Тікелей эфир

Халықтың сүйіктісіне айналған сазгердің шығармалары неге өз нақышында орындалмай жүр?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
"Шәмші әндерін өзгертіп орындау қалыпты дәстүрге айналып барады" дейді Мұхтар Қалдаяқов. Сондықтан әндердің түпнұсқасын жаңа жинаққа топтастырып шығарған.

"Қазақ вальсінің королі" атанған Шәмші Қалдаяқов қазақтың музыка өнеріне 300-ге жуық туындысын 40 жылда қосқан. "Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды" дейді сазгердың ұлы Мұхтар Қалдаяқов. Өйткені ол қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне сай өмірді сезімді серік еткен жастардың ғана емес, барлық жастағылардың да жанына жағатындай жақын да жылы күйде әнге қосты деді.

– Әкемнің әрбір ыңылдап айтқан әні ғажайып әуенге айналатын. Бірақ бізге арнап шығарған өлеңдері жоқ. "Ақмаңдайлым" әнін менің білуімше, аяғы ауыр анам "қыз бала туар" деген үмітпен шығарған екен. Алайда тағдыр ұл сыйлады. Содан кейін анама "Бақыт құшағында" әнін арнады. Анам бұл өлеңді тыңдаған сайын өзін шексіз бақытты сезінеді,– дейді.

Шәмші Қалдаяқов екі ұлын да музыка мектебінде оқытқан. Қазір олар әкелерінің жолын қуып, кәсіби музыкант ретінде еңбек етіп жүр. Ал өзі пианино мен домбырада шебер ойнаған.


Шәмші Қалдаяқовтың ұлдарына сыйлаған күйтабағы

Шәмші Қалдаяқовтың ұлдарына сыйлаған күйтабағы / Фото informburo.kz


Сазгер Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс жасаған. Мұхтар Қалдаяқов сол сәттерді былай деп еске алды:

– Біздің үйге адамдар өте көп келетін. Қазақстанның түкпір–түкпірінен амандасу үшін келетін кездері болды. Ал ақындар келген кезде музыка әлеміне сүңгіп кететіні соншалық, біз туралы мүлде ұмытатын. Тіпті немен шұғылданып жатқанымызды сұрамайтын. Ал мен бала болсам да кедергі жасамауға тырысып, даладан келген кезде, ақырын басып, бөлмеме кіріп кететінмін. Сондықтан болар оның әрбір нотаға түскен әні бала кезімнен миыма сіңіп, мәңгі есімде қалды. Менің музыкаға деген қызығушылығым осыдан басталды десем болады, – деді Абай атындағы опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқов.

"Тамды аруы" – сүйікті әндерінің бірі болған

– 9 сыныпта оқитын кезім. Сабақтан кейін үйге келсем әкем "Алыстан ауылдан қонақ келді, шай қойып жібер" деді. Анам жұмыста. Шай үстінде көптен көріспеген достарының алдында "Тамды аруын" ерекше ықыласпен орындады. Мен еріксіз елтіп, бар ынтаммен тыңдап отырып қалыппын. Сол күні нақышына келтіріп орындаған сәті бүгінге дейін кеше болғандай көз алдымда, – деді ол.

Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып:

"Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300–ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек", – деген екен.

Туған жерге деген махаббат

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келді.

– Ол өзі туған Темір ауылын да мақтанышпен айтатын дейді Мұхтар Қалдаяқов. – Туған ауылының Темір деп Ақсақ Темірдің жорығын аяқтаған жері болғандықтан аталған екен. Ол Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауидің аяғы тиген қасиетті жерде дүниеге келгенін мақтан тұтып, қолы қалт еткенде туған өлкесі туралы айтып отыратын.

Маған әкем әлі тірі сияқты. Өйткені бала кезімнен елді көп аралайтын. Сондықтан саяхаттап кеткен секілді көрінеді. Қазақстанның аймақтарын аралаған кезде бізді бірге алып жүретін. Әкем ел аралауға көктемде шығатын. Күз түскенде қайтып келетін. Өйткені қыстың аязында алыс аудандарға жол жүру қиын болатын. Оның үстіне жер тайғақ. Кейде бізді алып шығатын. Бірде жаздың ыстығында Самарқандқа апарды. Жалпы бізді Ташкенте бір рет, Самарқандқа екі рет апарып қайтты. Сонда ел әкеме ерекше қошеметін көрсетті. Бірақ біз қонақ болып отырудан 3-4 күннен соң шаршап, "Соның не керегі бар?" деп анамнан сұрайтынбыз. Анам болса, "Балам олай айтпа, халықтан ұят болады, әкеңді халық жақсы көреді. Сондықтан онымен кездескісі келеді" дейтін.


Сазгердің үлкен ұлы Мұхтар Қалдаяқов

Сазгердің үлкен ұлы – Мұхтар Қалдаяқов / Фото informburo.kz


"Менің Қазақстаным" әні қалай дүниеге келді?

Шәмші Қалдаяқов "Менің Қазақстаным" әнінің туу тарихын Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырған екен. Қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезеді. Сөйтіп, "Менің Қазақстаным" әні туады.

1986 жылы "Желтоқсан көтерілісі" кезінде алаңға жиналған жастар "Менің Қазақстаным" әнін орындаған болатын. "National digital history" сайтының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 1992 жылы Қазақстан Республикасының Әнұранына байқау жарияланған кезде "Менің Қазақстаным" әні де ұсынылған. Алайда "лирикаға жақын" деген сылтаумен мемлекеттік комиссияға жіберілмеген.

Осы оқиға туралы автордың жолдастарының бірі Оразбек Бодықов "Шәмші Қалдаяқов туралы жыр" кітабында деректер келтірген. Оның айтуынша, алаңға шыққан жастар әнді Желтоқсан оқиғасы кезінде-ақ өздеріне әнұран еткенін шырқаған. Жазушы аталған еңбегінде "Ол ол ма, кешегі "Желтоқсан жаңғырығы" қозғалысын ұйымдастырушылар сол Желтоқсанға рухани қару болған Шәмшінің әнін де, өзін де ауыздарына алған жоқ" деп реніш білдірген деген дерек келтіреді.

Араға біраз жылдар салып, 2005 жылы бұл ән Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Мұхтар Қалдаяқов "Менің Қазақстаным" әнін мемлекет меншігіне өткізгенін айтты.

"Ән-аға" телехикаясы анамның көңілінен шықпады"

Шәмші Қалдаяқовтың өмірін суреттейтін "Ән-Аға" аты кино түсіріліп, көрермен назарына ұсынылған болатын. Оған дейін 1991 жылы режиссер Т. Ахметов Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық "Жылдарым менің, жырларым менің" атты деректі телефильм түсірді. Алайда телесериал Шәмшінің отбасы мен туыстары, көзін көрген жолдастарының көңілінен шықпапты. Телесериалдың алғашқы көрермені болған Шәмшінің аяулы жары Жәмилә Қалдаяқова ұлына телесериал туралы ренішін жеткізген екен.

– Маған анам кинода әкеміз туралы мүлде шындыққа жанаспайтын өмірі бейнеленгенін айтты. Оларға хабарласуымды өтінді. Бірақ эфирге шығып кеткен соң оны түзеу де қиын. Әсіресе, Шәмшінің әйелін сомдаған бас кейіпкердің "Онда музыкаңа үйлен" деген сөзі анамның шамына қатты тиді.

Сонымен қатар телехикая сазгердің інісі – Көшербай Қалдаяқовтың да көңілінен шықпаған. Бұл туралы белгілі журналист, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы Абай Балажан Фейсбуктегі парақшасына жазған.

"Шәмші ағаның інісі Көшербай аға телефон соқты. Эмоциясы телефоннан төгіліп тұр. Қатты ренжулі. Фильмде келтірілген деректердің ауылы шындықтан алыс дейді. "Бұлар біздің, Шәкеңнің әйелінің, бауырларының, балаларының көзі тірісінде осындай өтірікке барып отыр, ертең біздің көзіміз кетсе "Ана авторитет анадай деп айтты, мына авторитет мынадай деп айтты" деп білгенін істемекші ғой" деп ренжиді. "Аға, әуелі фильмді аяғына дейін көріңіз, бәлкім, соңында сіздің ренішіңіз ғайып болып, керісінше риза болуыңыз да мүмкін ғой. Сабыр қылыңыз" деп ренішін басқандай болдым", – дейді Абай Балажан.

Бұл ретте Мұхтар Қалдаяқов телехикая сценариін жазар кезде бір адамның өзіне хабарласып, кездесуге келгенін айтты.

– Маған жолығуға келген адам әкемнің өмірін баяндап беруін өтінді. Мен оған сценарийді бірге жазуды ұсындым. Өйткені әкем туралы толық мағлұматты тек отбасы мүшелері ғана бере алады. Ол маған сценарийдің авторының емес, 70 мың теңге айлықпен техникалық маман ретінде тіркеп қоя алатынын мәлімдеді. Әрине, оның ұсынысынан бас тарттым, – деді.

"Көктем әні" қалай табылды?

Біраз уақыт бұрын қазақтың біртуар таланты, вальс королі, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың еш жерде айтылмаған "Көктем әні" атты жаңа әні табылған еді. Жинаққа енген жаңа ән алғаш рет Алматыда өткен сазгердің шығармашылығына арналған концертте орындалды. Бұл әннің қолжазбасын Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде КСРО-ның халық әртісі Роза Жамановаға берген екен. Жылдар өтіп, мұрағатында жатып қалған әнді Роза апамыз өмірден өтерінде шәкірті, опера әншісі Балапан Жұбаеваға аманаттайды. Қолына түскен туындыны зерттеп, зерделеген әнші бұл әннің еш жерде орындалмағанына және Шәмші Қалдаяқовтың өзіндік мәнері, қолтаңбасы барына көз жеткізген.


Шәмші Қалдаяқовтың жаңа әндер жинағы

Шәмші Қалдаяқовтың жаңа әндер жинағы / Фото informburo.kz


Әр әннің өз тарихы бар

– Мен әкемнің әр әнінің шығу тарихын жақсы білемін десем қателеспеген болар едім. Сондықтан оны өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Ал өлеңді әр адам өз талғамына қарай тыңдайды. Мен де сол адамдардың қатарынанмын. Әкемді еске алған кезде кейбір әндерін жаңа қырынан тани түсемін. Мысалы, "Қара көздер, қара қастар", "Ақсұңқарым" сияқты әндері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Ал "Арыс жағасында", "Фосфорлы Жамбыл", "Көгілдір Көкше", "Мойынқұмда ауылым" әндері тапсырыспен жазылған. "Сыр сұлуы" және "Қайықта" сияқты әндері әншілер арасында үлкен сұранысқа ие.

Өзінің шығарған өлеңінің бірі – "Тамды аруы". Шәмші ағаның қалың жұртқа деген махаббатын жырлағаны белгілі. "Тамды аруы" – махаббат бостандығын аңсап жазылған ән. Яғни, әнге жас жігіттің басынан өткен қайғылы оқиға арқау болған. Бұл ән Шәмші ағамыдың шеберлігімен дүниеге келді. Ал, "Сағынышым менің" әнінде ерекше аңсау, терең толғау бар. Айта берсек әр әннің өзіндік тарихи сыры бар.

Осы уақытқа дейін Мұхтар Қалдаяқов сазгердің 53 әні енгізілген жинағын шығарған болатын. Жинаққа енген әндерге талдау жасаған сазгердың ұлы танымал әннің бірі "Сыған серенадасының" аңыз негізінде жазылғанын айтты.


Шімші Қалдаяқовтың 53 әні енген жинақты ұлы Мұхтар Қалдаяқов шығарған

Шәмші Қалдаяқовтың 53 әні енген жинақты ұлы Мұхтар Қалдаяқов шығарған / Фото informburo.kz


– Мен "Қуаныш вальсі" әнін естіген кезде ерекше сезімге бөленемін. Әкем ауырып, төсек тартып жатқан кезінде ауруханаға барғанда айтып едім, таңданысын жасыра алмады. Ол бұл әнді қатардағы әндердің бірі деді. Ал "Тамды аруын" әншілердің ішінде бірінші болып Алтынбек Қоразбаев орындады. Сәл өзгертіп орындаған екен, оны әкем естіп, Алтынбек ағаны шақырып алып: "Әй, сары бала (Алтынбек Қоразбевты солай атаған) неге өзгертесің?" деп сұрады. Ол келесіде дұрыс орындайтынын айтқан еді. Сол Алтынбек ағамыз төрт ай ауруханада жатқан кезінде күн ара келіп, әкемнің сақал-мұртын алып, жуындырып кететін.

Бір қызығы әншілер ішінде әкемнің әніне жазылған өлеңнің сөздерін жаттай алмайтындар болды. Солардың бірі – Нұрғали Нүсіпжанов. Қалай орындаса да сөздерін есте сақтай алмайтын. "Мойынқұмда ауылым" әнін жазылған соң, алғаш рет Нұрғали Нүсіпжановқа орындауға берген екен. Ол кісі сөздеріне қарап "Мойынқұмда сөзі неге бірнеше рет қайталанған?" деп сұрапты. Әкем болса, "Сен сөздерін жаттай алмайтын болған соң, сенің айтатыныңды білген ғой автор" деп қалжыңдаған екен. Тіпті қарапайым ғана "Сен мөлдірсің еркем" дегенді шатастырып ала беретін.

Осы "Мойынқұмда ауылым" әнін Конголық "Джамбо-Джамбо" тобы Мұхтар Қалдаяқовқа хабарласып, орындауға рұқсат сұрапты. Осы әнмен олар Испанияда өтетін ән фестивальіне қатысуды жоспарлап отыр. "Көкем әні" ән жинағын таныстыру кешіне келген конголық әртістер заманауи үлгіде орындап шықты.



Жамбылда өткен күндер

Сазгер өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл облысында өткізген еді. Жалпақтөбе ауылында үй салған. "Мойынқұмда ауылым", "Дүнген қызы", "Фосфорлы Жамбыл" секілді атақты әндері осында дүниеге келген. "Дүнген қызы" атымен таныс болған "Сырғалым" әнін сол Жалпақтөбеде тұрып жатқанда көрші тұрған дүнген қыздарына арнап шығарған екен. Мұхтар Қалдаяқовтың айтуынша, әкесі Шәмші – жұмбақ адам болған.

– Менің әкем өзіне кімді пір тұтқанын, кімге ұқсағысы келгенін, сүйікті әншілері туралы ашып айтқан емес. Бір әнді жазуға отырса, екі-үш күн тынбай еңбек ететін. Түні бойы отырып, ән жазды деп айта алмаймын. Бірақ таңғы сағат алтыда тұрып, түнгі сағат 12-де ұйықтауға жататын. Жылда жаңа жылдың алдында туған күнін жолдастарымен атап өткенді жақсы көретін. Өйткені ол өзінің дүниеге келген уақытын күздің соңғы айы деп айтатын. Бізге Д.Қонаев үй беріп, Алматыға көшіп келгенде жасым бестен асқан кез еді. Әкем музыка мектебіне берді. Қолы босағанда басымнан сипап, маңдайымнан иіскейтін. Тек дирижер болғанымды көре алмады. Мен әкем қайтыс болған соң бір айдан кейін сахнаға шықтым. Өйткені оқуды аяқтаған соң тәжірибе жинау керек болды.

Әкемнің барлық әндерінен бөлек, оның пианина аспабы мұраға қалды. Осыдан бес жыл бұрын Астанадағы ұлттық музейден Қалдаяқов бұрышын ашамыз деп, бірнеше рет хабарласып сұраған еді. Мен М.Әуезов театрына, өз қолыммен Дархан Мыңбаев деген азаматқа тапсырдым. Алайда, Қалдаяқовтың пианиносының орнына, музейден шапан мен тақияны көргенде таң қалдым. Мен ондай заттар тапсырған емеспін. Қайтыс болған кезде туған-туыс, жолдастары ырымдап, шапандарының барлығын алып кеткен болатын. Қазір қолымызда Достық пен Қарасай көшелерінің қиылысында орналасқан пәтер ғана қалды, – деді сазгердің ұлы.

Қалдаяқов мұрасы келешек ұрпаққа жете ме?

– Мені әкем әні арқылы тәрбиеледі. Біздің үйде бір сәтке музыка үні толастаған емес. Қазір де жалғасын тауып келеді. Оның әндері сол өзі шығарған күйінде әр қазақтың жүрегінінен орын алды. Ал егер әр орындаушы оны қалауынша өзгерте беретін болса, оның келешек ұрпаққа жұрнағы да қалмайтыны сөзсіз. Тіпті менің шетелдік таныстарым "Шәмші әні келесі ұрпақа жете ме?" деген сауалды жиі қояды. Мен оларға егер жастардың санасына әні де, сөзі де түсініксіз әндерді құя берсе, ұрпақ санасынан жоғалып кетуі мүмкін дедім.

Осыдан бір апта бұрын радиодан "Ғашық күндер" әнін сөзін өзгертіп, ауыл туралы сөз жаздырдыртып алып, орындап жатқанын естідім. Мен тек музыкант қана емес, әкемнің әндерін бойыма сіңіріп өскен адаммын. Оның әр нотасы жадымда. Сондықтан әр әншінің өз қалауымен өзгертіп орындауына қарсымын. Ал әншілер болса, "Заман талабына сай, сұранысқа ие болады" деген сияқты сылтаумен өзгертіп, заманауи стильде орындағысы келеді. Ол – мұраға қиянат жасау. Ал әкемнің орындауындағы "Ғашық күндер" әні былай орындалатын, – деп сазгердың ұлы пианинода ойнай жөнелді.



Сонымен қатар Мұхтар Қалдаяқовтың айтуынша, "Музарт" тобы да "Шынарым" әніне өзгеріс енгізіп орындап жүр.

Сазгерді еске алып тұру мақсатында 1992 жылдан бастап Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Шымкент қаласында облыстық филармония, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларында көше аттары, сазгер туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады. Ал Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары