Олжас Беркінбаев, Ұлттық сандық тарих жобасының жетекшісі: – Деректі фильмдер топтамасының Моңғолия қазақтарына арналған бөлімінің толық нұсқасы назарларыңызға ұсынылады. Айта кетейік, "Қиырдағы қазақтар" деректі фильмнің мақсаты – ұлттық сана мен төл тарихты жаңғырту, алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың шынайы өмірін көрсету болды.
Қиырдағы қазақтар – Қазақстан үшін донор болды
Сонау 20 ғасырдың 30 жылдарындағы ашаршылық пен екінші дүниежүзлік соғыс кезінде және түрлі саяси зобалаңда қынадай қырылған қазақтың орны әлі толған жоқ. Тіптен, қаңырап бос қалған қазақ жерлері көп болыпты. Дәл сол кезде алыстағы ағайынның көмегіне де жүгініппіз.
Атажұртқа алғашқы көш 1958-1962 жылдары Қытайдан құйылды. Әрине, Кеңес одағы үшін адам – еңбеккүш керек болыпты. Сол кезде жүз мыңдаған қандасымыз келген екен. Бейресми мәлімет бойынша қазір өсімімен қосып есептегенде 2 миллионға жуықтаған.
Екінші рет құйылған көш 1990-1991 жылдардағы Моңғолиядан еңбек шартымен келуден басталып, тәуелсіздік алған күннен кейін қарқын алған.
25 жыл аралығында 953 908 қазақ тарихи отанына оралған. Келген қандастарымыздың 61,5 % – Өзбекстаннан, 14,3 % – Қытайдан, 9,3 % – Моңғолиядан, 6,8 % – Түркіменстаннан, 4,6 % – Ресейден және 3,5 % басқа мемлекеттерден қоныс аударыпты.
Олардың ішінде ондаған ғалым, жүздеген мәдениет қайраткері мен мыңдаған студент болды. Оған өсімін қосыңыз. Міне елімізге қосылған алып күш – адам капиталы болатын.
Қиырда қанша қазақ қалды?
Алыс-жақын шетелде 5 миллионнан астам қазақ бар. Бұл – Олжас Беркінбаевтің есебі.
Ең алдымен көз алдымызға Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан келетіні белгілі. Негізі қазақ қазір әлемнің 33 еліне таралған. Ал оқу мен жұмыс іздеп шашылып жүргендер одан да көп елде кездеседі.
Жалпы әлемде қазақ саны 17 миллионға жуық. Оның 12 миллионы Қазақстанда (2017 жылғы статистика бойынша). Қалғаны шетелде.
Бейресми мәліметтер бойынша Қытайда екі миллионға жуық, Өзбекстанда миллионнан астам, Ресейде миллионға жуық, ал Моңғолияда 130 мыңдай қазақ тұрады. Оның үстіне Түркия мен Еуропа елдерінде ұзын саны 50 мыңдай, Иранда он бес мыңнан астам, Қырғызстанда 40 мың, Түркіменстанда 50 мың қазақ бар екен.
Ал есепке кірмеген қаншама қандастарымыздың 7 миллиард халықтың ішінде тарыдай бытырап жүргендерін бір құдай білді.
Қазақтар өзін-өзі қалай сақтап отыр?
Ең алдымен – тілі. Тілі шектеу көрген халықтың салт-дәстүрі де тез өзгеріске ұшырайды. Әсіресе, жас ұрпақ бірден басым санды ұлтқа бейімделе бастайды.
Екінші – діні. Қытай, Ресей секілді елдерде қазақтардың тез ассимиляцияға ұшырауына осы діни өзгешелік қамал болды деуге болады. Себебі, мұсылман қауымда өзге діндегі халыққа қыз беріспейтіндігі мен дінді қабылдамаса қыз алыспайтыны бар. Тіптен, қатаң түрде шектелген.
Үшіншісі – отырықтану барысында адамдардың жиі-сирек орналасуы. Бір жерге тығыз орналасқан елдің тілі мен дінін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын сақтауға мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне өзара қыз алысады. Белгілі дәрежеде сақтану мүмкіндігі туады.
Төртіншісі – тәрбие мен салт-дәстүр. Оны сақтау қазақтар әр жерде шашырап қоныстанған жағдайда қиынға соғары хақ.
Бесінші фактор ретінде атажұртта ұлттық мемлекетінің барлығы да шеттегі қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімін туғызып, сенімін бекемдейді. Сонымен бірге Қазақстанмен өзара барыс-келістің дамуы олардың саяси және қоғамдық көзқарасына ықпал жасайды.
Ұлттық салт-санасы сақталған қазақтардың өсімі жоғары
Фильмнің тұсаукесерінде сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді ағамыз шетелдегі қандастарымыздың салт-сананы жақсы сақтағанына тоқталды.
Олардың ұлттық түсінігі мықты – ұрпақ болашағына бағытталған. Көп балалы болуды армандайды. Әсіресе, ауылда тұратын қазақтардың өсімі жоғары.
Мысалы Қытайда кезіндегі "жоспарлы туу" саясатының кесірі тиді. Ал Моңғолияда өсім жоғары. Тіптен, әр отбасында 5-10 баланың болуы қалыпты жағдай. Бұл үрдіс Өзбекстан мен Қырғыз, Түркімен елдеріндегі қандастарымызда да бар. Ал Ресейдегі қазақтардың ұлттық менталитеті орыстарға бейімделе бастағандықтан өсім азайған. Көбіне тек 2-3 баламен шектеледі.
Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алған жылдары Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ болды. Ал содан бергі 25 жылда 100 мыңдай қазақ атажұртқа қоныс аударыпты. Алайда табиғи өсімнің жоғарылығы сондай мұндағы қандастарымыздың саны қайтадан 100 мыңнан асып кетіп отыр.
Ең бақытты қазақтар Моңғолияда тұрады
Фильм ішінде Моңғолия парламенті мен атқарушы билігінде отырған ағаларымыз таныстырылып, еселі еңбек етіп жатқан жастар да көрсетілді. Мысалы, Бәделхан Қабдіслам ағамыз – Моңғолия Республикасының Құрылыс және қала дамуы министрі, Ұлы мемлекеттік хуралдың депутаты екен. Ал Зұлфіхар Сарқытұлы – Моңғолия Үкіметінің жанындағы басқару академиясының ректоры. Тізім мұнымен тоқтап қалмайды.
Фильмде келтірілген дерек бойынша Моңғолияда 130 мыңнан астам қандастарымыз қоныстанған. Негізінен Баянөлгейде. 10 мыңнан астамы Қобда өлкесінде, 10 мыңға жуығы Ұланбатыр мен Налайхы кен аудандарында екен.
Азиядағы бірден бір параламенттік республика саналаты Моңғолия парламентінде үш қазақ депутаты, бір министрі және басқа да үлкен саяси тұлғалар бар. Қазақтардың тілі мен дініне еркіндік берілген. Тіптен Баянөлгей аймағында бастауыш мектеп қазақ тілінде оқытылатынын да айту керек. Ал ел астанасы Ұланбатырдағы қазақтардың әлеуметтік-саяси жағдайы моңғолдардан кем емес.
Бір айта кетері, Моңғолияны көмірмен қамтамасыз ететін Налайх кен ауданының негізгі халқы – қазақ. Шахтерлардың басым бөлігі де – қазақтар. Себебі, моңғолдар жер астына түсуді жаман ырымға балайды.
Филім кейіпкері Сатыпалды Түсіпжанұлының айтуынша, Налаихы көмір кені жұмыс істеген 70 жылда тоғыз "Моңғолия батыры" шығыпты. Соның бәрі – қазақтар екен.
Мұнда биліктің жоғарғы бұтағында отырған қандастарымыз бен қаймағы бұзылмаған елді көріп еріксіз риза боласыз. Әрине кей әлеуметтік күйсіз жағдай, жұмыссыздық барлық жерде бар.
Оның үстіне, Баянөлгей аймағы – "бүркітшілік мекені", "таза этно аймақ" ретінде әлем саяхатшыларының назарын аударды.
Мұндағы қазақ жастары да ең дамыған елдерде білім алу мүмкіндігіне ие.
Моңғолияда жалпы үш миллион адам бар. Оның жартысы Ұланбатыр қаласында тұрады. Былайша айтқанда Баянөлгей халқының 85 пайызы қазақ. Қазақ аймағы ретінде танылған әрі қандай да бір қыспаққа ұшырамай отыр. Бұл – Моңғолия демократиясының бір көрінісі.
Ең қиын жағдайда қалып жатқан қазақтар – Қытайда
Өмірбек Байгелді ағамыздың пікірінше, Қытайдағы қазақтарды көшіріп алу керек. Оған себеп те жоқ емес. Жалпы ресми мәліметте мұнда 1,5 млн қазақ бар екені белгілі. Қытайдағы қазақтар Іле қазақ автономиялы облысына, Санжы, Құмыл, Үрімжі, Қарамайлы қатарлы өңірлерге жиі қоныстанған.
Мұндағы қазақтар үш қазақ тілді телеарнасы мен екі радиосы және жүздеген қазақша басылымдары бар үлкен диспора болатын. Алайда соңғы жылдары тараған хабарларға қарағанда саяси қысым мен күштеп ассимияляциялаудың басталғаны шынға айналып келеді.
Бұл жөнінде 14 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай билігіне дипломатиялық нотаны жібергенін хабарлады.
Қоғам белсендісі, Қыдырәлі Ораз:
– Қытайдағы қазақтардың қыспаққа түскенін бүкіл әлем мойындап отыр. Онда қазақ тіліндегі мектептер жабылды. Тіптен, дінге ашық шектеу қойылды. Осылайша, тілді ұмытып, дінге қырын қараған ұрпақ өсіп келеді. Бұл олардың сол мемлекеттегі басым санды халықтарға сіңуіне ықпал ететіні белгілі. Тіптен, Қазақстанға көшуіне шектеу қойып, өзара барыс-келіс жасағандарды соттап жатқаны да жасырын емес, – дейді.
Оның үстіне, Қытай үкіметі тіл мен діннен басқа салт-дәстүр мен ғұрып-әдетке қатаң шектеу қойды. Осы арқылы автономиялы статусқа ие қандастарымызды және басқа да ұлттарды күшпен қытайластыру арқылы ұлттық мәселені шешкісі келуде. Бұл туралы депутаттардың да сауал көтергені белгілі.
Тұрсын Жұртбай, алаштанушы;
– Қытайдағы қандастарды тездетіп көшіріп алудан басқа жол жоқ. Екі миллионға жуық қазақтан тірі айырылу қаупі туып тұр, – десе, Заңгер Зәуреш Батталова ханым мәселені "адам құқының халықаралық жалпылық ережесі" негізінде, халықаралық дәрежеде шешуге талпыну керек деп отыр.
2017 жылы маусым айында өткен қазақтардың Дүниежүзілік бесінші құрылтайында Германиялық қандасымыз Өмірхан Алтынның сауалына орай ҚР Президенті бұл мәселені бақылауға алуға үкіметке тапсырма да берген болатын.
Ресей қазағы – тарихи мекендегі тағдыры бір қандастар
Ресми мәліметтер бойынша мұнда 700 мыңға жуық қазақ тұрады. Ал бейресми мәліметтер бір миллионға жуық дейді. Қанша болса да ресейлік қазақтар негізінен өздерінің тарихи мекендері Астрахань, Орынбор, Сарытау, Омбы, Челябі қатарлы облыстарда топтаса қоныстанған. Бұл туралы "Қиырдағы қазақтар" фильмінің келесі серияларында көрсетілетіні белгілі болды.
Жалпы ресейлік қазақтардың басым бөлігі, яғни 58 пайызға жуығы ауылда тұрады. Қазақ тілі қазақтар жиі қоныстанған өңірдегі мектептерде факультатив ретінде ғана оқытылады. Күй атасы Құрманғазының жатқан жері – Астрахань болса, алғашқы қазақ республикасының алқалы жиыны өткен, алғашқы астанамыз – Орынбор, Абай мен Шоқан оқыған Омбыны қалай бөтен деуге болады.
Ата-бабаларымыздың ізі қалған құт мекендегі қазақтардың да абыройы асқақ, еңселері тік. Соның бір мысалы, Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев ағамыз.
145 миллион халқы бар Реседің әр жерінен көрінген қандастарымыздың тірлігі де жақсы. Сонымен бірге Қазақстанмен еркін барыс-келіс олардың ұлттық қасиетін жоғалтпауларына әсері мол. Ресей қазақтары орыстармен тең дәрежеде өмір сүреді. Айқын қысым жоқ. Алайда тарихи себептерге байланысты тым орыс тілді болып кеткен. Шамамен 10 пайызға жуығы аралас некеде, олар орыстана бастаған.
Батыс менталитетінің әсерінен аз балалы болуды мақсат тұтатындар да бар. Десе де қазақтардың өсімі жергілікті орыстардан әлдеқайда жоғары. Әлеуметтік жағдайлары да біршама жақсы. Сондықтан олар Қазақстанға үдіре көшуді азайтқан. Есесіне бізден көшіп барып жатқан қазақтар бар.
Өзбектенген қазақ та көбейе бастаған
Өзбекстандағы қазақтардың жағдайын бір қалыпты деуге болады. Себебі, өзбекпен тілі де, діні де бір. Алайда соңғы жылдардағы қазақ мектептерінің көптеп жабылуы мен Қазақстанға көштің қарқынды болуы – өзбек үкіметіне деген сенімді азайта бастады. Тарихи ата мекендерінде отырғандарына қарамай Қазақстанға қоныс аударғысы келетіндер мұнда көп.
Өзбекстанда бір миллионнан астам қазақ бар. Ішінде өзбектеніп бара жатқандар да, күшпен өзбек болып жазылып кеткендер де тым көбейе түскен. Өзбектеніп кеткен қазақтардың саны бірнеше миллионға жетеді деген дерек айтушылар да бар.
Бұл туралы фильмнің тұсаукесерінде сөйлеген Өмірбек Байгелді ағамыздың: "Өзбек халқының жартысы өзіміздің қазақтар" деген сөзінен-ақ көп нәрсені түсінуге болады.
Әрине Төле би бабамыз басқарған Ташкент те, Жалаңтос бахадүріміз билеген Самарқан да бізге бөтен емес. Міне, бұл – сондағы қандастардың өз тарихи жұрттарын қия алмай өзбектене бастағандығының бір себебі болса керек.
Түркия мен Еуропа, Пәкістан және Ауғанстан, Иран қазақтары туралы бірауыз сөз
Түркия мен Еуропа қазақтары – 1950 жылдары шамасында тағдыр тауқыметімен Шынжаңнан Гималай асып, Түркияға жеткен және Иран мен Пәкістаннан барған қазақтардың ұрпақтары. Кейін олардың бір бөлігі еңбек етуге Еуропаға да қоныс аударды. Жалпы саны 50 мыңның айналасында.
Ал Сайлау Батырша ағамыз Пәкістанда 1600-2000 қазақ бар деп жазыпты. Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясының ақпаратына сәйкес Ауғанстанда 21 мыңдай қазақ бар екен. Олар мал шаруашылығын жан бағу көзі еткен, дені кезінде Кеңес Одағының тепкісінен қашқандар.
Ауған қазақтарының өмірі 2017 жылы түсірілген "Оралман" фильмінің желісіне арқау болды. Сол арқылы да біраз жәйіттерге көзіміз жеткен-ді. Онда айтылғандай ауғандық қазақтарға құжат алу қиын және мұнда сауатсыздық деңгейі өте жоғары.
Сонымен бірге, 10-15 мыңдай ирандық қазақтар да атажұрттан алыс ғұмыр кешуде.
Басқа халыққа сіңген қазақтар да көп
Әйгілі жиһангер, мецанат Сапар Ысқақ:
– Мен бармаған жер аз. "Бабалар ізімен" деген ғылыми экспедициямен Мысыр елінен оралғаныма бірнеше күн ғана болды. Бабаларымыз барған барлық жерді аралап, зерттеп жүрміз. Мысалы, Мәмлүк қыпшақтарын аралап Бейбарыс бабамыз жатқан жерге зиярат етіп, ұрпақтарымен кездестім. Әл-Фараби бабамыздың да тарихын қаздым. Еділ мен қыпшақ тайпаларының көшкен ізімен Еуропаны түгендедім.
Сонымен бірге, Кашмирде жатқан Хайдар-дулати бабамыздың да басына барып белгі қойдық. Айтайын дегенім біздің қаншама ұлы бабаларымыздың ұрпақтары тағдыр жазымышымен басқа халықтарға сіңіп жоғалды, – дейді.
Мемлекет және қоғам қайраткер Өмірбек Байгелді ағамыздың айтуынша, бабаларымыз 6 ғасырда Еуропаны жаулады. Аттила атымен тарихта қалған Еділ хан тұқымдарын білесіздер.
Тіптен, қазақтың ішіндегі бақтиярлар Иранда неше он милионнан асады екен. Олар жеке мемлекет те құрған. Ал өзбектеніп кеткен Қоңыраттар өзбек халқының үштен біріне жетуі де мүмкін. Оның үстіне құрама, қарақалпақ тайпалары да бар. Ал мәмлүк қыпшақтарының араб тарихында маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ал сол бабалар тұқымы ақыры барған жердегі халықтарға сіңіп жоғалды. Тек тегін білетін аз сандылары тарих ретінде айтып жүр.
Міне, тарихтың дөңгелегі қанша халықты жаншып өткені белгісіз. Сол тарих толқынында біздің де бабаларымыз көміліп қалды. Енді де сол үрдістің қайталанары хақ. Алайда, сақтанған да дұрыс
Қазақ қандастар үшін істер іс көп, ниет болса!
Қазақтардың дүниежүзілік бесінші құрылтайы кезінде шетелдегі қандастарға рухани-мәдени көмек көрсету жағының қарастырылатыны айтылған болатын. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қолға алған "Қиырдағы қазақтар" жобасы – соның бірі ғана.
Жоба жетекшісі Олжас Беркінбаев мырзаның айтуынша, жоба аясында Ресейдегі және Түркиядағы және басқа елдегі қазақтар туралы да фильмдер түсіріліп жатыр екен. Алда көретін боламыз.