Ермұхамет Ертісбаев қызметінен босатылды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарудан босатылды.
Оның орнына бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болған Асқар Бейсенбаев тағайындалды.
Арман Әсенов "Қазақфильм" Президенті болып тағайындалды
ҚР Мәденет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ ұжымына жаңа басшыны таныстырды. 9-шы тамызда "Қазақфильмнің" экс-президенті Б.Қайырбеков қызметімен қош айтысқан еді.
А.Әсенов – әртіс, продюсер, ҚР еңбегі сіңген қайраткері. Бірнеше кинокартиналарға ( "Көшбасшы жолы", "Қазақ елі") түскен.
Көктөбеде өрт шықты
Өрт таудың оңтүстік-батыс баурайында болған. Оқыс оқиға жөнінде Алматы әкімі Б.Сағынтаев Инстаграм желісінде былай деп жазды: "ІІМ және Қорғаныс министрлерімен сөйлестім. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақтағы өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда. Қалаға қауіп жоқ".
Қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖД-ның жеке құрамының және коммуналдық қызметтердің 1500-ден астам қызметкері, 70 арнайы техника жұмылдырылған. Өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалады.
Аудан әкімі 3,5 жылға сотталды
Қостанай соты Әулиекөл ауданының әкімі Асхат Қисықов пен "Гренада" құрылыс компаниясының басшысы Анатолий Громченкоға қатысты үкім шығарды. "Гренада" фирмасы аудандағы мектепке күрделі жөндеу жүргізбекші болады. Осы уақытта аудан әкімі құрылыс компаниясының басшысына 7 млн теңге сыйақыға уақтылы қаржыландырып, орындалған жұмыстар актісін қабылдауға уәде береді. Фирма басшысы әкімнің ұсынысынан бас тартпаған соң, 121,2 млн теңгенің келісім-шарты жасалады.
2-ші шілдеде мәмілеге сәйкес ақша берілген. Содан кейін сөз байласқан екеу ұсталған. Сот аудан әкімі А.Қисықовты Қылмыстық кодекстің 366 бабы (2 бөлімі) бойынша кінәлі деп тауып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Құрылыс компаниясының басшысы да пара бергені үшін 2,5 жылға сотталды. Құрылыстан қаржы жымқырмақ болған басшылар сот залынан қамауға алынды.
Судья оларға ірі көлемде айыппұл төлеп, жазадан жалтаруға болатындығын айтып, түсіндірді. Мұндай жағдайда әкімге 210 млн теңге (параның 30 есе көлемінде), ал құрылыс компаниясының басшысына 105 млн теңге (параның 15 есе көлемінде) айыппұл салынады екен. Сотталғандар аталған соманы төлей алмаймыз деп мәлімдеді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
2023 жылға дейін еңбек нарығына жоғары білімді жастардың келуі барынша азаяды
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы осылай деп мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, 2021-2023 жылдары еңбек нарығында 22 жастағы білікті жастардың азаюы 1997-2002 жылдары бала туу көрсеткішінің төмендегеніне байланысты болады.
– Модельдеу нәтижелері 2022 жылға дейін жастардың болжамды саны 3 млн 432 мың адамға дейін қысқаратынын, кейін 2038 жылы 5,1 млн адамға дейін он бес жылдық өсу циклі басталатынын көрсетті, –деп хабарлады орталықтың Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков. Айтууынша, 2023 жылға қарай жастардың саны қалпына келе бастағанымен, негізгі өсім жасы кіші санаттар есебінен қамтамасыз етіледі.
Астанада теннистен Азия біріншілігі басталды
Турнирге 14 елден 12 жасқа дейінгі балалар қатысып, бақ сынасады. 23 команда топтарға бөлініп, бір апта бойы бәсекеге түседі. Турнирдің финалы осы сенбіге жоспарланған. Халықаралық теннис федерациясының өкілі Амир Боргей бұған дейін әлемде 12 жасқа дейінгі балалар арасында командалық чемпионат болмағанын айтады.
Өтініштер мен шағымдарды қабылдайтын жаңа портал құрылды
Енді Елорда тұрғындары aitu.city порталы арқылы өтініштерінің шешілу барысын онлайн қадағалайды. Жаңа желі арқылы қала халқы өз мәселелерін ғана емес, өзге де халықтың өтініш-талаптарымен танысып, әлеуметтік желілерде бөлісе алады.
Портал еліміздегі бірегей байланыс құралы болмақ. Баламасы басқа ешбір өңірде жоқ. Алайда, болашақта еліміздің өзге де аймақтарында іске қосу жоспары бар.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. 2019 жылғы шілдеде Қазақстанда жұмыссыз жүрген 440,9 мың адам тіркелген, бұл жұмыс күші санының 4,8%-ын құрайды. ҚР жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 172,7 мың адам немесе елдің экономикалық белсенді халық санынан 1,9%-ы ресми түрде тіркелген. Жасырын жұмыссыздық деңгейі 2019 жылдың сәуір-маусымында жұмыс күші санының 0,3 пайызына (30,4 мың адам) тең болды. Осы жылдың шілдесінде республиканың экономикасында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған.
Baq.kz: Алдағы 3 күнге арналған ауа райы болжамы. "Қазгидромет" РМК болжамы бойынша, Мәскеу аумағынан келетін циклон және онымен байланысты фронтальды жүйелердің шығыс бағытында жылжуымен жаңбыр, солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыста кей жерлерде қатты жаңбыр, республиканың басым бөлігінде найзағай ойнайды және бұршақ жауады деп болжанып отыр. "Еліміздің солтүстігінде күндізгі температура 35 градустық ыстықтан кейін 20-25 градус деңгейіне тұседі. Тек республикамыздың батысында және оңтүстік-батысында Каспий теңізі аймағынан келетін антициклонның ықпалымен айтарлықтай жауын-шашынсыз ауа райы болады"делінген хабарламада.
Тengrinews.kz: Ғарышкерлер қанша жалақы алады? Қазіргі кестеге сәйкес, NASA ғарышкерлері ең жоғары жалақыны алу үшін GS-15 федералды қызметкерлерінің категориясына үміткер бола алады, бұл әскери полковник немесе капитан атағына тең. Осы позициялардағы жылдық жалақы – шамамен 155 мың доллар (шамамен 13 мың доллар немесе айына – 5 миллион теңге. Жалақыдан бөлек ғарышкерлерге сауықтыру және демалыс айлығы беріледі, сонымен қатар, сақтандыру да бар, бірақ оның жарты құнын қызметкер өзі төлейді. Сонымен қатар олар істеген жұмыс уақытына қарай сіңірген еңбегі үшін де ай сайын үстемақы алады.