Тікелей эфир

FlyArystan: 4 cағаттан көп уақытқа кешіккен ұшақ жолаушыларына билет құны қайтарылады. Жаңалықтарға шолу

Таразда полицейлер сотталды. Қазақстан жолдарында жылына 3000 адам қаза табады.

31-ші шілдеде елімізде телеарналар мен радио жұмысын уақытша тоқтатады

"Қазтелерадио" ұлттық операторы хабарлағандай, бұл күні Астана уақытымен сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін телехабар және радиохабар тарату желісінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстары және жабдықтарды бақылау өлшемдері жүргізілетін болады.

Астана LRT бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланды

Бұл туралы компанияның қазіргі жетекшісі Бекмырза Игенбердиев хабарлады.

– "Астана LRT" ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Арданға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро департаменті тергеушілерімен қылмыстық іс қозғалды. Соттың сырттай шешімі бар. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Қазір Интерпол бұл мәселемен айналысып жатыр, – деп мәлімдеді Б.Игенбердиев.

Т.Ардан қызметінен 2017 жылы босатылған. Бұған дейін компанияның бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатқаны хабарланған болатын.

Бас қалада LRT жобасы жыр болды

Құрылысы жарты жолдан тоқтап қалған жобаны мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі сынап, LRT-нің мәселесін біржола аяқтауды тапсырған болатын. Бүгін Бас қаланың әкімі А.Көлгінов құрылысы жалғасатын жобаны оңтайландыру жұмыстары жүргізілетінін мәлім етті.

Әкімнің айтуынша, Қытай тарапымен келісім-шарт құнына 200 млн доллар салықты қосу туралы келліссөздер басталған. Бұл жобадан 76 млрд теңгені үнемдеуге жол береді-мыс. Қаражатты үнемдеу үшін теміржол құрамын 19-дан 12-ге қысқартуға шешім қабылданған. Пойыздардың жүру интервалы (3 минуттан 10 минутқа дейін) да осы мақсатта өзгертілген. Сонымен қатар аялдама стансалары да 18-ден 10-ға қысқартылмақшы.

Қалай болғанда да аяқтауды қолға алған жобаның шығындары осылайша оңтайландырылған. Ақырғы құны 1,5 млрд долларды құрайтыны белгілі болды.

Таразда полицейлер сотталды

Тараз қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел-іздестіру бөлімшесінің басшысы С.Бейсекеев пен осы бөлімнің жедел өкілі А.Құдайбергенов адам жәбірлегені үшін әрқайсысы 3 жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, олар алдын ала келісіп, қылмыстық істің куәгерін мойындату үшін оны жәбірлеген.

Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Сот шешімімен олар "капитан" және "лейтенант" шендерінен айырылды. Сондай-ақ 3 жылға дейін қандай да бір лауазым атқаруға және белгілі бір іспен айналысуға тыйым салынды.

Заречный түрмесіндегі жәбір көргендер басқа колонияға ауыстырылды

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Алматы облысындағы ЛА-155/8 колониясында түзеу мекемесінің қызметкерлерінен жәбір көргендердің тергеу мүддесіне сәйкес басқа колонияға қоныс аударылғандарын хабарлады. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев түрмедегілерге күш қолданғаны үшін колонияның екі қызметкері мен олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Түрмедегілерді қорлау фактісі желіде жарияланған бейнематериалдан белгілі болды.

– Бұл оқиға біздің қылмыстық-атқару жүйеміздегі масқара жағдай болып саналады. Екі қылмыстық іс қозғалды. Біреуін өзіндік қауіпсіздік департаменті, ал екіншісін арнайы прокурор бастады. Объективтілік үшін істі Алматы облысының прокуратурасына жолдадық. Бес адам ұсталды, оның ішінде мекеме басшысының орынбасары бар, – деді Министр.

Осы оқиғаға байланысты колония басшысы жұмысынан босатылып, оның екі орынбасары ішкі істер органдарынан қуылған. Түрменің 14 қызметкеріне түрлі жазалар тағайындалған.

FlyArystan-ның Оралдан Алматыға ұшатын ұшағы 13 сағатқа кешікті

Рейстің кешігуіне техникалық себептер бар деп хабарлады әуе компаниясынан. Ұшақ Оралдан 30 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 01.15-те ұшуы керек болған. Алайда оны сағат 14.00-ге дейін кейінге шегерген. Жолаушылар рейстің бірнеше мәрте кейінге қалдырылғанын айтып, шағымданған. "Орал" әуежайының директоры Х.Рысқалиев ұшақтың қозғалтқышы істен шыққанынан рейстің кешіккенін мәлім етті.

Әуе компаниясы жолаушылардың жағдайы жасалғанын хабарлады. Тағамдары беріліп, 50 адам қонақ үйге жайғастырылған. Бұған қоса компанияның баспасөз қызметі 4 сағаттан көп уақытқа кешіккен рейстің жолаушыларына билет құны кері қайтарылатынын мәлімдеді. Әзірге мұндай өтінішпен FlyArystan-ның Call-орталығына ешкім қоңырау шалмапты.

"Атамекен" палатасы қосымша зейнетақы жарналары туралы норманы қайта қарауды сұрады

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебінше, жұмыс берушілердің қосымша төлейтін 5% зейнетақы жарнасы оларға жылына 500 млрд теңгеден 900 млрд теңгеге дейін жүктеме болады. "Бұл – "бизнестің жол картасы– 2025" мемлекеттік бағдарламасының бюджетімен пара-пар сома" дейді ұлттық палатадағылар.

"Атамекеннің" мәліметінше, жұмыс берушілердің жүктемесі жыл сайын онсыз да артып отыр. Кезең-кезеңмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да көбеймекші. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы норманы енгізудің керісінше әсері болу мүмкіндігін алға тартады. Оның ішінде қызметкерлерді жұмыстан шығару фактілерінің артуы, сондай-ақ нақты жалақыны төмендетіп көрсету қауіптері бар.

Шымкенттің "зың-зың" әкімі қызметінен кетті

Ғ.Әбдірақымовтың орнын бұған дейін Түркістан облысының, Отырар ауданының әкімі болған Е.Айтаханов басты. Ерлан Айтаханов 1971 жылы Шымкент облысында (қазіргі Түркістан облысы) туған. 2009-2012 және 2014-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

Айтқандай, Шымкенттің бұрынғы әкімінің қызметімен қош айтысуын жақында ғана Лондонға сапарында жариялаған видеосымен байланыстырып жатыр. Ұлыбритания Астанасында The Ritz қонақ үйінің жанынан әкім қазақстандықтарға сәлем жолдап, Отандастарына Қазақстанда тұрып, жұмыс істеуге кеңес берді. Желіге салынғаннан кейін видеоның қаралымы артып, тіпті оны келемеждеп пародия түсіргендер де болды.

Әкімдік Ғ.Әбдірақымовтың Лондонға іссапары қай қаржыдан төленгеніне қатысты сұраққа жауап беруден бас тартты. Алайда экс-әкімнің The Ritz қонақ үйіне тоқтамағанын, Лондонда баспанасы жоқтығын атап өтті.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береді. Несие 6% мерзімі 7 жылға дейін берілетін болады. отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында "Қарапайым заттар экономикасы" республикалық бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсаттарға 600 млрд теңге бөлінді, олар келесі екінші деңгейдегі банктерде салынған: "Халық банкі" АҚ, "First Heartland Jusan Bank" АҚ, "Сбербанк" АҚ ЕБ, "Банк Центр Кредит" АҚ, "АТФ Банк" АҚ, "Forte Bank" АҚ, "Еуразиялық банк" АҚ, "Bank RBK" АҚ, "Нұрбанк"АҚ.

24.kz: Қазақстан жолдарында жылына 3000 адам қаза табады. Өткен жылмен салыстырғанда, биылғының көрсеткіші біршама жоғары болып отыр. Статистикаға назар аударсақ, орташа есеппен алғанда, Қазақстан жолдарында жылына 3000 адам қаза тауып, 30 мыңнан астамы ауыр жарақат алады екен. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқиғалар да азаймай тұр. Бұл оқиғаларды "ОСА" қоғамдық бірлестігінің басшысы Руслан Лазута жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетін білмеулерімен және жылдамдықты сақтамауларымен байланыстырып отыр.

Серіктестер жаңалықтары