Шетелде оқуды, жұмыс істеуді немесе ол жақта тұруға ықтиярхатты алуды жоспарлап жүрсіз бе? Онда сізге халықаралық IELTS емтиханын тапсыру керек. Ол сондай-ақ Қазақстанда магистратура мен докторантураға (2019 жылдан бастап) түсуге де қажет. Тест тапсырмалары мен экзаменнің құрылымының өзі қиын. IELTS тапсыруға қалай дайындалу керектігін, сонымен қатар аз уақытта қандай материалдар қолданып, қалай күш салу керектігін зерттеп көрелік.
Оқи отырыңыз: Шет тілін үйрену үшін шетелден тіл курстарын қалай таңдауға болады?
IELTS дегеніміз не?
IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу деңгейін бағалаудың халықаралық жүйесі. Емтихан қабылдаушылар мәтінді түсіну (Reading), сөйлеу (Speaking) және жазу (Writing) қабілетін тексереді.
IELTS-тің 2 түрі бар: General training және Academic. General модулі мектепке қабылдануға, тұруға ықтиярхат алуға, терең білімді қажет етпейтін жай ғана жұмысқа тұруға бағытталған. Academic модулі студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. IELTS-ты қағазбен (Paper Based IELTS) сонымен бірге компьютермен (Computer-delivered IELTS) тапсыруға болады.
Қазақстанда IELTS-ты тек екі ұйым өткізеді – InterPress және British Council орталықтары. Халықаралық сынақты Алматы, Қарағанды, Астана, Павлодарда, Ақтау, Атырауда, Өскемен мен Шымкентте тапсыруға болады. Тестің құны 2019 жылы өткізілетін қаласына байланысты 55 мыңнан бастап 75 мыңға дейін.
Оқи отырыңыз: Полиглот болу оңай. Оның формуласы қандай?
Тестке тіркелу үшін:
- Емтиханды тапсыратын орны мен уақытын таңдау;
- Өзің жайлы мәліметтерді енгізу;
- Тестің ақшасын төлеу қажет.
Сізге поштаңызға емтиханның ауызша бөлімінің өткізілетін күні мен аудиторияда өзін-өзі ұстау қағидасы жазылған ақпарат келеді.
Тест құрылымы: қандай және қалай бағаланады?
Сөйлеу – емтиханның ең оңай бөлімі саналады. Көпшілік әшейін кіріп, емтихан алушылардың сұрағына жауап беріп, ағылшын тілінде 15 минут сөйлеу жеткілікті деп ойлайды. Шындығында IELTS-тың әңгімелесу бөлімі белгілі қатаң талаптармен бағаланады. Сондықтан бағалау критерийлерін білместен, жоғары балл алу қиын.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық
Speaking
IELTS Speaking test Academic және General модульдері үшін бірдей үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде (1-2 минут) емтихан алушы жалпы тақырыптарға сұрақтар қояды. Екінші бөлімде берілген кәртішке бойынша сұрақтарға жауап беру, 2 минуттай сөйлеу керек. Егер уақытынан бұрын аяқтасаңыз немесе ойыңызды қорытындылап, жеткізе алмасаңыз, соған сәйкес балл аласыз.
Үшінші бөлімде емтихан қабылдаушы екінші бөлімде айтылған тақырып төңірегінде бірнеше сұрақ қояды. Мұнда терең мағынада, ауқымды мәселелерді қамтып, белгілі бір дауыс ырғағымен жауап беруге кеңес беріледі. Шұбалаңқы сөздерден, жаргондардар, монотонды сөйлеуден аулақ болған жөн.
Speaking бөлімінде сізді жазбаша емтиханға бірнеше күн қалғанда немесе одан кейін шақыруы мүмкін. Сол үшін тіркеуде көрсеткен поштаңызды жиі тексеріп тұрыңыз. Шақыру хатыңызды көрмей қалмаңыз. Оны жазбаша тест болатын күнге кем дегенде бір апта қалғанда жібереді. Егер Speaking қалып кетсе, оны келесіде тағы да ақшасын төлеп тапсыру керек болады.
Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы
Listening
IELTS Listening test: Academic және General модульдері үшін бірдей. Аудиожазбаны тыңдау 30 минутқа созылады және 4 бөлімнен тұрады (екі монолог пен екі диалог). Жалп алғанда сізге 40 сұраққа жауап беру керек болады.Оларға жазбаны тыңдау кезінде бірден жауап беру қажет.
Арнайы бланкке жауаптарды көшіру үшін тек тест соңында бөлек уақыт беріледі. Сөздерді дұрыс жазу балдарды есептеу кезінде есептеледі. Егер сіз жазуда қате жіберсеңіз, жауабыңыз дұрыс болып есептелмейді.
Reading
Academic нұсқасында үміткерлерге ғылыми журналдардағы мақалалар секілді ұзақ мәтіндерді оқу керек. General-да хабарландырулар, нұсқамалар мен газет мақалалары беріледі. Reading Academic-тегілерге қарағанда General модуліндегілерге жеңілірек, алайда бұның орны бағалауда General-ға қатаң талаптар қойылатынымен толтырылады.
Reading бөлімі 60 минутқа созылады. Бұл уақытта үш мәтінге берілген 40 сұраққа жауап беру, сонымен қатар жауаптарды арнайы бланкке көшіру қажет. Уақытты қалай бөлу керектігін өзіңіз білесіз, алайда тренерлер бір мәтінге 15-20 минуттан бөлуге, қиын тапсырмаларды кейінге қалдыруға кеңес береді (егер тағы да бос уақыт болса).
Оқи отырыңыз: Балабақша бағдарламасынан ағылшын тілі алып тасталады
Writing
IELTS Writing test – бұл берілген тақырыптарға әр түрлі стильде екі эссе жазу. Оның көлемі кем дегенде 150 сөзден (Task 1) және 250 сөзден (Task 2) тұруы тиіс. Қосымшалар мен көмекш сөздер есептегенде ескеріледі, фразеологиялық тіркестер бір сөз болып есептеледі. Екі тапсырмаға 60 минут беріледі.
Academic модулі үшін бірінші эсседе процесстерді, диаграмма, кестелер мен карталарды ашып, түсіндіріп беру керек. General training модулінен хат жазу талап етіледі. Екінші эсседегі сұрақтар екі модульге де ортақ болады.
IELTS тапсыруға дайындықты неден бастау керек?
"Емтиханға дайындықты бастағанға дейін өзіңіздің білім деңгейіңізді анықтау маңызды" деп есептейді S'Owlmates тіл студиясының ағылшын тілінің мұғалімі Лидия Кошутская.
Оқи отырыңыз: Алаяқтарға тап болмай, IELTS тестін қайда тапсыруға болады және сертификатын қалай тексеру керек?
– Мен IELTS-қа дайындыққа Intermediate деңгейін аяқтағаннан кейін кірісуге кеңес берер едім. Шындығында мұнда әр адамға, оның қойған мақсаттары мен оның емтихан тапсыру ұмтылысына байланысты. Егер мақсат – 5,5 балл болса, ал сіз Intermediate деңгейінде болсаңыз, онда сізге тапсырмалар типін ғана зерттеп, берілетін уақытқа ғана дағдылану қалады. Егер мақсат – 6-7 балл болса, ал сіз Upper-Intermediate және Advanced деңгейіне сәйкес кеп тұрсаңыз, онда сізге әрі қарай ерінбей-жалықпай дайындалу керек болады, – дейді Лидия Кошутская.
Ол әр деңгейге жарты жылдай уақыт бөліп, тестің құрылымын пысықтау үшін тағы бір-екі ай дайыналуға кеңес береді.
"Емтихан алдында тестің құрылымы бойынша дайындықтан өтіп, емтиханның негізгі тетіктерін біліп, дәл сол керек мәліметтерге байланысты жауаптарды табуды үйрену керек" дейді мұғалім.
Айтуынша, дайындық пен тест құрылымын зерттеуден бөлек, ағылшын тілінде әр түрлі ғылыми тақырыптағы мақалаларды оқу, видео, фильмдерді көру маңызды.
– Айналаңызды, өзіңізді ағылшын тілімен ғана байланыстырыңыз. Тәжірибе көп болған сайын, IELTS тапсыру да жеңіл болады. (...) Әлі есімде, маған Listening бөлімінде "Moby Dick" кітабын емтиханға дейін оқығаным пайдалы болғаны. Сұрақтар китке байланысты болды да, ал базалық білімім жауабын табуға жеңілдік берді, – деп еске алады Лидия Кошутская.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: IELTS. Как набрать максимальный балл: советы тренеров
Қандай лайфхактарды қолдануға болады?
Сұрақтар мен мәтіндердегі кілт сөздердің астын сызып, белгілеңіз. Эссе жазу кезінде синоним сөздерді қолданыңыз, құр сөздерді, тапсырмадағы, емтихан алушының сөздерін қайталамаңыз.
– Әр түрлі мағынамен бір ойды жеткізе білген маңызды екенін түсіну керек. Мәселен, синонимдермен немесе тұрақты тіркестермен. Егер осыған машықтансаңыз, бұл IELTS-тің әр бөлімінде көмектеседі. Бұдан бөлек, күрделі, әдеттегіден тыс грамматиканы, академиялық сөздерді қолдануға тырысыңыз,бұларды дұрыс қолданған жағдайда бұл сізге деңгейіңізді көтеруге көмектеседі, – деп кеңес береді Лидия Кошутская.
Бастысы, бір ғана мақсат – сұрақтарға дұрыс жауап беру керектігін естен шығармаңыз. Көптеген үміткерлер мәтінді көре сала, оны ұғынып оқып, әрбір түсініксіз сөздің астарына үңіле бастайды. Бұған уақыт жоймаңыз, әуелі сұрақтарды көріңіз, содан кейін мәтінге кірісіңіз. Аудиожазбаны тыңдағанда солай: естіген әр сөзіңіздің мағынасын түсінбей қалғаныңызға уайымдамаңыз. Сізге жауаптар үшін ғана сөздерді естіп, ойыңызды жинақтау керек.
– Listening-де тапсырманы аудиожазбадан тыңдау басталғанға дейін мұқият оқу керек.Сіз жауапта мәтіннің керек бөлігін ғана айтып, сәті түссе, тіпті сөзді алдын ала біліп аласыз. Reading бөлімінде екі негізгі техника бар: басты идеяны табу үшін оқу (скимминг – Авт.) және мәтінді көшіріп алу. Бұл дегеніңіз мәтінді оқи отырып, кілт сөздерді немесе тапсырма ішінен олардың синонимдерін іздеу, мәтінді талдап, бір-екі сөйлемді ғана оқып алып, жауапты түсіну дегенді білдіреді. Бұл жерде де үйренетін нәрселер бар, – деп түсіндірді Лидия Кошутская.
Лидия сонымен қатар өзіңің кез келген сұрағыңды түсіндіріп беруге әрдайым дайын болуға кеңес береді.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та Қазақстанның дипломымен де жұмыс істеуге болады
Қандай кітаптар мен онлайн-ресурстарды пайдаланған жөн?
"IELTS тапсыруға дайындалу үшін ресми оқулықтарды пайдаланған дұрыс. Бұл емтихан форматы мен сұрақтардың типін түсінуге көмектеседі" деп есептейді IELTS-тренері, British Council-дің ағылшын тілінің мұғалімі Жан Дузгенбай. Айтуынша, ұсынылатын оқулықтар тізімі British Council-дің сайтында бар. Оның ішінде екі бөлімді Official IELTS Practice Materials бар. Бұдан бөлек, сайттан Road to IELTS және Understanding IELTS онлайн-курстарын табуға, сондай-ақ тегін тәжірибелік тесттерден өтуге болады.
– Дайындық үшін ресурстар жеткілікті. Біздің сайтта кітаптар да, бейнематериалдар да бар. IELTS Prep аталатын тегін қосымша бар, "preparation" сөзімен тестің барлық компоненттері мен дұрыс жауаптардың санын білуге болады. IELTS Word Power қосымшасы өзіңіздің вокабулярыңызды кеңейтуге, ал IELTS Word Ready – академиялық емтиханға дайындалу үшін жеке сөздігіңізді жасауға мүмкіндік береді, – дейді Жан Дузгенбай.
Астана мен Алматыда British Council тоқсан сайын тегін сынақ теттерін, күндізгі воркшоптарды өткізеді.
Ұсынылатын кітаптар:
- Insight into IELTS.
- How To Prepare for IELTS.
- 101 Helpful Hints for IELTS.
- Longman Exams Dictionary.
- Cambridge IELTS Practice Tests 1-9.
- IELTS Practice Tests.
- IELTS Preparation and Practice.
- Cambridge Grammar for IELTS with answers.
- Cambridge Vocabulary for IELTS with answers.
- Cambridge Common mistakes at IELTS intermediate.
Пайдалы онлайн-ресурстар:
YouTube-тағы каналдар:
Емтиханда өзіңді қалай ұстау керек?
Лидия Кошутская ауызша да, жазбаша да емтиханға алдын ала келуге кеңес береді.
– Емтиханға бөтен заттарды алып кіруге тырыспаңыз. Есімде, бізді әріптесімізбен бірге сынаққа кіргенде көшіріп алатын нәрселер жоқтығына көз жеткізу үшін тіпті көзәйнегімізге дейін тексергені. Шпаргалка сияқты бір нәрсемен ұсталсаңыз, сіздің нәтижеңізді жоққа шығаруға құқылары бар, – дейді ол.
Нұсқамаларды мұқият оқып, сыпайы болыңыз.
Тағы да бірнеше кеңестер:
- Дайындыққа кіріспес бұрын, емтиханның қалай бағаланатынын біліп алыңыз. Көрсетілген талаптарға сәйкес дағдыларды мақсатты түрде дамытыңыз.
- Сауатты түрде ағылшын тілінде сөйлейтін теледидардан бағдарламалар көріңіз, радиохабарларды тыңдаңыз.
- Жазылуы мен айтылуы бірдей сөздердің мағынасын дөп түсініп үйреніңіз. Мұндай сөздер омонимдер мен омофондар деп аталады.
- Әр түрлі жағдайда ағылшын тілінде жиі сөйлеңіз.
- Бір күнде IELTS-тің бір бөлімін орындап, балдардың калькуляторын пайдаланыңыз (IELTS score calculator). Бұл сіздің сынақтан шаммен қанша балл алатыңызға көз жеткізіп, прогрессті қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
Авторы Наталья Батракова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.