Тікелей эфир

Қазақстандағы 2 пайыздық ипотека: көпбалалы отбасының табысы 56-100 мың болуы тиіс. Жаңалықтарға шолу

Сурет Informburo.kz
Сурет Informburo.kz
Көпбалалы отбасылар бөлек баспана кезегіне тұрады. Оңтүстікте жауын жауып, найзайғай жарқылдайды.

Назарбаев Астананың болашақ Бас мешітінің қазығын қақты

Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады деп жоспарланған ғибадатхана Елорданың Экспо қалашығы жанындағы жаңа саябақтың аумағында бой көтереді. Бір мезгілде 30 мың адамды қабылдайды. Мешіт ғимаратының жалпы аумағы – 57 мың шаршы метр, биіктігі – 130 метр болады. 3500 көліктік ашық және жабық тұрағы салынады. Демеушілердің қаржысы есебінен тұрғызылады. Мешіттің құрылыс жұмыстары 24 айға жоспарланған.

Ғизат Нұрдаулетов ҚР Бас прокуроры болып тағайындалды

Ол осыған дейін Бас прокурордың бірінші орынбасары лауазымында болған. Ақ Орданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұған дейінгі Бас прокурор болған Қ.Қожамжаров басқа жұмысқа ауысқан.

Доллар 3 теңгеге арзандады

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысы бойынша АҚШ валютасы 375,49 теңгеге бағаланды.

Астанада көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады, аналарына тіс дәрігерінің қызметі тегін көрсетіледі

Елорда әкімдігі таратқан мәліметке сенсек, тұрмысы төмен, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға бұдан бөлек басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, осындай 2 мың отбасына коммуналдық қызметтерін төлеуге көмек беріледі (34 млн теңге).18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі отбасы мүшесін күтушілер тегін жолақыымен қамтамасыз етіледі (1,3 млрд теңге). Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін өсті (23 млн теңге). Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі (2986 адамға 1,5 млрд теңге бөлінді). Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертифакатын беру үшін 2 млрд теңге қарастырылды.

Көпбалалы отбасы балалары, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл көмекті 36 мың адам алады, оған бюджеттен 208 млн теңге қарастырылады. 1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасыдағы 32 мың балаға мектепте тегін ыстық тамақ (971 млн теңге) беріледі. Осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құрал-жабдықтарымен тегін қамтамасыз етіледі (638 млн теңге бөлінеді). Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (500 млн теңге бөлінеді). Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасының балалары, сондай-ақ, мүгедек балалардың (барлығы 3800 бала) балабақшаға тегін баруына қолдау көрсетіледі. Осы арқылы ата-аналардың жұмысқа тұруына, отбасының табысын арттыруына жағдай жасалады (513 млн теңге тегін тамақтандыруға). Көпбалалы отбасыдан шыққан 180 түлекке Астанадағы жоғары оқу орындарында кең таралған мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар беріледі (25 млн теңге, жылына 500 мың теңге). Көпбалалы аналарға тіс дәрігерінің қызметі (санация, протездеу) тегін ұсынылатын болады. Бұл көмекпен 10 мың адам қамтылып, 404 млн теңге бөлінеді. Бюджет нақтыланғаннан кейін көпбалалы отбасылар көмір алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады (1 000 отбасына 26,3 млн теңге бөлінеді).

FlyArystan рейстерінің билеттері 29 наурыздан бастап сатылады

Бюджеттік әуе компаниясы коммерциялық рейстерді мамыр айынан бастайды деп күтіліп отыр. Азаматтық авиация комитетінің хабарлағандай, Алматыдан Астана, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Тараз қалаларына күнделікті ұшатын болады. Бастапқыда компанияның әуе флоты "Эйр Астана" әуекомпаниясының 180 орындық эконом-класты Airbus A320 ұшақтарынан құралады. 2022 жылдың соңына қарай лайнерлердің саны 15-ке жетеді деп жоспарланып отыр.

Әуе компаниясы билеттері бағасының арзандатылуына шығындардың барынша азайтылуы ықпал етеді. Оның ішінде билеттердің тек электронды негізде сатылуы, барлық қосымша қызметтерді (багаж, борттағы тамақ немесе кабинадағы орынды таңдау және т.б.) ақылы ету сияқты тағы басқада факторлар бар.

Бұрынғы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Швециядағы елшісі болды

Сондай-ақ Президент жарлығымен Берік Арын ҚР Сауд Арабиясы корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы тұрақты өкілі қызметіне, Дархан Сатыбалды Өзбекстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Асқар Тәжібаев Тәжікстандағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.

Қазақстанда қатерлі ісікті тегін молекулалық-генетикалық сынақтан өткізу жүзеге асырылады

ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, бұл ісіктің ерекшелігіне байланысты ем тағайындауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бюджеттен 2019 жылға 309 млн теңге бөлініп отыр. Биылғы жылға 3000 зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Көпбалалы отбасыларға баспана кезегі бөлек болады

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бұдан былай "Алтын алқа" иегерлері жалпы тізімде тұрмайды. Көпбалалы аналар үшін бөлек бір кезекті құру мәселесі пысықталып жатыр. Осыған қанша қаржы керек, қанша баспана салу керектігі жан-жақты қарастырлады. Оны алу үшін көпбалалы аналар міндетті түрде мекен-жай бойынша тіркеуге тұруы керек.

Қазақстандағы 2 пайыздық ипотека: көпбалалы отбасының табысы 56-100 мың болуы тиіс

"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" 4 және одан да көп баласы, сондай-ақ кәмелетке жасы толмаған мүгедек баланы бағып отырған отбасыларға жылдық үстемеақысы 2 пайыз несие бағдарламасын әзірледі. Тұратын аймағына сәйкес аз қамтылған отбасыларға 6 миллионнан 15 миллионға дейін несие беріледі.
Ең жоғарғы жеңілдетілген несие – 15 миллион теңгені алу үшін отбасының 104 000 теңге табысы болуы қажет. Ал 6 миллион теңгеге – 56 850 теңге көлемінде жалақы алуы керек. Өйткені, 15 миллионның үйіне алғашқы 8 жылда 79 мың теңгеден, ал қалған 11 жылға 57 мың теңгеден төлеу керек болады. Аз қамтылған отбасының алғашқы жарнасы ретінде әкімдіктер 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын беріп, көмектесетін болады.

Ақтөбеде теракт кезінде жарақат алған полицейге екі бөлмелі пәтер берілді

2016 жылы маусым айында Ақтөбедегі "Паллада" қару-жарақ дүкенінің жанында болған теракт кезінде бірнеше жерінен жараланған (оқ тиген оң қолы дұрыс жұмыс істемей қалып, мүгедектік берілген) Әлібек Жетіғаринге, сонымен қатар әріптестеріне де медициналық мекемелерден оңалту шараларынан өту үшін 7,4 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Оңтүстікте жауын жауып, найзайғай жарқылдайды. Синоптиктердің болжауынша, еліміздегі алдағы үш күнгі ауа райы антициклонге байланысты болады. Көптеген өңірінде жауын-шашын болмайды, тек түнде және таңертең көріну қашықтығы 500 метрден төмен болатын тұман түседі. Ал қиыр батыс және оңтүстік өңірлерде атмосфералық ағынның әсерінен жауын-шашын күтіледі.

Baq.kz: Елдегі киім-кешектің 82% импорттық тауарлар. Біздегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі арнайы киім-кешек дайындауға бағытталған, яғни, қорғаныс, ішкі істер салаларының, түрлі зауыт пен медициналық мекеме қызметкерлерінің арнайы киім жабдықтары. Бүгінгі таңда қытайлық тауарларға отандық тауарлар бәсекелес болуға қауқарсыз.

24.kz: Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 1 жылға ұлғайған. Ал, орташа жас 73-ке жетіпті. Ана мен бала өлімі де азайып келеді. Жалпы ішкі өнім құрылымында медицина саласына жұмсалатын шығын көлемі кісі басына шаққанда жылына 178 мың теңгеден келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде жылына бір емделушіге жұмсалатын қаржы мөлшерінен 8 есе аз.

Серіктестер жаңалықтары