Каспий теңізінің геосаяси маңызы болмағанда, оның акваториясын бес ел бірінші кездесуде-ақ бөлісіп алар еді. Ал АҚШ әскери флотын Қырымдағы Севастопольге кіргізе алмаған соң, Каспийге қызығушылық таныта бастауы заңдылық. Кейбір сарапшылар олардың Каспийге бұрыннан қызығатынын айтады. Тек сәтті мүмкіндік табылмай жүрген-мыс.
Бжезинскийдің шахмат тақтасында Қазақстанның орны қай жерде?
Америкалық геосаясаткер, АҚШ-тың бірнеше Президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі қызметін атқарған Збигнев Бжезинский "Ұлы шахмат тақтасы" (1997 жылы жазылған) атты кітабында Қазақстанды Еуразиялық Балқан елдерінің тізіміне енгізіп, АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар территория ретінде көрсетеді. Украинадағы саяси дағдарысты дәл болжай білген саясаткер Еуразия геосаясатында Еуразиялық Балқан елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзірбайжан) басты назарда болатынын айтқан. Тізімдегі үш ел Каспий теңізіне шыға алады. Бжезинский мырзаның жазуынша, жуырда америкалықтардың әскери күші осы теңізде шоғырлануы тиіс.
Каспий теңізінің акваториясына иелік етуге 5 мемлекет құқылы. Қазақстан Ресей және Әзірбайжанмен үш жақты келісімге келіп, Каспийдің солтүстігіндегі шельфінен мұнай өндіріп жатыр. Ал Иран неше жылдан бері теңізді теңдей беске бөлуді талап етсе, Түрікменстан пікір білдірмеуді жөн көріп отыр.
Үш жақты келісімге орай Қазақстан Каспийдің ең көп бөлігін (29%) иемденеді. Десе де, стратегиялық мақсатта бұл аймақты көбіне Ресей пайдаланады. Себебі Қазақстанның әскери теңіз флоты енді ғана қалыптасып келеді.
Каспий – Парсы шығанағы сынды стратегиялық аймақ
АҚШ-тың әскери карталарында әдетте, Таяу Шығыс пен Орта Азия бірге сызылады. Себебі Араб түбегінен Каспий теңізінің солтүстік бөлігіне дейінгі территория мұнайға өте бай. Exploring Geopolitic.org колумнисі Леонард ван Эфферинктің айтуынша, АҚШ осы аймақтарды бақылауға алуға барынша тырысып жүр.
"Араб түбегіндегі елдер АҚШ долларын екінші негізгі валюта ретінде пайдаланады. Сәйкесінше, бұл аймақтағы дерлік барлық мемлекеттерде АҚШ-тың әскери базасы бар. Ирак 2004 жылдан бері толық бақылауда. Қазір Сирияны бағындыру процесі жүріп жатыр", – дейді Эфферинк мырза.
Global Research зерттеу орталығының журналисі Эрик Уоддэлл Ирак пен Ауғанстан территориясын "Халықаралық соғыс театры" алаңы деп атайды. Ол мұнай үшін соғыс жалғасын тауып, Каспий маңына дейін созылатынын болжайды.
Төмендегі картаға мән берсек, Каспий жағалауы мұнайға бай территория ретінде көрсетілген. Мұнай тасымалы жүргізілетін құбырлар Еуропаға теңіз арқылы тартылған. Енді оны Орта Азия арқылы Парсы шығанағына дейін тарту жоспарланып отыр-мыс.
Төмендегі картада Эрик Уоддэлл АҚШ-тың әскери әуе базасының Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда бар деп көрсеткен. Қырғызстан АҚШ авиациясын 2011 жылы шығарып жіберді. Ал Тәжікстан шекарасын Ресей әскері қорғап отыр. Ресми емес ақпараттарға орай, Өзбекстанда да АҚШ әскері жоқ.
Халықаралық соғыс театры
Таяу Шығыстағы соғыстың жүріп жатқанына бірнеше он жылдықтың көлемі болды. Алғашында Англия мен Францияның бұрынғы отарлары бір-бірімен қарым-қатынасты дамытпай, жағдайды шиеленістіріп жібереді. Кейіннен бұл дінаралық соғысқа айналды. Ал қазіргі таңда, аталған аймақта тек экономикалық принциптер негізінде соғыс жүріп жатыр.
Әлемдік геосаясатта елдің экономикалық күшіне қарағанда оның сыртқы саясаттағы беделі көбірек рөл ойнайды. Ресейге саяси санкциялар жарияланғаннан кейін Еуропаға қажет газ мөлшері бармай қойды. Ал табиғи газ бен мұнайдың үштен бір бөлігі Парсы шығанағы аймағында шоғырланғанын ескерсек, Еуропа Ресейге тәуелділігін жою үшін мұнай құбырын тікелей Таяу Шығыстан тартуы тиіс.
Өндірісте мұнай сұранысқа ие болмай тұрып, ағылшындар мен француздар Парсы шығанағы аймағын толықтай бақылауға алған болатын. Десе де, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англия мен Франция немістердің шабуылы астында қалып, өздерінің отар елдерінің алдында беделін жоғалтты. Бірақ еуропалықтар "бөліп ал да, билей бер" саясатын жүргізіп, Палестина арабтары мен еврейлердің қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберді. Ирак (Англия) пен Сирия (Франция) арасындағы келіспеушіліктер де осылай бастау алған-ды.
Перл-Харбордан 9/11-ге дейін
Таяу Шығысты ағылшындар да, француздар да бақылауға ала алмаған соң, АҚШ өз мүмкіндігін сынап көруді ойластырды. АҚШ бастапқыда Панама каналы сынды маңызды стратегиялық аймақты алуды көздейді. Бірақ Мысыр үкіметі Суэц каналынан ағылшындарды қалай қуып шыққанын америкалықтар жақсы білетін. Сондықтан Ирак пен Сирия арқылы өтетін "төте жол" америкалықтардың басты нысанасына айналады.
АҚШ-тың бұл салада біршама тәжірибесі бар. Алып держава 1970 жылдары мұнай құбырларын Латын Америкасынан тартқан. Айта кетсек, әлемдік мұнай қорының 10 пайызы Оңтүстік Америка территориясының жер қойнауында жатыр. АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы қызметкері Джон Перкинс "Экономикалық киллердің тәубеге келуі" атты кітабында өзінің Эквадордағы қызметі туралы жазады.
Перкинс мырзаның айтуынша, барлау агенті дамушы елге инвестор ретінде келіп, үлкен көлемде инвестициялық жобаларды бастайды. Сосын елдің инфрақұрылымын жақсарту үшін халықаралық қаржы институттарынан қарызға қомақты сома алуға үгіттейді. Аз уақытта қарызға батқан Эквадорға АҚШ-тың қатаң шарттарына көнуден басқа амал қалмайды. Осылай Эквадор арзан бағамен мұнай экспорттауға келісімін береді. Бүгінде аталған елдің ұлттық валютасы да жоқ.
Ирактың Парсы шығанағына шығу жолы бар болғандықтан, АҚШ-тың геоэкономикалық экспансия жоспарында аталған ел бірінші орында тұрды. Ескере кетсек, Ирактың сол кездегі Президенті Саддам Хусейн АҚШ-пен ешқандай қарым-қатынас жасамай, Еуропаға экспорттайтын мұнайды еуромен сатуды жүзеге асырмақ болған. Бұл АҚШ-тың геосаясаты мен экономикалық ықпалына әсер ететіні белгілі еді. Сондықтан АҚШ тәуекелге баруды таңдайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде, АҚШ соғысқа белсене кірудің себебін таба алмай әлек болған. Себебі америкалықтар Еуропа үшін құрбандыққа бармайтындарын білдіріп, Вашингтонда жиі шеру ұйымдастыратын. Ал жапондар Перл-Харборға шабуыл жасағаннан кейін бір миллион америкалық соғысқа баруға өз еркімен жазылады.
Сарапшы мамандар АҚШ-тың алып флотының жапон соғыс крейсерлерінің келе жатқанын аңдамай қалуы мүмкін емес екенін айтады. Қазақтың белгілі журналисі Сейдахмет Құттықадам өзі жазған кітаптарының бірінде ("Cлужение Нации") Аустралия Премьер-министрі Джон Кертиннің АҚШ Президенті Теодор Рузвельтке шабуыл болуы мүмкін екендігін мәлімдегенін жазады. Бірақ Рузвельт сәтті мүмкіндікті күтуді шешіп, дабыл қақпаған.
Террористік шабуылдан соң, Нью-Йорктегі алып ғимараттардың құлауы Иракқа басып кіру үшін ойластырылған "себеп" болуы әбден мүмкін деген пікірлер бар. Бұған 2007 жылы "Democracy Now" телебағдарламасына берген сұқбатында Уэсли Кларк есімді америкалық зейнеткер-генералдың айтқан дәйектері де дәлел бола алады. Генералдың айтуынша, 9/11 оқиғасынан небәрі 10 күн өткеннен кейін Пентагон Ирак еліне шабуыл жасауға шешім қабылдайды. Инсайдерлік ақпаратқа орай, АҚШ әскери күші кейінгі 5 жылда Ирак, Сирия, Ливан, Ливия, Сомали, Судан мен Иранды басып алуды жоспарланған.
Америкалық саясаткер, 2001-09 жылдары АҚШ Қорғаныс министрі қызметін атқарған Дик Чейни АҚШ әскери күшінің Иракқа шабуыл жасау жоспарын 1994 жылы C-SPAN телеарнасына берген видео сұқбатында айтады. Чейни мырзаның пікірінше, америкалықтар Ирак билігін құлатқаннан кейін, ел территориясындағы сириялық арабтарды үгіттеу арқылы Сирия үкіметін құлату жоспарланған.
Аляска университетінің инженер ғалымдары Нью-Йорктегі WTC ғимараттарының шығыны мен техникалық құрылымын анықтау кезінде, физика заңына бағынбайтын бірқатар деректерге тап болады. Техника ғылымдарының докторы Лерой Хасли (Dr. J Leroy Husley) ұшақтың соқтығысуынан шыққан өрттен ғимараттардың құлауы мүмкін емес екенін айтады. Одан бөлек, бірқатар тәуелсіз зерттеу институттары 9/11 оқиғасын зерттеп, осыған ұқсас шешімдерін білдірген.
Демек, ғимараттардың құлауының өзге де себептері болуы мүмкін. АҚШ үкіметі Перл-Харборға жасалған шабуылдан кейін ІІ дүниежүзілік соғысқа белсене қатыса бастаса, 9/11 оқиғасы – Ирак еліне шабуыл жасаудың негізгі "кілті" болды. Бұған қатысты да сарапшы мамандар арасында түрлі алып-қашпа пікірлер көп.
АҚШ не Ресей?
Париждегі халықаралық зерттеулер орталығының (CERI) маманы, профессор Байрам Балчидің айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанасқанның өзінде Қазақстан АҚШ-ты Каспийге жақындата қоймайды. Себебі Қазақстанның басты стратегиялық серіктесі – Ресей. Тіпті, НАТО-ның әскери тәжірибе шараларының Каспий теңізінде өтуі Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін.
Айта кетсек, Байрам Балчи докторлық диссертациясында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Орта Азияның саяси жағдайын зерттеген. Ол кейіннен Кавказ елдері мен Таяу Шығыстағы саяси әрі діни мәселелерге қатысты зерттеулермен айналысты.
"Бжезинский Қазақстанға қауіптің сырттан емес, іштен келетінін жазған. Шынымен, Қазақстанға тісін қайрап отырған сыртқы жау жоқ. Қазақтар қызуқандылықпен өзге ұлт өкілдерімен, әсіресе, орыстармен түсініспеушілікке бармауға тырысуы тиіс. Әйтпесе, ұлтаралық қақтығыс ушығып, Ресей орыс диаспорасына қолдау білдіру үшін солтүстіктен аннексия жасауға дейін баруы мүмкін", – дейді Балчи мырза.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім АҚШ көбіне өз атынан емес, НАТО немесе БҰҰ әскері арқылы мүддесін орындайтынын айтады.
"Бүгінгі геосаяси жағдайға назар аударсақ, АҚШ өз әскерін әлемге қауіп төндіретін кез келген ел территориясына кіргізуге құқылы деп есептейді. Бірақ Каспийге енуіне Ресей мүлде рұқсат бермейді. Себебі теңіздің құқықтық мәртебесі толықтай анықталған жоқ", – дейді Дос Көшім.
Көшім мырзаның айтуынша, кезінде КСРО-ға Каспийдің жартысы тиесілі болған. Ал қазір тек шартты келісім жасалып отыр. Бұл жерде халықаралық заңдар да Ресей жағында болады. Себебі әлі құқығы анықталмаған жерге әскери блок кіргізуге бөтен елдің еш құқығы жоқ.
"Державалардың аймақты бөлу принциптері – өткен ғасырдың саясаты. Қазіргі әскери техника мен оның мүмкіндіктері белгілі бір территорияда орнықтырылуына тәуелді емес. Заманауи зымырандар алыс аймақтан ғаламшарымыздың кез келген нүктесіне жете алады. Сондықтан территорияны әскери мақсатта қолдану тек шартты түрде болып қалды. Бірақ соғыс мәселесінде, АҚШ үшін Каспий теңізі Иранға немесе Ауғанстанға ұшақ ұшыруға тиімді аймақ деуге болады. Содан кейін, Ресейден алыстаған Кавказ елдеріне демеу болу үшін АҚШ-қа Каспий алқабы маңызды", – дейді Дос Көшім.
Ресей Қазақстанды ең жақын серіктесі деп біле ме?
Белгілі америкалық геосаясаткер Джордж Фридман жетекшілік ететін Stratfor барлау компаниясының Levada Center мамандарымен бірге жүргізген зерттеуіне сенсек, Қазақстан – Ресейге оның сыртқы қатынасындағы ең жақын үшінші ел.
"Ресей сыртқы саясатында Белорус еліне көбірек сенім артады. Ал соңғы жылдары Қытай-Ресей байланысы нығайып, Қазақстан сенімділер қатарында үшінші орынға түсті. Қытайдың жақындай түскенін ортақ экономикалық жобаларды бірге жүзеге асыра бастағанынан білеміз. Ал соңғы екі жылда Ресей үкіметі посткеңестік елдер аймағындағы орыс диаспорасына патриоттық үгіт-насихаттарын белсенді түрде жүргізе бастады. Бұл Қазақстанмен байланыстың әлсіреуіне алып келуі мүмкін", – деп жазады Stratfor.
Ал Ресейді жау көретін елдер тізімінде АҚШ, Украина, Литва, Латвия және Германия көш бастап тұр. Олардың пайыздық көрсеткішіне мән берсек, 2013 жылдан бері Ресей билігін құптамайтын елдердің наразылығы күрт өскен.
Каспийдегі флоттың геосаяси қуаты қандай?
Каспий теңізінің геолокациясы қолданыста бар соғыс кемелеріне тиімді болып келеді. Мысалы, Қара теңізіндегі кеме бүкіл Еуропаны алақанында ұстай алса, Каспийдегі крейсер Мәскеуден араб елдерінің бүкіл территориясын қамтыған аймақты толық бақылауға алады.
Әзірге бұл екі теңіз де Ресейге геосаяси қуат беріп отыр. Сондықтан осы аймаққа АҚШ флотын кіруіне рұқсат берген елдің Ресейдің ата жауына айналатыны белгілі. Еуразияда аймақтық ықпалы бар Ресей сынды державамен кикілжіңге келу Қазақстан үшін мүлде тиімсіз.
Қазақстанға Ресейді жақтаудан басқа амал жоқ
"АҚШ-тың қазіргі таңда Каспийге кіруі мүмкін емес. Десе де, кірген жағдайда Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас толықтай бұзылады", – дейді Дос Көшім.
Саясаткердің айтуынша, Ресей өз территориясына АҚШ-ты жақындатпаудың бар амалын жасап отыр. Тіпті НАТО әскерлерінің Балтық елдеріне кіруі Ресейге үрей тудырды.
"Қазақстан ешқашан АҚШ-қа Каспийде база құруға рұқсат бермейді. Бұл – Қазақстан үшін өмір мен өлімнің арасындағы мәселе. Егер Қазақ билігі ауысып, Каспийге америкалықтар келетін болса, Қазақстан мен Ресей арасында жаңа "Донбасс" қақтығысы басталып кетуі мүмкін", – дейді Байрам Балчи.
Украинаның бұрынғы президенті Янукович мырза Путинмен жақсы қарым-қатынаста болған. Ресей Севастопольдегі әскери флот аймағын жалға алу мерзімін создырмақ болды. Дегенмен Украинада билік ауысып, ел президенті Петр Порошенко толығымен Батысты жақтаушы болып шығады. Осының кесірінен Қырымға аннексия жасалғаны белгілі.
Ал болашақта Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы нашарлап, Орта Азия алыбының АҚШ-қа бір бүйрегі тартып тұратын кезге жетсек, Украинадағы дағдарыс күні қазақтарға да тууы мүмкін.
"Мұндай сәт орын алса, Ресей Қазақстанға аннексия жасайды. Қарағандыдағы телеарнаның Донбасс туралы фильм көрсеткені сынды үгіттеу жұмыстары қазіргі таңда жүріп жатыр. Саяси резонанс туындаған кезде, Ресей Қазақстанның солтүстігіндегі орыс диаспорасын қолдау мақсатын алға тартып, әскерін кіргізе алады. Бұл Ресей геосаясатында қосымша жоспар ретінде тұр", – дейді Дос Көшім.