Тікелей эфир

Ертеңнен бастап тамызда өтетін ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтінімдер қабылданады. Жаңалықтарға шолу

АҚШ елшілігі Қазақстанға туберкулезді анықтайтын құрылғылар табыс етті. Елімізде жалақысы жоғары, жағдайы жақсы азаматтар халықтың 10%-ын құрайды.

"Охотзоопром" инспекторларына оқ атқандар ұсталды

Ақмола облысының полицейлері "Охотзоопром" инспекторларына шабуылдады күдікпен екі адамды ұстады.

"45 жастағы күдікті мен оның 20 жастағы ұлы Арқалық тұрғыны екені анықталды. Олар полициядан жасырына жүріп, автокөліктен құтылмақшы болған. Дегенмен, ақмолалық жедел қызметкерлердің жұмыла әрекет етуінің арқасында олар Қостанай облысының аумағында ұсталды" деп жазылған Ақмола облысы полиция департаментінің хабарламасында.

Президент жаз мезгіліндегі пойыз билеттерінің тапшылығын жоюды тапсырды

"Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр" деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

4000 пациент тегін дәрілерді алмағандарын растады

Медициналық сақтандыру қоры берілген тегін дәрілерге жүргізілген мониторинг жұмыстарын қорытындылады. 12 сәуір-30 маусым аралығында қор ақпараттық жүйеде тегін дәрілерді алушылар ретінде тіркелгендердің бәріне смс жолдаған. Смс-хабарламалар нәтижесінде 27 798 пациенттің 4137-і дәрі-дәрмекті алмағанын жазып жіберген. Олардың басым бөлігі Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан,Түркістан және Алматы облыстарының азаматтары.

Тамызда өтетін ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтінімдер 25 шілдеден бастап қабылданады

Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу 2019 жылдың 17-20 тамыз аралығында өткізіледі. Тестілеуге қатысу құны – 2242 теңге. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында өтінімдердің 3-ші тамызға дейін қабылданатыны жазылған.

Атырауда мектеп директорларының орынбасарлары ұсталды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олар алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірлесіп, оқушылардың ата-аналарын ҰБТ-дан өту кезінде көмек көрсеткені үшін ҚР Білім және ғылым министрілігінің комиссия мүшелеріне 600 мың теңге көлемінде пара беруге итермелеген. Қазір тергеу жалғасып жатыр. "Түпкілікті шешімді сот шығарады" деп жазылған хабарламада.

АҚШ елшілігі Қазақстанға туберкулезді анықтайтын 50 құрылғыны табыс етті

GeneXpert аппараттары туберкулезді анықтау дәлдігін арттырады және диагностика мен емдеу арасындағы уақытты қысқартады. Жобаны USAID (АҚШ халықаралық даму агенттігі) жүзеге асырып отыр. Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозердің айтуынша, биыл USAID туберкулезбен күрес бойынша тағы бір өңірлік жобаны бастайды. Жоба "Орталық Азиядағы туберкулезді жою" немесе ETICA деп аталады және бұл өңірдегі туберкулез бойынша барлық ұлттық бағдарламаларға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, USAID Қазақстандағы туберкулезге қарсы препарат өндірушілерге техникалық көмек көрсетеді. Жаңа құрылғылар аппарат жетіспейтін Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Астана мен Алматыға жеткізіледі.

Елордада үйлердің үштен бірі жылу маусымына дайын

Бас қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 2,5 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй қосылған. Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, олардың 728-і жылу маусымына дайын.

Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасының мамандары тұрғын үйлердің маусымға дайындығын күн сайын тексеріп жатыр. Бұған дейін әкімдік халыққа жылу маусымына дайындық мәселесіне түсінік жұмыстарын жүргізіп, қала тұрғындарына алдын ала көмір сатып алуға кеңес берген еді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz:Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 25 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында түнде кей жерлерде нөсер жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде найзағай, дауыл. Күндіз кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Өскеменде де найзағай, күндіз бұршақ күтіледі. Ертең Семей қаласында найзағай, күндіз бұршақ болуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде найзағай, дауыл, бұршақ, ал Петропавл қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі. Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл, Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай, тұман болады деп болжанып отыр.

24.kz: Елімізде халықтың 60% табысы жан басына шаққанда 53 мың теңгеден аспайды. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл санаттағы азаматтар 22 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін орташа айлық алады деп тіркелген. Елдегі жалпы табыс көлемінің шамамен 39%-ы халықтың осы бөлігіне тиесілі. Ал жалақысы жоғары, жағдайы жақсы азаматтар халықтың 10%-ын құрайды. Оларға елдегі барлық табыс көлемінің 24 пайыздан астамы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың медиандық табысы 43400 теңгені құраған. Қазақстанның 12 өңірінде мұндай табыс 50 мың, бес өңірде 40 мың теңгеден аспады. Айта кетейік, медиандық кіріс деңгейі – өте маңызды көрсеткіштердің бірі. Себебі ол адамдардың орташа айлық табысын емес, шынайы табыс көлемін есептейді.

Sputniknews.kz: Құрт денедегі артық майды кетіреді. Жазушы Жәди Шәкенұлы құрттың адам денсаулығына қандай пайдасы барын айтады. "Ғылым тілімен түсіндірсек, құрттың адам ағзасындағы керексіз майларды ыдырататын қасиеті бар. Адам қанының қою болуы немесе қандағы май мөлшерінің артып кетуі деген мәселе бар. Оны ыдырататын заттар әдетте қымызда, саумал мен құрт, ірімшіктің сарысуында және құртта болады"– дейді Жәди Шәкенұлы.

Серіктестер жаңалықтары