Тікелей эфир

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту саясаты сақталады. Жаңалықтарға шолу

Д.Назарбаева Сенат спикері болып тағайындалды. Наурыз мерекесінде Қазақстанда күн жылы болады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі өтті

Жаңа Президент Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етті.

Бірлескен отырысқа ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, Сенат депутаттары, Мәжіліс депутаттары қатысты.

Қ.Тоқаев өз сөзінде еліміздің барлық жетістігіне, Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізгенімізді баса айтты. Бұл ретте қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсету қажеттігін тілге тиек етті.

Қ.Тоқаев ҚР Президенті лауазымындағы бірінші шешімін жария етіп, "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Конституциялық Заңға және "Мемлекеттік наградалар туралы" Заңға сәйкес, тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуға, Қазақстан қоғамын топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – "Алтын жұлдыз" орденін тапсырып, "Халық қаһарманы" атағын берді.

Астанамыз Нұрсұлтан атымен аталуы тиіс

ҚР жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру рәсімінде осылай деп мәлімдеді. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтау керектігін айтты. Бұл ретте Қ.Тоқаев еліміздегі қалалардың орталық көшелерін Тұңғыш Президент атымен атауды және ҚР Тұңғыш Президентінің құрметіне Елордада монумент көтеруді ұсынды.

– Сондай-ақ, Елбасыға құрметті сенатор статусы берілуі керек. Бірінші Президенттің суреттері мемлекеттік мекемелер ғимараттарында, кабинеттерде, білім ордаларында тұра береді, – деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.

Тұңғыш президент Ақ Ордадан Назарбаев орталығына көшеді

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Назарбаев орталығында" өз кабинеті болады. Өз жұмысын сол жерде жалғастырады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков мәлім етті.

9 қабаттан тұратын "Назарбаев орталығының" аумағы – 28 мың шаршы метр. Ғимарат британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Орталық кітапханасында 460 мың кітап қоры бар.

Биржада доллар 1,64 теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы 378,04 теңгеге бағаланды.

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту саясаты сақталады

ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк осылай деп хабарлады. Осы мақсаттағы ҚР Тұңғыш Президентінің барлық бастамалары мен тапсырмалары орындалады делінген мәлімдемеде.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты болжамды қазынашылық саясатты жүргізуін жалғастыра береді. Барлық бюджеттік міндеттемелер және әлеуметтік бастамалар толық көлемде орындалатын болады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Ұлттық Банк төмен инфляцияны қолдауға бағытталған болжамды ақшалай-несие саясатын жүргізуін жалғастыра береді. Валюта нарығында, банк секторында және қаржы нарығының басқа сегменттерінде жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Ұлттық Банктің жеткілікті көлемде алтын-валюталық активтері, сондай-ақ теңгенің айырбас бағамына қатысты алыпсатарлық операциялардың алдын алу үшін қажетті құралдары, оның ішінде реттеу құралдары да бар.

Қазақстанда экспорт-импорт операциялары бойынша "Бірыңғай терезе" ашылады

Мемлекеттік кірістер комитеті порталдың 27 наурыздан бастап іске қосылатынын хабарлады. Оның көмегімен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар экспорттық-импорттық операцияларға қажетті ақпаратты бірыңғай өткізу арнасы арқылы стандартты түрде ала алады. Сонымен бірге портал тауарларды әкелу/әкету үшін қажетті алдын-ала ақпараты алу мүмкіндігін ашады.

www.eokno.kgd.gov.kz сайты арқылы пайдаланушылар электронды рұқсат құжаттарын және лицензияларды, электрондық кедендік декларацияны және т.б. қызметтерді ала алады. Портал жұмысына байланысты сұрақтар бойынша Комитеттің +7 775 732 73 71 телефонына хабарласуға болады.

Дариға Назарбаев ҚР Парламенті сенатының төрағасына сайланды

Сенат спикерінің лауазымына оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Жасырын дауыс берудің (44 депутаттың бәрі оны қолдаған) нәтижесінде Д.Назарбаева осы лауазымға тағайындалды.

Қазақстан бақытты елдер рейтінгінде 60-шы орында

156 мемлекет арасында өткізілген рейтинг нәтижесінде еліміз үшінші жыл қатарынан осы тізімнен бой көрсетіп отыр.
World Happiness Report – 2019 жасаған ең бақытты ел рейтингінің көшбасында – Финляндия. Алғашқы бестікке сонымен бірге Дания, Норвегия, Исландия және Нидерланды кірді. Бақытты елдер рейтингін жасау кезінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, жан басына шаққандағы ЖІӨ, басқа да экономикалық көрсеткішкер ескеріледі.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Наурыз мерекесінде Қазақстанда күн жылы болады. 21-25 наурызда жауын-шашынсыз ауа райымен байланысты антициклон біртіндеп әлсіреп, шығысқа қарай жылжиды. Оның орнына Өзбекстан мен Ресейдің еуропалық бөлігінен келетін атмосфералық фронттардың әсерінен кейде жауын-шашын, оңтүстікте жаңбыр күтіледі. Бірақ оңтүстік-батыс тропосфералық ағындарымен республиканың басым облыстарында күндізгі ауа температурасы +3...+10° дейін, оңтүстікте +13...+18°С дейін жоғарылайды, бұл көпжылдық орташа мәнге жуық және 3...5°С жоғары.

24.kz: Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыстық бауырсақ таратылады. Елорда жастары қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, ыстық бауырсақ таратады. Астана қаласының арнайы орта оқу орындарының көшбасшылары мен "А35" жобасының қатысушылары бірлесіп, #Наурызмейрамықұттыболсын акциясын өткізеді.

Sputniknews.kz: Таксистер де тапқан ақшасына есеп береді. Мамандар қазақстандықтарға қазірден бастап өзінің жекеменшігіне қатысты мәліметтерді жинастыра беру керектігін айтады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір қазақстандық табыс декларациясын өткізуі тиіс. Декларация келесі жылдың 15 шілдесіне дейін қағаз түрінде, ал 15 қыркүйекке дейін электронды түрде қабылданады. Ал декларацияны дер уақытында өткізіп үлгермесе, ондай адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (75 750 теңге) айыппұл салынады.

Серіктестер жаңалықтары