ЕХРО-2017 халықаралық көрменің қарсаңында Астана маңында жаңа демалыс орны ашылды. 2500 шаршы метр аумақты алып жатқан этноауылдың ауасы да, айналасы да тап-таза. Қаланың шетінде бой көтергені болмаса, жеңіл көлік те, автобус та көп қатынайды.
Астанадан этноауылға жарты сағатта жетуге болады
ЕХРО-2017 халықаралық көрмесімен қатар, 11 маусым күні ашылған этноауыл жайлы біраз ақпарат тарады. Дегенмен, астаналықтардың өздері де, көрмеге келген қонақтар да ЕХРО-ның іргесіндегі, небәрі 20-30 минуттық жерде кәдімгі қазақ ауылы барын елей бермейді. Бекер-ақ.
Халықаралық көрме сияқты, этноауылды да мың естігеннен бір көрген артық. Этноауылға қарай ЕXPO-2017 көрмесінің жанынан №506 автобус, «Азия парк» ойын-сауық орталығының жанынан №301 автобус барады. Таксиді «Азия парк» орталығының жанынан ұстасаңыз, арзан, қала ішінен шамамен 700-900 теңгеге жетуге болады.
Келген халық алтыбақан теппей кетпейді
Этноауылға кіреберісте қазақтың екі «батыры» тұр. Айналдыра жиырма шақты киіз үй тігілген. Кіреберіске орнатылған алтыбақан үлкеннің де, кішінің де таласатын орны.
Атаның өнері балаға мұра
Этноауылдағы киіз үйлердің көбі зергерлер мен ағаш шеберлеріне, тігінші қыз-келіншектерге берілген. Бір киіз үйде бірнеше шебер отырады.
Әшекейдің түр-түрі, ұлттық нақыштағы киім-кешек, аяқ киім, сөмке-дорбалар, кәдесыйлар мен ағаш бұйымдар көздің жауын алады.
Көбі дайын бұйымын сатуға қойса, кейбір шебер, мысалы Сайлау Ботабеков сияқты зергерлер, тілегіңізді ескеріп, білезіктің түр-түрін сол жерде жасап береді.
"1975 жылдан бастан ісмерлікпен айналысып келе жатырмын. Әуел баста ағаш бұйымдар жасаған едім. Кейін осы зергерлікке бет бұрдым. Әшекей бұйымдарды металл мен ағашты араластырып жасаймын", – дейді Сайлау Ботабеков.
Сайлау Ботабеков этноауылда күміс пен мыстан әшекей жасап отыр. Жалғыз емес. Қызы мен ұлы ата өнерін мұра еткен. Әкесі мен балалары келген адамдардың өлшемін алып, сол жерде білезік, жүзік соғып береді.
"Этноауылға келушілер аса көп емес, бірақ келеді. Әшекейлерді сатып алатындар да бар. Әрқайсысының талғамы әртүрлі. Біреуі білезік, біреуі сақина алғысы келеді. Қазір көбіне мыстан білезік жасаймыз. Өйткені, емдік қасиеті бар. Негізі, әжелеріміз мыстан жасалған бұйымдарды емдік қасиеті үшін ғана таққан екен. Ол кезде қазіргідей көздің жауын алатындай әдемі қылып жасауға мүмкіндік болмаған, қарабайыр соғылған күйде таққанын көзіммен көрдім. Мыс – буынның сарысуын тартып, қан қысымын реттейді. Сондықтан болар үлкен кісілер көп алады".
Асық ойнаған озар...
Ауылдың аумағында балаларға да базарлық бар. Әсіресе, асық атып жүрген бала көп. Ұлттық спорт түрлерінің федерациясы жаз бойына жаттықтырушы бөлген. Этноауылға келген балалар кейде сағаттап асық ойнайды екен.
Бір оқ – 100 теңге
Этноауылдың ішінде ақылы ойын жоқ. Асық атып, алтыбақан тепсеңіз де, бүркіт ұстап, көкпар мен бәйгені тамашаласаңыз да бір тиын төлемейсіз. Бірақ, садақ ату ақылы. Бір оғы – 100 теңге.
Арнайы инструктор қалай оқтау керектігін көрсетеді, тіпті, садақ атудың қыр-сырын үйретеді. Егер оғыңыз дәл тисе, ақшаңызды қайтып аласыз.
Американдықтардың көбі бүркітті бір көру үшін ғана келеді екен
Этноауылда жеті бүркіт бар. Таңертеңнен кешке дейін қастарынан шықпай, баптайтын Арман әр қыранына ат қойып, әрқайсысын жеке-жеке еркелетеді.
"Астанадан жарыстарға шығып жүрген бүркітшіміз. Бұлар – саятшылық үшін бапталған бүркіттер. Жазда аңға салмаймыз, аң аулау маусымы қыркүйекте басталып наурызға дейін жалғасады. Сондықтан, қазір ұшырмаймыз, тамағын беріп, баптап отырмыз", – дейді Арман Жаңалықұлы.
"Ал келген адамдардың қолына қондырып, суретке түсіруге береміз. Көбіне американдықтар келіп, көреді. Өйткені, өздері құстан қорқамыз дейді. Қазақтардың бүркітті кәдімгі қолға үйреткені рас па, жоқ па, соны көруге келдік дейді. Негізі, саятшылық атамнан қалды. Атам барда тек тамағын беріп жүретінмін. Атам қайтыс болған соң, оның салған ізін өшірмейін дедім де жұмысымды тастап, саятшылыққа ден қойдым".
Жауырыны жерге тимеген балуандар да осында
Жігіттердің делебесін қоздыратын ұлттық ойын – қазақ күресі. Ал, этноауылдың қақ ортасында белдесемін деген жігіттерге кілем төселген, төреші дайын тұр. Арнайы киім де беріледі. Әрі спорт, әрі демалыс.
Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек
Этноауыл "Қазанат" бәйге алаңының аумағында орналасқан. Қазанат жылқыны да осы этноауылға келіп көре аласыз. Аударыспақта иесінің аяғын жерге тигізбеген мына ақ бақай сүліктей қара атқа қызыққандар көп болды. Тіпті, бір миллион теңгеге сат деп, иесін састырғандар да табылыпты.
Жалпы, ат спортының ойындары күнде өте бермейді. Тек, әр облыстың этноауылдағы мәдени күндері өткенде, сол жақтың жігіттеріне аударыспақ, көкпар, тиын ілу, жебе ату ойындарын көрсету міндетті. Біз барған күні Алматы облысы құс қанатын талдырар жүйріктерінің, таз иттері мен бүркіттерінің өнерін паш еткізді. Көрермен бұл жарыстардың бәрін тегін көре алады.
ЕХРО-2017 көрмесі болашақтың технологиясымен таныстырады десек, этноауыл – қазақтың ұлттық мінезін, өнері мен өмір сүру қағидаларын, атадан балаға берілген ұлттық құндылықтарын дәріптеп, көрсетіп беретін орын.