Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында шектеу шараларын күшейтті.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда:
Мемлекеттік комиссия 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап келесі шараларды қабылдау арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекітті:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
- Саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары секілді халық көп жиналатын орындарды жабу;
- Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
- Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.
Шымкентте:
Шымкентте әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал мен балабақшалар жұмысы тоқтатылады.
- Саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары секілді халық көп жиналатын жерлер жабылады;
- Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі. Үйге жеткізу сағат 22.00-ге дейін;
- Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі.
Ал азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимі Шымкент қаласы әкімінің шешімі бойынша шектеледі.
Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті:
- Нұр-Сұлтан – 61;
- Алматы – 40;
- Қарағанды қаласы – 2;
- Шымкент қаласында – 2;
- Алматы облысы – 1;
- Ақтөбе облысы – 1;
- Жамбыл облысында – 1;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 1.
Аурудан айыққан екі қазақстандық бүгін 26 наурызда ауруханадан шығарылды.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.