Тікелей эфир

Импичмент: Дональд Трамптың президенттігі кімге тиімсіз?

Фото NBC News арнасының веб парақшасынан алынды
Фото NBC News арнасының веб парақшасынан алынды
Іnformburo.kz тілшісі АҚШ Конгресіндегі импичмент тыңдауларына талдау жасап, оның шығу себебі мен салдарын зерттеді.

3 желтоқсанда АҚШ Конгресінде президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мақсатында ұйымдастырылған тыңдаулар аяқталып, өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелоси екінші рет ресми импичмент ұсынысын жариялады.

Ол журналистермен брифинг барысында импичмент процесін «бұдан басқа жол жоқ» деп бағалады.

Айта кетейік, Конгрестің мұндай шешіміне АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскиймен маусым айында телефон арқылы сөйлескен диалогы негіз болып отыр. Кейін белгілі болғандай, Трамп Зеленскийден 2020 жылғы президенттік сайлаудағы негізгі қарсыласы Джо Байден отбасының Украинадағы ісіне қатысты тергеу амалдарын жүргізуді сұраған. Импичмент ұсынысы процесінде Дональд Трамптың жеке мүддесін өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны талқыға түспек.

Сонымен АҚШ-тағы ең жоғарғы саяси лауазымдағы тұлғаны орнынан алу процесі қалай жүреді? Ары қарай оқыңыз.

Импичмент деген не? АҚШ Конституциясы Конгреске, яғни заң шығарушы органға президентті орнынан уақытынан ерте алу құқығын береді. Егер заң шығарушы өкілдер «президенттің ұлтына сатқындық жасағанын немесе сыбайлас жемқорлықпен айналысқанын, сондай-ақ, өзге де жеке мүддесіне орай қылмысқа барғанын» анықтай алса, оны орнынан алып тастай алады.

АҚШ тарихында тек екі президентке импичмент жарияланған. 1868 жылы Эндрю Джонсон орнынан ерте алынса, арада тура 130 жыл өткенде 1998 жылы Билл Клинтонның президенттік посттан кетуіне тұра келген. Ал АҚШ-тың 37-президенті Ричард Никсон 1974 жылы Уотергейт шуы себебімен ұсынылған импичмент жарияланбай тұрып, өз еркімен орнынан кетті.

Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?


Билл Клинтонның импичмент жарияланған кездегі сәті

Билл Клинтонның импичмент жарияланған кездегі сәті / Фото CNN арнасының сайтынан алынды


Импичмент сөзі (impeachment) британдық ағылшын тілінде «сатқындық үшін жазалау» дегенді білдірсе, америкалық ағылшын тілінде «қызметі асыра пайдаланғаны үшін жазалау» деп түсіндіріледі.

Джордж Вашингтон университеті Заң факультетінің профессоры Стивен Зальсбург АҚШ конституциясындағы импичментке қатысты бапты былай түсіндіреді.

«Конституциядағы ІІ бап АҚШ президентіне атқарушы билікті басқару құқығын береді. Егер ол өзге ұлттың мүддесіне қызмет етсе, ел үшін одан асқан қауіпті тұлға жоқ. АҚШ пен өзге ұлттың ниеттестігі америкалықтар мүддесін қорғамаса, оған еш көнуге болмайды».

Импичмент қай жағдайда жарияланады?

Импичмент процесін ағылшындар ерте заманнан қолданған. Империя дәуірінде ағылшын Парламенті тақтағы өкілеттігін асыра пайдаланған корольдерге импичмент жариялап отырған. Сол себепті АҚШ-та да жоғары лауазымды тұлғалардың жеке мүддесіне әрекет етпеуін Конгресс қадағалайды.

1788 жылы америкалық саясаткер Александр Гамильтонның ұсынысымен бекітілген заңнамаға сәйкес, америкалықтардың мүддесін қорғамайтын шешімдер мен әрекеттерге жол берген кез-келген саяси тұлғаға импичмент жариялануы тиіс. Оған сатқындық, өз өкілеттігін асыра пайдалану және өз мүддесі үшін әрекет ету сынды айыптаулар кіреді.

Процесс қалай жүреді?

АҚШ президенті тарапынан қандай да бір қылмыс жасалғаны жайлы дерек анықталса, АҚШ Конгресіндегі өкілдер палатасы арнайы тергеу комиссиясын құрып, импичментке қажет деректер жинауды бастайды. Оған қоса, Конгреске сол іске қатысы бар үкіметтік лауазымдардағы барлық тұлғалар жауап беруге шақырылады. Бірақ өкілдер палатасы импичментті тек ұсына алады. Ал ол Сенат өкілдерінің шешімімен ғана жарияланады.

Мысалы, Дональд Трамптың шілде айында жасаған телефон қоңырауына қатысты тергеу амалдарын өкілдер палатасындағы Конгресс мүшесі Адам Шчифф қолға алған. Айта кетсек, Трамптың телефондағы диалогының жеке мақсатта жасалғанын алғаш рет АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (CIA) қызметкері жариялады.

Конгресс өкілі Адам Шчифф Трамптың Украина президенті Зеленскийге қаншалықты қысым көрсеткенін және оның жеке мүддеге орай жасалғанын дәлелдеу үшін үш апта Конгресс тыңдауларын ұйымдастырды.

Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?


Адам Шчифф Дональд Трампты президенттік посттан алып тастауға тырысып жатқан ең белсенді демократтардың бірі

Адам Шчифф Дональд Трампты президенттік посттан алып тастауға тырысып жатқан ең белсенді демократтардың бірі / Фото rollingstone.com сайтынан алынды


Импичментке қатысты сұрақтарға жауап беруге АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды өкілдері, Мемлекеттік департамент жетекшілері, вице-президент Майк Пенстің сыртқы саясат бойынша кеңесшілері мен АҚШ-тың Украинадағы өкілдері мен консулдары Конгресске шақырылды.

Одан бөлек, Конгресс алдында сөз сөйлеуге АҚШ-тағы жетекші университеттердің заң факультеттерінің профессорлары да келді. Айта кетсек, Ноа Фельдман (Гарвард), Памела Карлан (Стэнфорд), Майкл Герхардт (Солтүстік Каролина университеті) және Джонатан Тюрлей (Джордж Вашингтон университеті) сынды профессорлар Трамптың әрекетін заң жүзінде бағалады.

АҚШ Конгресіндегі тыңдаулар не берді?

The New York Times колумнисі Дэвид Брукстің ойынша, импичмент тыңдауы барысында келтірілген деректер мен іске араласқан өзге де саяси тұлғалардың сұрақтарға ашық жауап беруі көп нәрсені шеше алмады. Себебі өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелоси 2019 жылдың 24 қыркүйегінде АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы импичмент ұсынысын бірінші рет жариялаған кезде, өкілдер палатасының 207 өкілі бұл әрекетті қолдайтынын білдірген. Ал жалпы өкілдер палатасында 435 мүше бар екенін ескерсек, бұл импичмент үшін аз. Себебі АҚШ Конституциясы бойынша импичмент ұсынысы Сенатқа жіберілуі үшін өкілдер палатасының кем дегенде үштен екі бөлігі қолдауы тиіс.

АҚШ-та екі негізгі саяси партия бар. Елді республикалық партия өкілі Дональд Трамп басқарып отырғанымен, Конгрестегі өкілдер палатасында демократтар саны көп. Бірақ Сенат өкілдері арасында республикалықтар көп дауысқа ие.

Оқи отырыңыз: Ауғанстандағы дауыл Орталық Азияға жете ме?


Импичмент тыңдауына шақырылған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Дженнифер Уильямс және Александр Виндман

Импичмент тыңдауына шақырылған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Дженнифер Уильямс және Александр Виндман / Фото mprnews.org сайтынан алынды


Ал The New York Times басылымының 3 желтоқсанда жасаған ресми сауалнамасына орай, өкілдер палатасының 203 мүшесі импичментті қолдайтынын білдірген. Ал 88 конгресс өкілі қарсы болса, тағы 144 мүшесі әзірге бір шешімге келмегенін айтыпты.

Демократтар vs республикалықтар

Республикалықтар мен демократтар саяси прициптеріне орай түрлі мәселелер бойынша бір-бірімен келіспейді. Ал қайсыбір партияның өкілі президенттік постқа келсе, екінші партияның өкілдері оны орнынан алудың әрекетіне көшеді.

Мысалы, демократтар атынан шыққан АҚШ президенті Билл Клинтонға импичмент өкілдері палатасының мүшесі, республикалық Рэй Лахуд жетекшілігімен жарияланды. Ал республикалықтар қатарынан шыққан Дональд Трампқа импичментті жариялауға өкілдер палатасының мүшесі, демократ Адам Шчифф бар күшін салып жатыр. Оған дейін де демократтар арнайы прокурор Роберт Мюллердің Трампқа қарсы екі жылдық тергеу нәтижесін импичментке бекітуге тырысты. Бірақ Мюллер тергеуі импичментке жеткіліксіз болды.

АҚШ-тың тек саяси тұлғалары емес, медиа, ғылым және қарапайым халық та екі партия принциптері негізінде екіге бөлінген. Мысалы, белгілі америкалық саясаттанушы Джонатан Бернстайн Fox News арнасын Республикалық партия принциптерін насихаттаушы деп атаған болатын. Ал CNN, ABC және NBC сынды либералды телеарналар демократтарды жақтайтыны да бірқатар ғалымдар тарапынан сынға алынған. Мұны, тіпті, медиа компаниялардың жаңалықты қай бағытта беруіне талдау жасау арқылы анықтауға болады.


АҚШ-та жалпы ұлттық сауалнама өткізетін YouGov, Rasmussen Reports және Morning Consult сынды ұйымдардың берген мәліметіне сенсек, Трампты қолдайтын америкалықтардың қолдамайтын саны көп

АҚШ-та жалпы ұлттық сауалнама өткізетін YouGov, Rasmussen Reports және Morning Consult сынды ұйымдардың берген мәліметіне сенсек, Трампты қолдайтын америкалықтардан (41.6%) қолдамайтын саны (53.4%) көп / Скриншот projects.fivethirtyeight.com сайтынан алынды


Джордж Вашингтон университеті заң профессоры Джонатан Тюрлей Конгреске барған кезінде Өкілдер палатасының импичмент процесін өте қысқа уақыт мерзіміне бекіткенін сынға алды. Тюрлейдің республикалық партия мүшесі екенін ескерсек, оның сыны Трампты қорғау мақсатында айтылғаны анық. Бірақ ол The Hill басылымына эссе жазып, еш нәтижесіз импичмент ұсыныстары Трамптың америкалықтар арасында одан да танымал болуына түрткі болатынын айтты.

Трамптың популистік абыройы оны импичменттен құтқара ала ма?

Morning Consult/Politico және SSRS/CNN жүргізген 2016 жылғы ұлттық сауалнамаға қатысқан америкалықтардың тең жартысы Трампқа импичмент жариялау керек екенін мәлімдеген еді. Ал Morning Consult/Politico жақында жасалған сауалнама нәтижесіне қарасақ, импичментті қолдайтындар саны артқан.

Берклидені Калифорния университеті профессоры Роберт Рейктің ойынша, Трамп өзге ел билігінен өз қарсыласына кедергі келтіруге қолдау сұрап, АҚШ Конституциясын бұзды. Бірақ бұл Конгрестегі республикалықтардың 20 пайызының Трампқа қарсы дауыс беруіне негіз бола алмайды. Себебі, Трамптың популистік абыройы барлық республикалықтардың қолдауын жинап отыр.

Америкалық Vox басылымы Трамп пен Зеленский әңгімесінен басталған импичмент процесінің қалай аяқталуы мүмкін екендігін топшылапты. Басылым 9 түрлі сценарий ұсынған.

  1. Трампқа импичмент жарияланады;
  2. Трамп өз еркімен президенттік посттан кетуіне міндеттеледі;
  3. Сенат басшысы Митч Макконнелл сотталуы мүмкін;
  4. Импичмент процесі республикалықтардың бір-біріне сенімін азайтады;
  5. Көптің қарсылығына қарамай Трамп ақталады;
  6. Республикалық партия екіге бөлінеді. Трамп орнынан кетеді;
  7. Трамппен бірге Майк Пенс те орнынан кетеді;
  8. Президенттің орнынан ерте посттан кеткенде орнына вице-президенттің билікке келуі жойылады;
  9. Қаржы министрі Стив Мнучин президент болады.

Конгрестегі өкілдер палатасы импичмент ұсынысын Сенатқа жеткізу үшін республикалық әріптестерінің 20 пайызын өздеріне сендіре алуы тиіс. Ал оған дейін олар тағы бірқатар Конгресс тыңдауларын ұйымдастырмақ. Ал өкілдер палатасында импичментті қолдаушылар көрсеткіші 60 пайыздан асса, ол Сенатқа жіберіледі.

Серіктестер жаңалықтары