуы


Шың Шысай

Шың Шысай / Сурет wikipedia.org сайтынан


Шың Шысай – Қытай Республикасының Шығыс Түркістанды басқарған губернаторы. 1933 жылы 12 сәуірде Шыңжаңдағы Жин Шурын билігін төңкеріп тастап, 1944 жылы 29 тамызға дейін билік жүргізді.

Шың Шысай 1937 жылы Мәскеуде Сталинмен кездесті. Компартия мүшелігіне өтіп, 1859118 нөмірлі билетін алып оралды. Ол "Алты ұлы саясатты" жариялап, КСРО-ны дос тұтты.


Шыңжаңның Шың Шысайдың КСРО-мен ымыраға келген кездегі туы

Шыңжаңның Шың Шысайдың КСРО-мен ымыраға келген кездегі туы / Сурет wikipedia.org сайтынан


Шың Шысайдың алты ұлы саясаты:

  1. Жиһангерге қарсы тұру;
  2. Кеңес Одағымен дос болу;
  3. Ұлттар теңдігін іске асыру;
  4. Парақорлықты жою;
  5. Тыныштық сақтау;
  6. Шынжаңды жаңадан құру.

Коминтерн Оспанға неге көмектесті

1941 жылы соғыс басталды. КСРО Германиядан жеңілсе, өз басына қауіп төнетінін сезген Шың Шысай достықтан бас тартты. Шыңжаңның коммунистерге қарсы күштердің ықпалында кетуіне алаңдаған Сталин жергілікті қазақтардың батыры Оспанды қолдап, өлкені Қытай мен арада буферлік зона ретінде сақтап қалуды ойластырды. Сол жылы Алтайдағы консул Владимир Красильников, елші орынбасары Баймұрзин (атын таба алмадық) арқылы арнайы шара ала бастады.

КСРО "1942 жылы 20 қарашада "Шығыс Түркістан – тәуелсіз ел" деп жариялады. Әрі Оспанды келіп тауып, "Шығыс Түркістан Бұлғын Ақ Үй Соғыс Комитетін құрған еді" деп жазған Оспан батырдың қолбасшыларының бірі Нұрғожай батыр өз естелігінде.

Нұрғожай батыр Молдажанұлы – (1912 (Алтай) – 1986 (Стамбұл)). Оспан батырдың алғашқы 8 комиссарының бірі. Әскери қолбасшы.


Коминтерн кезіндегі кездесу. Оспан батыр, Моңғолия басышсы Шойбалсан және орыс офицері

Коминтерн кезіндегі кездесу. Оспан батыр, Моңғолия басшысы Шойбалсан және орыс офицері / Сурет wikipedia.org сайтынан


Бұл кездесу туралы Владимир Красильников "Синьцзянское притяжение" атты естелік кітабында жазған. 1943 жылдың аяғында Коминтерн тарап кетті.

Шығыс Түркістанның тұншығуы

1944 жылы қарашада Шығыс Түркістан Республикасы (ШТР) құрылды. Алайда Әлихан төре бастаған биліктегілер – КСРО-да тәрбиеленген адамдар еді.

Шығыс Түркістан төңкерісі кенеттен "Үш аймақ төңкерісі" деп өзгертіліп, ұлттық армия таратылды. Тіптен, 1945 жылдың соңында Қытай Гоминдаң Үкіметімен келіссөздерді бастап, қолдағы жеңістен бас тартты. Қытай коммунистеріне көмектесу үшін Манастағы соғыс армиясының Үрімжіні басып алуы шектелді. Дәлелхан Сүгірбаев, Жағда Бабалық бастаған Ұлттық армияны Оспан батырдың армиясына қарсы соғысқа айдады. "Шарқи армиясы" дегеніміз осылар еді.

Бұл қазақтардың наразылығын тудырып, Шығыс Түркістан Республикасына сенімнен қалдырды.

Ялта келісімі – 1945 жылы 4-11 ақпан аралығында Қырымдағы Ялтада өткен КСРО, АҚШ, Ұлы Британия басшылары арасындағы келіссөздер ШТР-ды тарихтан кетірді. Онда "келешектегі жеңіскер, мемлекеттер арасындағы әлемді бөлісу" мәселесінде Шыңжаң тағдырын шешу КСРО-ның құзіретіне берілгендігі белгілі.

КСРО Оспан батырды сатып кетті

1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Жеңіске жеткен КСРО іле-шала Қытай коммунистеріне көмектесіп, Мәнжуриядағы жапондардың Квантун армиясын жойып жіберді. Осылайша қолдау тапқан жергілікті коммунистер Гоминдаң билігіне қарсы шабуылға көшті. Сталин мұнда коммунистік режимді орнықтыру арқылы әлемдік билікке жетуді көздеді.

Сол үшін Шыңжаң мәселесі өзекті болмай қалды. Оны басы бүтін Мау Зыдоңға (Mao Zidong) берді. Шығыс Түркістан Республикасындағы көмекші күштер мен әскерилерін Қытай Компартиясына жіберді де Республиканы жойды. Тіптен, Оспан батыр бастаған Ұлт азаттық қозғалысына қарсы әскер, соғыс ұшақтарын жіберіп, қазақтарды қырды. Сол кезде Баркөл жеріндегі елді бомбалаған ұшақтардың КСРО-ныкі екенін Оспан әскерінің құрамында болған, бұрын Курчатовта туылып, Қытайға қашып барған орыс солдаты Василий Званцов жазған.

Гоминдаң билігімен келісу

Олар қызылдардың тепкісіне төтеп бере алмады. 1947 жылы Шонжы қаласында Қытай Республикасының Президенті Жияң Жиешінің әскери кеңесшісі Шынжаң өлкелік гарнизонының қолбасшысы, генерал-лейтенант Сұң Чилан (Cong Qilan) Оспанмен кездесті.

Жазушы Жақсылық Сәмитұлы "Қытай қазақтары" деген кітабында Оспанның былай дегенін жазған: "Біз, Шынжаңдағы қазақтар мен Кеңес Одағындағы, Қазақстандағы қазақтар бұрыннан қандаспыз. Кеңес Одағы Қазан төңкерісінен кейін Ресей қол астындағы қазақтарды жауыздықпен жаныштады. Көп адам қырылды. Мал-мүлкі тәркіленді. Діни сенімнен жұрдай болды. Қазір Шынжаңда жасап отырған кейбір қазақ рулары Ресейден қашып келген. Сондықтан, біз қазақтар Кеңес Одағынан төтенше қорқамыз. Және оларға өлердей өшпіз..."

Оспан батыр Жаң Жыжоңмен (Zhang Zhizhong) жақсы байланыста болып, өлкелік демократиялық үкіметтің мүшесі болып сайланды.

Жаң Жыжоң – 1946-1947 жылдары Шыңжаң өлкесінің губернаторы. 1948 жылы Гоминдаңның Батыс терістіктегі бес өлке әскери өңірінің бас қолбасшысы. 1949 жылы Қытай коммунистеріне берілді.


Жаң Жыжоң

Жаң Жыжоң / Сурет wikipedia.org сайтынан


Коммунистерге қарсы күрес

1946 жылдан бастап "Үш аймақ" әскерлері КСРО көмегімен Оспанға қарсы соғысқа аттанды. Бастапқыда бірнеше рет ұрыста оңбай жеңілді. Бірақ Оспан батыр қазақ босқа қырылмасын деп шегінуге мәжбүр болды. Бұл туралы Нұрғожай батыр естелігінде жазып қалдырыпты.

1945 жылдың соңына қарай КСРО мен қызыл Қытайдан үмітін үзген Оспан Гоминдаң билігімен ымыраға келді.

1950 жылы сәуірдің аяғында Баркөл мен Мори және Шіңгіл аудандарының аралығындағы Хасантуда отырған Оспан ауылына жүздеген адаммен қашып, Жолбарыс (Құмыл қаласының әкімі. Ұлты ұйғұр) келеді. Оның үстіне Гоминдаңнан қалған үш мың адамдық армия Оспанға келіп қосылды.

Бұл туралы Нұрғожай батыр: "Осы ауыр жағдай үстінде Үрімжіден Закария Генерал (ол осы кезде полковник болған еді), Нәзір дейтін Найман (Бұрханның құдасы болатын) өкіл болып келді. Оспанға "Жолбарысты ұстап бер. Онда сіздердің күңәларыңды кешіремін. Егер Жолбарысты ұстап бере алмасаңдар және өздерің келуге көнбесеңдер, онда әскери күшпен жаныштаймын" деген нұсқауды әкеліпті" – деп жазыпты.


Нұрғожай Молдажанұлы

Нұрғожай Молдажанұлы / Сурет abdulvahapkara.com сайтынан алынды


Осыдан кейін Оспан тобы "Коммунистерге қарсы күрес комитетін" құрған. Бүкіл армияның бастығы Оспан, оның орынбасары Жолбарыс болып белгіленген.

АҚШ-қа кетуден бас тартуы

Бұл туралы тарихшы Әбдіуақап Қара реттеген Нұрғожай батырдың естелігінде былай деп жазылған:

"1949 жылы жазда Гоминдаң мен Күн Сандаң (Коммунистік партия) соғысының хабарлары үнемі келіп тұрды. Гоминдаң әскери басшылары қаша бастады. Америка консулы да болып жатқан уақиғаны айтып тұрды. Маккирнан:

– Мал-жаныңды жергілікті өкіметке өткіз. Америкаға кет, мал сомасын біз береміз, – деп те айтты.

Оспан: "Отанымызда тұрамын. Қашпаймын. Жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан өкіметін құрып бере алмайды. Американың сөзі де өтірік. Рузвельттің екінші дүние соғысындағы әрекеті бізге белгілі. Екі тауды бір-ақ күйретіп, дүниенің үлкен базарын іздеген. Америка – қазір Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ең үлкен елі. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ" деп маған кесіп айтты" деп жазыпты.

Тіптен, Үрімжідегі Гоминдаң үкіметі басшылары Тау Жыйуе (Tao Zhiyue) қатарлылар Шыңжаңнан кеткісі келетіндерге көмектесіп, шетелге қашуына жағдай жасайтынын айтқан.

АҚШ елшісінің Оспанға қашып келуі


Доуглас Маккәринан

Доуглас Маккирнан (1913-1950) / Сурет wikipedia.org сайтынан


Доуглас Маккирнан 1949 жылы 29 тамызда Үрімжідегі жұмысын тоқтатып, Баркөлге жолға шыққан. Оспан батырдың ауылында бір айдан астам уақыт тұрып, мал-мүлкі мен АҚШ-пен байланыстыратын радиотелефонды сонда қалдырған.

Доуглас Маккирнан (Douglas Mackiernan) – 1947-1949 жылдарында Үрімжі қаласында АҚШ консулының орынбасары қызметін атқарған. АҚШ Орталық барлау басқармасының КСРО-ның атом қаруы сынағын бақылауға жіберген шпионы.

– Оспан батыр оларды Тибет арқылы Үндістанға жіберді. Шығарып салғандар Зиратбай, Қариға, Зәлебай деген Сұлтаншәріп ауылының адамдары еді, – дейді жазушы Байахмет Жұмабайұлы.

Елшіні құтқару

Бұл туралы зерттеуші Қалбан Ынтыхан былай дейді:

– АҚШ елшісі бастаған топ Құмылдан Гансуге келе жатқан. Жолда "Орыс алған" деген су бар. Ол иен құм арасында. Бұрын кен іздеген орыстармен соғысып, оларды қуып шығыпты. Содан "орыс алған" деп аталып кетіпті. Гансу не Тибетке өткен адам ол жерді баспай өтпейді. Ішінде Сағидолла Қайшыбайұлы (Ақсайда қайтыс болған) бар бір топ азамат сол суды күзетіп, шолғыншы болыпты.


Елшінің қашқан жолы

Елшінің қашқан жолы / Сурет perduha.com сайтынан алынды


Егер жау болса, қырып тастап отырған. Бірде жігіттер түйе мінген орыстарды көріп, КСРО әскері болу керек деп топшылап, аңдып жатады. Сол кезде дүрбі салып отырған Сағидолла қайынағасы Зәлебайды танып қойыпты да қасындағыларды тоқтатып, "Зәлебай" деп айғай салады. Ол да "Жау емеспіз, елміз" деп дауыстапты. Сонымен елшіні қорғап, Тибетке өткізіп жіберіпті.

Маккирнан қалай өлді?

Маккирнанның серіктері – Фрэнк Бессак (АҚШ антропологі), Степан Янюшкин (Yanuishkin), Леонид (Лёвка), Шутов (Shutov), Василий Званцов (1923-2012) – Маккирнанның атшысы, Оспан батырдың атты жасақтарында қызмет істеген, Марқакөлде туған, қазақ тілін жақсы білген (1942 жылы КСРО-дан қашып келген).


1950 жылы, Лхаса. Маккәринанмен ілесіп Үндістанға аман өткен орыстар. Солдан екінші Званцов

1950 жылы, Лхаса. Маккирнанмен ілесіп Үндістанға аман өткен орыстар. Солдан екінші Званцов / Сурет perduha.com сайтынан алынды


Олар 1949 жылы 27 қыркүйекте Тибетке кірген. Олар Чиңхай өлкесінің Гаскөл деген жерінде отырған Құсайын тәйжі еліне келіп, қысты өткізеді. Маккирнан, Янюшкин, Шутов 1950 жылы 24 сәуірде Тибет жотасында (Солтүстік Тибет – Чангтан) Тибет шегара бекетінен өтерде оққа ұшты.

Луоның өлімі

1949 жылы қызылдардың алғашқы армиясы "Коммунистік билікке қарсы бандыларды жою" мақсатымен келеді. Қытай дивизиясындағы полк бастығының орынбасарын (Luo Xiaoyu) Құмылдан Баркөлге асатын Көшөтті деген жолда қазақтар өлтіріп кетеді.

Бұл туралы Нұрғожай батыр "Үрімжіден Құмылға бара жатқан генаралды Оспанның қолбасшыларының бірі Қапас батыр атып кетті" деп жазған.

Гансу-Чиңхай өлкелеріне шегіну себебі

Оспан ол кезде КСРО-дан да, Моңғолиядан да үмітін үзген. Оспан мен Сұлтаншәріп ауылы Баркөлден Ганусуға өтеді. Аратүрік, Құмылдың солтүстігін басып Миңшүй арқылы Ләнжу қаласына жақын жерден. Қалибек пен Қамза бастаған көш Сауан ауданынан Қарашәріге өтіп, Лопнұр көлі арқылы Гаскөлге келді. Мақсат:

  • АҚШ бастаған шетелмен Тибет және Үндістан арқылы байланысқа шығу, көмек сұрау.
  • Мұнда бой тасалап келген қазақ көп. Солардан әскер құрап, күш жинап, Шыңжаңға қайту.
  • Үшіншіден, соғыстан қалжыраған сарбаздарды азда болса демалдырып алу.

Бұл – 1951 жылы қаңтар, ақпан айлары еді

700-ден астам отбасы бар Оспан батыр, Жәнәбіл ауылдары Қанамбар тауының етегінде отырды. Арты асу арқылы Дүнхуаң қаласына мөлшермен 200 шақырым.

Сұлтаншәріп ауылы Қайыз көлінің шығыс оңтүстігіндегі (Қайызға 150 шақырым) Тажнұр көлінде отырды. Бұл Шығыстан келетін жаудың өкпе тұсы еді. Ал Құсайын тәйжі, Қалибектер Қайыздан 380-400 шақырымдағы Гаскөлде еді. Олар Сұлтаншәріп ауылына да 220-250 шақырым болатын.


Қазақ ауылдары отырған жерлер

Қазақ ауылдары отырған жерлер / Сурет google-ден қиып алынып, жасаған Б.Ахметұлы


Оспан ауылының жер түзілісі

Хайыз көлнің солтүстігі биік тау – Қанамбар таулары. Сол жақтан Дүнхуаң қаласы жақын. Сол таудың етегінде отырған Оспан ауылы Хайыздан өтіп Тәжнұрға, Гәскөлге кете алатын. Шығыстан келетін жау Мақай және Тәжінұр арқылы келетін. Бірақ Шиниң қаласы кемі 800 шақырым еді.

Онда қума-қума сарғалдақ шөптер мен бұта-бүргендер болатын. Отын аз болғандықтан көбінесе қодас секілді мал тезегін жағатын. Оның үстіне негізінен қар жаумайтын қара суық еді. Көлде музы қатып, айнадай жарқырып жатады екен. Ол кезде Дәлелхан Жәнімхан (ШТР Қаржы министрі Жәнімханның ұлы) мен Нұрғожай батыр, Тәкіман полковниктер Сұлтаншәріп ауылына барып қосылыпты.

Дүнхуаңға кеткен қырық жігіт

Ауыл басшылары Тибет арқылы Үндістанға көшуді көздеген. Соғыс пен көшке керекті азық-түлік пен тұрмыстық заттарды әкелуге Дұнхуаң қаласына 40 адамнан құралған керуенді жөнелтеді. Олардың ішінен қытай, дұнған тілдерін білетін екі жігітті елдің жағдайын біліп, ауқымды аңдауға бөлген.

– Бұл қырық жігіттің ішінде біздің ауылдан 6 жігіт болды. Ішінде ағаларым– Қариға мен Дәуіт бар еді. Қалаға кіргеннен кейін екі жігіт хабар-ошар алып, ел аңысын білуге бөлек қалады. Ал қалған 38 жігітті Дұнхуаң қаласына кірген кезде Қытай азаттық армиясы ұстап әкеткен. Ондағы мақсаттары Оспан, Сұлтаншәріп ауылдарына хабар жеткізбей, әскермен басып қалу болатын, – дейді Арыстан ағамыз.

"Оспанды ұстауға әскер шықты"

Мау Зыдұң Гансу, Чиңхай және Шыңжаңды азат етуге Пың Дыхуай (Peng Dehuai) генарал бастаған далалық соғыс армиясын жіберді.

– Сол аралықта қалада ұсталмай кеткен екі жігіттен ауылға хабар жетті. Бірі – біздің ауылдың жігіті еді, – деп еске алды Арыстан аға. – "Дұнхуаңнан қалың әскер шықты. Жер сырын білетін жергілікті тибет, моңғол, дүнгендерден жолбастаушылары бар. 6-7 күн ішінде елді келіп басып алады. Тез көшсін. Соғысып шыдауға болмайды. Өйткені, зеңбірек, миномет, автомат – қарулары да, адамы да көп. Бекер қырылып қаласыздар. Не көшіңіздер, не бағыныңыздар" депті ерте жеткен хабаршы.


Оспан ұсталған жерде бірге отырған ауыл адамдары

Оспан ауылының адамдары: Оңнан бірінші Пәзилә Сұлтаншәріпқызы, ортада Арыстан Шәдетұлы, Асғатолла Ануарұлы және оңнан үшінші Қалбан Ынтыханұлы / Сурет informburo.kz


Пәзилә Сұлтаншәріпқызы:

– Әкем Оспанды шақырып алып, хабарды жеткізді.

Үйдегі мәслихатқа басқа ешкім араласқан жоқ. Әкем: "Мен қазір көшке дайындалып жатырмын. Бүгін түнде кетеміз. Сіз де айналмаңыз. Мына жау басқа жауға ұқсамайды, батыр!" деді.

Оспан батыр артында әлі келмеген туыстары барын, азырақ аялдайтынын айтты: "Сұлтан аға, сіз көше беріңіз. Аллаға аманат, аман болсақ кездесерміз" деп құшақтасып қоштасқаны әлі көз алдымда, – дейді апамыз. Кеште қозғалған көш Тибеттің қар бүркеген сары жотасына қарай бет түзеді.

Бұл Сұлтаншәріп үйіндегі әжесі Додидың қолында өскен Әбдірахман Шетін ағамыздың да есінде. Ол кісі 1938 жылы Баркөлде туыпты. Шешесі ерте қайтқан. Әжесінің бауырында, Сұлтаншәріптің үйінде өскен. Оспан батыр атамыз мені "Би бала" деп атайтын еді деп еске алады ағамыз.


1954 жылы Кәшмір. Киіз үйдің алдында белін таянып тұрған Пәзилә Сұлтаншәріпқызы

1954 жыл. Кәшемір. Киіз үйдің алдында белін таянып тұрған Пәзилә Сұлтаншәріпқызы / Сурет nationalgeographic.kz сайтынан алынды


Сұлтаншәріптің үлкен қызы Пәзилә сол кезде 14 жаста екен. Сұлтаншәріп үйінде болған сол күнгі кеңес апамыздың да есінде қалыпты.

Оспан батыр неге көшпеді?

Оспанның ағылшын кеңесшілері жағдайды көрген соң Тибет асып, Үндістанға өтіп кеткен еді. Алайда, олар да мүмкіндік болса көмектесетіндерін айтқан.

Соңынан ерген қаруластарын, үміт күткен ел-жұртын қиып кете алмады. Оның үстіне "Коммунистерге қарсы күрес комитетінің" төрағасы миссиясы бар.

Екінші жағынан, қызыл қытайдың әскерлерінің қуатын төмен бағалаған. Себебі, бұрынғы тек винтовкамен, бірер автоматпен қаруланған гоминдаң әскерімен соғысу өте оңай еді.

1951 жылы 19 ақпан

Жеті күн ішінде келеді деген жау 3 күнде Қайыз көлінің бас жағында отырған қазақтарға жетіп келеді.

Қанамбар тауының желкесінен асып, ауылға қарай құлаған әскерлердің шаңы да көрінеді. Алайда соғысқа еті үйренген ерлер асықпайды. Шығыстағы Махай жақтан да жау жетеді. Минометпен киіз үйлердің тас-талқанын шығарады. Мұндай күшті соққыны көрмеген ел қапелімде шегініп, құтылуды ғана ойлайды. Жәнәбіл сол жерде оққа ұшады.

"Алдырар күні жаздырар" демекші Оспан батыр да жағдайдың қиынға айналып бара жатқанын сезіп, қызын мінгестіре қашады. Шілікті өзенін жағалап көлге қарай. Жарты сағатта көлге тірелді. Көл суы жайлып қатқан екен. Айнадай жарқырап жатқан Қайыз көлінен ары Тажнұр мен Гаскөлге өтіп кетуге болады.

Қырсыққанда аты мұз үстінде тайып жығылды. Қолындағы винтовкасы оққа қақалып істемей қалды. Ал тапаншасының шақпағы ат жығылғанда ұшып кеткен болып шықты.


Оспанның ұсталуын көрсететін карта

Оспанның ұсталуын көрсететін карта / Сурет google-ден қиып алынып, жасаған Б.Ахметұлы


Қуып келген жау әскеріне енді қарсылық көрсетудің қажеті жоғын білді. Алланың салғанына көнді. Жаудың бір бөлімі Оспанды байлап алып, Дұнхуаңға бет алды.

Бұл туралы Гансуде туған тарихшы, көш зерттеуші Қалбан Ынтыханұлы қазақ және қытай тілдерінде шыққан материалдарды зерделей келе осындай түйінге тоқтаған. Қалбанның үлкен үй әлі күнге сол көлдің бойында мал төлдетіп отыр.

Оспанды ұстауға көмектескендер туралы

Бұл туралы Гансуде туған тарихшы Хы Шидың "Ақсай қазақтары" атты кітабында жазыландай, Оспанды ұстап беруге Дұнхуаң қаласында сауда істеп жүрген сарт Ләтип көмектескен. Ол саудагер болып жасанып барып, хабар жеткізіп отырған.

Ләтип сол еңбегі үшін Ақсай қазақ автономиялы ауданының партия секретары да болыпты. Ал қазақ жігіттері Сұлтаншәріпке, Оспанға хабар беріп үлгерген болып шықты.

Серіктестер жаңалықтары