Тікелей эфир

Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама

Фото 24.kg сайтынан алынды
Фото 24.kg сайтынан алынды
Посткеңестік мемлекеттерге түрлі-түсті төңкерістер неге жиілеп кетті? Революция халық армандаған демократияға жеткізе алды ма?

Революцияның жетістігі бар ма? Халық одан не ұтады?

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Тәуелсіздік алған мемлекеттерде халық қайта-қайта наразылыққа шығып, революция болып жатыр. Посткеңестік мемлекеттерде билікті ондаған жылдар бойы бермей келе жатқан авторитарлық басшыларға қарсы түрлі-түсті революциялар 2000 жылдардың басында басталған. Мәселен:

  • 2003 жылы Грузиядағы "раушан төңкерісінде" Эдуард Шеварднадзеден әбден жалыққан халық жаппай көшеге шықты. Төңкерілісшілер жеңіске жетіп, билікке жас әрі батысшыл Михаил Саакашвили келді. Елде ірі реформалар басталды;
  • Украинада революция екі рет қайталанды. 2004 жылы қызғылт-сары революция, 2013 жыл Еуромайдан. Екі төңкерісте де наразылардың қалауы орындалды. Елдегі революциялардан кейін Грузия мен Украина да өздерінің территорияларынан айырылып қалды;
  • 2018 жылы Арменияда халық Серж Саргсянды биліктен қуып шықты. Үкімет басына ел наразылығын басқарған Еуразиялық экономикалық одаққа ұдайы қарсы шығып келген журналист Никол Пашинян келді;
  • ЕЭО тағы бір мүшесі Беларусь елінен де тыныштық кеткелі біраз болды. Президент сайлауының нәтижесімен келіспеген халықтың көшеге шыққанына екі айға таяды. Бірақ Лукашенко өзін заңды президент санайды және әзірге билікті ешкімге бергісі жоқ;
  • Қазанның бесінде көршілес Қырғыз Республикасында да тыныштық тағы бұзылды. Парламенттік сайлаудан өте алмаған партиялардың жақтастары сайлау нәтижесінің күшін жоюды сұрап, соңы төңкеріске ұласты. Ақырында ел президенті Сооронбай Жээнбеков орнын босатып тынды.

Посткеңестік мемлекеттерге түрлі-түсті төңкерістер неге жиілеп кетті және одан қандай нәтиже бар? Революция халық армандаған демократияға жеткізе алды ма? Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбайдың айтуынша, посткеңестік елдерде болып жатқан мұндай наразылықтардан халықтың ұтары көп.

"Посткеңестік елдерде болып жатқан түрлі-түсті революциялардың ерекшелігі, Кремльдің сайлаған коммунистерінен және бодандықтан құтылудың бір жолы. Өйткені, біз әлі сол Кремльдің ықпалындағы басшылардың қол астындамыз. Мұндай революция жасау, үлкен жетістік. Украина өздерінің мемлекеттік тілін орнына қойды. Ашаршылықты мойындатты. Кремльдің бүкіл жасаған қылмысын әшкерелеп ашты. Бұдан артық қандай жетістік керек? Әрине қиын, жерін тартып алып жатыр. Ресей тарапынан кәдімгі агрессорлық қой енді", – деді Жарылқап Қалыбай.

Ал, айтыскер ақын Ринат Зайытов бұл пікірмен келіспейді. Оның ойынша, халық алаңға шығып төңкеріс жасамас бұрын, алдына нақты мақсат қойғаны жөн. Әйтпесе, жиналған көпті арам пиғылдылар ел ішіне іріткі салып, бүлік шығаруға пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, ол көршілес мемлекеттердегідей митингке бет-алды шықпай, наразылықты ақылмен жеткізген жөн дейді.

"Митинг – бұл құрал. Ол құралды әркім, әртүрлі пайдаланады. Қазір кез-келген елде көбінесе митингтерді бастап жатқан да арам ойлы адамдар. Украинаны айтып отырмыз, керемет болды деп. Егер мен екі облысымнан немесе бір аралымнан айырылатын болсам, ондай демократия да, революция да қажет емес. Ең бастысы осы атамекеніміздің тұтастығы, жеріміздің бүтіндігі. Біз бір үкіметті ауыстырудың садақасына білдей бір территориямызды беретін болсақ, мен ондай революцияға қарсымын. Өйткені ол оған татымайды. Бірақ, митингтің жақсы жері де бар. Оны бастайтын адамның ниеті түзу болса, билік халықпен де тең сөйлеседі", – деді Ринат Зайытов.

Оқи отырыңыз: "Митингке қатысушыларды жаппай ұстап, қамауға алу дұрыс емес". Қазақстандықтардың бейбіт шеруге қатысты пікірі

Революцияны кім ұйымдастырады? Наразылық неден шығады?

Танымал саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, кез-келген жағдайда халықтың наразылық білдіріп, революция жасауына – биліктің өзі алып келеді. Себебі билік басындағылар халыққа құрғақ уәде беріп, күнкөрісін жақсартуды созбалаңға салады. Бос сөзге сенуден қалған халық ашынып, алаңға шығады.

"Революцияны екі түрлі жасайды. Біріншісі, ұйымдасқан түрде белгілі бір саяси күштер жасайды. Олар билікке келу үшін халықты құрал есебінде пайдаланады. Екіншісі, халықтың ашу-ызасы жарылғаннан шығады. Мысалы, біздегі желтоқсан оқиғасын ешкім ұйымдастырған жоқ. Онда "қазақтың қыздарын ұрып жатыр" деген кезде халықтың ыза, кегі шығарды. Сондықтан оның екі түрі бар деп ойлаймын. Халықтың ыза шегі кемелден асып кеткенде революция өзінен өзі болады. Бірақ соны ары қарай тәсіл ретінде қолға алып, нәтижеге жететін саяси күшті топ болмаса және оған халық сенім білдірмесе, Қырғызстандағыдай бірімен-бірі атысып, шабысып, билікке талас басталады. Бұл жақсылыққа алып бармайды", – деді Дос Көшім

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым да, революцияның басты ұйымдастырушысы – биліктің өзі екенін айтады. Ол кез-келген билік өзінің экстремисін, өзінің революционерін, өзінің террористін өзі тәрбиелейді деген принцип барын алға тартты. Сонымен қатар, саясаттанушы революциялар тек посткеңестік мемлекеттерде ғана емес, Америка мен Еуропаның бірқатар елдерінде жиі болып жатқанын айтып өтті. Сондықтан, ол мұндай шерулерді қалыпты құбылысқа балайды. Оның айтуынша, революция 40-50 жылда әрбір елде болатын әлемдік үрдіс.

" "Елу жылда – ел жаңа" деген. Бұл тек Қазақстанға, Қырғызстанға немесе Украинаға қатысты мәселе емес, байқап отырсаңыз уақыт өткен сайын әлем өзгеріп келе жатыр. Әлем өзгергенде, бірнеше үлкен өзгеріс болды. Адамның құны өсті. Пандемияның өзі ең маңыздысы – адам өмірі екендігін көрсетті. Сол сияқты, билікке деген талап та өзгереді. Мейлі сен монархия бол, мейлі сен олигархия бол, мейлі сен автократия бол. Бірақ қоғам теледидарды, интернетті көріп отыр. Наразылықтарды көргеннен кейін, өзі де жан-жағына қарай бастайды. "Неге біз де осылай етпеске?" деген сұрақты қоя бастайды. Осының барлығы айланып келгенде шиеленіс, қақтығыстарға алып келеді", – деді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Бішкектегі бас көтеру. Қырғыз елінде тыныштық тағы қалай бұзылды?

Қырғызстанның тыныштығы неге қайта-қайта бұзылады? Ондағы революциялар нәтижесіз бе?

Қырғызстанда болып жатқан саяси дүрбелең қазір көптің назарын аударып отыр. Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай көрші елде наразылықтың жиі ұйымдастырылғанын құптап отыр. Ол қырғыздардың бұл әрекетін демократиялық қоғам орнатуға талпыныс деп бағалайды. Соның арқасында Қырғызстан халқы өзге мемлекеттермен салыстырғанда саяси жолда әлдеқайда алға ілгеріледі дейді, Жарылқап Қалыбай.

"Қырғыз халқы қанша жылдан бері азапты, саяси ізденісте жүрген халық. Бірақ, олар бізбен немесе басқа елдермен салыстырғанда батыстық демократиялық жолға, біраз алға кетіп қалды. Мұндай наразылықтардан кейін, ол елдегі билік басындағылар биліктің халықтікі екенін түсінді. Ал бізде керісінше халық биліктегілердің қол астындағы қызметшілер сияқты. Билік халықта емес. Батыстағы елдер сияқты билік оппозицияға мүмкіндік беруі керек. Оппозициялық топтардың құрылуына, партиялардың құрылуына. Өкінішке орай, Қазақстанда билікті жекешелендіріп алды. Бізде билікке бір адам келіп алады да, лауазымдық орындарға тек өзінің адамын қояды. Халықпен ешқашан есептескен емес, есептеспейді де. Сондықтан, революция керек", – деді қоғам белсендісі.

Ал, Айдос Сарымның сөзінше, Қырғызстанда 2004 жылдардан бастау алған революция еш нәтижесін берген жоқ. Сондықтан, халық төңкеріс жасап, билікті жиі ауыстыруын әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

"Әрбір революция – бұл адамның денесіне жасалған ота сияқты. Із қалдырады, ағзаны әлсіретеді. Бірінші революция болды, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Екінші рет революция жасады, тағы да алданып қалды халық. Енді үшіншісін ұйымдастырды. Қырғыздың белді саясаткерлері, оның ішінде кеше ғана билікті бейбіт жолына тапсырып кеткен Роза Отынбаева да "дәл осылай жалғаса беретін болса, бір жағы азаматтық соғыс болады, екінші жағынан елден айырыламыз" деп айтып жатыр. Билік халықтың қолында деп отыр ғой, ертең осындай дүниелерімен кез-келген әскери диктатураға да, кез-келген теократияға да, басқасына да жол ашылады. Өйткені, бейбіт, демократиялық, заңды сайланған биліктің қолынан түк келмейді екен деген түсінік қоғамның миына сіңсе, онда күшті дәрі іздей бастайды. Күшті дәрі деген, әскери диктатура. Қазір Бішкекте коменданттық сағат енгізген, басқасы жасалған. Халық одан әбден шаршап, титықтаса, "демократиясы да, басқасы да құрып кетсін" дейді. Қырғыз халқы билікті ауыстыруда мықты болсын, басқа болсын, қырғыздың экономикасы деген феномен бар. Бір жағы наркотрафик, екінші жағы контробанда. Осының жүйесі әлі өзгерген жоқ, қанша президент келсе де", – деп пікір білдірді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Қос революция Қырғызға не берді?

Қырғызстандағы бейбіт жиын соңы неге қақтығысқа ұласып кетті?

Қазанның бесінде қырғыз халқынан маза қашқаны мәлім. Парламенттік сайлаудан өте алмаған партиялардың жақтастары сайлау нәтижесінің күшін жоюды сұрап, соңы төңкеріске ұласты. Ақыр ел президенті Сооронбай Жээнбеков орнын босатып, билікті тапсыруға мәжбүр болды. "Бейбіт жиын соңы не үшін дауға ұласты?" деген сауалға, саясаткер Дос Көшім халықта ауызбіршіліктің жоқтығынан деп жауап берді. Айтуынша, бейбіт жиынға шыққан жұртты өз көздегені бар топтар пайдаланып кеткен.

"Басы демократия, аяқ жағы охлократияға айналды. Халық әуелі не үшін жиналды? Олардың алға қойған талаптары нақты болатын. 2000-дай адам жиналып, "Мына сайлаудың нәтижесінің күшін жойыңдар"деді. Оған қол жеткізді де. Бірақ сол жиналған халыққа басқа топтар қосылып, өрекпеген елді бұрып алып кетті. Демократиядан басталған жиын, охлократияға ұласып кетті. Егер соны тоқтататын, шындығында да жақсы бір ұйымдасқан күш болса, жақсы нәтижесін береді. Абайдың тамаша сөзі бар ғой, "Жанна д'Аркты отқа өртеген, Христосты крестке итерген, Пайғамбарды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал" дейді. Көпті жөнге сала білу керек, нақты құрал ретінде. Бірақ, алғашқы екі сағаттан кейін бейбіт жиын тобырдың мәселесіне айналды. Оны әдейі жасаған адамдар, топтар және күштер бар", – деді Дос Көшім.

Оқи отырыңыз: Қазақстан халқы ассамблеясы кімнің мүддесін қорғап отыр? Сараптама

Революция билікті ауыстырудың тиімді құралы ма?

Революция болған мемлекеттердегі оппозицияның негізгі талабы – парламенттік басқару жүйесіне көшу. Әрі, өздерін әбден мезі еткен президенттерін ауыстыру. Саясаткер Дос Көшім, халыққа революция арқылы бұл талаптарды орындатып, президентті орнынан кетіру түкке тұрмайды дейді. Мәселе тек төңкерістің арқасында таққа келген басшы қандай боларында.

"Асқар Ақаев президенттіктен кеткен уақытта "Құтылдық! Енді әділетті қоғам құрамыз" деп қырғыздар той жасады. Екі жылдан кейін "Бакиев деген қайдан келді?" деп жылады. Бакиевты революция алып келді. Атақты Бисмарктың сөзі бар, "Революцияны романтиктер ойлап табады, фанатиктер жүзеге асырады, ал жемісін – оңбағандар көреді" деген. Шындығында осындай әрбір революциядан кейін елге 90% жағдайда оңбағандар келеді екен. Революцияның арқасында Қырғызстанға президент болған Бакиев 83 адамды атты. Билікті алу, президентті құрту түкке тұрмайды. Қоғамды өзгерте алмайды. Қырғызстанда ең жаман жері қазір қоғамды өзгеру емес, билік үшін талас басталды. Алдарына қойған негізгі мәселелері далада қалды. Бірімен бірі соғысып жатыр. Бұл қайта кері кету деп ойлаймын. Менің ең қорқатыным сол. Сосын, билікке революцияның арқасында "кім келеді және ол не істейді?" деген екінші сұрақ бар. Шақырсын Бакиевты, тағы 280 адамды атып тастасын", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, билікті өзгертудің ең дұрыс жолы – байыппен, эволюция жолымен өзгерту. Қажет болатын болса парламентке де бару керек, қажетті заңдарды ұсыну да керек.

"Беларуссиядағы, Қырғызстандағы жағдай болған кезде біз беларусьтармен де, украиндармен де, басқалармен де үлкен жабық Zoom конференция өткіздік. Сонда украиндықтар Беларусьтегі оқиға ешқандай да түрлі-түсті революция емес, Ресейдің ұйымдастырғаны деп айтып отыр. Себебі, түрлі-түсті революция дегеніміз, нақты мақсаты бар, нақты көшбасшылары бар, нақты іс-жоспары мен талабы бар дүние дейді. Олар "біздер украиндықтар көшеге шыққан кезде, бізді Ресейге қосуды тоқтатыңдар" деген айқын талаппен шықтық дейді. Интеграцияға, Кедендік одаққа кірмеу немесе басқа мәселені көтермей, нақты талабымыз болды. Ал бір адамға кет деген ол саясат емес дейді", – деп пікір білдірді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

Қырғызстандағы саяси ахуал әрі қарай қалай өрбуі мүмкін?

Қазір қырғыз жерінде болып жатқан наразылықтың соңы немен тынары көпті алаңдатып отырғаны аян. Әліптің артын бағып отырғандардың бірі Дос Көшімнің айтуынша, ондағы сценарий әрмен қарай қалай өрбитінін дөп басып айту тіпті қиын.

"Аяқ жағы белгісіз. Оңтүстік бар, солтүстік бар, түрлі олигархтық топтар бар, бұған араласып жатқан бандиттік кландар бар. Менің қорқатыным, шындығында Алмазбек Атамбаевтың жақтастары кек аламын десе, оны қолдайтын солтүстіктің, Бішкектің адамдары бар. Ана жақта Сооронбай Жээнбековты қолдайтын оңтүстіктің адамдары бар. Бұлардың әрқайсының іштей территориялық бөлінісі бар. Егер әрі қарай тым тереңдеп кетсе, бұл жерде шындығында да азаматтық соғыс бола ма деген менің қаупім бар", – деді саясаткер.

Айдос Сарым, бүлік шығаруға дайын тұратын қырғыз халқыны болашақта осы әрекетінен опық жей ме деп күдіктенді. Өйткені, ондағы билік шын мәнінде халықтың қолында емес, білектінің қолында дейді саясаттанушы.

"Негізі биліктің де сан түрі болады ғой. Біреуі монархия дедік. Олигархия дегені бар, яғни қоғамды басқаратын белгілі бір үлкен қаржылық топтар. Мінеки, Қырғызстандағы жағдай олигархия мен охлократияның бір қосытындысы сияқты болып елестейді маған. Өйткені, бүкіл саяси күштерінің артында бір жағынан базар бар, екінші жағынан қылмыс бар, тағы басқасы бар. Осының негізі. Дәл бүгінгі күні қырғыздың билігі қырғыздың халқында деп айту қиын. Мәселені шешіп жатқан тағы да халық емес. Мысалы кеше ғана жартысы түрмеден шығып, жартысы түрмеге қамалып жатыр, жартысы билікке келіп жатыр. Кімнің сөзі көп өтеді, кім жақтастарын көп жинай алады, күштінің, білектінің қолындағы билік. Бұдан әлі талай опық жейді", – деді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық

Посткеңестік мемлекеттерге талас жүріп жатыр ма?

Айдос Сарымның пікірінше қазір посткеңестік мемлекеттерге талас жүріп жатыр. Үлкен саяси ойын бар. Ол Ресейдің кезінде уысынан шыққан мемлекеттерді қайтадан қол астына кіргізіп алуға ниетті екенін меңзеді. Сондықтан, Ресейге айналасында демократиялы елдің болғаны тиімді емес дейді саясаттанушы.

"Менің қорқатыным, ертең жеме-жемге келген кезде Ресей мен АҚШ келісе салуы мүмкін. Ең жаманы біз біреудің ойыншығына немесе шахмат үстеліндегі шашкаға айналып кетпесек деген мәселе. Мысалы, ертең АҚШ пен Қытай арпалысады. Сонда АҚШ Ресейге, "Біз сендерге жағдай жасайық немесе сендердің бір мүдделеріңді қолдайық. Осы кезге дейін уыстан шыққан Украинаға, Грузияға, Балтық елдеріне тиіспейсің. Олар енді НАТО-ға өтіп кеткендер. Бірақ анау құрлықтың ішінде жатқан Орта Азия елдері бар, мынау Молдова бар, Беларусь бар, Армения, Әзірбайжан бар. Осыларға қолың жетсе, қантөгіс жасап қырмай, ұстап тұрсаң ұстай бер" деп келісе салуы мүмкін. Ең үлкен қауіп осында", – деді Айдос Сарым.

Айдос Сарымның пікірінше, Ресей уысынан шыға бастаған елдердің ішінен міндетті түрде бір кикілжің табады. Сөйтіп мемлекеттерді бір-біріне қарсы етіп айқастырып қояды. Ал оңтайлы сәтті пайдаланып, жерін тартып алуы мүмкін.

"Армян мен әзірбайжан табылды, орыс пен молдован табылды, орыс пен украин табылды. Грузиннің ішінде Абхазия мен оңтүстік Осетия. Сөйтіп табады да бір-біріне айдап салады. Грузия 30% жерінен, Украина 30% жерінен айырылды. 1991 жылы украиндар 52 млн халық еді, қазір 41 млн халық. Қаншама экономикалық потенциалынан айырылды. Өйткені, негізгі деген бүкіл кәсіпорындары, көмір, мырыш дегендері шығыста. Біздегі үдерістер өте ақылды болуы керек. Орыспен қақтығысқа апармауымыз қажет. Бүгін керемет болдық, ұпай жинадық деп мақтанып, ертең ШҚО-дан, Солтүстік Қазақстаннан, Қостанайдан айырылып жатсақ Құдай біздің ешқайсымызды кешірмейді. Осыны да ұмытпайық. Жауапкершілік деген осы. Саясат жұрт ойлағандай немесе жұрт қалағандай оңай нәрсе емес. Геосаясат одан да қиын, одан да күрделі, одан да цинизмі басым дүние", – деді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама

Қазақстанда революция ұйымдастырып, билікті өзгерту мүмкін бе?

"Халықтың санасындағы революцияны қалаймын" деген айтыскер ақын Ринат Зайытов, қазір қазақтың арасында өзара ынтымақ жоқ деп қынжылды. Ол сондықтан халықтың келесі мәселені шешуде басы бірігуі қиын деп санайды. Тіпті елде ұйымдастырылып жатқан митингтердің өзі еш мақсатсыз деп сынға алды ол.

"Бізде қазір митингінің талабы не? "Несемді жауып беріңдер, үкімет кетсін!" дейді. Нақты кім кетсін? Түсініксіз. Сосын, митинг ұйымдастыратын адамдар, бұлар әрбір ұлтты өзінше зерттеп алады. Қырғыздың митингін жасап отырғандар қырғыздың қайтпас халық екенін біледі. Олар бітімге келмей сол жерде тұрып алуы мүмкін. Қазаққа митинг жасағысы келіп отырғандар нені аңғарып отыр? Қазақ бір-бірін аңдыған ұлт деп отыр. Біріне-бірін айдап салып, белсендісін қаматады, басқасын жамандатады. Бізді дінмен, өнермен, өсек-аяңмен бір-бірімізден бөліп тастады. Қайдан саяси күш болады? Мәселе оны кім жасап отырғанда емес, мәселе біз неге еріп отырмыз? Бізге дәл қазір мына елді аман сақтап қаламыз десек, рухани амнистия керек. Революцияның барлығын ұйымдастыратын пайдакүнем адамдар. Ол сырттан келе ме, іштен келе ме, әркім өзінше пайдаланады", – деді Ринат Зайытов.

Ал қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай болашақта бейбіт жолмен билік ауыспайтын болса, халықты міндетті түрде революцияға жеткізеді дейді.

" "Ертең сенің де жеріңді тартып алады" деген сияқты қырғыздың, Беларусьтің, Украинаның, Грузияның революциясының барлығын жексұрын қылып халыққа қорқытып көрсету, бұл арсыздық! Бұл шындыққа келмейді, бұл өтірік. Бұл Ақорданың пропогандасы. Егер халыққа билік бермесе, әділетсіз сайлау өткізе беретін болса, басқа елдердегідей ертең бейбіт жолмен билік ауыспайтын болса, міндетті түрде қантөгіс, революцияға жеткізеді", – деді қоғам белсендісі.

Оқи отырыңыз: Қазақ жастары биліктен не талап етеді? Сараптама

Алдағы парламент сайлауында кімдер мәжіліске баруы мүмкін?

Айдос Сарымның хабарлауынша, алдағы 10 күннің ішінде Қазақстанда парламент сайлауы жариялануы мүмкін. Өйткені, Конституция бойынша, кем дегенде қаңтардың 24-не дейін елде сайлаудың өтуі тиіс. Оған дәл қазіргі уақытта Қазақстанда тіркелген алты партия қатыса алады. Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай бізде шынайы оппозициялық партияларды әдейі тіркемейтінін және сайлауға жібермейтінін айтты.

"Таза партия құруға мүмкіндік бермейді. Тек өздері басқара алатын, өзінің ықпалындағы Жанболат Мамайдың, әйтпесе Жармахан Тұяқбайдың партиясын, әйтпесе "Ақ жол" деген сондай бір ойыншық партиялар ғана қатысады. Бұлардың барлығы халықты ақымақ қылып отыр. Бәрі айналып келгенде "Nur Otan", баяғы КПСС деген сияқты", – деді қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай.

Ал, саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, осы парламент сайлауы аса үлкен өзгеріссіз өтетіні анық. Дегенмен, бұл сайлаудан кейін саяси сахнаға жаңа ойыншылар келері сөзсіз. Себебі, қазір қоғамның да, биліктің де санасы өзгеріп келе жатыр дейді ол.

"Бүгінгі билік үшін шынайы оппозицияның келуі өзіне тиімді. Сондықтан мына сайлаудан кейін реформалар әлі де жалғасады. Әлі сайлау заңы да, партиялар заңы да өзгереді. Сол кезде біраз жаңа ойыншы саяси сахнаға келеді. Жақсылық бір күнде болмайды, ол үшін қашан да күресу керек. Қазір тіркелген, тіркеуі бар партиялар сайлауға қатысады. Олар кімді шақыра алады? Кім оларға барады, кім оларға сенеді? Халық қалай дауыс береді? Ол екінші мәселе. Мен бүгінгі жүйені әлі де болса тәртіпке келтіріп, өзгертуге болады дегенге сенемін. Бүгінгі билік те ақымақ емес. Сыртты да көріп отыр, ішті де көріп отыр. Сондықтан өткен жылы транзит басталды, жүйе өзгеріп келе жатыр. Қазір есі дұрыс, қоғамға дұрыс әңгіме айта алатын саяси күштер келе жатыр. Оларды осы сайлауда, келесі сайлауда көресіздер. Қазір қоғам да, билік те өзгеріп келе жатыр", – деді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама

Парламенттік сайлау әділ өтпесе, Қырғызстандағы жағдай Қазақстанда қайталауы мүмкін бе?

Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы эфирге шақырылған спикерлерге "Қазақстандағы Парламенттік сайлау әділ өтпесе, Қырғызстандағы сценарий бізде қайталауы мүмкін бе?" деген сұрақ қойды. Бұған саясаткер Дос Көшім "Қазақстанда сайлау тыныш, еш өзгеріссіз өтеді. Өйткені, сайлауға түсетін 6 партияның барлығы да биліктің жіберген партиясы" деп жауап қатты.

"Менің ойымша тып-тыныш өтетін сияқты. Себебі, бұл жерде белгілі бір топ жоқ. Бірақ әрбір сайлау бұл белгілі бір саяси сабақ. Оған міндетті түрде атсалысуымыз керек. Бұл сайлауда партиялардың арасында үлкен бір қырқыс болмайды. Сондықтан, осы сайлаудан кейін біреулер көшеге шығады деп мен өз басым ойламаймын", – деді ол.

(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары